Тарау-тарау табыс талданды, кадр қадірі қозғалды
Ең алдымен сіздерге, сіздер арқылы Қазақстанның барлық ұстаздар қауымына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шын ықыласты сәлемі мен құттықтауын жеткізуді өзіме парыз санаймын, деді Мемлекеттік хатшы. Заңғар қаламгеріміз Мұхтар Әуезовтің «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген сөзі әрқашан сіздердің еңбектеріңізге берілер әділ де үздік баға болып қала береді. Өйткені, ұстаздар, мұғалімдер қай кезеңде де жас ұрпақты жақсылық пен ізгілікке тәрбиелейтін тұлғалар. Отанымыздың адал да абзал азаматтарын, шынайы патриоттарын тәрбиелейтін қауым. Сондықтан да ұстаз еңбегі игілікті еңбек, иманды еңбек. Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен ертеңіне қызмет жасайтын, бүгінгі аға ұрпақ бастаған ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын, еліміздің дамуы мен өркендеуіне өзіндік қолтаңбаларын салатын жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызы мен мәні өте жоғары, өте жауапты. Сіздердің жас ұрпақты тәрбиелеу саласындағы қолдарыңыз қуатты, жүректеріңіз шуақты болсын, деді. Ол бұдан кейін Тұңғыш Президентіміз негізін қалап, алдағы мақсаты мен мұратын белгілеп берген өміршең тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда, ел экономикасын, руханиятын өркендетуде ұстаздардың қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Бірінші педагогикалық форумның Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жаңа елордамызда өтуінің өзіндік нышандық мәні бар екенін, бұл тұрғыдан келгенде күллі ұстаздар қауымы Астанаға келіп отыр деуге болатынын алға тартты. Сол секілді Қанат Саудабаев 20 жыл ішіндегі Тұңғыш Президентіміздің кемеңгер басшылығының нәтижесінде жеткен жетістіктерімізге, алдағы асуларымызға, әлемдік дәрежедегі абырой, беделімізге тоқталып, Нұрсұлтан Әбішұлының білім саласына, соның ішінде мектепке жасап келе жатқан ұдайы қамқорлығын әртүрлі атаулардағы арнайы бағдарламалардан сіздер жақсы білесіздер. Тәуелсіздіктің алдыңғы ауыр жылдарында да мектеп мемлекет қамқорлығынан тыс қалған жоқ. Бұл салаға жыл сайын қаржының көлемі өскен үстіне өсіп келеді. Мұғалімдердің әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуда жасалып жатқан қамқорлықтар ешқашан толастамайды. Ал сіздер бұған жас ұрпақты жақсылыққа, ізгілікке, отаншылдыққа, елшілдікке тәрбиелеуде ең жоғары көрсеткіштермен жауап береді деген сенім зор. Өйткені, ұстаз – мектеп жүрегі, мектеп білім – жүрегі, білім – өсіп-өркендеудің кепілі. Біз сіздерге ең қымбаттымызды – болашақтың баянды негізін қалайтын ұрпағымызды сеніп тапсырып отырмыз. Сол сенім биігінен сіздерді көре береміз деп сенеміз, деді Қанат Бекмырзаұлы. Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Астана, Алматы қалалары мен облыс өкілдері, өзге де азаматтар қатысқан алқалы жиында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов оқу саласын жан-жақты қамтыған мазмұнды баяндама жасады. Ол бұл форумның педагогтар, ата-аналар, кәсіпкерлер және азаматтық қоғам өкілдерінің байланысын қамтамасыз ету, Отанымызда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, азаматтық қоғамдық институттардың қатысуын кеңейту мақсатында өткізіп отырғанын тілге тиек етті. Елбасының бастамасымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері аталмыш салада айтулы жобалардың жүзеге асып жатқанын, соның бір әдемі көрінісі «Болашақ» бағдарламасы, білім нарығының қалыптасуы екеніне нақты дәлел-дәйектер келтірді. ЮНЕСКО-ның деректеріне сәйкес біз білім беруді дамыту индексі бойынша, әлемдегі 129 елдің ішінде 4-ші орындамыз. Ал сауаттылық