27 Тамыз, 2011

Мінезді талант

419 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Тіршілікте үлкен-кішімен әр түрлі деңгейде араласуға тура келеді, ал саналы ғұмырың ұстаздық пен ғылым саласында өткен соң, ұстаз бен шәкірттің арасында бір-біріне деген өзімсіну болмай тұрмайды. Соның ішінде жазушылардың ортасында етене боп өсудің жөні ерекше. Әрі күрделі де қызықты жай. Мен бұл ортаға ертелеу кірдім де, қазақ әдебиетінің классиктері Мұхаң­мен, Сәбеңмен, қос Ғабеңмен және солардан кейінгі аға ұрпақ өкілдерімен жиі араласып кеттім. Олардың шығармашылық жолының ғылымға түйіспей кеткендері тағы да жоқ. Кейін оқытушылық пен ғылыми қызметке бет бұрғанда да сол ортаның өз адамы болып қалдым. Бұл орта мінез бен көзқарасқа бай келеді. Айтымы да, қайтымы да тез, турашыл қауым. Әрине, мінезсіз талант болмайды. Ал сол мінез біліммен ұштасқан тұста таланттың қыры бұрынғыдан да ашыла түседі. Көптеген жазушылар өзінің шығармашылық жолын өлең­мен, әңгімеден бастап, өмірін ғылыммен аяқтады. Солардың қата­рында Қ.Жұмалиевті, М.Қара­таев­ты, З.Қабдолов­ты, Н.Ғабдуллинді, М.Дүй­сеновті,      Р.Бер­­дібаевты, М.Мағауинді, Жайсаңбек Мол­­дағалиевті, Ж.Ысмағұловты, А.Сейдімбекті, Қ.Сал­­ғаринді айтсам да жеткілікті. Сондықтан да әдебиетке келген әр талантты әдебиеттанудың да өкілі деп есептейтінбіз. Әдетте, әдебиеттің ыстық-суығын көріп, түрлі талқылауларда шыңдалған, қаламы төселген, өзіндік пікірі бар ондай қалам иелері ғылым саласына тез бейімделіп, өнімді еңбек ететін еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында қоғамдағы көзқарастармен қоса аға толқын мен кейінгі толқынның арасындағы алмасу жүріп жатқан еді. Академиялық ғылыммен айналысқан ғалымдардың ойлау жүйесі біржақ­ты келеді әрі асықпай шабандау қимылдайды. Оған кеңестік ғылыми ой қорыту жүйесіне қойылған қатаң әрі қасаң талаптар да ықпал етпей қойған жоқ. Бұрынғы жабық тақырыптарды игеру үшін де тың ғылыми күш қажет болды. Сондықтан да әдебиет институтына ғылыми зерттеуге қабілеті мен дайындығы бар, әдебиет теориясы мен тарихына сыни көзқарастары қалыптасқан қаламгерлерге, соның ішінде жастарға ерекше ынтамен қарап, ғылыми қызметке батыл тарту қажет болды. Алдымен Ақселеу мен Қойшығара келді, оған Шөмішбай мен Батырхан Дәрімбетов, Нұрдәулет Ақышев, Бекен Ыбырайымов қосылды. Солардың ара­сында елге танылып қалған, он жылдан астам уақыт «Жұлдыздың» сын бөлімінде істеп, әдебиеттану саласында тәжірибе жинақтаған Тұрсын да бар еді. Әдебиеттің табалдырығын ақын ретінде бастап, бір-екі өлеңдер жинағын шығарғанын, кейіннен прозаға қалам тартып, бірнеше рет республикалық конкурстың бәйгесін алғанын, «Бесқарагер» атты повесінің Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтің назарына іліккенін білетінмін. Ал сын мақалалары үнемі жарияланып тұрды. Соның ішінде, Абайдың өмірі мен текстологиясы және М.