Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға жемісті төрағалық етті. Қазіргі кезде еліміз ЕҚЫҰ төрағаларының үштігі аясында қызмет жасауда. Осыған қоса, 2011 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде тағы бір жауапты әрі маңызды миссияны жүзеге асыратын болады. Ол – ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына (ҚЫФ) төрағалық ету.
Тұрақты кеңеспен қатар, ҚЫФ ЕҚЫҰ-ның ресми шешімдер қабылдайтын, дербес нұсқаушы органы болып табылады. Форум қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілдерінен тұрады және ЕҚЫҰ аймағында қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы әскери-саяси саладағы нақты шаралар жөнінде кеңестер мен келіссөздер өткізу мақсатында Ұйымның Венадағы Штаб-пәтерінде апталық жиналыстар ұйымдастырады. Қару-жарақты бақылау, қарусыздану мен сенім шаралары, қақтығыстардың пайда болу қаупін мейлінше азайту жөніндегі келіссөздерді, қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты кеңестерді, сенім шаралары мен қауіпсіздік мәселелерінің жүзеге асуын бағалау жөніндегі жылдық жиналыстар, әскери доктриналар жөніндегі семинарлар ұйымдастыру ҚЫҰ міндетіне жатады.
ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына төрағалық ету ЕҚЫҰ Үштігіне мүшелікпен тікелей байланысы жоқ. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, бұл ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасынан француз әліпбиіне сәйкес кезекпен анықталады. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына төрағалық мерзімі – төрт ай. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумының биылғы төрағалары Исландия (қаңтар-сәуір), Италия (мамыр-тамыз) және Қазақстан (қыркүйек-желтоқсан).
Осы мақаламызбен біз оқырмандарымызға алдағы Қазақстанның ҚЫФ-қа төрағалық ету жайындағы жарияланымдар топтамасын бастамақпыз. Бүгінгі мақаламызда ҚЫФ-тың негізі қызметі туралы, соның ішінде әскери-саяси өлшеміндегі маңызды Вена құжаты, Жеңіл және атыс қару-жарақтар жөніндегі құжат, Тәртіп кодексі жайында, сондай-ақ нақты жобалар төңірегінде әңгімелейтін боламыз.
ҚЫФ немен айналысады?
Еске сала кетейік, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым үнқатысу жүргізуге арналған форум ретінде қызмет етеді және 56 қатысушы мемлекеттің іс-әрекеттері үшін тұғырнама ұсынады. ЕҚЫҰ-ны тегіс қамтитын қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдесіп, оның үш «өлшемі»: әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемі аясында қызмет етеді.
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумы ЕҚЫҰ-ның тұрақты түрде қызмет ететін негізгі нұсқаушы екі органдарының бірі болып табылады. 1992 жылы Хельсинкиде ЕҚЫҰ-ның ізашары болған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің жоғары деңгейдегі кездесуінде мемлекет басшылары Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумын құрды. Форум ЕҚЫК аумағындағы әскери қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері бойынша келіссөздер мен консультациялар арқылы назарды қауіпсіздіктің әскери-саяси аспектілеріне аудару мақсатында өмірге келді.
Форум қауіпсіздіктің әскери-саяси өлшемімен айналысады. Оған 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінде ең алғаш рет тұжырымдалған және кейін ЕҚЫК пен ЕҚЫҰ аясында дамуын тапқан сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары қоса кіреді.
Форумның көмегімен ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекет тең құқылы негізде қауіпсіздік саласындағы мәселелерді талқылау мүмкіндігіне ие. Форум мәжілістері апта сайын Венада өткізіледі. Мәжілістер күн тәртібіне үнемі қауіпсіздік мәселелері бойынша үнқатысу кіреді. Онда қатысушы мемлекеттер қауіпсіздік саласындағы алаңдаушылық туғызатын сауалдар мен мәселелерді көтеріп, оларды талқылайды. Мұндай талқылаулардың нәтижесінде қауіпсіздіктің әскери-саяси аспектілерін нығайту бойынша бастамалар мен шаралар ұдайы тұжырымдалып отырады.
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына төрағалық ету қызметін ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер кезек-кезекпен орындап отырады. Әр мемлекет ҚЫФ-қа төрт ай төрағалық жасайды. Бұрынғы, қазіргі және келесі төрағалар кіретін Үштік форум жұмысының сабақтастығын қамтамасыз етеді. Форум құжаттары мен шешімдері консенсуспен қабылданады. ЕҚЫҰ Хатшылығындағы ҚЫФ қызметін қамтамасыз ету бөлімі қатысушы мемлекеттерге форум міндеттемелерін орындауға жәрдем көрсетеді. Бұл міндеттемелер, ЕҚЫҰ-ның барлық міндеттемелері тәрізді, міндетті саяси күшке ие.
Қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға жәрдемдесу
Форум жұмысы ЕҚЫҰ-ның 1975 жылдан бері жасап шығарған Сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларын (СҚШ) тегіс қамтитын жиынтық негізінде құрылады. Мұндай шаралар ақпарат алмасу, келісілген шараларды сақтау, олардың орындалуын тексеретін амалдарын, сондай-ақ әскери ынтымақтастықтың әртүрлі формаларын қамтиды. Олар әскери жанжалдар қаупін азайтуға, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және әскери жоспарлау мен әскери іс-шаралар саласындағы ашықтық деңгейін арттыруға жәрдемдесуге бағытталған. Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа негізделген мұндай әдістеме жаңылыстарды жоюға, сондай-ақ тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдеседі. Сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары, сондай-ақ жанжалды ахуалдардың ертерек алдын алу үдерісіндегі көрсеткіш болып табылады.
ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер жасап шығарған СҚШ-ның басты шараларының бірі – Вена құжаты. Ол қатысушы мемлекеттердің қарулы күштер, қарулар мен әскери техника, сондай-ақ қорғаныс салаларындағы жоспарлау туралы ақпарат алмасуын талап етеді. Ақпарат алмасуға қатысты міндеттемелерден басқа, бұл құжат қарулы күштері бар кез келген қатысушы мемлекет аумағына инспекция ұйымдастыруды және бағалау бойынша сапар жасау мүмкіндігін көздейді. Орташа алғанда, қатысушы мемлекеттер жыл сайын 90 инспекция және 45 бағалау бойынша сапар жасайды. Сонымен қатар, Вена құжатында шиеленістерді болдырмау немесе азайтуға, сондай-ақ шиеленіске әкелуі мүмкін ойда болмаған әскери ахуалдардың пайда болу қаупін кемітуге арналған тетіктер көрсетілген. Құжатта сондай-ақ субаймақтық және екіжақты деңгейде қабылданатын сенімді нығайту шаралары ынталандырылады.
Жеңіл және атыс қару-жарақтарының, сондай-ақ кәдімгі оқ-дәрілердің заңсыз таралуымен күресу
Трансұлттық сипатқа ие жаңа қатерлердің пайда болуын ескере отырып, форум өз күн тәртібін айтарлықтай кеңейтіп отырды. 2000 жылдан бері ҚЫФ күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі заңсыз айналымда жүрген жеңіл және атыс қару-жарақтарынан туындаған қауіп болды. Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе кәдімгі оқ-дәрілердің артықтары, сондай-ақ қажетті қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген оқ-дәрілерден туындаған мәселе болды. Жеңіл және атыс қару-жарақтары саласындағы ЕҚЫҰ-ның қызметі Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы күш-жігерлерді толықтырады және ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің жеке қажеттіліктерін ескереді.
2000 жылы қабылданған ЕҚЫҰ-ның Жеңіл және атыс қару-жарақтары (ЖАҚ) жөніндегі құжатында қару-жарақтарды жасап шығару, тасымалдау, сақтау, жинау немесе тәркілеу және жоюға қатысты нормалар, принциптер мен шаралардың кең спектрі айқындалған. Осы құжатқа сәйкес қатысушы мемлекеттер өздерінің жылдық ЖАҚ импорты мен экспортының көлемі, сондай-ақ тәркіленген және жойылған қару-жарақтар туралы ақпаратты көрсетуге міндетті. Құжат ҚЫФ-тың аралас мәселелерді реттейтін шешімдерін, атап айтқанда, жеңіл және атыс қаруына қатысты экспорттық бақылау шараларын толықтырады.
Кәдімгі оқ-дәрілер заңсыз рыноктарға түсу мүмкіндігімен ғана емес, жарылыстың жоғары қаупіне байланысты да аландаушылық туғызады. Осы себепті форум кәдімгі оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың қауіпсіз әрі берік сақталуы қамтамасыз етілуі үшін шаралар қабылдайды. 2003 жылы қабылданған ЕҚЫҰ-ның кәдімгі оқ-дәрілердің қорлары туралы құжатында кәдімгі оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жаратын қондырғылардың артықтарын анықтау критерийлері қисынға келтірілген. Бұл құжатта сондай-ақ қорлардың сақталуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттердің міндеті көрсетіледі.
Қауіпсіздік секторы үстінен демократиялық бақылау
ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер сондай-ақ қауіпсіздік күштері үстінен демократиялық азаматтық бақылаудың орасан маңыздылығын мойындайды. 1994 жылы Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумы қауіпсіздіктің әскери-саяси аспектілеріне қатысты Тәртіп кодексін қабылдады. Бұл кодекске сәйкес, қатысушы мемлекеттер өздерінің қарулы, ішкі, соғыс ісіне бейімделген және барлау күштері, сондай-ақ полиция күштері үстінен демократиялық қадағалау жүргізуге міндетті. Олар сондай-ақ қарулы күштерінің саяси бейтараптығын сақтауға және қауіпсіздік күштерінің жеке құрамына қатысты адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл кодексте сонымен қатар қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін принциптер айқындалған және барлық қатысушы мемлекеттерге қаруларға бақылау орнату туралы бүкіл келісімдердің ережелерін, келісілген сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларын сақтау үнделеді. Бұдан басқа, бұл құжатта барлық қатысушы мемлекеттер жеке немесе ұжымдық қорғануды қамтамасыз етуге қажетті ғана қарулы күштерді ұстап туруға тиісті екені ескертіледі.
Жыл сайын қатысушы мемлекеттер бір-біріне кодекс ережелерінің ұлттық деңгейде жүзеге асырылуы туралы баяндамаларын ұсынады. Мұндай ақпарат алмасу, кодексте көрсетілгендей, сенім мен қауіпсіздік деңгейін арттырады. Ашықтықты қамтамасыз етудің қосымша шарасы ретінде мұндай баяндамалар ЕҚЫҰ веб-сайтында жарияланып отырады (www.osce.org/fsc/44574).
Жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұру
ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер жаппай қырып-жою қаруының, соның ішінде ядролық, химиялық және биологиялық қарулардың, сондай-ақ оларды тасымалдайтын технологиялардың таралуының алдын алуға міндетті. Осы мақсатта ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер тәжірибелерімен бөлісуге және өздерінің халықаралық міндеттемелерін жүзеге асыру істерімен алмасуға уәделесті. 2011 жылдың басынан бері ЕҚЫҰ Хатшылығы Жанжалдарды болдырмау орталығының форум қызметін қамтамасыз ету бөлімі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1540 қарарын жүзеге асыруға болысу мақсатында ұлттық іс-әрекеттер жоспарлары мен ішкі заңнаманы жасап шығаруға көмегін ұсынуда.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.