деңгейі бойынша 177 мемлекеттің арасында 14-ші орынды иеленіп отырмыз. TIMSS оқу жетістіктерінің халықаралық салыстырмалы зерттеулерінде 36 елдің арасында біздің оқушылар математика бойынша – 5-ші, ал жаратылыстанудан 11-ші орындамыз. Соңғы 10 жылда білім беру жүйесін қаржыландыру 7,5 есеге артты, деді министр. Ол бұдан кейін «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» құрылғанын, бұл Президент айтқандай, «Қазақстанның зияткерлік элитасын тәрбиелеудің іргетасы» болатынын жеткізді. Сонымен бірге, Елбасының бастамасымен және қолдауымен «Назарбаев университетінің» ашылып, жұмыс істеп жатқанын, үш тұғырлы тілді оқыту жобасы енгізілгенін атап өтті. 2011 жылы білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойды. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Биылғы оқу жылының және алдағы онжылдықтың басты ерекшелігі – оқытудың түбегейлі жаңа сапасына қол жеткізуге барынша көңіл бөлу, деген министр бұл жұмыс ең алдымен мұғалімдерге қатысты екенін, олар оқыту бойынша басты тұлға болып есептелетінін алға тартып, сондықтан да мұғалім кәсібі қоғамда ең беделді, құрметті мамандыққа айналуы тиіс, деді. Ол мұғалімдердің айлығы 1 шілдеден бастап 30 пайызға көтерілгенін, 1 қыркүйектен жоғары категориялары бар ұстаздар біліктілігі үшін лауазымдық жалақысына 100 пайыз көлемде ақы алатынын да атап өтті. Алқалы басқосуда айтылған тағы бір мәселе, жоғары оқу орындарында мұғалімдерді дайындау жүйесін жаңарту, жұмыс істеп жатқан азаматтарды талапқа сай қайта даярлау, біліктілігін арттыру болды. Бұл жөнінде Бақытжан Жұмағұлов, педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грантқа өту балы – еліміздегі ең төменгі балл болып тұр. Заңгер және экономист мамандығын айтпағанның өзінде, ветеринариядан да төмен, яғни, қабылдау ең төменгі балл бойынша жүргізілуде. Шетелдік тәжірибеге жүгінсек, оларда мүлде басқа. Мысалы, Оңтүстік Кореяда үздік мектеп бітірушілердің 5 пайызы, Финляндияда – 10, Сингапур мен Гонконгта 30 пайызы мұғалімдік мамандықты таңдайды екен, дей келіп, алда тұрған өзге де мақсат-міндеттерге тоқталды. Соның бірі «Даңқты мұғалімдер кітабы» атты интернет басылымды ұйымдастыру, 12 жылдық оқытуға көшуге байланысты мектептер құрылысының жаңа бағдарламасын іске асыру қажеттігін баяндап, таяу жылдары 522 жаңа мектеп салу жоспарланып отырғанын, бізге қарағанда тұрғын халқы 10 есе көп Ресейде осы кезеңде 670 мектептің құрылысы басталатынын жеткізді. Техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары оқу орындары туралы да келелі мәселелерді қозғап, қазір елімізде 148 жоғары оқу орны болса, оның 95-і университет екенін, алдағы 20 жылда «Студенттік баспана» жүзеге асатынын, Елбасы тапсырмасына орай, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» құрылатынын, бұл балаларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге ерекше үлес қосатынын тілге тиек етті. Ең бастысы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Республиканың барлық оқу орындарында білім сапасын жақсарту керек» деген тапсырмасына әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек, деп сөз аяғын түйді министр. Бұдан кейін мұғалімдер форумына қатысушылар өз ой-байламдарын ортаға салды. Жамбыл облысы Мерке ауданы №17 мектеп-гимназиясының директоры Г.Тілеубердиева өз сөзінде мұғалім, мектеп, ата-ана, колледж, қоғам мүшелері бірігіп еңбек еткен жағдайда ғана межелеген нәтижеге ие бола алатындығын айтты. Сөйлеушілер педагогикалық мамандықтың имиджін көтеріп, оның қоғамдағы орнын белгілеуді, қабілетке қарай сапалы білім беретін университеттер ашылу қажеттігін алға тартты. Қабылдау емтихандарына педагогика, психология мұғалімдерін қатыстыруды да мәселе етіп көтерді. Ал «Шығармашылық бастамашыл әйелдер лигасы» ҚБ басқармасының төрайымы А.