Алтыншы сыныпты аяқтаған кезім. Дүкенге барамын деп кеткен апам оралып келісімен:
– Қонысжан, көрші атаңды велосипедіңмен Көкалатқа апарып қайтшы, – деп қолқа салды.
Мына тосын ұсынысты естігенде шалқамнан түсе жаздадым. Біріншіден, біз тұратын Қараторғай мен Көкалаттың арасы тоғыз шақырымдай жер. Екіншіден, мен велосипедтің орындығында отырып тебуге аяғым жетпегендіктен белтемір үстінде аударылып-төңкеріліп, әзер жүргіземін. Ал әлгі көрші атам деп отырғаны сексенді орталап қалған қария. Великпен өзім әупірімдеп әзер жүргенімде үлкен кісіні құлатып алсам, өмір бойы масқара болмаймын ба? Осыны ойлап азар да безер болдым.
Алайда апам бұның бәрін түсінгендей болғанымен алған бетінен қайтатын түрі жоқ.
– Төртінші ауылда бір замандасы төсек тартып жатыр екен. Соның көңілін сұрап қайтайын десе, балалары мәшине таба алмай жүрген көрінеді. Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда арыздаса алмай қаламын ба деп уайымдайтын шығар. Апарып қайтшы, айналайын, қарт адамның батасын аласың ғой, – деп шегінетін жер қалдырар емес.
– Апатай-ау, тақыр жерде омақаса құлатып алсам, батасын беруге де үлгере алмай қалады ғой, – деп мен де беріспей жатырмын.
Ақыры анамның дегені болатын болды. Велосипедімді биіктеу жерге қойып, әуелі ақсақалды отырғызып алдым да, еңіске қарай зымырай жөнелгенде педальға табанымды іліктіріп үлгердім.
Ығал атам самолетке мінгеннен кем қуанбай шұбыртып батасын беріп жатыр. Ауылдан ұзаған сайын менің уайымым да ұлғая түсті. Әсіресе, жолда кездесетін сайлардан өтер кезде жаным мұрнымның ұшына келеді. Күн де шақырайып, бүкіл денемді тер басып кетті. Тоқтап дем алуға қайтадан міне алмай қаламыз ба деп қорқамын.
Бос орындыққа қос қолымен жармасып алған қария жас балаша мәз. Мені мұқият тыңдап келе жатыр деп ойлайтын болуы керек, ауызы әңгімеден құрғайтын емес. Анда-санда:
– Аяғым жеңілдеп кетті, галошым түсіп қалған жоқ па? – деп сұрап қояды. Мен тездете көз қиығымды тастаймын да:
– Жоқ, – деп жауап беремін. Біраздан кейін:
– Әй, менің аяғым тіпті жеп-жеңіл болып кетті, шамасы галошым мана түсіп қалған ғой, сен өтірік алдап келесің, – дейтінді шығарды.
Екі қара саным талып, белім жаздырмай әзер келе жатқан мен әлгі сөзге ыза болып:
– Сенбесеңіз өзіңіз қарамайсыз ба? – деп күңк ете қалдым.
– Төменге қарасам, басым айналып құлап қаламын ғой, – деді ол дауысы жуасып. Содан кейін біраз уақытқа дейін үнсіз қалды. Мен өзімнің мінез көрсетіп алғаныма қысылып қалғандай болдым.
Ақыры діттеген жерімізге де жеттік-ау. Біз іздеген үйіміздің алдына жақындағанда алдымыздан құман ұстаған кемпірдің шыға келмесі бар ма? Великті ұршықтай үйіріп кілт тоқтату қолымнан қайдан келсін, бір қарасам мен бір жақта, шал бір жақта, кемпір бір жақта, құман бір жақта жатыр екен...
* * *
Бақытжан Сәуекенов атты композитор досымның жасы тоқсанға тақаған әжесі бар болатын. Көпшілік сыртынан «қара кемпір» деп ат қойып алған. Мұрат деген жолдасымыз аяғын сүйретіп басатынына байланысты «шаңғы кемпір» деп те әзілдейтін. Өз аты Бәтима, белі бүгіңкі болғанмен қимылы ширақ, таңның атысынан күннің батысына дейін бір тыным таппай шапқылап жүргені.
Келіні Қуаныш Арқалықтағы институтта сырттай оқиды. Жылына екі рет сессияға кеткенде үйдегі бала-шаға, қазан-ошаққа ие болып қалатын да осы қара кемпір.
