24 Тамыз, 2011

Абыралы ақтаңдағы

701 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстанда «кіші төңкеріс» орнатпақ болған қан­­құй­лы басшы Ф.Голощекиннің әпербақан саясатынан халық­тың жаппай ашаршылыққа ұшырағаны өшпес ақтаңдақ болып қалғаны ақиқат. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қал­масын» деген жалаң ұранды жалаулатқан жергілікті шолақ белсенділердің «шаш ал десе бас алатын» әрекетінің соңы жақсылыққа апармасын түсінген халық­тың көтеріліс жасаудан өзге амалы да қалмаған еді. Нақ 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында Абыралы өңіріндегі 12 ауылда бірінен кейін бірі бұрқ ете түскен халық на­разылығы тарихта қалған бес көтерілістің (Шың­ғыс­тау, Шұбартау, Со­зақ, Адай көтерілістерінен бұрын) ал­ғашқысы болып са­на­лады. Мұны белгілі мұрағаттанушы-тарихшы Болатбек Нәсенов «Абыралы-Сарыарқаның кіндігі» атты көпт­ом­дықтың 9-том, 14-кітабында атап көр­сеткен. «1931 жыл­дың ақпан-наурыз айларында қазақ елінде тұңғыш рет совет өкіметінің өрескел саясатына наразылық көрсеткен Абыралы ауданының қозғалысы қанды көтеріліске айнал­ды» дейді зерттеуші өз еңбегінде. Тарихта «Абыралы көтерілісі», «Қамбар көтерілісі» деген атаулармен қалған бұл на­разылықтың салмағы тым арыда жатыр. Оны нақты жіліктеп талдау әлі де көп зерттеуді қажет ететіндігі рас. Белгілісі – ет жос­парының орындалуын шамадан тыс талап етуі жақсылыққа апармайтыны көрініп тұр­ған еді. Әуелгіде 8745 тонна, кейіннен 3379 тонна ет өткізілуге міндеттелгені тіптен ақыл­ға сыймайтын жай еді. Өйткені, ауқат­ты­лары түгілі орта шаруаның өзін де ірілі-ұсақты малынан айырылған елден мұн­­ша­лықты еттің талап етілуі тіптен мүмкін емес-­ті. Алайда шаш ал десе, бас алатын әсі­ре қызыл науқаншылдыққа бой ұрған шо­лақ­белсенділер «сенімді ақтауға» бірден кіріседі. Бірақ, мұнысы Абыралы ауданын­да­ғы 12 ауылындағы халықтың түгел­дейі­нің көтеріліске шығуына түрткі болды. Ауданның шығыс жағындағы 2, 3, 5, 7, 12 және 14- ауылдардағы Қосқан Бітебаев, Түскей Смағұлов, т.б. бастаған 700-дей ада­мы аудан орталығы – Қайнарға шабуыл жа­са­ған. Себебі, шолақ белсенділердің штабы осы жерде орналасқан еді. Алайда қарулы отряд көтерілісшілердің көздеген мақсаты­на жетуге мүмкіндік бермеді. Керісінше, қарулы отрядпен қақтығыстан кейін ұсақ топтарға бөлінеді де күші әлсірей бастайды. Зерттеушілердің дерегінен мәлім бол­ған­дай, 1931 жылы маусымда ОГПУ әскер­ле­рінің күшімен олардың бәрі тұтқын­да­лып, жауапқа тартылды. Ауданның солтүс­тік-батыс жағындағы 4-6 ауылда Ысқақ Кем­пірбаев бастаған 300-ден астам шаруалар (қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы “Бақты”, “Еңбек”, “Прогресс” ауыл­да­рының жерінде) қарсылығы тегеурінді си­патта өтіп, кеңестік әскерге бір айға дейін берілмеді. Ауданнан шыққан коммунарлар отрядын (20 адам) тұтқынға алып, үкіметке зорлық-зомбылық саясатын тоқтату жөнін­де талап қойған олар елден тартып алынған мал мен астықты халыққа қайтартып бергізді. Бірақ Қарқаралыдан, Семейден келген ОГПУ-дың тұрақты әскери бөлімдеріне тө­теп бере алмай жеңіліске ұшыраған көтері­ліс­шілердің көпшілігі қаза тапты. Осы кө­те­рілістің негізгі басты ұясы №6 ауыл болып саналады және бұл Абыралы көтерілісінің бірден-бір жетекшісі Кемпірбаев Ысқақтың ауылы болатын. 1931 жылы күзде Абыралы көтерілісіне қатысқан 500-ден астам адам жауапқа тартылды. Тек Кемпірбаевтың жа­са­ғында болғандардан 274 адам сотталып, 85 адам атылды. Сол кезде 30 жаста болған Ысқақ Кем­пір­баев жайында мұрағатта мынадай анық­та­ма берілген екен. (Сөзбе-сөз келтіріп отыр­мыз – авт.): «Кемпербаев Ыскак, 30 лет, казах, под.