Хайруллина отбасы, мектеп және үкіметтік емес ұйымдар ынтымақтастығының тиімді модельдері жөнінде сөз етті. Форумға қатысушылар білім беру жүйесіндегі бірқатар мәселелерді шешу үшін білім беру саласы мен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты әріптестікті қалыптастыруға өз үлестерін қосуға шақырды. Секция жұмыстарында қоғамдағы педагогтың мәртебесін көтеру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлініп, түрлі ұсыныстар айтып, тәжірибе алмасты. Пленарлық отырысты қорытындылау сәтінде министр Б.Жұмағұлов көп жылғы еңбегі мен білім беру жүйесін дамытудағы, ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін Білім беру ісінің Құрметті қызметкері төсбелгісімен бірқатар оқу орындары педагогтарын марапаттады. Елдің ертеңі, ұлттың болат қанат болашағы саналатын ұл-қыздың, отбасынан кейінгі білім беріп, тәрбие үйрететін, балапандай баулып, қырандай түлететін, өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстаздар қауымының жұрт арасында да, қоғам ішінде де жөні бөлек. Сол ұстаздар жаңа оқу жылының қарсаңында осылайша бас қосып, тамыз мәслихатын форумға ұластырды. Форумда Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың атына үндеу қабылданды. Сол секілді береке-бірлігі жарасқан қазақстандықтарға да қайырылып, «Игілікті болашақ үшін бірге» қоғамдық бірлестігін құратындары туралы мәлімдеді. Бұл қозғалыс жалпы халықтық қозғалысқа айналып, мектепті, отбасын және қоғамды біріктіретін болады деді. Ал форум қарарында алда тұрған ауқымды істерді жұдырықтай жұмылып, бірге атқаратындықтарын бірауыздан жеткізді. Сүлеймен МӘМЕТ, Жұлдыз БАЙДІЛДА, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.І республикалық педагогикалық форумға қатысушылардың Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа үндеуі
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, 2011 жылғы 25 тамызда өткен «Отбасы, Мектеп, Қоғам – болашақ үшін бірге!» атты бірінші Республикалық педагогикалық форумның қатысушылары, Сізге жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы жүйелі де салмақты саясатыңыз үшін шексіз құрмет пен зор алғыс білдіреміз. Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасында өзіндік даму үлгісі бар, жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында да өмірге икемділігін дәлелдеген мүлдем жаңа мемлекет құрылды. Тәуелсіздіктің 20 жылында біздің қоғамдық құрылысымыз, экономикамыз, өмір сүру салтымыз түбегейлі өзгерді. Ең бастысы, біз ел ретінде де, қазақстандық ұлт ретінде де жетілдік. ЕҚЫҰ мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық ету, Астанадағы Саммит, жетінші Қысқы Азия ойындары Қазақстанның мерейін асырып, елімізді дүниежүзі жұртшылығы мойындады. Біз аз ғана уақыт ішінде әлем астаналарының арасында лайықты орын алып үлгерген Астанамызбен мақтанамыз. Азаматтар қоғам өмірінің барлық маңызды салаларына белсенді қатысқан жағдайда ғана қоғам ілгерілейді, демократия дамып, экономика өрлейді. Қоғамдық өмірде мемлекет пен азаматтар мүдделерін тоғыстыратын да нақ осы білім саласы. Біз білім саласына көрсетіп отырған қолдауыңыз үшін Сізге ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің осы саладағы бастамаларыңыз ұлттық білім жүйесін қалыптастыру мен дамытудағы ауқымды міндеттерді шешеді. Мұғалімнің мәртебесін арттыруға байланысты шаралардың маңызы өте зор. Өйткені ұлт келешегі – ұстаз қолында. Жаңа білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қазақстандық