Бақытжан үйде бір күн оңаша отырмайтын, кез келген мезгілде топырлатып қонақ ертіп жүретін көпшіл жігіт. Тіпті үйінде әйелі жоқ кездерде де кісі аяғы басылмай бірі кіріп, бірі шығып жатқаны. Сондай кезде Бәтима әжем:
– Әйе-лім оқу-ға кет-ті де-мей ме, кем-пір бол-са тоқ-сан-да, ден саулы-ғы жоқ де-мей ме? – деп нан жайып жатып өшін оқтау мен тақтайдан алып жатады.
Кейуананың жалғыз кемшілігі – құлағының ауырлығы. Өзі қағыс естігеннен кейін жұрттың бәрін саңырау деп ойлайтын болуы керек, әңгірлеп сөйлейді. Бір нәрсе десең:
– Қаттырақ сөйле, құлағым естімейді, – деп бір айтқаныңды бірнеше қайталатып жатқаны.
Бір күні әжем екеуміз бүкіл үйді басымызға көтеріп «әңгімелесіп» отырғанымызда Бақытжан кіріп келді.
– Неменеге сонша өңешіңді жыртып жатырсың, әжем саңыраумын деп өтірік айтады, – деді маған күле қарап.
– Қойшы жарықтыққа өтірік айтып не көрініпті, – дедім мен сеніңкіремей.
– Қазір қара да отыр, өзіңнің көзің жетеді.
Бақытжан осыны айтты да үш жасар Эльмира атты қызының қасына жақындап:
– Кімнің баласысың, айтшы, кімнің баласысың? – деп сыбырлап сұрап еді, шәй құйып отырған құлағы естімейтін кемпір:
– Сенің балаң, ойбай, тоқсанға келген мен тапты деп пе едің, сенің балаң! – деп қолындағы кесесін шиырып жіберді...
* * *
Ахмедия Мәдиев деген азамат Жадыра атты екінші қызымның қайынатасы, туған құдам. 1998 жылы Қостанай облысының (бұрынғы Торғай) Жарқайың ауданында әкім болып істеді. Сол жылдың жазында Астананың тұсаукесері өтпекші болатын. Дәл сол кезде мен де кезекті еңбек демалысымды алған едім:
– Болса да демалыстасың, біздің ауданға Атырау облысының делегациясын қарсы алу тапсырылған екен, қонақтарды бірге күтіп, тойды бірге атқарып қайталық, – деген соң қарсылық танытқам жоқ.
Алғашында: «Облыс әкімі екінші күні ғана келеді екен», деген хабар тиді. Ахмедия қызмет жасап жүрген жігіттеріне:
– Онда бүгін бас аспай-ақ қойыңдар, өзіміздің аудандардан келгендерді ғана қонақ қылармыз, – деп кеңес берген.
Бүгін кішкене тыныс болатын болды ғой деп, арқамызды кеңге салып, ипподромда ат жарысын тамашалап отырғанбыз. Сол сәтте ұялы телефон қоңыраулатып, арғы жақтан:
– Аха, қонақтар бүгін келетін болыпты, қой сойып, бас асып үлгермейтін шығармыз, – деген абдыраған дауыс естілді.
– Қойды тез сойыңдар, терісі түскенше басты үйтіп қазанға сала беріңдер! – деп Ахмедия шұғыл тапсырма бере бастады.
Бірер сағаттан кейін киіз үйге келсек, бас та пісіп, тамақ та дайын болып қалған екен. Сонда ғана көңілі орнына түскен Ахаң терін сүртіп тұрып:
– Апырай, баяғыда қазақтар сотовыйсыз қалай қонақ күтті екен? – деді шын көңілден таң қалып...
* * *
Тұлпар бар ма тұяғы майырылмаған,
Сұңқар бар ма қанаты қайырылмаған.
Ажал оғы аспаннан жеткен кезде,
Кімдер кімнен, шіркін-ай, айырылмаған, – дейді қазақтың қара өлеңі.
Бір жағы досым, бір жағы құдам Болат Тәменұлының отбасына көңіл айта барғанымда осы өлең жолдары ойыма оралды. Артында қалған жары Мейрамкүлмен екеуінің отырған жері мерекеге бергісіз еді. Мейрамкүл сыртқы пошымы, мінез-құлқына қарап бір барған кісінің өзіне лақап ат қойып жіберетін, ойын-күлкінің ордасы Қызбел ауылының қызы, сөзге шешен, әзілге ұста.
Торғай тарамаған, Арқалықтың ажары таймаған кез. Әйелдер күнімен құттықтап шықпақшы болып үйлеріне бара қалсақ, құдағиымыз қолына маса ұрғышын алып, құдамызды үстелді айналдыра қуып жүр екен.
– Күйдіргі шыққыр, әбден күйдірдің-ау, қанымды төгіп алған қайран нәскилерім-ай! – деп кіжініп қояды.
