Осы күндері Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының оқу орталығында жас жауынгерлер курсы өтуде.
Оған биыл оқуға түскен 209 курсант қатысуда. Аталған курс 5 тамыз күні басталған. Осы кезден бастап курсанттар далада орналасқан шатырлы қалашықта тұрып, күн сайын таңертеңнен кешке дейін әскери дайындықтан өтуде. Кадет корпусының басшысы, подполковник Талғат Баудиновтың айтуынша, оқу орталығында курсанттарға теориялық сабақтар іс жүзінде көрсетілуде. Мұнда олар дене тәрбиесі жаттығуларын жасап, ашық алаңда окопта жатып, өзіне қарсы келе жатқан танк пен басқа да ауыр техникалармен бетпе-бет кездесіп, жау әскеріне қаймықпай қарсы тұруды, қару-жарақтың барлық түрінен атуды, қару-жарақтарды бөлшектеп, қайта жинауды, ауыр техникаларды жүргізуді үйренуде.
Жақында біз Қорғаныс министрлігінің мамандарымен бірге оқу орталығында болып, жас жауынгерлер курсымен таныстық, курсанттардың бәрі әскери дайындықтан өтіп, қару-жарақтың барлық түрінен атуды үйреніп, офицерлердің берген тапсырмаларының бәрін мүлтіксіз орындап жатқандарын көрдік. Осы жерде Кадет корпусының басшысы, подполковник Т.Баудинов бізге оқуға түскен курсанттардың дайындығы жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, биыл Кадет корпусына оқуға түсемін деушілердің саны көбейген. Байқау бойынша орта есеппен бір орынға үш адамнан келген. Қабылдау комиссиясындағы кәсіби іріктеу кандидаттардың денсаулығын, дене тәрбиесі дайындығын, психологиялық және жалпы білімін кешенді түрде үш кезең бойынша зерттеу арқылы іске асырылды. Бірінші кезеңде жас жігіттер медициналық, дене тәрбиесі және психологиялық көрсеткіштері бойынша іріктелді. Екінші кезеңде олардың мемлекеттік сертификаттағы баллдары ескерілсе, үшінші кезеңде осы сынақтардан өткен кандидаттар қабылданды.
Бүгінге дейін 1680 сержант түлеп ұшса, қазір 416 кадет білім алуда. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар дегендей, биыл оқуға түскен курсанттардың арасынан 3 адам әскери дайындықты меңгере алмай, сабақ үлгерімінің нашарлығына байланысты оқудан шығарылды.
Кадет корпусы – Орталық Азия өңіріндегі теңдесі жоқ оқу орны. Оның басты міндеті – білімі мен білігі жоғары сержанттар әзірлеу. Ал оқуға түсіп, әскери сынақтардан өте алмай, әскери тәртіпке бағынғысы келмей, өз ісіне жүрдім-бардым қараған адамдар сержант атағына лайық емес. Сержант ертеңгі күні бір взвод жауынгерге үлгі көрсететін, соларға үлгі болатын әскери қызметші болуы керек. Сондықтан Кадет корпусына сержанттарды дайындауда қатаң талап қойылады. Осындай талап пен тәртіптің арқасында осында оқып, білім алған жастар нағыз азамат болып шығады, жауынгерлік достықтың не екенін сезінеді. Олар нағыз командир ретінде, өз қарамағындағыларға қамқоршы әрі өз жерінің нағыз қорғаушысы болуды үйренеді.
Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы 1996 жылы құрылған болатын. Ресейдің өзі сержанттарды дайындау ісіне енді ғана кірісіп жатқанда, біздің елімізде сержанттарды дайындау осыдан 15 жыл бұрын басталғаны көңілімізді өсіреді. Қазір корпуста 772 адам қызмет етуде. Соның ішінде 400-ден астамы курсанттар болса, оларға 67 офицер білім беруде.
Кадет корпусына «Жас Ұлан» республикалық мектебінің түлектері, 21 жасқа дейін әскери мектеп-интернатта оқыған, 23 жасқа дейін әскери борышын өтеген жауынгерлер оқуға түсе алады. Оның түлектері мотоатқыштар әскерлерінің кіші командирі, автомобиль және бронды танк техникасын жөндейтін слесарь, компьютер операторы, 3 санаттағы жаяу әскерлердің бронды танк мәшинесінің жүргізушісі (БМП) мамандығына ие болады.
Аталған корпус 2013 жылы Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетіне көшуді ойластыруда. Содан кейін Сержанттар академиясын немесе институтын ашу мақсат етіліп отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН.