Театр • 18 Мамыр, 2017

Алаулайтын аламан алаң

118 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Опералия-2017» байқауында еліміздің намысын қорғайтын «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Мария Мудрякқа үлкен үміт артылып отыр.

Алаулайтын аламан алаң

Пласидо Домингоның «Опералия» конкурсына қатысу саңлақтар үшін өнердің ең биік өлшемі болып табы­лады. Бұл – ежелден тастай қалыптас­қан қағида. Сол себепті де балауса қа­нат балғын үндер сахна биігін ба­ғын­дыру жолында әуелі осы бәй­ге­нің мәресін сызу мәртебесіне ие болуды армандайды. Айтайық де­ге­ні­міз, биыл бұл сайыс 25-ші рет аламан бәйгенің алауын тұтатқалы отыр. «Пай-пай, жиырма бес» деп асау шақты әсем жырға арқау еткен қазақ үшін әрине, санда тұрған ештеңе болмауы мүмкін, алайда, байқаудың мерекелік жылына орай оның елордада өтетіні ел өміріндегі айтулы оқиға болып саналады. Бұған әлемнің 17 елінен 40 дарынды вокал шебері қатыспақ. Айта кететін жайт, «Опералия» бүкіләлемдік байқауы «Rolex» компаниясы демеушілігімен ұйымдастырылмақ. Қазақстандық жан­күйер­лер үшін мұның тағы бір ерек­ше назар аудартар тұсы, байқауда «Ас­тана Опера» театрының солисі, көп­теген халықаралық байқаулардың лау­реаты Мария Мудрякпен қосқанда төрт бірдей қазақстандық өнер көрсетеді.
Әйгілі опера әншісі және дири­жер Пласидо Домингоның идеясымен құрылғ­ан әлемдегі ең беделді опера бай­қауы – «Опералия» жобасы Қазақ­стан Республикасының Мәде­ниет және спорт министрлігінің қолдауы­мен ЭКСПО-2017 бағдарламасы ая­сында өткізілгелі отыр. Құрметті қонақ ретінде шақырылған саңлақтар сапында отандық майталман шебер­лерден КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова бар. 
Ашық және әділетті өтуіне баса мән берілген бәйгенің тағы бір артық­шылығы, бәрінен бұрын көрер­мен талабының бірінші орынға қойыл­ғандығы. Жанкүйерлер үшін барлық кезеңге есік ашық. Ширек және жартылай финал кезеңдері 24, 25 және 26 шілдеде тыңдалым түрінде өтеді деп күтілуде. Қатысушылар әлем­дік опера классикасынан өздері таң­дап алған арияларды «Опералия» концертмейстерлері сүйемелдеуімен орындайды. 29 шілдеде өтетін финалда он үміткер маэстро Домингоның өзі жетекшілік ететін «Астана Опера» сим­фониялық оркестрі сүйемел­деуі­мен бақ сынайды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша қатысушы жастардың өнері шетелдік жетекші театрлардың өкілдері ен­ген қазылар алқасы шешімімен баға­­ла­нады. Олардың қатарында Карло Феличе театрының көркемдік жетек­шісі (Генуя, Италия), «Астана Опера» театрының шақырылған дири­жері Джузеппе Акуавива, Мет­ро­политен-операның көркемдік әкім­шісі Джонатан Френд (Нью-Йорк, АҚШ), Вена мемлекеттік операсының дирек­торы Доминик Мейер (Австрия), Ковент-Гарден корольдік опера театры­ның кастинг-директоры Питер Марио Катона (Лондон, Ұлы­бри­тания), Париж ұлттық опе­ра­сының кастинг-дирек­торы Илиас Цем­петонидис (Фран­ция), Корольдік театр­дың көркемдік жетекшісі Жоан Матабош, режиссер Марта Доминго (Мадрид, Испания), Чика­го Лирикалық Операсының бас дирек­торы Энтони Фрейд (АҚШ), бас директор-София патшайымның өнер сарайының көркемдік жетекшісі Давид Ливермор (Валенсия, Испания), Бавария мемлекеттік операсының (Мюнхен, Германия), Глайндборндық опера фестивалінің (Ұлыбритания), Лилль опералық театрының (Фран­ция), Норвегия ұлттық операсы мен балетінің кастинг жөніндегі кеңесшісі Пол Moе, Чилиде және басқа елдерде түрлі мәдени ұйымдардың көркемдік кеңесшісі, «Латын Америка Операсы» ұйымының вице-президенті Андрес Родригес, Бонн театрының көркем­дік басқарма директоры Каролин Вильпютц (Германия) бар. 
«Астана Опера» театрының жетек­ші солисі, халықаралық байқау­лар­­­дың лауреаты, тамаша талант иесі Мария Мудрякпен (сопрано) бір­ге «Опералия-2017» ба­й­қауын­да отан­дас­тарымыз Дәмір Сәдуа­қасов (тенор), Станислав Ли, Расұл Жар­мағам­бетов (баритон) өз өнерлерін ортаға салмақ. Корея, Қытай, Жапо­ния, Ұлыбритания, Бразилия, Оңтүстік Аф­рика, АҚШ, Италия, Алмания, Бол­гария, Чехия, Румыния, Польша, Мол­дова, Украина, Ресей әншілері ара­сында өтетін сайыс осы жылғы әлем­дегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі болмақ. 
«Опералия» байқауының шарты бойынша оған негізінен кез келген дауыс түрін иеленген (бастан бастап соп­раноға дейінгі) 18 бен 32 жас ара­лығындағы әншілер қатыса алады. Жалпы, жүлде қоры 180 000 АҚШ долларын құрайды. Ерлер мен әйелдер даусы арасындағы 1, 2 және 3 дәрежелі жүлделерден тыс, мұн­да Р.Вагнердің және Р.Штраустың опе­ра­ларынан үздік орындағаны үшін Б.Нильсон атындағы сыйлық және сарсуэлананы (опереттаға жақын испан­дық музыкалық-сахналық жанр) орындау шеберлігіне белгіленген Пепита Эмбил де Доминго және үлкен Пласидо Доминго сыйлығы, көрер­мен көзайымы жүлдесі − «Rolex» ком­паниясының қол сағаттары және т.б. жүлделер бар.
Ал «Rolex» компаниясы өз кезегін­де дүниежүзілік «Опералия» бай­қауын осымен 16 жыл қатарынан ұсыну арқылы опера өнеріне өздері­нің әрқашан адал болып қала бере­тін­діктерін дәлелдеуде. Айта кету керек, Пласидо Доминго 1982 жылдан бастап «Rolex» компаниясының өкілі болып табылады және компания кәсіби тұрғыда кемелденуге ұмтылған жас дарын­дарды қолдау мен қамқорлық көрсету аясын мұнан да барынша кеңейте түсуге мүдделі.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»