Біз түкке түсінген жоқпыз, «құдағи қанын төгетіндей қай соғысқа қатысып еді» деп аң-таңбыз. «Бақсақ бақа екен» дегендей, істің мәнін кейін бір-ақ ұғындық.
Сол бір тоқсаныншы жылдардың басында киім-кешек түгілі қант-шай, кір сабынның да көзден бұл-бұл ұшқанын көрдік қой. Ол кезде дүкеннен зәру заттар алғың келсе, «зертханаға қан өткізді» деген анықтама тапсыруыңды талап ететін. Мейрамкүлдің әдейі қан тапсырып, басы айналса да күні бойы шіретте тұрып алған нәскилерін Болат құда екі күнге жеткізбей тесіп тастағанға ұқсайды. Сосын құдағидың қан қысымы көтерілмей қайтсын, біз келгенде жеңін түрініп қуып жүруінің сыры сол екен.
Жалпы олар бір-біріне жарасымды еркелей білетін қандай отырыстың да көркін кіргізетін, жұптары жарасқан жандар болатын. Тағдырдың жазмышына не шара, Болат өмірден ерте өтті.
Екі жақсы сәтімен қосылғанымен бірге жасай бермейтіні қандай өкінішті...
* * *
Тұрсынғали Толыбаев деген досымның әкесі Қабылда ақсақал көп жыл көлемінде жылқы баққан. Жылқышылардың елді мекендерден жырақ жүретіндігіне байланысты ұлы да мектеп есігін кештеу ашты.
Баламды оқуға кіргіздім деп көңілі жайланып жүргенде мектеп директоры бір қатынаған адамнан: «Шұғыл келіп қайтсын!» деп сәлем айтып жібереді.
«Ұлым бірдеңеге ұшырап қалды ма?» деп жанұшырған әке аттан ат ауыстырып аудан орталығына жедел жетеді. Баласының амандығын көріп жүрегі орныққан соң өзін жиналысқа шақырғанда да алаңдай қоймаған.
Педсоветті ашқан директор күн тәртібін бірден тәртіп мәселесінен бастады да:
– Ақсақал, саяқ жүріп мал баққан адамбыз деп жағдайыңызды айтқан соң жасы асып кеткеніне қарамай балаңызды мектепке алып едік. Құм арасында жалғыз үй отырамыз дейсіз, сонда балаңыз жаман сөз айтуды кімнен үйреніп жүр? – деп бір шүйлігіп алды.
– Қайдам, анада Қияқбай деген құрдасымның помшабаны бір апта жатып кетіп еді, содан естігендері болмаса, – деп қария ақтала бастап еді, қабағынан қар жауғандай болып тұрған директор сөзін бөліп жіберді.
– Жақында ғана институт бітіріп келген өндірдей мұғалім қыз сабақ түсіндіріп тұрса: «Апай, мінер жақ иығыңызға бор жұғып қалыпты», деп ескерту жасайтын көрінеді. Бұрын ондай анайы сөз естіп көрмеген жас маман көз жасын көлдетіп, еңіреп жылап келді. Бұдан артық қандай масқара болуы мүмкін?
Мәселенің мұншама ушыққанына қатты абыржып қалған Қабылда ағамыз:
– Айналайын-ау, енді мінер жақты мінер жақ демегенде не дейді? Қап, боры құрғырдың қамшылар жаққа да жұқпағанын қарашы, – деп қатты қиналыпты...
* * *
Тайшан деген ағамыз бөлімшедегі бастауыш мектептің өзі директоры, өзі орынбасары, өзі мұғалімі. Бірінші, үшінші сыныптарды түске дейін, екінші, төртінші сыныптарды түстен кейін оқытады. Оқытады деген аты болмаса ақ тер, көк тер болып сабақ түсіндіріп жататын кездері сирек. Көбіне:
– Сендер келесі тапсырманы қосып оқып келіңдер, мен Кенжебек шалдың қырқына кеттім, – деген секілді желеулермен жеделдетіп таратып жіберуге бейім тұрады.
Бірде оқушылар таңертеңгі елең-алаңда сабақтың басталуын елегізи күтіп отырса, терезе қағылады. Әйнекті жауып тұрған дәу көлеңкені көрген қыздар қорыққанынан шыңғырып жібереді. Сөйтсе, ат үстінде тұрған ағайлары екен.
– «Ана тілінен» нешінші бетке келіп едіңдер? – дейді даладағы дауыс.
– Қырық екінші бетке! – деп шу ете қалады іштегі шәкірттер.
– Ендеше ертеңгі сабаққа елу екінші бетке дейін оқып келіңдер, мен мал іздеуге кеттім.