Әуезовтің туындыларындағы тарихи және көркем шындық туралы салыстырмалы зерттеулері назар аударта бастап еді. Әсіресе, «Бесігіңді түзе!..» атты толғау-эссесі әдеби ортада ерекше ықыласқа бөленді. Мұндағы көркем және сыни талдаулар Тұрсынның ғылыми зерттеуге бет алғанын танытатын. Бұл әдебиеттен өз орыны мен жанрын іздеген жас адамға жарасты мінез. Қазіргі пайымдауымша, бұл көркем әдебиеттің бар жанрына қалам тартқан Тұр­сынның шығарма­шылық жолының алғашқы кезеңі екен. Ізденістері сәтсіз де емес еді. Сын бөлімінде істейтін қызметкерлерді алты айда бір Мәскеуге семинарға шақырып, арнайы тақырып­тық кеңестер өткізетін. Мұның өзі әлем әдебиетіндегі бағыттар мен жаңалықтардан мағлұмат алып, ой-өрісіңді кеңейтуге септігін тигізетін үлкен мектеп болатын. Тұрсынның сол мектептен өткені жаз­ғандарынан-ақ білініп тұратын. Сол тұста, Абайдың туғанына 150 жыл толуы қарсаңында институттан абайтану бөлімі ашылды да, Мекемтас Мырзахметов меңгеруші­лікке бекітілді. Енді М.Әуезовтің мұражай-үйінің жетекші ғылыми қызметкерінің орнын сенімді адамға тапсыру қажеттігі туды. Рах­манқұл мен Мекемтас Тұрсынға тоқталды. Екеуі орайы келгенде оған ұсыныс айтып: «Сенің орның осы» – дескен екен. Алайда, жазушы­лардың өз мінезі мен көзқарасы бар. Тұрсын да: «Одақтағы еркін мінезге бойым үйреніп қалды. Сіздердегі «неғылайыны көп» көмпіс мінезге көндіге алмаспын» – деген уәжбен бір жылдай жалтарып кетіп жүрді. Мұражайда жинақталып қалған мәселелер өте көп еді. Оның үстіне М.Әуезовтің туғанына жүз жыл толу мүшелі де жақындап келе жатқан. Тұрсын Алаш ардагерлерін ақтау тұсында Жоғарғы Сотта жабық әдеби кеңесші болғанын, архив құжаттарын жақсы білетінін және оның Әуезовті беріле зерттеп жүргенін ескеріп, Ләйлә Мұхтарқызы Әуезоваға: сізге де, маған да еркін ойлы, еркін мінезді жазушылар ортасы жақсы таныс. Сондықтан да Абай мен Әуезовті беріле зерттеп жүрген, сол ортадан шыққан Тұрсынды қызметке тартыңыз, – деген ұсыныс айттым. Жыл аяғына қарай Ләйлә Мұхтарқызы бөлмеге күле кірді де, Тұрсынның мұражайға ауысу туралы өтінішін алдыма қойды. Міне, содан бері Тұрсынның бетін қайтарған емеспін. Өзім сақа қойып, сабынан қарауыл қарағаным жараспас еді, әрине. Тұрсын өзімен қоса бір басылымның бас редакторы болып жүрген Ғалым Доскенов пен сыншы Тұрсынжан Шапаевты «ерте келді». Содан бастап Тұрсынның шығармашылық өміріндегі екінші кезеңі, ғылымға бетбұрысы басталды. Көркем шығармаға деген аңсары әлі басылмағаны, сол күндерді аңсайтыны туралы сұхбаттарын оқып қалдым. Дегенмен де ғылым саласына бетбұру арқылы оның жандүниесі толысты. Ләйлә апайы екеуі жақсы тіл табысып кетті. Тұрсынның өз еркімен диссертация жазбайтыны анық еді, оны өзі де ашық айтып, «мені зорламаңыздар» деген болатын. Бірақ Ләйлә Мұхтарқызы «Бейуақ» кітабының негізінде баяндама арқылы кандидаттық диссертация қорғауға көндіріпті. Ал оның таусылмайтын ресмияттарын Ләйлә апайының өзі бітіріп жүрді. Әсіресе, философиядан емтихан тапсырған кезінде: кеңес одағында философ жоқ, философия тарихын түсіндірушілер ғана бар – деп комис­сияның төрағасымен айтысып, үш екі, бір үш алып, әйтеуір Ләйлә апайының беделімен әупі­рімдеп өткені есімде. Ол кезде марксизм-ленинизм ілімі туралы әр түрлі пікірлер айтылып жүр­генімен, әлі күшін жойған жоқ еді, әрі қоғамтанушы ғалымдар да жаңа пайымдауға дайын емес болатын. Институттың өзінде де еркін пікірге ерік беріліп, тәуелсіздіктің лебі есе бастағанын бәріміз де сезіндік. Бірақ мұндай ашық пікірге көбіміз бой үйрете қоймап едік. Әрине, барлық ғалымдар тілектес болғандықтан, қорғау кезінде пәлендей қиындық тумады. Кеңестік үлгідегі әдебиет саласындағы соңғы кандидаттық куәлікті алған да Тұрсын болды. Осындай баспалдақтардан өткен­нен кейін енді Тұрсынның да өзін көрсететін кезі келді. Алдын ала айта кетейін, өзіне артқан үмітті Тұрсын ақтады. Бұрынғы мемлекеттік құ­рылым күйреген тұста, ғылым ака­демиясының басқару жүйесі де өзгеріске ұшырады. Соған орай Тұрсын мынадай мәселе көтерді: М.Әуе­зовтің мұражай-үйі әдебиет инс­титутының әуезовтану бөлімі ретінде ғана жұмыс істеді. Мұражай ретінде не қаланың, не республиканың есебінде жоқ. Тек жазушының кезекті мүшелтойы қарсаңында үкімет тара­пынан ұлттық ғылым академиясына арнайы бөлген қаржысымен кезекті жөндеуден өтіп, көрмелер жаңар­тылып қана отырыпты. Мұражай-үйдің іргета­сынан бастап шатырына дейін күрделі жөндеуді қажет етеді. Су құбыры бұзылса әуелі институтқа, одан академияның қоғамдық ғы­лымдар, одан шаруашылық бөліміне хабарланып барып, академияның президентінің қолы қойылған соң барып жөнделеді екен. Бұл ресмият қанша тез орындалды дегенмен де, кемінде бір тәулік уақыт кетеді. Оған дейін бұзылған құбыр бүлдіретінін бүлдіріп болады. Сондықтан да оның статусын қайта қарау қажет. Екіншіден, мұражайды міндетті түрде күрделі жөндеу керек. Үшінші, бұрынғы мұражай – кеңестік идеологияның талабына сай қабырға газеті сияқты көргізбеге құрылған. Енді ол мемориалдық мұражайға айналдырылуы тиіс. Төртінші, М.Әуезовтің шығармашылық өмір­баянын қайтадан жазып, шығармаларының 50 томдық басылымын жүзеге асыру керек, – депті. Бұл ұсынысқа Ләйлә Мұхтарқызы да қосылды. Мұның барлығы орынды ұсыныс еді. Бәріміз қостадық. Бірақ мемлекетіміз тәуелсіздік алды, сонымен қоса, жалпыға ортақ күйзеліс басталды, соның ішінде ғылым жүйесінің бел омыртқасын сындырып кеткен экономикалық қиын жағдай қалыптасты. Алты-жеті ай бойы жалақы алмайтын кез туды. Жалақы мен зейнетақыға қаражат таба алмаған мемлекет мұражайды қайтадан жөндеуге қайдан ықыласты болсын. Ләйлә апайы екеуі түрлі әлқуатты мекемелерге барып көмек сұрады. Сол үшін М.Әуезовтің қорын құрды. М.Әуезовтің жүз жылдық мүшелтойын өткізу туралы қаулының да жобасын жасап, үкіметке жіберді. Мұражайға дербес статус беру, күрделі жөндеуден өткізу, 50 томдық басылымды жүзеге асыру, жазушының жүз жылдығына орай үкімет қаулысын шығару, бұл шараларды Абайдың 150 жылдық мерекесіне орайластыра жүргізу туралы ұсыныстарды қостадым. Бірақ сенімім бола қоймады. Үкіметтің мүшелері де жиі ауыса берді. Тұрсынның хаты да үдей түсті. Бұл жанталас Олжастың мұражайдың жағдайы туралы Президентке кіруімен, Прези­денттің вице-премьер Ғ.