Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиынға екінші деңгейдегі банк филиалдары мен қоғамдық бірлестіктер басшылары шақырылып, онда кәсіпкерлікті уақыт талабына сай жаңа арнада дамыту, оны жан-жақты өрістету әңгіме өзегіне айналды. Кәсіпкерліктің дамуына серпін беретін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қазіргі уақытта төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бағдарлама бағыттарында жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін азайту мен кәсіпкерлік әлеуетті күшейту қарастырылған.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалованың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен облысқа 2010-2011 жылдарға 2 088,8 млн. теңге бөлу белгіленді. Бұл бағдарлама бойынша өткен жылы 567,9 млн. теңге бөлінсе, биыл ол үш есеге жуық артты. Жобалардың басым бөлігі агроөнеркәсіп саласының еншісінде. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп, көлік және жинақтау желілері бойынша да кәсіпкерлікті дамытудың игі бастамалары бар. Осы кезге дейін бағдарламаның үш бағыты бойынша пайыздық өсімді субсидиялауға облыс кәсіпкерлерінің 15,5 миллиард теңге тұратын 66 жобасы қолдауға ие болды. Бұл республика бойынша қолдауға ие болған жобалардың 13,2 пайызын құрайды. Бағдарламаның үш бағыты бойынша өңірдегі 200-ге жуық кәсіпорынға қолдау көрсетілуде. Ол жерлерде жұмыс істейтін 4,4 мың адам өз орындарында қалды. Сондай-ақ, осы кәсіпорындарда жобаларды жүзеге асыру аясында жаңадан 2,7 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Бағдарлама аясындағы пайыздық мөлшерлеме бойынша жоспарланған субсидия көлемі облыс аумағында 605,0 млн. теңге құрайды, бағдарламаға қатысушылардан жоспарланып отырған салықтық түсімдер көлемі 1,0 млрд. теңге болады деп күтілуде.
Биылдан бастап «Кәсіпкерлік секторды күшейту» бағыты жүзеге асырыла бастады. Бұл бағыт аясында жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге көмек көрсету, нақтырақ айтқанда, талаптанушыларға кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша қысқа мерзімді білім беру, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, шағын және орта бизнес топ-менеджменті курсын жүргізу, шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнату арқылы өндірісті жаңғырту және кеңейту, жастар тәжірибесін ұйымдастыру сынды шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау жобасы бойынша облыстағы 94 кәсіпорынға 58,3 млн. теңгеге қолдау жасау белгіленді. «Іскерлік байланыс» жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жеті ақтөбелік кәсіпкер қатысса, екінші кезеңде 19 адам оқу-тәжірибеден өтті. Ал, «Назарбаев университеті» АҚ бизнес мектебі базасында «Шағын және орта бизнес топ-менеджментіне оқыту» жобасы бойынша 18 квота бөлініп, оған ие болғандардың барлығы да оқып шықты.
Өңір басшысы биыл жүзеге асырылатын жобалардың маңыздылығын, бұл бағыттағы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының көшбастаушылық белсенділігі қажеттігін қадап айтты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.