Парламент • 17 Мамыр, 2017

Мәжілісте зейнетақыны көбейтуді көздейтін заң жобасы мақұлданды

57 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілік етуімен өткен жалпы отырыста бірнеше заң жобасы талқыланып, мақұлданды. Олардың қатарында айрықша атап өтерлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың таныстырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды.

Мәжілісте зейнетақыны көбейтуді көздейтін заң жобасы мақұлданды

Заң жобасында зейнеткер жасындағы азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік және зейнетақы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ балалы отбасыларды және азаматтардың осал санаттарын қолдау жөніндегі шараларды күшейту қажеттігі айтылады.

«Заң жобасында зейнетақы заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізу көзделген. Біріншіден, Елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері үш кезеңдік негізде арттырылатын болады. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы – 7 пайызға артты. Ал, екінші кезеңде, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап: ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайызға; базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтілгелі отыр. Нәтижесінде, 1 шілдеден бастап зейнетақы мөлшерлерін 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға дейін арттыру қамтамасыз етіледі. Сонда ең төменгі зейнетақы мөлшері 45 711 теңгеге дейін, ал орташа зейнетақы 66 676 дейін арттырылатын болады. Бұл арттыру елдегі 2 миллионнан астам зейнеткерді түгел қамтиды», – деді Т.Дүйсенова.

Министрдің түсіндіруінше, зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жүргізіледі деп күтілуде. Ол базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты болмақ.

«Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалады. Ендігі жерде жаңа әдістемеге сәйкес, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты нақтыланады. Бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылған зейнетақы жинақтарының мерзімі ескерілетіндігін атап өткім келеді», – деді ол өз баяндамасында.

Сондай-ақ, жалпы отырыс аясында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат бойынша баяндама жасаған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Зәуреш Аманжолова заң жобасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайларында халыққа медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында әзірленгендігін атап өтті. Онда аударымдар мен жарналардың мөлшерлемелері мен оларды есептеу объектілерін өзгерту; жаңа төлеушілер санаттарын және жарналарын төлеуді мемлекет жүзеге асыратын адамдардың санаттарын енгізу; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесінде халықты дәрілік қамтамасыз ету; Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру; әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету тәртібі сында мәселелер көзделеді.

Осы күні депутаттардың мақұлдауына ие болған құжаттың бірі «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы еді. 2014 жылғы 7 қарашада Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғарғы Мемлекетаралық кеңес отырысының аясында мемлекет басшылары берген тапсырмаға сәйкес әзірленген Құжатты Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Сондықтан да Келісім нормаларына сәйкес, Қазақстан тарапы Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы процесіне жәрдемдесу мақсатында аталған елге 100 млн АҚШ долларына тең көмек көрсетеді. Көмек қырғыз тарапына Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөніндегі «Жол карталарында» көзделген шараларды іске асыруға, атап айтқанда ЕАЭО кедендік шекарасының қырғыз учаскесінде кедендік инфрақұрылымды жақсартуға, Қырғызстанның санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық жүйелерін ЕАЭО талаптарымен сәйкестендіруге беріледі деп нақтыланған.

Айта кетейік, отырыс аясында «Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің  2016  жылғы  республикалық бюджеттің  атқарылуы туралы есептері» мен «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы Қазақстан Республикасы Заңына толықтырулар енгізу жайында» және «Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобаларына қорытынды әзірлеуді қолға алды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»