білім беру жүйесінің жаңа ғасырдың тиісті талаптарына жауап беретін мазмұнды және сапалы деңгейге шығуының нақты тетігі болып табылады. Біз Сіздің қазақстандық білімді және мемлекетімізді дамыту үшін алға қойған стратегиялық міндеттеріңізді іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп, азаматтық қоғамның барлық институттарын осы істі бірлесіп атқаруға шақырамыз. Бірінші Республикалық педагогикалық форумның қатысушылары Сізді, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, білім саласын ілгері және серпінді дамыту жолында барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сендіреді. Бүгін бізге жаңарған білім арқылы Қазақстанды қуатты және гүлденген мемлекетке айналдырудың тарихи мүмкіндігі туындап отыр. Алға, Қазақстан!Форумға қатысушылар лебізі
Берік МАЙБАСАРОВ, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы №123 Т.Жүргенов атындағы дарынды балалар мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: – Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырып отырған форум – өте құптарлық жоба. Егемендігімізді алған 20 жыл ішінде бұл біздің ел болып, биік белесті бағындырып, жаңаша қырымыздан танылуымыздың дәйегі іспеттес. Форумның мақсаты – білім мен ғылым саласына жаңадан келіп жатқан теориялар мен жаңалықтарды, инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізіп, оны одан әрі дамыту. Форумның тәрбиелік мәні өте зор. Бұл жиынға педагогтармен қатар, ата-аналар комитетінің мүшелері, азаматтық қоғам институттары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ірі кәсіпкерлердің қатысуында үлкен мән жатыр. Педагог ретінде Астанаға алғаш келгендіктен маған бәрі әдемі, әсерлі көрінеді. Елордамыз болашақта ғылым мен білімнің ордасына айналатынына көзім жетті. Тарихшы болғандықтан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге қойылған Күлтегін ескерткішінің көшірмесі университет түлектерінің патриоттық сезімін оятатынына, талабын шыңдай түсетініне сенімдімін. Жұмағазы СТАМБЕКОВ, Семей қаласындағы №37 гимназиясы мемлекеттік мекемесінің директоры: – Мен 40 жылдық еңбек өтілім бар педагогпын. Соңғы уақытта бала тәрбиесіне мән берушілік салқын тартып бара жатқандай көрінеді. Ақпараттық заман үстемдік құрған тұста адамзат баласының өмір сүру деңгейі қиындап бара жатқаны жасырын емес. Осы да бала тәрбиесіне салқындықты туғызып отырған сияқты. Міне, осы олқылықтарды кең отырып кеңесу үшін ұйымдастырылған бұл жиынның маңызы өте зор деп есептеймін. Осы алқалы басқосуда көтерілген мәселелер бойынша білім саласында жүрген мамандар мен ата-аналар, қауымдастықтар, бизнес саласындағы іскерлер ортақ мақсатта жұмыс жасайды деген сенімдемін. Форум – болашаққа ілгерілеуді қолдап қана қоймай, білім сапасын қадағалайтын тағы бір мемлекеттік құрылым болып жатса құба-құп. Тағы бір айтайын дегенім, «Білім туралы» заң қабылданғалы да біраз уақыт өтті. Заман өзгерісіне қарай оны тағы електен өткізетін мезгіл жеткен тәрізді. Шалқыма ҚҰРМАНАЛИНА, Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор: – Елордада өткен мұғалімдердің тұңғыш форумы мені ерекше қанаттандырды. Әріптестеріммен пікір алысып, ой бөлістім. Пленарлық мәжілісте педагогикалық колледждерде мұғалім дайындау мәселесін көтердім. Колледжді бітірген бастауыш сынып мұғалімдері көп жағдайда жұмысқа орналаса алмай жататынын, мектеп басшыларының білім ұясының абыройы деп, жоғары білімділерге жүгіретінін, олардың бәрі бірдей мықты маман еместігін ескере бермейтінін айттым. Сол секілді колледждерде бакалаврларды дайындау мәселесін қозғап, «Үздік колледж оқытушысы» грантын белгілеуді ұсындым.