30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 16 жыл толады. Конституция қабылданған жылы дүниеге келген сәбилер биыл кәмелеттік жасқа жетті.
1995 жылғы тұрмысымызды, үміт пен күдік аралас қоғамдық ахуалды бүгінгі күнмен салыстырсақ, Ата Заңымыздың сапасын, өміршеңдігін түсінеміз.
1994-1995 жылдары жұмыс атқарған XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде сол жылдары елдің түкпір-түкпірінде әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрделілігі жөнінде де, кейбір қоғамдық-саяси күштердің (олардың өкілдері Жоғарғы Кеңес құрамында да болды) ел бірлігін, мемлекет тұтастығын, тіпті Қазақстанның тәуелсіздігін құндылық ретінде бағаламайтындарынан да хабардар болдық.
Жоғарғы Кеңес жұмысында халық тұрмысын жақсартуға қажет заңдарды қабылдаудан гөрі түрлі топтардың саяси пікірталастары басым көрініс тауып, тұралап қалған кәсіпорындарға қажет инвестициялар тартуға заңнамалық негіз жасау кешеуілдеді.
Осы тұста, сөзсіз, абстракциялық қиял емес, Қазақстанның сол кезеңдегі ахуалын да, болашақ басымдықтарын да, ұзақ мерзімді тұрақты даму шарттарын да ескеретін Ата Заң қажет болды.
Бір ойшыл кезінде заңдардың қоғам дамуымен байланысын былай суреттеген екен: «Кез келген заң өскелең адамға пішілген киім секілді болуы тиіс. Егер ол бүгінгі күнге ғана пішілсе, адам өсе келе, киім тарылып, қиындық туғызады. Егер ол тым кең пішілген болса, адам киіміне шалынып, құлайды».
Біздің Ата Заңымыздың Қазақстан қоғамына лайық пішілгенін ел өмірінің өзі, мемлекетіміздің осы кезеңдегі жетістіктері дәлелдеді.
Осыған орай 1995 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы отырысының үзілісі кезінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бізге, жас мемлекеттік қызметшілерге айтқан сөзін келтіргім келеді. Елбасы: «Сендер мемлекеттік қызметтің жаңа буынысыңдар. Қазір Конституция жобасы талқылануда. Қызу пікірталастар жүруде. Басты өлшем – ел бірлігі, мемлекет тұтастығы және ата-баба арманы болған тәуелсіздік баяндылығы, халық өмірін тұрақты жақсарту. Осыны ешқашан ұмытпаңдар», – деді.
Нұрсұлтан Әбішұлының осы сөздері азаматтық, саяси тұрғыда біздің темірқазығымыз болды.
Конституцияның 33-бабында Қазақстан азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруіне тең құқығы бар екені белгіленген.
1995 жылғы Конституция қабылданған соң, мемлекеттік аппарат тиімділігін арттыру және осы бапты толыққанды жүзеге асыру үшін Президент әлемдегі озық мемлекеттік қызмет тәжірибесін зерделеу жөнінде өз Әкімшілігіне тапсырма берді. 1996 жылы басталған осы жұмыс аясында Еуропа елдерінің, Жапонияның, Қытайдың, Малайзияның, АҚШ пен Канаданың, Сингапур мен Жаңа Зеландияның, Австралияның, Түркияның, Ресейдің тәжірибелері зерттелді. Зерттеу нәтижесінде туындаған ұсыныстардың кейбір бағыттары Елбасы тарапынан мақұлданып, мемлекеттік қызмет реформасына дайындық басталып кетті.
Президент 1997 жылы қазан айында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында мемлекеттік қызметті ұзақ мерзімді дамытудың негізгі басымдықтарын белгіледі.
Осы Стратегияны іске асырудың бір тетігі ретінде 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Бұл заңның басты ерекшелігінің бірі – Конституцияның 33-ші бабының 4-тармағын жүзеге асырудың нақты жолдары бекітілген. Яғни, азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруінің тең құқығын қалай жүзеге асыруға болады деген сұраққа жауап осы заңмен берілді. Бұл құқықты жүзеге асыру шартының екі жағы бар. Бір жағы – азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы. Екінші жағы – мемлекеттік қызметтегі бос орындар туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі.
Осы екі жақты ұштастыру мемлекеттік органдағы бос лауазымға жария конкурс өткізу арқылы жүзеге асырылатыны заңмен бекітілді.
Біздің Ата Заңымыздың 33-бабының 4-тармағына ұқсас баптар Қазақстанмен қатар тәуелсіздігін жариялаған ТМД мемлекеттерінің біразының Конституцияларында да бар. Бірақ олар осы Контитуциялық бапты жүзеге асырудың тетігін әлі заң жүзінде бекіткен емес.
Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің тағы бір жолы – кәсіби мамандарды саяси үдерістердің ықпалынан қорғау. Ол үшін заң жүзінде мемлекеттік қызметкерлер саяси және әкімшілік қызметкерлер болып екі топқа бөлінді. Әкімшілік, яғни, кәсіби қызметкерлердің қызметін тоқтатуға саяси қызметкерлердің ауысуы негіз болмайды деп заңда нақты көрсетілді.
Осы екі қағидалы өзгеріс Қазақстанның мемлекеттік қызмет реформасының жаңа кезеңінің басты ерекшелігі болды. Оның үстіне ТМД елдерінің арасында бірінші болып Қазақстанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Осы жүйелі жұмыс нәтижесінде Дүниежүзілік банк Қазақстанды мемлекеттік қызмет реформасы саласында ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің арасындағы көшбасшысы деп таныды.
Дегенмен, өмір бір орында тұрған жоқ. Қоғам ұдайы даму үстінде. Сол себептен де болар, әлемде өзінің мемлекеттік қызметімен толық қанағаттанатын қоғам жоқ. Бірақ, әр қоғам өз даму деңгейіне байланысты мемлекеттік қызметке түрлі талап қояды. Біздің қоғам да өсу үстінде. Қоғамның бір бөлігі болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің өздерінің негізгі міндеттерін түсіну деңгейі өсу үстінде. Мысал ретінде келтірейін. 1999 жылы ең алғаш конкурстар жарияланып, мемлекеттік қызметке кіруге үміткерлер Конституцияны және негізгі заңдарды білуі тиіс тестілерінен өткенде, маған (мен ол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы едім) бір облыс басшысы телефон шалды. Ол лауазым иесінің көмекшісі тесттен өтпей қалған екен. Ол кісі маған хабарласып, «Осы менің көмекшіме Конституцияны біліп не қажеті бар», – деп сұрады. Бүгінгі күннің биігінен қарасаңыз, бұл күлкілі сұрақ секілді. Бірақ сол кезде осындай көзқарастардың әлі де болса қоғамда да, мемлекеттік қызметте де болғаны анық.
Бүгінгі күні «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде шығып тұратын мемлекеттік қызметтегі бос лауазымдарға жарияланатын конкурстар біздің азаматтар үшін үйреншікті іс болып қалды. Бірақ көрші мемлекеттерге барсаңыз, ондай хабарландыруларды таппайсыз. Себебі, олар әлі де Қазақстанның 1999 жылғы жасаған қадамына түрлі себептермен бара алмай отыр.
Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі көптеген мемлекеттерді қызықтыруда. Соның бір дәлелі – Ресей Үкіметінің мемлекеттік басқару саласындағы негізгі жоғары оқу орындары 2009 жылы әзірлеп шығарған «Мемлекеттік қызмет» оқулығында әлемдегі 9 мемлекет қана мысалға келтірілген. Осы 9 мемлекеттің арасында Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Қазақстан және Қытайға ғана жеке тараулар арналған. Яғни, Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі мен осы саладағы тәжірибесі алпауыт мемлекеттер тәжірибесімен қатар Ресей оқу орындарында озық үлгі ретінде зерттеледі. Демек, Қазақстан бұл салада көшбасшылардың бірі ретінде танылады.
Біз ең алғашқы болып конкурс жүйесін енгізсек, кейін сол конкурс жүйесінің тазалығын қамтамасыз ету мен мемлекеттік қызметке ең лайықты азаматтарды тарту маңызды болды. Біз мемлекеттік қызметкерлерді саяси және әкімшілік деп бөліп, кәсіби деңгейін көтергіміз келсе, кейін сол тетікті одан әрі жетілдіріп, кадрлық саясатта және мемлекеттік органдардың жұмысында ырғақты сабақтастықты қамтамасыз ететін тетікті іздеуіміз керек болды. Сол жолдағы қадамның бірі – 2007 жылғы орталық атқарушы органдарда жауапты хатшы лауазымын енгізу еді. Бұл қадам Қазақстан мемлекеттік қызметінің ерекшеліктерінен, өмірлік тәжірибеден және орталық мемлекеттік органдарда жұмыс сабақтастығын қамтамасыз ету қажеттілігінен туған еді. Өткен төрт жылда, алғашқы кезеңнің қиындықтарына қарамастан, жауапты хатшы институты қалыптасты. Бүгін жауапты хатшы стратегиялық жоспарлауды жүзеге асыру ісінде шешуші рөл атқарып отырған лауазымға айналды.
2005 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бір тетігі ретінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әр облыс пен Алматы, Астана қалаларында тәртіптік кеңестер құрылды. Тәртіптік кеңестер өз құзыретіне сәйкес өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлердің заңнама мен белгіленген талаптарды бұзу фактілері, сыбайлас жемқорлық, тағы да басқа заң бұзушылықтарын қараумен айналысады.
Бүгінгі күнге дейін тәртіптік кеңестердің жинақтаған тәжірибесі мемлекеттік қызметкерлердің этиканы сақтауында және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте келер қадамдарға негіз бола алады.