Әбілсейітов бастаған үкімет комиссиясын жіберіп, мұражайды жөндеуге жабу туралы пәрменімен аяқталды. Жобаға қаржы бөлінді. Бұған кәдімгідей қуанып қалдық. Өкінішке орай, сол тұста бірі – әпкесі, бірі – бауыры сияқты болып мұражай үшін қол ұстаса күресіп жүрген Ләйлә Мұхтарқызы кенеттен дүниеден озды. Ендігі жүктің бәрі Тұрсынның мойнына қалды. Мәдениетке жауап беретін вице-премьердің тағы Ғ.Әбілсейітовтен Қ.Сұлтановқа өтіп, одан Т.Жүкеевке келгенде қаулы қабыл­данды. И.Тасмағамбетов келген соң нақты жүзеге аса бастады. Бөлім деңгейіндегі мұражайға «М.О.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы деген дербес статус берілді. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақ­стандағы алғашқы мәдени құрылыс қолға алынды. Мұражайдың құрылысын жүргізу, мемориалдық заттарды іздестіріп, қалпына келтіру, Ләйлә апайы бастап кеткен «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығар­машылық шежіресі», М.Әуезов шығармаларының елу томдық толық басылымы сияқты күрделі істер қатар атқарылды. Ғылыми шараға З.Қабдолв, З.Ахметов, Р.Нұрғали, Б.Майтанов сияқты ғалымдар да (ішінде мен де бармын) тартылды. Жеке шығармашылықтан да кенде қалмады, «Дулыға», Абай туралы «Күйесің, жүрек... сүйесің!..», М.Әуезов туралы «Бесігіңді түзе!..», «Талқы» атты кітаптары жарық көрді. Қойшы, жанталаспен өткен Тұрсынның жеті жылы жемісті аяқталды. Президент те, премьер де, вицелер де мұражайға екі-үш рет келіп, ризашылықтарын білдірді. Жаңа мемориалдық мұражайды Президенттің өзі ашты. Оған ЮНЕСКО-ның ресми өкілі бастатқан отызға тарта шетелдің өкілдері қатысты. Еңбек жанды. Бұл еңбекке жұртшылық риза болды. 50 том­дықтың алғашқы екі томы мүшелтой қарсаңында шығып үлгерді, жетінші томы баспаға берілді. Енді оны асықпай жүзеге асыру жұмысы ғана қалған. Міне, сол кезде біздің «қазақы күресіміз» басталды. Мұражайды жекешелендіру, оған «лайықты мұрагер» іздестіру сияқты мәселелер көтерілді. Ақыры, үкіметтің қаулысымен құрылған дербес ғылыми орталық таратылып, қайтадан институтқа қа­ра­ды. Қырықтан астам қызметкерден оншақты адам қалды. Ол кез­де институттың бас­шы­лы­ғынан зейнетке шық­­­­­қан­дық­тан да бұл әді­лет­сіздікке тікелей ара­ша түсе алмадым. Тұрсын докторанттық де­малысқа жіберілді. Шын­дығын айт­­сам, оның ғы­лымға де­ген көңілі шын­дап қа­лып еді. Ләйлә Мұхтар­қызының өсиетін ақтаға­нына қуанатын да, әді­летсіздікті еске ал­ғанда «жылап кеткен жеті жыл» деп өкінетін. Біздің де жанымыз ауыратын. Та­қырыбы «Бесігіңді тү­зе!..» атты өзінің эссе­сінің негізінде «М.Әуе­зовтің шығармашылық жо­лы мен көркемдік әле­мі» деп аталған. Бұл та­қырыпты оның өзінен жетік білетін ғалым аз еді. Қорғауы ұзаққа созылғанымен сәтті аяқталды. Ешқандай ырың-жырың болмады. Алайда, екі мың бірінші жылы наурыз айында, әдеттегідей күтпеген, бірақ тұтастай алғанда табиғи бір ұсыныс жасалып, вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов шақыруымен Астана қаласына жол тартты. Онда қазақтың тарихы мен руханиятына қатысты дүние мұрағаттары мен кітапханаларындағы деректерді бір орталыққа жинастырып, оны ғылыми айналымға түсіретін «Отырар кітапханасын» ашу міндеті ұсынылыпты. Ол мекеме ғылыми орталық ретінде әзірше Еуразия ұлттық университетінің жанынан ірге көтермекші. Ақыл сұрады. Мен күліп: «Ертерек докторлықты қорғағанда бұл ұсыныс та ертерек жасалатын еді. Жолың ашылады, қызмет сені өзі іздеп келеді дегенім осы. Бар. Ұнамаса қайтып келерсің», – дедім. Ол: «Е, біздің ауылда Рымғали ағамыздың бір ағасы қырман күзетшісі болғанда «Шайқақтың осы атқа мінгені – мінген» деген екен. Сөзін жерге тастамаспын деген үш адамым бар еді. Бірі сізсіз. Барайын. Бірақ алты айдың ішінде үй берсе, Алматыға қайтып келу жоқ. Бермесе, Семейге тартамын. Осы ақылыңызға өкініп жүрмеңіз», – деді де тапсырылған іске де белсене кірісті. Өкінішке орай, үш жылға дейін пәтер берілмеді. Бірақ алған бетінен қайтпады. Түпкі мақсаты – сирек кітаптар мен қолжазбалардың орталығын құру, «Александрия кітапханасы» сияқты жеке ғимарат салу, жазу мұражайын ашу, қолжазбалар мен көне кітаптарды реставра­циялайтын лаборатория құру, мемориалдық кітапханалар қорын жасақтау, ғылыми басылымдарды жүзеге асыру сияқты толып жатқан игілікті жұмыстарды жүзеге асыру болатын. Бес жылдан кейін Ә.Марғұланның мұражай-кітапханасын ашқан соң: «Ғылыми орталықтың негізгі ұйым­дастыру жұмыстар аяқталды. Енді оны дамытып, ғылыми мүмкіндігін көрсету керек болып тұр»,  дегені есімде. Сол аралықта С.Бегалиннің, М.Қаратаевтың, Т.Кәкішевтің, К.Ақышевтің, Р.Сыз­дықованың, О.Нұрмұхамедованың, А.Сейдім­бектің мұражай-кітапханалары құрылды. Ақыры мен де өзімнің өмір бойы жиған кітаптарымды «Отырар кітапханасына» тапсырдым. Қазір де Астанаға жол түскенде барып, ескі достарыммен оңаша сырласып қайтатыным бар. Бұл бастаманың тақырыптық басылымдар арнайы жинақталмаған Астананың ғылыми мүмкіндігін кеңейтуге үлкен септігін тигізгені сөзсіз. Осыдан бес жылдай бұрын жеке ғимарат салу мәселесі шешіліп, Елтаңбаның авторы Ж.Мәлібеков жасаған көне түркі үлгісіндегі ғима­раттың жобасына қаражат та бөлініп, Тұрсынның қуанышы қойнына сыймай жүр еді. Алайда, арнайы бөлінген қаржы кезінде тиісті «орынын таппай» қалыпты. Бюджеттен бір объектіге екінші рет бес жылдан кейін ғана қайыра қаржы бөлінетін жазылмаған дәстүр бар. Ол мерзім де аяқталып қалды. Мүмкін, енді жолы болар. Он жылдың ішінде «Отырар кітапханасында» дайын­далды» деген бұрыштамамен 72 кітап шығарған орталықтың ғылыми болашағы зор, нақты ғылыммен айналысуға мүмкіндігі бар. Жазу мен жазба тарихи шежірелері түгенделмеген ұлтымыз­дың рухани мұқтаждығын өтей