26 Тамыз, 2011

Достық пен іскерлік үйлесімі

501 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен кездесті. Корей түбегінде алғашқы мем­лекеттің пайда болуы б.д.д. VІІІ-ІV ғасырлардың үлесінде екені анықталған. Түбектегі бір­тұтас мемлекет біздің дәуірі­міз­дің VІІ ғасырында пайда бол­ған. Оны алғаш біріктірген Сил­ла корольдігі екен. Екі ға­сырдай билік құрған бұл әулет ыдыраған соң, Х ғасырда Корё мемлекеті пайда болады. Оның өмір сүру ұзақ­ты­ғы 400 жылға созылыпты. Үсті­міз­дегі жылы Қа­зақстан телеар­на­лары Корея­ның осы Корё мем­лекетінің та­рихынан түсірілген сериал­дар­ды көрсетіп, оны көп­ші­лік көз алмай қызыға тама­ша­лаған еді. Бір қызығы – осы мемлекеттің ше­карасы қазіргі Кореяның аума­ғына дәлме-дәл келетін көрінеді. Корё мемлекеті ыдыраған соң түбек ұзақ жылдар бойы сырт­тан кірген басқын­шы­лар­дың қолында болады. 1894-1895 жылдары қытай және 1904-1905 жылдары орыс со­ғыс­тарында жеңіске жеткен жапондар өзгелердің ықпалын тегіс ығыстырып шығарып, Корей түбегін толығымен өз еншісіндегі отарына айналдырады. Ал екінші дүниежүзілік соғыс аяқ­талған соң КСРО мен АҚШ Корей түбегін өздерінің ықпал ету аймақтарына сәйкес 38-ші параллельден қақ бөліп, солтүстігіне коммунистік, ал оңтүстігіне капиталистік режім орнатады. Осы екі алпауыттың айдап са­луы­мен 1950-1953 жылдары Сол­түс­тік пен Оңтүстік Корея ара­сында азамат соғысы бо­ла­ды. Екі жақты екі империя қол­даған бұл соғыс 3 миллиондай жанды құрбан етіп, ақыры нә­тижесіз аяқталады. Содан бері Корея Ха­лықтық Демокра­тия­лық Рес­пуб­ликасы деп аталған сол­түс­тіктегі мемлекет пен ресми түрде Корея Республикасы, ал жал­пақ тілде, соның ішінде бас­пасөзде көбінесе Оңтүстік Корея аталатын түстіктегі ел бір ха­лықтан тұрса да бір-бірін ата жауындай көріп, қырғи-қабақ­тық қалыпта өмір сүріп келеді. Корея Республикасы 1960 жыл­дарға дейін аймақтағы ең кедей елдердің бірі болды. Оған себеп – елді автократиялық режімдер басқарған еді. Бұл елдің тарихындағы өзгеше ерекшелік – ондағы биліктер бірнеше рес­публикаға бөлінген. Қазіргі де­мократиялық билік «алтыншы республика» деп аталады, ол 1987 жылдан бастау алады. Елде осы кезден бастап демо­кра­тия­лық сайлау жүргізілетін болды. Корея Республикасының аума­ғы 99,5 мың шаршы шақырым, халқының саны 48,6 млн. адам, оның 99 пайызы корейлер. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 2010 жылы 20,3 мың АҚШ долла­ры­на тең болған. (Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Сол­түс­тік Кореядағы ІЖӨ жан басына шаққанда 1715 доллар ғана). Дінге сенетіндердің 48%-ы хрис­тиан, 47%-ы будда және 3,9%-ы конфуцийлікті тұтынады. Корея Республикасының Пре­зиденті Ли Мён Бак Қазақ­станға алғаш рет 2009 жылдың 12-14 мамырында мемлекеттік сапармен келген еді. 2010 жыл­дың 21-23 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына мемлекеттік са­пары болды. Екі елдің парламенттері арасындағы ынты­мақ­тастық та жақсы жолға қой­ыл­ған. Қазақстан Республи­ка­сы­ның Парламентінде Корея Рес­публикасымен ынтымақтастық тобы құрылған, дәл сондай топ Кореяның Ұлттық Ассамблея­сында да бар. Қазақстан мен Оңтүстік Корея аймақтық халықаралық ұй­ымдар шеңберінде де тығыз ын­тымақтастық орната білді. Қа­зақстан Президентінің баста­ма­сымен құрылған АӨСШК-нің 2-ші саммитінде Корея Рес­публикасы кеңестің толық­ құ­қы­лы мүшесі етіп қабылданды. Қазір Сеул ұйымның ақпарат­тық технологиялар және энер­ге­тикалық қауіпсіздік сала­сын­­да­ғы үйлестірушісі болып та­бы­лады. Корея делега­ция­лары Қазақстанда өткен Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің бәріне де қатысты. Екіжақты тауар айналымы 2010 жылы 50,3 пайызға артып, 760,1 млн. АҚШ долларына жетті. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығындағы тауар айналымы 396,3 млн. дол­лар болды. Соның ішінде экс­порт – 125,3 млн., ал импорт – 271 млн. доллар. Қазақ­стан­дық экспорттың негізгі түрлеріне ферроқорытпа, құрыш пен темір прокаттары, алтын, мыс, күміс, уран жатады. Ал Кореядан негізінен электроника мен мәшине жасау өнімдері мен құралдары алынады. Статисти­ка­лық мәліметтерге қарағанда, 1993 жылдан бастап есептегендегі Оңтүстік Кореяның Қа­зақ­стан экономикасына салған инвестиция көлемі 4 млрд. дол­лар­ға жуық қаржыны құрайды. Ал Кореяға құйылған қазақ­стан­дық инвестиция көлемі – 66,8 млн. доллар. Шағын құрамдағы кездесуден кейін екіжақты келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны ашардағы сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасымен екі­жақ­ты қарым-қатынастардың жақ­сы қарқынмен дамып келе жатқа­нына тоқталды. Соның айғағы ретінде жоғары деңгейдегі кез­де­сулердің 3 жылда бес рет бол­ғаны атап көрсетілді. Сауда-экономикалық байланыстар жо­ғары қарқынмен өсуде. Бірлескен кәсіпорындар арасындағы қол жеткен табыстар қатарында Елбасы «Хёндэ Мотор компани» мен «Ссанг-Йонг» компа­ния­ларының Алматы мен Қос­та­найда жүк автомобильдерін, автобустар мен жеңіл автомобильдерді құрастыруға кіріскенін ауызға алды. Сонымен бірге, қазақстандықтарға «Хайвиль» компаниясының тұрғын үй нысандары да жақсы таныс екенін атап өтті. Жауап сөзінде Ли Мён Бак өздерін жақсы қарсы алған Қа­зақстан жағына ризашылығын жеткізе отырып, екіжақты қа­рым-қатынастардың қарқынды дамуына қамқорлық жасап отыр­ғандығы үшін Президент Н.Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Келіссөздер аяқталған соң екі­жақты бірнеше құжатқа қол қойылды. Соның ішінде ал­ғаш­қы бо­лып Балқаш жылу электр стан­сасын дамыту, қаржы­лан­ды­ру, жобалау, құрылысын жүр­гізу, пайдалану және техни­ка­лық қызмет көрсету бойынша екі жақтың үкіметтері ара­сын­дағы келісімге қол қойылды. Құны 4,5 млрд. доллар, қуаты 2,64 ГВт электр энергиясын өндіре алатын бұл жобаның ал­ғашқы келісіміне 2009 жылдың 25 наурызында «Самұрық-Энер­го» АҚ пен Кореяның «КЭПКО-Самсунг» конс­ор­циу­мы ара­сын­да қол қойылған бо­ла­тын. 1-ші және 2-ші энер­гия­лық блок­тарды іске қосу 2013 жылы, 3-ші және 4-ші блок­тар­ды іске қосу 2015-2016 жыл­дар­ға белгіленген еді. Сондай-ақ, Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысы екінші кезеңінің жобасын қаржы­лан­дыру туралы меморандумға және осы жо­баны іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы және технологиялық ынтымақтастық бойынша Ко­рея-Қазақстан ор­та­лығын құру туралы келісімдерге қол қой­ыл­­ды. Кездесу соңынан екі елдің мемлекет басшылары журналистермен баспасөз мәсли­ха­тын өткізді. Оны ашқан Нұр­сұл­тан Назарбаев Оңтүстік Корея Президенті Ли Мён Бакпен болған келіссөздер барысына тоқталды. Біз жаһандық және аймақтық саясаттың өзекті проб­лемалары жөнінде пікір алмастық. Бұрын болған келіс­сөз­дерде қол жеткізілген уағ­да­ластықтардың орындалуын тал­қыладық. Қазір екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Осылай дей келіп, Ел­басы алыс-берістің қазіргі жетістіктеріне тоқталды. Тағдыр талқысымен Қазақстанға ауып келген корей этносының да Қа­зақстанның өркендеуіне, сон­дай-ақ екіжақты қарым-қаты­нас­тардың жақсаруына оң ық­палын тигізіп отырғанына назар аударды. Корея Республикасы басшысының бұл сапары дос­тық және іскерлік байла­ныс­тар­ды жаңа сапаға көтереді деп са­найтынын, қол қойылған келі­сім­дердің қаржылық құны 8 млрд. доллардан артық екенін, сонымен бірге, іскерлер ара­сында тағы да 12 келісімге қол қойылатынын атап өтті және кездесудің өте нәтижелі бол­ға­нын қанағатпен атады. Соны­мен бірге, Елбасы Кореяның өткен жолы бізге үлгі екенін ауызға алды. Өткен ғасырдың орта шенінде өз тәуелсіздігін алғанда жан басына шаққандағы ІЖӨ 100 доллар ғана болса, бүгін ол 20 мың долларға жетіп отыр. Осындай жарқын жетістік біз үшін үлгі болары сөзсіз, деді Қазақстан басшысы. Сонымен бірге, Президент Ли Мён Бак­тың жеке өз басына достық пейілі үшін ризашылығын жеткізді. Сіз Сеул қаласының мэрі болып жүргенде-ақ Қазақстанға арналған аллея аштырған еді­ңіз, ал маған қаланың құрметті азаматы атағын берген бола­тын­сыз. Осындай ілтипат­тар­дың өзі сіздің біздің елге деген құрметіңізді білдіреді. Мен келесі жылдың наурыз айында болатын антиядролық форумға қатысу туралы шақыруы­ңыз­ды құрметпен қабыл аламын, деді. Жауап сөзінде Корея Рес­публикасының Президенті нә­ти­желі келіссөздерге, соның ішінде нақты жобаларға тоқ­та­ла келіп, өзінің қол жеткізілген уағдаластықтарға риза екендігін жеткізді. Сонымен бірге, ол Қазақстанның эко­номикалық да­муына, халық­аралық арена­да­ғы беделінің ас­қақтап бара жатқанына қы­зығатынын білдіре келіп, мен Астана қаласы қа­зақ халқы­ның орынды мақта­нышы бо­лу­ға әбден лайық деп есептеймін, деді. Жақсыбай САМРАТ.