Осыны айтқан мұғалім бейнебір маңызды шаруа бітіргендей ат басын тоғайға қарай бұрады.
Сонымен оқу жылы да аяқталып, бастауыш мектепті тәмамдаған түлектер совхоз орталығындағы орта мектепке ауысады. Олардың қаншасы оқуға түсті, қаншасы қой бағып кетті, есебін алып жатқан ешкім жоқ.
Бірде Тайшан мұғалім үш дөңгелекті мотоцикльмен мал қарап келе жатқанда жауын жауып кетеді. Жолдың бәрі езіліп, дөңгелектер сазға кептеліп, айналмай қалады. Балшықты қолмен тазалай алмай амалы құрып тұрғанда арт жағынан «Беларусь» тракторының гүрілі естіледі. Ағамыз қуанып кетіп жалт бұрылса, қалқансыз артқы доңғалақтары батпақты кесек-кесегімен атқылап, елді көшіріп келе жатқан бір кезде алдынан дәріс алған оқушысы екен. Бірақ көрсе де байқамаған түр танытып тұсынан өте береді. Сасып қалған ұстазы қапталдаса жүгіріп:
– Айналайын Шөптібай-ау, танымадың ба? Мен өзіңді оқытқан Тайшан ағайыңмын ғой! – деп айғайлайды. Сөйтсе кешегі шәкірті:
– Сізден оқимын деп қой осы май-май боп ауылда жүргенім, әйтпесе баяғыда бір жерді тесіп шығатын ба едім, – деп бұлқан-талқан ашуланған күйі қайырылмай кетеді...
* * *
Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Торғай театрын ұйымдастырғанда ел ішіндегі талантты өнерпаздарды іздеп тауып, Арқалыққа жинаған болатын. Соның бірі Жангелдин ауданындағы халық театрының әртісі Өзбек Мұқашев еді. Ол арнайы оқу бітірмегенімен тәңір сыйлаған қабілетінің арқасында танылған табиғи талант иесі. Ұзын бойлы, бұйра шашты, екі иығына екі кісі мінгендей алып денелі Өзекең көбіне батырлардың рөлін сомдайтын. Қолы қалт еткенде жазған сықақ өлеңдері газет-журналдар беттерінде жарияланып тұратын.
Өзбек ағамыздың шахмат ойнағанының өзі бір бөлек хикая. Оның әрбір жүрісін сыр бермей тосып отыру үлкен төзімділікті талап етеді. Қолындағы атты қай шаршыға қою керектігін кемінде жарты сағат ойланады. Тақта үстіне тақата береді де, қолын отқа қарып алғандай қайта тартып алады.
– Аха-ха, ха-ха! – дейді зор дауысымен бөлмені басына көтере күліп, – қуын қарашы, ферзімен қағып ала қоймақсың ғой. Жоқ, мұның бола қоймас, Мұқашев не дурак!
Сөйтеді де қолына екінші фигураны алады.
– Егер былай жүрсем ғой, босқа жем боламын, оңға қарай кетсем, бір жүрістен кейін шах бересің. Тапқан екенсің ақымақты!
Соны айтын оны да орнына қояды. Үшіншісін қолға ұстап, тағы да дауыстап талдай бастағанда қарсыласының да сабыры сарқылады.
– Өзаға, бір сағатта бір-ақ жүріс жасадыңыз ғой, мына түрімізбен ойынды бүгін бітіре алмаспыз.
– Сабыр ет, інішек, міне, жылдамдатамын!
Өзекең осыны айтып алақанын ысқылап жібереді. Өкінішке орай әдетінше:
– Пәлі қақпаныңа түсе жаздағанымды қара! – деген оқыс дауыс естіліп, кезекті фигураны ұстаған қолы ауаға ілінген күйі ұзақ тұрады.
Өзекең әзіл-қалжыңға да ұста болатын. Енді бір қызығы ішімдік ішсе болды, мұрны қызарып шыға келетін. Сол кемшілігінен қысылып кейде ұятты жерлерде арақты ауызға алмайтын.
Бірде-бір досымыздың дастарқанында дәмдес болып қалдық. Өзбек ағамыз ақаңды бір кісідей сілтеп отыр, бірақ бұрын шиқандай болып кететін мұрны сыр берер емес, сол бастапқы боп-боз қалпында. Бұған қайран қалған мен шыдай алмай:
– Өзаға, сигнализацияңыз істемей қалыпты ғой? – деп астарлап сұрап едім:
– Ә, ләмпішкесі күйіп кеткен болар, – деді ойланбастан.
Сөйткен Өзбек Мұқашев Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ театрының әртісі болып жүріп, алпыстың асқарына да жете алмай өмірден озды...
Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны.