Дүниежүзі мемлекеттеріне темірқазық болып, көп ретте қалай өмір сүруді үйретіп те жүрген алпауыт Америка қаржы дағдарысының таудай толқынынан қайраңға қайырлаған кемедей жер бауырлап қала жаздады. Әупірімдеп барып бойын тіктеген АҚШ президенті Барак Обама бұл қиындықтан шығудың жолы ғалымдардың индустриялық-инновациялық ізденістеріне байланысты деп атап көрсеткен. Ал, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламалармен жұмыс істеуді ерте бастан Үкіметке жүктеген болатын. Соның нәтижесі бүгіндері айқын білініп жатыр.
Бүгінде дәуірлеп тұрған Кентау трансформатор зауыты Кеңес өкіметі кезінде Өзбекстандағы бір зауыттың филиалы ғана болатын. Тәуелсіздік алған соң әрбір ел өзі үшін еңбектенетін болды. Ойлап қарасақ, Өзбекстандағы сол зауыт қазіргі кезде құрдымға кетіп, филиал болған «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы бүгінгі таңда Азия елдерінің ішінде өз орнын тапқан кәсіпорын ретінде еңсесін тіктеді. Барша бастамаларға жұмысшылар кәсіподағы қолдау көрсетеді. Кезінде айына небәрі жеті мың теңге алған кезде де мойымай тек алға тартқан ұжымда бүгінгі күні әр жұмысшы орта есеппен 90-100 мың теңге жалақы алады. Оған қоса әлеуметтік қамтамасыздандырылған. Ендеше, Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне орай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан «Alageum Electric» компания құрамы ұжымдарының және осы компанияның негізін қалаған «Alageum Electric» электр монтаждау басқармасы директорлар кеңесінің төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі, ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі, Кентау қаласының құрметті азаматы Қожабаев Сайдулла Ілиясұлының ерен еңбегін атап өткен жөн. Жақында осы азаматпен трансформатор зауытының бүгіні мен ертеңі жөнінде ой бөліскен едік.
Сайдулла Ілиясұлы «Alageum Electric» электр монтаждау басқармасы – Қазақстан Республикасының электр техникасы саласында көшбасшы орынға ие кәсіпорын, – дейді. Қазіргі таңда отандық өнеркәсіп өрге баспай әлемнің дамыған елу елінің қатарынан көріну құр қиял ғана. Сондықтан Мемлекет басшысының мұрындық болуымен арнайы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылданып, осы бағыттағы жұмыстар жүйелі сипатқа ие болып отыр. Сонымен атқарып жатқан жұмыстарға келетін болсақ, «Alageum Electric» электр монтаждау басқармасы – Қазақстан Республикасының электр техникасы саласында көшбасшы орынға ие болып отырған ұйым. Жедел дамып келе жатқан электр монтаждау басқармасының құрамына Астана қаласындағы «Alageum Engineering» жобалау институты, Кентау трансформатор зауыты, Алматы электр механикалық зауыты, «Қазтрансформатор» сауда үйі, «Нұр-Строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кіреді. Олардың әрқайсысының айналысатын өз бағыттары бар. Айталық, «Alageum Engineering» жобалау институты» АҚ энергетикалық нысандарды, инженерлік желілерді және кернеуі 10, 35, 110, 220, 500 кВ блокты қосалқы стансаларды жобалаумен айналысады.
«Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы болса жарты ғасырдан астам тарихы бар зауыт. Қуаты 25 000 кВА дейін кернеуі 10-35 кВ күштік, майлы және құрғақ трансформаторлар, әртүрлі орындалымдағы қосалқы стансалар, төмен және жоғары вольтты ұяшықтар және басқа да талап етілген көптеген электр техникалық жабдықтар, сонымен қатар құйма оқшаулы және Dupont фирмасының «Nomex оқшаулауы құрғақ трансформаторларын шығарумен айналысып келеді. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ қуаты 63 000 кВА дейін кернеу класы 35, 110 кВ күштік трансформаторлар толық тізбегін өндіруді игерді.
Сонымен қатар, кәсіпорынның 35, 110 кВ ОРУ, ЗРУ, ОПУ блокты қосалқы стансаларын шығарудан үлкен тәжірибесі бар. Зауыт мамандары КТПБ (К) 110-35/10 типті қосалқы стансаның толық жиынтығын дайындап, жасап шығарды. 2010 жылы отандық өндіруші «Alageum Electric» брендімен күштік трансформаторлармен жасақталған кернеуі 110, 35 кВ ондаған блокты қосалқы стансалар жобаланып, жасалды.
Алматы электр механикалық зауыты шкафты құрастырылымдар, қосалқы стансалар, төмен вольтты және жоғары вольтты ұяшықтар шығарады. Алматыдағы «Қазтрансформатор» сауда үйі электр техникалық бұйымдар жиынтығын жеткізумен және «Alageum Electric» маркасымен төмен вольтты аппаратураларды сатумен айналысады. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе және Шымкент қалаларында «Alageum Electric» дүкендерінің желісі бар.
Түркістан қаласындағы «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС асфальтты-бетонды өнімдер, қиыршық тас, құм және жылына 80 000 дана өнімділікпен СВ-95, 105, 110, 164 темір-бетонды бағаналар шығарады. Құрылыс жұмыстарын атқарады, ғимараттарды, үйлерді және автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
«Alageum Electric» АҚ-тың Астана, Ақтөбе, Шымкент, Орал, Атырау Қарағанды және Өскемен қалаларында орналасқан филиалдары кернеуі 10, 35, 110, 220, 500 кВ қосалқы стансаларының құрылысын жүргізуге, арнайы маманданған өндірістік базалармен және қажетті арнайы техникамен жабдықталған электр өткізгіш желілермен электр техникалық бұйымдарды монтаждау және іске қосу жұмыстарымен айналысады.
Компания республика бойынша сервистік қызмет көрсететін өкілдіктер ашып, жергілікті мекендерде тапсырыс берушілермен ұзақ мерзімді, өзара тиімді іскерлік қарым-қатынас құруды көздейді, осылайша клиенттер бүкіл қызметтестік барысында электр техникалық жабдықтарға кезекті сервистік қызметпен бірге «бір қолдан» жобалау, жасау, жеткізу, монтаждау, іске қосу, сынау және «кілт тапсыру» бойынша мамандандырылған қызметтердің толық жиынтығына қол жеткізуді нысана етіп отыр. Егер бірде-бір мекеме, бірде-бір кәсіпорын электр қуатынсыз қимылдай алмайтынын ескерсек, еліміздің индустриялық дамуына аталмыш компанияның қосып отырған елеулі үлестерін байқауға болады. Компанияға қажетті келешек мамандарды осы бастан даярлау үшін жыл сайын мектеп бітіруші түлектермен тығыз байланыс жасалынып, оларды зауыт өмірімен таныстырғаннан кейін инженер-конструкторлардың шығарып жатқан өнімдерімен танысуға экскурсия жасалынады.
Үлкен өндіріс орнын аяғынан қаз бастырып, Қазақстандағы индустриялық-инновациялық дамудың қарқын алуына үлес қосқан кәсіпорын басшысы болдық-толдық деуден аулақ. Кентау қаласының кем-кетіктеріне көмек берумен қатар жас кадрларды өсіруге барынша көңіл бөліп келеді.
Адам баласына қажеттіліктің ең бастысы денсаулық болса, екіншісі – білім. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап жастардың мамандық таңдауларына ерекше көңіл бөлінеді. Алматы энергетика және байланыс университеті, Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ынталы жастарды электр энергетикасы және мәшине жасау мамандықтары бойынша аталған жоғары оқу орындарына түсіріліп 1-2-3-4-курс студенттері каникул кезінде зауытта өндірістік ақылы тәжірибеден өтеді, яғни оларға 40 мың теңге көлемінде айлық жалақы және бір реттік ыстық тегін тамақ қарастырылған. Жас мамандар үшін зауыт қорынан жеңілдетілген пайызсыз негізде пәтер беріледі, яғни айлықтарынан өз келісімдері бойынша 40 немесе 50 пайыз ұсталынып, төлеп болғаннан кейін пәтер өз меншіктеріне аударылып беріледі.
2009- 2010 жылдары жас мамандарға 48 пәтер берілген. Себебі, олар біздің ертеңгі кадрларымыз. Қазір нарық заманы. Мықтымын, намысым бар, өсемін, өнемін деген еліміздің жігерлі ұл-қыздарына бірінші кезекте алға ұмтылулары және инженерлік мамандыққа – ХХІ ғасыр технологиясын меңгеріп шығулары үшін барлық жағдайлар жасалған. Ол – мемлекетіміздің болашағының кепілі. Кәсіпорын басшысы ойын осылай түйіндейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Кентау қаласы.
Суреттерде: С.Қожабаев; зауыт цехында.