Ливия – басқалар үшін үлкен сабақ
Алты айға созылған соғыс аяқталып келеді. Полковник Муаммар Каддафиді жақтайтын күштер әлі де біраз жерде қарсылық та білдірер, бірақ ХХ ғасырда пайда болған ерекше бір билік жүйесі тарихтың еншісіне берілді.
Расында да Ливиядай айрықша елде құрылған билік тәртібі ерекше еді. Сол ерекшелігімен біраз өмір сүрді. Бірақ түптің түбінде оның күйрейтіні де белгілі-тін. Оны халықтың жанына жақын естілетін ұрандар да, қыруар қаржыға түскен қарулы күш те ұстап тұра алмады. Муаммар Каддафидің билігі әртүрлі әшекеймен безендірілген қатқыл диктатура болатын. Халық оның шын мәнін ұққаннан кейін көтерілетіні уақытын күтіп тұрған. Сол уақыт та келді, диктатура құлады.
Бұл да тарихтың сабағы, тағылымы дерсің. Кезінде билік тізгінін ұстаған жас офицер Муаммар Каддафи әлдебір утопиялық исламдық социализм дейтін идеялардың жетегінде кетпей, онан соң өзінің жеке отбасының игілігіне бой алдырмай, шын мәнінде бірнеше тайпалардан құралған халықтың мүддесін көздеп, ортақ мақсатты ұстанып әрекет еткенде, осынау араб дүниесінде жаңа тұрпатты мемлекет құрылуы әбден мүмкін еді. Оған бұл елде үлкен экономикалық негіз де бар еді.
Бірақ олай болмады. Ел байлығы халық игілігінен бұрын қарулануға жұмсалды. Бүгінгідей отарлауға еш елдің зауқы жоқ заманда бұл елге сырттан қауіп те жоқ еді. Қарулану ең алдымен билік жүйесін қорғауға бағытталды. Ал елдің ерен байлығы билік басындағы Каддафидің, оның жақындарының қалтасын толтыруға жұмсалды. Шексіз билік оның тізгінін ұстағандардың тұрпайы іс-әрекеттерін ақтауға қызмет етті.
Тұрпайы билікке қарсы халық көтерілді. Қарулы қақтығыс басталды. Оны халықтың қанын көп төкпей, келісім жолымен тоқтатуға да болар еді. Алдымен оған Каддафи көнбей, сонан соң оған қарсы жақ көнбей, қарулы қақтығыс алты айға созылды. Мыңдаған жазықсыз жан қаза тапты. Бұл да басқаларға сабақ.
Осынау орынсыз қантөгісте сырттағылардың да үлкен «үлесі» бар. Біреулері Каддафиді жақтады, біреулері оған қарсы күш қолдануды жақтады. Соның салдарынан Ливия халқы екіге бөлініп, өзара қырқысты. Бұл қырқысу әлі де біразға созылмақ. Соғыс тоқтағанымен, жалғаса бермек.
Қазір Ливиядағы жағдайға баға берушілер де екіге бөлінген. «Рособороноэксперт» бас директоры Анатолий Исайкин Ресейдің бұл соғыстан 4 миллиард доллар зиян шеккеніне жыласа, Францияның сыртқы істер министрі Ален Жюппе көтерілісшілерге қарумен көмектескендеріне қуанады. Ал АҚШ сенаторы Джон Маккейннің қуанышында шек жоқ. Ливияның мысалы басқа елдер үшін қағылған дабыл, Башар Асадқа, Йеменнің басшысына жіберілген хат дейді. Сондай-ақ Ресейге, Қытайға, Израильге жасалған ескертпе екенін айтады. Қыза-қыза келіп, Солтүстік Кореядағы режімді ауыстыруды да күн тәртібіне ұсынады. Ал Ливияда жазықсыз жандардың қырылғанына ешқайсысының назар аударғысы жоқ.
Иә, Ливия – басқалар үшін үлкен сабақ.