алатын мұндай ғылыми мекеменің үнемі мемлекеттің қолдауына зәру екені өзінен өзі түсінікті. Ал сирек қолжазбалар мен кітаптардың қорын толықтыру, ғылыми сипаттама беріп, аударып, ғылыми айналымға түсіру де оңай жұмыс емес. Әсіресе, арнайы білім мен көне тілдерді игерген маман­дарға мұқтаж мұндай ғылыми орталықтарға «сирек мамандық иелері» шақырылса, оларға тиісті жағдай жасалса, ғылыми күш бір орталыққа топтастырылса, мемлекетіміздің тарихы үшін үлкен олжа болар еді. Ғылыми орталықтың қоры көбейген сайын оны қоятын орыннан тапшылық көре бастайтыны белгілі. Оның үстіне көне кітаптар мен қолжазбалардың радиация жина­қ­тайтыны, жұқпалы «дертке» ұшырайтыны бар. Ескі мазарлардан қазылып алынған мұралар міндетті түрде жеке сақтауды қажет етеді. Жазба құндылықтарды сатып алуға Үкіметтен арнайы қаржының бөлінбеуі де орталықтың тынысын тарылтып жүрген сияқты. Мұның барлығы түбінде шешімін табатынына сенемін. Ал Тұрсынның жеке ғылыми-шығармашы­лық табыстарына келетін болсақ, ол өзінің үздік­сіз ізденіс үстінде өткен осы үшінші кезеңінде әдебиет пен тарихтың тамырын жалғап, жан-жақтыланып, марқаланып кеткен сияқты. Түпкі танымдық тамыры бір болғандықтан да бұл табиғи көрініс сияқты. Қазір жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдардың өзі бір-бірімен өзара тығыз байланысып бара жатқаны анық байқа­лады. Оның үстіне ғылыми орталықтың ұйым­дастыру жұмысы әдебиет, тарих, жазу тарихы сияқты салаға тікелей қатысты болғандықтан да, осындай жан-жақтылықты талап етеді. Он жылдың ішінде әр ілім саласын қамтитын 30-дан астам сирек қолжазбалар мен көне кітаптарды ғылыми айналымға түсіруінің өзі соның дәлелі. Таяуда Тұрсынның библиографиялық көр­сет­кішін парақтап шығып, өзіме бейтаныстау біраз жайларды аңғардым. Оның ақын, жазушы, журналист, сыншы, әдебиет тарихшысы ретіндегі еңбектерімен қоса тарихи әфсаналары да бір зерттеушінің жүгін көтеретіндей салмақты екен. «Дулыға» атты екі томдығы үш рет басылым көріпті. «Құнанбай» атты монографиясы, про­залық шығармаларының төрт томдығы шы­ғыпты. Өзімнің жазу дәстүріме жат болса да, көрсеткіштегі мына деректерді Тұрсынның ізденіс аясы мен еңбегін көрсету үшін келтіре кеткенді жөн көрдім. 2001-2010 жылдар аралы­ғында профессор Т.Жұртбайдың жетекшілігімен 40 мыңға тарта сирек қолжазбалар мен кітаптар жинақталып, 31 басылым, соның ішінде «Жетінші қазына» (2004); Нарманбеттің «Кер заман» (2004); Х.Болғамбаевтің «Шығармалары. Тағы­лым­дары» (2005); Т.Қоңыровтың «Теңеулер табиғаты» (2005); Х.Тәкежановтың «Қазақтың салт-дәстүрлері» (2005); Ә.Марғұланның «Саят құстары» (2005); Ноғайбайдың «Елім үшін кектімін» (2007); Б.Бафиннің «Тарихи шежіре» (2007); И.Нұрахметтің «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке» (2005); С.Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері» (қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде, 2004); «Қазақтың дархан дас­тар­ханы» (қазақ, орыс тілдерінде, 2005); «Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде); «Қазақтың салт-дәстүрі (Энциклопедия, 2009); Қ.