Кеше елордада «Мемлекет және тұлға: Қазақстанның 20 жылдық даму жолы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды. Аталған Тамыз оқуларының бір ерекшелігі, ол еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын және Конституция күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында өтті. Оны Конституциялық Кеңес, Әділет министрлігі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссиясымен (Венециялық комиссиямен) және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Орталық Азиядағы Жоғарғы комиссары басқармасының өңірлік бөлімшесімен бірлесе отырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің қатысуымен ұйымдастырды.
Конференция жұмысына Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілділігінің басшысы Норбер Жустен, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы Александр Кельчевский, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков, Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялады, ол «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңымен бекіді. Мұның алдында осы жылдың 1 желтоқсанында қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевты өздерінің Тұңғыш Президенті етіп сайлап, ерекше қалауларын жасады.
Қазақстандықтардың осы тарихи таңдауы елдің келешек дамуын, гүлденуін айқындап берді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында елдің бүгінгі жетістіктеріне, ең алдымен, Елбасының ерен еңбегі мен 1995 жылы қабылданған Конституцияның арқасында қол жеткенін атап өту қажет деді сөз сөйлегендер. Өйткені, еліміздің жаңа Конституциясы Мемлекет басшысы – Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей жетекшілік етуімен дайындалып, оның ұсынысымен қабылданды деп толық айтуға негіз бар. Соған орай бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тақырыбы еліміздегі айрықша орын алатын тәуелсіздіктің 20 жылдығы және алдымызда келе жатқан Ата Заңымыз – Конституцияның 16 жылдығымен тығыз байланысты дейміз. Тәуелсіздік жылдарындағы даму көрсеткіштері Ата Заңымыздың пәрменділігі мен тиімділігін барынша айғақтап отыр. 1995 жылғы қабылданған Конституция еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауға және елдің әл-ауқатын одан әрі күшейтуге зор үлес қосып келеді. Елді демократиялық және шын мәніндегі құқықтық мемлекет ретінде одан әрі нығайту жолында Конституцияның нормативтік әлеуеті әлі де жоғары тұр.
Ата Заң – демократиялық дамудың негізі. Ол тәуелсіздігімізді баянды етті. Ата Заңымыздың арқасында тәуелсіз Қазақстанды әлемге паш еттік. Конституцияның авторы – Қазақстан халқы, ал Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – дем берушісі. Демек, Мемлекет басшысы айтқандай, «Біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы түрде таңдауының жемісі. Ата Заңмен өмір сүру білімі мен тәжірибесін өмір бойы үйренетін демократияның жоғары мектебі» болып қала бермек. Елбасының осы сөздерін еліміздің әрбір азаматы өзінің бойтұмары етіп алғаны жан жадыратады. Өйткені, Ата Заң – мемлекеттіліктің арқауы. Ал Конституцияны қастерлеу – мемлекетті құрметтеу деген сөз. Айбынымыз да, айдынымыз да – Ата Заң. Ендеше, Конституция – жарқын келешек кепілі. Сондықтан оны дәріптеу баршамыздың борышымыз болып табылады. Қазіргі қол жеткен жетістіктеріміз елімізде тұрып жатқан барша халықтың татулығы, бірлігі, ынтымағы жарасқан салтанатты өмірінің 20 жылдық жарқын көрінісін білдіреді. Әлемдік саясаттағы, экономика, мәдениет, құрылыс, білім және т.б.салалардағы алған асуларымыз 20 жылда жүрген сара жолымыздың дұрыстығын айғақтайды. Мұның бәрі Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында, еліміздегі бірлік, келісім, татулық аясындағы ата-бабаларымыз аңсаған армандарға қол жеткізгеніміз болып табылады.
Қазақстан мемлекетінің адамды және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынасы деп тануы мемлекеттің адамға үнемі қамқорлық көрсетіп, адам жақсы өмір сүруі үшін оған қажетті барлық жағдайды жасайтынын, оның денсаулығын сақтау үшін шаралар қабылдайтынын, мемлекет адамның өмірін қолсұғушылықтан қорғайтынын білдіреді. Елімізде Парламенттен бастап, жергілікті өкілді органдарға және өзге де өзін-өзі басқару органдарына дейінгі мемлекеттік органдардың қалыптасуы мен қызметінің демократиялық негіздері кеңейтілген. Мемлекет пен қоғам институттарының ынтымақтастығы үшін шектеулер алынды, саяси партиялар мен қозғалыстардың дамуы үшін құқықтық жағдайлар жасалды. Құқықтық мемлекеттің ұстанымдарын одан әрі қарай дамыту үшін оның бар күш-жігері адамның конституциялық құқығы мен бостандығын жүзеге асырудың барынша мүмкіндігіне кепілдік беруге, барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен тұлғалардың конституциялық міндеттерін толық орындауға бағытталған. Қазақстанда зайырлы мемлекеттегі секілді конфессияаралық татулық пен келісім бекітілген, атеистік көзқарасты азаматтардың құқығы, діндар азаматтардың құқығымен бірдей сақталады. Сөйлеушілер Құқықтық саясат тұжырымдамасында әлеуметтік мемлекет құрудың негізін қалаушы ұстанымдары мен әлеуметтік құқықтары Конституцияда бекітілгенін атап көрсетті. Осыған байланысты сөз алғандар қазақстандық құқықтың негізгі міндеттерінің бірі «қазіргі заманғы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру және әлеуметтік құқықтық қамтамасыз етудің пәрменді тетіктерін қалыптастыру» болып табылады, деді.
Тәуелсіз мемлекеттілік құру ісі аяқталып, тиімді нарықтық экономиканың іргетасы қаланды, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қамтамасыз етілуде. Басты байлығымыз – бейбітшілік пен келісім мызғымастай берік сақталуда. Қазақстан қоғамы өзі таңдаған жолмен жан-жақты әрі тұрақты дамып келеді. Еліміз өткен кезеңінде халықаралық қоғамдастықтағы рөлі нығайып қана қоймай, үлкен беделге де ие болды. Конституция елдегі қоғамдық қатынастарды құрудағы, адам мен азаматтың құқықтарын, бостандығын сақтаудағы, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудегі негізгі құжат болып табылады. Оның мызғымастығын қамтамасыз ету үшін Президентке ғана Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық бастама жасау құқығы берілген. Ел Үкіметі мен Парламенті Президентке Конституцияға түзетулер енгізуді ұсынуға ғана құқылы, бірақ бұл мәселеде түпкілікті шешімді Мемлекет басшысының өзі ғана қабылдайды.
Конференция барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы конституциялық дамуы жан-жақты талқыланып, республиканың Негізгі Заңының ережелері мен нормаларын ұлттық заңнамада жүзеге асырудың жолдарын іздестіру, оны қолдану практикасы, азаматтық құқықты нығайту туралы сындарлы пікір алмасылды. Сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды. Конституцияда баянды етілген іргелі құндылықтарды жүзеге асыру жолы тиімді сот жүйесін құру барысында да айқын көрінеді. «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде Конституция мен заңға ғана бағынады» деген конституциялық тұжырым сот ісін жүргізуде заңдылық қағидатын іске асыру қажеттілігін білдіреді. Бір жағынан сот төрелігі органдарының қызметі Конституция мен заңдардың қолданылып жүрген нормалар шеңберінде қарастырылған, екінші жағынан – судьяларға құқық қолдану үдерісінде конституциялық нормалар мен заң нормаларының басым мәні бар нормативтік құқықтық актілердің қолданылатын сатысын сақтау міндеті белгіленген.
Конференцияға қатысушылар қазіргі Қазақстан қоғамы Негізгі Заңға сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары қорғалатын демократиялық құндылықтарға сүйеніп дамып келе жатқанын бірауыздан атап өтті. Қазақстан Конституциясында бұл күрделі де маңызды міндетті шешудің кепілді жүйесі құрылып, адамдардың әлеуметтік қажеттілігіне бағытталған саяси-құқықтық негіз қаланды. Біртұтас мемлекеттік билік тармақтары қызмет атқарып отыр. Республика Президенті халық пен мемлекеттік билік біртұтастығының, Конституцияның, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мызғымастығының нышаны әрі кепілі болып табылады. Қазақстан мемлекет пен тұлғаның ынтымақтастығын құру жолында жиырма жыл ішінде айтарлықтай тәжірибе жинап, оған халықаралық ұйымдар жоғары баға беруде.
Бiздiң Конституциямыздың әлемде демократиялық қоғамның негiзгi мiндеттерiне сәйкес келетiнi танылып отыр. Егер атына сын айтылып жүрсе, оның ережелерiнiң орындалуына ғана қатысты болғаны. Әлемде демократия мен заңды сақтау ажырағысыз болып танылады. Өйткені, тәуелсіздік жылдарында елімізде азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кепілін нығайту үшін көп жұмыс жасалды және оның негізгі міндеттері қолданыстағы Конституцияның қарымын ашатын еліміздің 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында белгіленген.
Конференцияға қатысушылар Қазақстандағы жүргізілген және жүргізіліп келе жатқан реформалар мемлекет пен қоғам институттарын әрі қарай демократияландыруға бағытталып келе жатқанына назар аударды. Өз кезегінде, қабылданып жатқан заңдар мемлекеттік құрылым мен азаматтық қоғам институттарын адам және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталу кепілін нығайтуға бағыттайды. Сөйтіп, 1995 жылы қабылданған Конституция еліміздің құқықтық жүйесіне тікелей әсер ете отырып, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жүйесінің сенімді және біртұтас негізін, мемлекет пен тұлғаның үйлесімді әрекетін құрайды. Осы конференцияның қорытындысы бойынша алдағы уақытта кітапша шығару қолға алынбақ.
Александр ТАСБОЛАТОВ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.