Әрине, заңымыз тез өзгергенімен, діліміз бір күнде өзгермейді. Оны өзгерту үшін заң бұлжытпай орындалуы қажет. Заңның орындалуына кедергі де аз емес.
Аймақтық көшбасшылыққа және қоғамның жетілген талабына сәйкес болу үшін, мемлекеттік қызмет те тұрақты дамуы тиіс. Соңғы жылдары бастапқы кезеңге қарағанда, конкурстық жүйеге қоғамның сенім деңгейі азайды. Мемлекеттік қызметкерлердің де тек өз білімі мен білігіне сүйеніп, сатылап лауазымдармен жоғарылаймын деген сенімі азайды.
Сол себептен Елбасы үнемі мемлекеттік қызметтің сапасын арттырудағы жаңа басымдықтарға назар аударуда. Мысалы, 2008 жылы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде Елбасы мемлекеттік қызметте кадр іріктеу мәселесінің әлі де болса оңтайлы жолға түспей келе жатқанына, қазіргі заман талабына сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің ішіндегі басқару элитасын қалыптастыру өзектілігіне баса назар аударды. 2011 жылғы 17 сәуірде кеңейтілген Үкімет мәжілісінде осы бағыттағы шараларды шұғыл жетілдіріп, мемлекеттік қызметті жетілдірудің жаңа кезеңін бастау қажет екенін атай келе, Мемлекет басшысы Үкiмет алдына бірнеше міндет қойды: сыбайлас жемқорлықпен күрестi күшейту, кадрлық резервтi қалыптастыру, мемлекеттік қызметтi саяси және әкiмшiлiк топтарға жіктеуді жалғастыру, ротациялық қағиданы енгізу.
Мемлекеттік қызметті жетілдіру, халыққа қызмет сапасын арттыру ісінде биылғы жылы 21 шілдеде Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасы» жаңа серпін берді.
Тұжырымдаманы жүзеге асыру – барлық тиісті мемлекеттік органдардың міндеті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің осы бағыттағы мақсатты көрсеткіштері:
- кадрларды конкурстық іріктеу жүйесіне халық сенімінің деңгейін арттыру;
- мемлекеттік қызметте меритократия қағидатының сақталуына сенім деңгейін арттыру;
- мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыру, оның ішінде мемлекеттік органның басшысы ауысқан кезде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді негізсіз босатудан қорғау;
- жоғары корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілер этикасын жетілдіру.
Тұжырымдамада мемлекеттік саяси қызметтен, «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық корпусынан тұратын жаңа корпустық вертикальды қалыптастыру қарастырылған. «А» корпусы – стратегиялық шешімдер қабылдау мен оларды орындау арасындағы өзара байланысты, сондай-ақ мемлекеттік органның кадр саясаты мен ұзақ мерзімді міндеттерін іске асырудағы сабақтастықты қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметтің басқарушы элитасы болмақшы. «Б» корпусы – «А» басқарушылық корпусының жетекшілігімен жоспарларды іске асыру (атқарушылық) қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер.
«А» басқарушылық корпусының кадр резервін қалыптастыруды және «А» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне қатысты кадр саясатын жүргізуді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы басқаратын Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның жүзеге асыруы көзделген.
«Б» корпусына іріктеу екі кезеңнен тұратын конкурс негізінде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде агенттік белгілі бір мерзімділікпен (мысалы, айына бір рет) заңнаманы білу жөніндегі тестілеудің негізінде және кәсіби және жеке құзыреттері бойынша кадр резервіне жинақтауды жүргізетін болады. Ол үшін қажет болған жағдайда әңгімелесу, эссе жазу көзделген. Екінші кезеңде мемлекеттік орган бос лауазымға конкурс өткізеді. Оған кадр резервіне бірінші кезеңде іріктелген азаматтар ғана қатыса алады.
Конкурстық іріктеудің ашықтығы мен объективтілігінің аса жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар, атап айтқанда: мемлекеттік органдардың конкурстық комиссияларының құрамына сыртқы сарапшыларды қосу, конкурстық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін белгілеу, әңгімелесу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін оның жариялылығын БАҚ пен қоғам өкілдерінің бақылау мүмкіндігі көзделеді.
«Қазақстан-2030» даму стратегиясында мемлекетке қызмет ету ұлтқа (қоғамға) қызмет ету ұғымының синонимі болуға және мемлекеттік қызметтерді тұтынушы болып табылатын халыққа бағытталуға тиіс деп көрсетілген.
Биыл 5 шілдеде бір топ саяси мемлекеттік қызметкерлерден ант қабылдағанда, Елбасы бізге «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» деді.
Ата Заңымыз елді тұрақты дамыту мен мемлекетімізді нығайту жолындағы жетістіктердің құқықтық негізі болса, Елбасымыздың осы сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс.
Әлихан БАЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.