Осы орайда, Мемлекет басшысының жоғарыдағы рухани жаңғыру ұстанымын негізге алған халықаралық «TURKISLAV» академиясы елордамыздағы Ұлттық музейде бір жыл бұрын өмірден өткен елімізге танымал археолог-ғалым Бекен Нұрмұханбетовтің құрметіне орай «Алтын адам – тәуелсіз Қазақстанның рәмізі» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.
Осыдан жарты ғасыр бұрын Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» расында Елбасының еңбегінде айтылғандай, ұлттық кодымызды сақтап, тарихи жадымызды түрлендіруге таптырмайтын құрал. Оның археологиялық құндылығын былай қойғанда, обадан табылған қолданбалы өнер туындылары, сондай-ақ, әлі күні толық оқылмаған қос тостағандағы жазу көне мәдениетіміздің куәсі іспеттес.
«Қазақ халқының басқадан бөлек бітім-сипаты мен рухани мәдениеті пайда болып, даралануына 40 ғасырға жуықтады. Демек, Ұлы Даладан табылып жатқан археологиялық мұраларымызда бері дегенде 4000 жылдың тарихы сіңірілген. Осы құндылықтарымызды араб-парсы, славян жұртына байланыстырмай төл дүниеміз ретінде танитын уақыт жетті. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осыны ескертті. Сондықтан, «Алтын адам» біздің ұлттық кодымыз», дейді басқосудың құрметті қонақтарының бірі академик Оразақ Смағұлов.
Жиында сөз алып қазіргі тәуелсіз еліміздің археологиялық зерттеу жұмыстары туралы келесі ой айтқан танымал тарихшы-ғалым Зейнолла Самашевті сөзге тарттық:
– Жалпы отандық археология тарихына тоқталар болсақ, – дейді Зейнолла аға. – Кеңес кезінде Іле экспедициясы деген болды. Қазақ археологиясының қалыптасуына бірден-бір себепші құрылым осы. Осы экспедиция құрамында біз еске алып отырған Бекен Нұрмұханбетов жұмыс істеді. Осы кісінің 1969 жылы Есік қорғанынан «Алтын адамды» тауып алуы қазақ археологиясына тың серпін әкелді. Қазақ жерінде сақ мәдениеті болғаны дәлелденді.
– Біз білетін деректерде «Алтын адамды» тапқан адам Кемел Ақышев деп жазылған. Осы қалай?
– Ол рас. Шындығында, Есік қаласына жаңадан автобекет салынатын болып, сол орындағы обаны күреп тастау міндеті ауыл механизаторлары Г.Шмидт пен С.Лаптевке тапсырылады. Олар обаны күрей бастағанда ағаш бөренелерді көреді де, жұмысты тоқтатып, әкімшілікке хабарлайды. Сөйтіп, обаны алғашқы болып көріп, тексеру жұмысы Бекен Нұрмұханбетов ағамызға бұйырған. Әрі қарай ғылыми жұмыс тобы құрылып, оны Кемел Ақышев басқарған. Кемел ағаның жанкешті еңбегі болмағанда «Алтын адамды» қазіргідей қалпына келтіру мүмкін емес еді.
– Сіз археолог ғалым ретінде айтыңызшы, қазіргі жаңарған қазақ қоғамына «Алтын адамның» қандай рухани-тарихи маңызы болуы мүмкін?
– Басқасын айтпағанда, Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» делінген. Осындағы «жалпыұлттық қасиетті орын» ұғымына немесе «киелі жер» жобасына сұранып тұрған нүктенің бірі осы «Алтын адам» және ол табылған қорған.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»