КССР, урожен. аула №6, Абралинского р-на, пропис. И живет там местности Айгерджал, женат, 2-е детей, грамотный, б/парт.:до 1919 года занимался торговлей в Семипалатинске, имея собственный дом Джанасемее, при белых партизан Алаш-ордынского полка, в первые годы соввласти был членом ВКП/б, с 1920 по 21 год – заместитель Пред.Темерчинского Волревкома, с 1923-24 иг.зам.пред. Вика-Дегеленского, с 26 по 29 г.г агент Семипалатинского «Кожсиндиката», с 1929 года приемщик Кокчетавского отделения Райживсоюза, перед выступление пред.ауыльно­го комитета союз Бедноты, имел 3 лошади и 3 коровы, 12 коз, зимовку, юрту» дей келіп оның бүлікті басуға беттеген қызыл отрядқа қалай қауіп төндіргеніне дейін айтылады. Жоғарыдағы дерекке сүйенсек, көтеріліс басшысы Ысқақ Кемпірбаевтың заман ың­ғай­ын жақсы түсінген, көзі ашық, ауқатты, ерте есейген азамат болғандығын аңғару қи­ын емес. 17 жастан асқан әр азаматты өз қа­та­рына тартқан ол айналасына түгелдей ықпалы жүріп тұрған жанға ұқсайды. Қа­ла­мыздың сол жақ бөлігіндегі Алаш қайрат­кер­лері бас қосқан үймен байланыс орна­туы­ның өзі оның қоғамдағы жайларға бей-жай қарай алмайтын, еті тірі екендігін көр­сетеді. Алайда, Ы.Кемпірбаевтың аумалы-төкпелі кезеңде Алаш қайраткерлерімен қан­ша­лықты жақын араласқандығын көрсе­тетін деректер әлі де жеткіліксіз. Дегенмен, осы өңірдің тарихына тереңдей бойлаған тарихшы-зерттеуші «Абыралы-Дегелең» қо­­­ғамдық қорының құрылтайшысы Болатбек Нәсеновтің «Абыралы-Сарыарқаның кіндігі» атты көптомдығынан құнды мәлі­мет­терді көптеп кездестіруге болады. Тек олардың әрқайсына жете зер салып, ақи­қатына одан да арырақ үңілу ендігі ұрпақтың еншісінде қала бермек. Ал биыл тәуелсіздігіміздің жиырма жыл­дығымен тұспа-тұс келген Абыралы көте­рі­лісінің 80 жылдығы қарсаңында «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті Ма­рат Құрманбайдың ұйымдастыруымен Қай­­нар ауылының орталығынан «Бабалар ерлігі – тәуелсіздік тірегі» деген атпен кезекті тақ­та­тастың орнатылатындығын да атап өткен артық болмас. Осыдан үш жыл жыл бұрын құрылған «Абыралы-Дегелең» қо­ғам­дық қо­ры Семей сынақ полигонынан зардап шеккен аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­­­дай­ын жақсартуда көптеген жұмыстар атқа­рып, Атом сынағының құрбандарына арнал­ған монумент пен Ұлы Жеңістің 65 жыл­ды­ғана орай тақтатасты да тұрғызған болатын. Енді Елбасының Жарлығына сәйкес Семей ядролық сынақ полигонының жабылға­нды­ғы­на 20 жыл толу қарсаңында және Тәуел­сіз­дігіміздің 20 жылдығына орайластырып Абыралы көтерілісінің 80 жылдығына 27 тамыз күні салтанатты түрде, үлкен игілікті іс-шара өткізуді жоспарлап отырғандығы бізді қуантуда. Бұл іс-шара Семей қаласы бойынша «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 жарқын іс» бағдарламасына енгізіліп отыр. Бой көтеруіне қазірден қам жасалып жатқан тақтатаста Абыралы өңіріндегі ауылдарда көтеріліс кезінде үштіктің шешіміне сәйкес ату жазасына кесілгендер мен соттал­ған­дардың аты-жөндері енгізілмек. Сондықтан да, «көтеріліске қатынасушылардың бүгінгі ұрпақтары тақтатас құрылысына бір адамдай ат салысар болса құба-құп» дейді «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорының құ­рылтайшылары. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Суретте: Абыралы көтерілісінің 80 жылдығына арналған «Бабалар ерлігі –тәуелсіздік тірегі» атты монумент.