Cөз бен жырдың үлкен бір парасының қайнар бұлағы, асыл нәрі – Шыңғыстау баурайында ғой. Оның ақиқаттығы Абайдай айдынды алыбы, Шәкәрімдей шешен шежіресі, Мұхтардай мұхиты бар тұлғаларда. Даналарымыздың ізін басқан Ақылбай, Мағауия, олармен өкшелес Көкбай, Шәкір ұлы ақын жұртындағы зиялы шежіре, сұңғыла шешен қариялар мекені. Осы текті топырақтан әдеби ортаға кеңінен танылған Кәмен Оразалин, Роллан Сейсенбаев, Жәнібек Кәрменов, Мерғали Ибраев, Төлеген Жанғалиев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Бейбіт Сапаралы, Мұратбек Оспанов сынды ақын-жазушылар шыққан.
Жүз жыл кейін туыппын,
Жыр тәңірі – Абайдан.
Аталаспын, жуықпын,
Мен жақынмын талайдан, – деп жырлап кеткен сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі Мерғали Жанғалиұлы Ибраев Абай әлемінен нәр алған талант иесі.
Сыршыл ақын, дарынды драматург, қара сөздің қас шебері, қаламы төселген көсемсөзші, тамаша сазгер, шебер күйші, таңдаулы әнші – бүкіл өнерді бір өзі игерген ол «Жоғалған өзен» роман-дилогиясының авторы да. Бұл шығарма өзі өмірден өткен көп уақыттан соң Новосібір қаласында екі том болып басылып шықты.
Романның тақырыбы жайлы Мерғали Ибраевтың інісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл қорының лауреаты Төлеген Жанғалиев былай дейді: «Семей полигоны маңайын мекен еткен адамдар психологиясының өзгеруі, қоғамдық сананың күйреуі, адал махаббат, айықпас дерт, адамгершілік пен қиянат қақтығысы – романның ұзын-арқау, кең тұсауы, міне, осындай».
Кеңестік кезеңде қазақ даласы ядролық сынақ алаңына айналғаны белгілі. Бұл тажалды ұзақ мерзімді зерттеуге Қазақстанның дәл ортасы Семей аймағын таңдап алуы – Қазақ елінің өсіп-өркендеу тамырына балта шабу екенін айтпауға хақымыз жоқ. Соның салдарынан аймақ 40 жыл қасіретті күй кешті. Сондағы жерлердегі адамдардың жан күйзелістері, экологияның бұзылуы романда шынайы суреттеледі. Шығармада жазушы кезеңдік ірі мәселені көтере отырып, оны әр түрлі әлеуметтік-қоғамдық ортамен, адам тағдырымен байланыстырады. Оған дәлел ретінде романнан мынадай үзінді келтіруге болады: «Сен өзен неге суалады, көл неге тартылады дейсің. Бұлақ біткен бітеліп, су аяғы құрдымға айналады дейсің. Ол кезде бұл өлкеде сегіз өзен, отыз бұлақ, алпыс қайнар бар еді. Мықты болсаңдар халық көкейінде жүрген шындықты неге жазбайсыңдар. Ал, бұл өлкеде желтоқсанда түсетін қар майда, майдағы жаңбыр желтоқсанда жауатын болып алды. Түсетін ылғал мерзімі ауысқан соң, жер бетіндегі су да жылма-жыл төмен түсіп барады. Бұрын екі-үш метрден құдық қазсаң, су шыға беретін, қазір құдықтардың тереңдігі елу-алпыс метр құрдымға кетіп қалды. Тіпті, қонақасыға сойған қойымыздың жілік майын шағып, жей алмайтын болдық. Малдың сүйек майында сәуле ауруына ұшырататын бір пәле бар көрінеді. Бұл өлкеде не көп, сырқат көп. Ауырмай өле салуға, атылып-асылуға таңырқаудан қалдық».
Мерғали Ибраевтың «Жоғалған өзен» роман-дилогиясы бұрма экспозициядан басталады. Жазушы тартыс басталмас бұрын оқырманды елмен, жермен, негізгі оқиғаға қатысар адамдардың бұған дейінгі өмір тіршілігімен, осы ортадағы жалпы жағдаймен әбден таныстырып алады. Романда бұл сюжет сәтті берілген: «Сонау бір өткен жылдарға ойша барып қайтқан Айсара, енді сол есте сақталған естелік көріністен өзі малданып, жұбаныш тапқандай ширап, шиыршық атқан денесі балбырап, маужырай түсіп, рақат бір тәтті ұйқының құрдымына бірте-бірте батып бара жатты». Романда сюжеттің байланысы соншалық ұтымды, сәтті қиыстырылған. Құбылысты жазушы бұл арада экспозициядағыдай ауызекі аңыздамайды, адамның жан дүниесіне ене суреттейді: «Бұл екеуін орталықтағы қалалық Ленин ауданына қарасты төртінші милиция бөліміне жеткізген-ді. Соңғы бөтелкені төгіп-шашып, ақыры жалғыз өзі тауысқан Жанат, онда барғанда есін білмейтін. Ержанмен әңгіме басқа болды. Бағана жұдырық тиіп, құлап түскен екі сержант енді естерін жиып, тістерін қайрап, кіжіне түседі. Ерік тисе жатқызып қойып, итше тепкілердей сыңайлары бар».
Сюжеттегі байланыс өмірлік тартысқа тікелей ықпал жасап, романның өрбуіне жол салған. Роман-дилогияның шарықтау шегінде образдар да айрықша анық танылып, жан-жақты ашылған. Сайып келгенде, сюжеттің шарықтау шегі – романда суреттелген барлық шындық құбылыстар мен өзекті оқиғалардың шоғырлану шоқтығы. Олай болса, романға сөз берейік: «– Же, ойбай Ақтөс, же, өлтір! – деп шыңғыра бұйырады Айсара. Ақтөс онсыз да қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Ержанды аяусыз талап жатыр еді. Соны көзі шалған Айсара айғайы мен ұранын үдете түсті: – Өлтір, Ақтөс, өлтір, қыр, соңымнан қалмаған құтқар қара дүлейден, же, ойбай, же!... Иесінің ойбай араласқан айтағы жебей түскен арлан төбет жанып түсті. Хайуандық инстинкт салған беттен ең жұмсақ жер – алқымынан ала түсуді үнсіз кеңес еткендей. Төсектің үстіне атқып шығып, қалай тиісерін білмей, бір сәт аңдып тұрып қалғанда, Ержанның оң қолы ербең ете қозғалып қалуы мұң екен, соқтығарға қара таба алмай тұрған төбет Ержанның тамағына «кірш» еткізіп азуды салды. Екі езуінен қанды сілекей аққан Ақтөс, Айсара айғайынан одан сайын құтыра қимылдап, тұмсығын көтере бере екі-үш жұтынып, мықты азуын қайтадан басты. Темірдей тырнақтары үстіндегі көрпесі сырылып қалған Ержанның жалаңаш тәнін айғыздай сызып, қан жоса етті». Есі ауысып, ауруға шалдыққан Айсара өмірлік махаббаты Ержанды итке талатып, өлтіртеді. Романның шарықтау шегі жазушы шеберлігімен жоғары дәрежеде көрініс тапқан.
«Жоғалған өзен» роман-дилогиясының шешімі шығарманың бүкіл бітім-болмысын аша түскендей. Ержан өмірден өткен соң, оның зиратына досы Жанат, Нәзира және оның жас қосағы Кеңес келеді. Романның эпилогында ол былай баяндалған: «Осындай қыжылды ойдан өз-өзінен шерлене, толғана түскен Кеңес, Ержанның дөңдене үйіліп жатқан қабір топырағына қарап тұр:
«Аға, Ержан аға деді, көрде емес, қасында тірі тұрған Ержанға айтқандай болды. – Сіз алаш ұранды халқымыздың арыстай азаматы едіңіз. Ғасырлар бойы тонауға түскен топырағыңыздың, талауға түскен жұртыңыздың туын көтеріп, жығылған жығасын қайта түзеу үшін күрестіңіз. Иә, күрестіңіз! Өз халқыңызды шексіз сүйгендіктен ғана, соның мұңын мұңдаған, жоғын-жоқтағандықтан ғана әркімге бір көзтүрткі болдыңыз. Көзге шыққан сүйелдей сүйкімсіз, тынымсыз, тыюсыз, бейбастақ көріндіңіз.
Бірақ, сіздің Ержан аға, қадір-қасиетіңізді бағалайтын, ойыңыз бен жаныңызды жан тарта түсінетін іні-қарындастарыңыз да болды. Қазір де олар аз емес, көп, көктей орып тастамаса көктеп өсіп келеді. Сіз, Ержан аға, көкталдықтарға қажет болмасаңыз да, соларға әркез қымбатсыз.
Атаңыз Қараменде би неткен көреген еді. Сіз де, сіздің алды-артыңыздағы талай ұрпақтар да баққа емес, сорға, зобалаңға түсті. Сізді де жұтқан адам емес, атом ажалы, мынау қақ іргеде аузынан өлім бүркіп тұрған – полигон. Жә, аз ба, көп пе бір кезде оның аузына құм құйылар. Жабылар да, бітелер. Халық, ұрпақ денесіндегі, қанындағы, жанындағы, жүрегіндегі жара біте қояр ма екен?! Себебі, сәуле дерті бітістіруге емес, мәңгілік бөлінуге, ыдырауға жаратылған ғой. Біріге алар ма екенбіз? Бұл сіздің тірлігіңіздегі ең басты сұрағыңыз болатын. Кім білсін, келер ғасыр көрсетер. Енді...».
Романның көркемдік сапасы, идеялық бітімі, әлеуметтік мәні оның тақырыптық салмағынан аңғарылады. Мерғали Ибраев – көп ізденген, басқа ел әдебиетімен жете танысқан қаламгер. Сол білімі жазушының сюжет құру, шығарманың композициялық, стильдік бітімін сомдау, кейіпкерлер жүйесін құру ерекшелігінен байқалады. Қаламгер үлкен мәні бар, кезеңдік оқиғаны шығармасына арқау ете отырып, тарихилық сипатқа бой ұра бермейді. Керісінше, адамның жан дүниесіне үңіліп, ондағы сезім күйлерге, адами асыл мұрат-мақсаттарға ден қояды. Адам баласының әрқайсысына тән болып келетін құпия жұмбақтарға бойлайды. Сөйтіп, қазіргі әдебиеттануда талдау өзегіне айналып жатқан адамның оқшау, дара болмысын ашуға тырысады.
Бүгіндері Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл роман-дилогия полигон аймағында тұратын халықтың мұң-мұқтажын, олардың тыныс-тіршілігін көркем тілмен кестелеген дүние.
Зәмзебай КЕНЖЕ, филология магистрі.
Астана.