Астамшыл идея көсегені көгертпейді
Ресейде саяси күштер Мемлекеттік Думаның алдағы сайлауына қызу әзірленіп жатыр. Кіммен одақтасу керек деген мәселе күн тәртібіне қойылып отыр. Мықтыға қосылмай, көп партия мен ұйымдар депутаттық жұмсақ орынтаққа үміт ете алмайды.
Сондай қоғамдық ұйымның бірі – атышулы Орыс қауымдастықтарының конгресі (ОҚК). Жақында, нақтырақ айтқанда, 19 тамызда оны Әділет министрлігі тіркеуге алды. Жалпыресейлік ұйым ретінде. Одан біраз бұрын, 11 мамырда қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген.
Кіммен одақтасуды бұл ұйымның 21 қыркүйектегі съезі шешеді. Оны ОҚК-нің төрағасы Алексей Журавлев мәлімдеді. Басқалармен одақтаспай, айқайы күшті бұл ұйымның өздігінен жеңіске жете алмайтыны белгілі. Олар 1995 және 1999 жылдарда қатарына белгілі саясаткер Скоков, генерал Лебедев, экономист Глазьев сияқты мықтыларды тартқанымен, мандат алу белдеуінен аса алмаған. Оның басты себебі олардың ұлтшылдық, нақтырақ айтқанда, ұлыорыстық шовинистік бағдарламасында жатыр еді. 1992 жылы Дмитрий Рогозин сияқты ұлтшыл қайраткер негіздеген ОҚК ТМД елдеріндегі орыстарды қорғауды мақсат ететіндіктерін мәлімдегенмен, олардың бағдарламасы әлдеқайда кең еді.
Ұлтшылдық елдің ішінде ғана емес, сыртта да біраз сынға ұшыраған. Тіпті Ресейдің алғашқы президенті Борис Ельциннің жақын шетелдердегі орыстардың көз жасына жол бермейміз деп өрекпігені өздерінің тәуелсіздігіне ие болған елдерде ашу-ыза тудырған. Оны тіпті ресейліктердің өздері де қабылдамай, ұлтшыл-шовинистік идеяны арқаланғандар сайлауда оңбай жеңілді. Соның салдарынан ОҚК 2003 жылы «Родина» блогы құрылғаннан кейін өмір сүруін доғарған. 2006 жылы партия емес, қоғамдық ұйым болып қайта құрылғанмен, елдің саяси өміріне белсенді араласа алмады.
Енді олар тағы да «қайта тіріліп» жатыр. Қайта тірілгенде, ОҚК төрағасы А.Журавлев саналғанмен, оның бағыт-бағдарын тағы да сол Дмитрий Рогозин айқындайтын сыңайлы. Кезінде ұлтшылдық идеяларымен танылған, соңғы кезде Ресейдің НАТО-дағы арнаулы өкілі ретінде де астамшыл-ұлтшылдық идеяны ұстанып, Батыспен жақындасу орнына, оларды алшақтата түскен Рогозин енді өз еліндегі саясатқа араласпақ. Ол біраз ақпарат құралдарына сұхбат беріп, кіммен одақтасатындарын «саудалайтынын» аңғартты. Шын мәнінде негізін ОҚК құрайтын «Родина» партиясы 2006 жылы елдегі парламенттік партияның бірі – «Справедливая Россия» партиясының бір бөлігіне айналған болатын. Енді Рогозин мұндай бірігу болмағандай, ОҚК-нің кіммен одақтасатынын, мұның өзі «есеппен үйлену» болатынын, әлі жан-жақты ойланатынын мәлімдеді.
Әрине, бұл – Ресейдегі жетекші партиялардың бірі «Справедливая Россия» партиясына үлкен соққы болып тиетіні сөзсіз. Содан да болар, бұл партия «Солшыл күштердің альянсын» құру жөнінде Ресей коммунистеріне ұсыныс жасап отыр. Ұсынысты РФКП қабылдай ма, жоқ па, бұл белгісіз. Бірақ бұл Ресейдегі саяси күштердің арасында үлкен «сауда» жүріп жатқанын аңғартады.
Мамадияр ЖАҚЫП.