Сарт­қожаұлының «Түр­кі жазуының генезисі» (2007); Н.Ахметбековтің «Өлеңдері мен дастан­дары» (2007); К.Таңа­тарұлының «Арман да, арман, шын арман» тарихи жырлары (2011); Қ.Мұхамедхановтың 9 томдық (2004-2011); С.Бегалиннің 6 томдық шығармалар жинағы (2007 -2011); «Қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы» атты 30 том­дықтың 7, 11-15, 17 томдарын (2007, 2008, 2009, 2010) құрастырып, ғылыми түсініктемелер жа­зылып, баспадан шығарылыпты. Білім және ғылым министрлігінің аясында ұйымдас­ты­рылған «Көне түркі жазба ескерткіштері мен шы­ғыс қолжазбалары – Қазақстанның Тәуел­сіздігінің рухани негізі» (2003-2005) және «Көне түркі жазба ескерткіштері мен шығыс қолжаз­балары – Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идея­сының рухани негізі» (2007-2009) атты жоба­сына ғылыми жетекшілік етіп, түбірлі зерттеулер жүргізіпті. Сонымен бірге, қазір «Қазақ қолжаз­балары (біздің дәуірімізге дейінгі X ғ. бастап XXI ғ. дейін)» атты 10 томдық ғылыми жобаны ғылыми айналымға түсіру бағытында жұмыс істеп жатыр екен. Оның: «Қазақ қолжазбалары»: «Ежелгі грек, көне қытай жазбаларындағы түркілік әдеби үлгілер», «Батыс өңіріндегі аз ұлт ақындарының таңдамалы өлеңдері» (51 ақын, оны Тұрсынның өзі аударыпты), «Түркі және қазақ жазба әдеби мұралары», «Маитри смид», VІІІ ғасырдағы 20 көріністі пьеса. Транскрипция, аударма, түсінік», «Жеті қаған», «Мұз­бұршақ» эпосы» (ІХ-ХІ ғ.) атты алғашқы ІV томы «Ел-шежіре» баспасынан биыл жарық көрді. Ресми сарапшы ретінде пікір білдіргендіктен де ойымды таратып айтып жатпайын. Бірақ қазақ әдебиеттануына да, тарихшыларға да ой салатын құнды басылым екені даусыз. Ал оның «Ұраным – Алаш!..» атты, 1922-1957 жылдары аралығындағы кеңестік идеологиялық қысым мен саяси жазалау, ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату, ұлттық сана мен құндылықтарды жою, тұқымүзу (геноцидтік), халықтың жадын өшіру, әдебиеті мен мәдениетін рухсыздандыру саясатын әшкерелейтін «Жегі», «Тез», «Талқы» деген үш кітаптан тұратын «түр­ме әфсанасы» біртұтас алаш идеясының тұжы­рымдамасы жасалған іргелі еңбек болып табы­лады. Сонымен қатар, баспасөз бетінде жария­ланып жатқан мерзімдік мақалалары қаншама. Осыған қарап, мен Тұрсынның өмірінің алты асқары нәтижелі өтті деп есептеймін. Ол әдебиеттану іліміндегі ұлттық идеяның қалыптасуын зерттей жүріп, қазіргі таңдағы ұлттық идеямыздың қалыптасуына аянбай еңбек сіңірген адал да, шыншыл, мінезді тұлғаға айналды. Мен осындай ойлы пікірлі әрі қарапайым азаматтың өмір жолының айырықты тұсында дұрыс бағыт бере білгенімді мақтаныш етемін және оның ойда жүрген істерін жүзеге асырып, бізді алпыстың асқарына шыққан кезде өзінің тың идеясымен таныстыра беретініне толық сенімдімін. Серік ҚИРАБАЕВ, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор.