Санкт-Петербургтегі Шерхан Әбілев туралы бұрын да жазған болатынбыз. Еске сала кетсек, осынау кентаулық азамат Ресейдің солтүстік астанасында ұзақ жылдардан бері тұрады. Тумысынан өнерге жақын жан мамандығы тау-кен инженері болса да осы жерде шығарылған бірнеше фильмдерге түскен. Қазір оның кинода ойнаған рөлдерінің саны тіпті 90-ға жетіп қалыпты. Соның ішінде орыстың «Особенности национальной политики», «Улицы разбитых фонарей», «Бандитский Петербург» және т.б. атақты фильмдерінде де ол бірнеше образдарды сомдады. 2007 жылы «Ленфильм» түсірген «Джамбул» атты фильмде ол басты рөлді ойнап, экранда жыр алыбының бейнесін жасады.
Шекең жуырда тағы бір фильмге түсе бастапты. «Мостелефильм» телекомпаниясы 1991 жылғы тамыз оқиғасына арнап «Ельцин. Три дня в августе» (жұмыстағы атауы) атты фильм түсіруді қолға алып, онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың рөлін ойнауға Шерхан Әбілевті шақырған екен. Фильм сценарийінің авторы – О.Антонов, ал режиссері – А.Мохов. Екеуі де Ресейдің кино өнеріне танымал есімдер. Мәселен, А.Моховтың «Учитель в законе», «Кукла для невесты», «Воришка» және басқа фильмдері бар. Ал О.Антонов драма, комедия, мелодрама жанрларында танымал сценарийші. Осы күнге дейін 12 фильмнің сценарийін жазған. Соның ішінде «Свободная женщина», «Новогодний детектив», «Сирота казанская» деген фильмдері кеңінен танымал. Ал «Смертельный номер» атты пьесасы 1994 жылы «Хрустальный Турандот» сыйлығын алған. Бірақ екі автор да осы уақытқа дейін саяси тақырыпқа барып көрмеген екен, бұл алғашқы талпыныстары көрінеді.
Фильмнің оқиғасы 1991 жылғы тамыз бүлігіне арналған. Президент Н.Назарбаевтың бейнесі бүліктің алдындағы Ново-Огаревода Ельцин, Назарбаев және Горбачев үшеуінің оңаша кездескендегі сәтінде көрінеді. Осындағы құпия әңгімелер артынан барша әлемге белгілі болып қалғаны белгілі. Онда Ельцин мен Назарбаев Горбачевтен жаңа одақта ескі басшылардың өз тақтарында қалмауын талап еткен болатын. Фильмде сол ұсыныс бүліктің ұйымдастырылуына негіз болған деген ой меңзеледі.
Шерхан Әбілев киноға түсумен қатар, кітап жазумен де айналысады. Ол соңғы жылдары «Из С-Петербурга с любовью», «Кино стало моей жизнью», «Мы сыны казахских степей» және т.б. жинақтар құрастырған.
Жақсыбай САМРАТ.