Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист
Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан
– Нұрсұлтан Әбішұлы, Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы тарихымыздағы тағы бір орасан оқиғаның жиырма жылдығымен тұстас келеді. Ол оқиға – сіздің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығыңызбен Семей полигонының жабылуы. Кеңес одағының тұсында, Мәскеу билігі кезінде қабылданған бұл шешім Орталыққа ашық күнгі найзағайдай болғанын, ал әлемдік қауымдастық үшін сіздің жаһандық қарусыздану ісіне қосқан үлкен үлесіңіз, адамзат тарихындағы теңдессіз қадам ретінде қабылданғанын білеміз. Сұхбат кітабының бір тарауы сол шешімге алып келген жағдаяттар, сол шешімнің қабылдануы, оның біздің кейінгі өмірімізге, біздің ғана емес-ау, жалпы планетадағы қарусыздану үдерісіне әсері туралы болса деп өтініш білдіргенім сондықтан. – Бұл әңгімені әріден бастауға тура келеді. Әріден дегенде, тіпті Адам ата мен Хауа ананың кезінен. Олардың екі ұлы болған делінеді ғой – Әбіл мен Қабыл. Абыл деп те жазады, мен қазақтарда көбірек кездесетін болған соң Әбіл деп айтып отырмын. Тауратта Авель мен Каин деп айтылады. Қабыл егін еккен, Әбіл мал баққан екен. Екеуі Аллаға құрбандық бергенде Әбіл шын ниетімен семіз қошқарын, ал Қабыл әйтеуір беріп құтылайын деп сапасы нашар бидайын әкеліпті дейді. Сонда Қабылдың ниетсіз әкелген құрбандығы қабыл алынбапты. Жүрегін қызғаныш буған Қабыл Әбілді өлтірген. Орыстағы «окаянный», яғни қарғыс атқан деген сөздің сол Каиннан шыққанын білесің ғой. Сонда Қабыл Әбілді таспен ұрған. Сол тас – адамзат баласының алғашқы ажал қаруы. Былайша айтқанда, қарулану үдерісінің басы. Содан бергі замандардың бәрінде адам баласы қарулануын жалғастырып келеді. Әуелде қару аңшылықта қорғанудың, шабуылдың құралы болған. Бара-бара қару адамдар арасындағы қақтығыста, кейін халықтар, мемлекеттер арасындағы соғыста қолданыла бастады. Қарудың нешеме түрі шықты. Оның бұрынғыдан қатерлірек, қуаттырақ түріне алдымен қолы жеткен елдердің мерейі үстем болды. Жаңа елдерді, жаңа жерлерді солар басып алды. Қарудың арқасында мемлекеттердің шекаралары өзгертілді, талай халықтар жер ауып кетті. Тарихтағы империялардың бәрі қарудың күшімен құрылған. Отар елдердің бәрі қарудың күшімен бағындырылған. Адамзат тарихын тек соғыстар тарихы деп қарау, әрине, біржақтылық, әйтсе де, бұл пайымдауда ақиқаттың ұшқыны да бар. Тарихтың қай кезеңін алсаңыз да сондағы оқиғалардың ең алдымен неше түрлі соғыстардың салдарынан болғанын көресіз. Адамзат шежіресінде ізін қалдырған әйгілі әміршілердің барлығы дерлік әрі құдіретті қолбасшылар екендігі де сондықтан. Дарий де, Александр Македонский де, Гай Юлий Цезарь да, Шыңғысхан да, Наполеон да бәрінен бұрын ұлы қолбасшылар еді. Олардың қай қайсысы да соғыс тарихында қарудың өз кезі үшін жаңа түрлерін енгізуімен де қалған. Қуатты қаруға ие болу сол елді басқарған адамдардың қадірін айқындайтын басты өлшемдердің біріне айналды. Черчилльдің Сталин туралы айтқан «Он принял Россию с сохой и оставил ее с атомным вооружением» деген белгілі сөзі бар. Ғылымның, техниканың дамуы қаруды тіпті қатерлі етіп жіберді. Қазақтың бұрынғы шоқпар, қанжар, селебе, айбалта, наркескен сияқты қарулары, сауыт, шарайна, дулыға сияқты жарақтары оқ қаруының, от қаруының жанында жарамай қалды. «Батыр бір оқтық» деген мақал сол кезде шыққан болса керек. Қысқасы, адам адам болғалы қаруланумен келеді. Дегенмен, әр нәрсенің шегі бар. Болуға тиіс. Әсіресе, жиырмасыншы ғасырда атомды бөлшектеуге қол жеткеннен, соның нәтижесінде ядролық қару жасауға мүмкіндік туғаннан кейін адамзат қатты ойлануға тиіс еді. Өкінішке орай, олай болмады. Ал негізінде, семсерден соқа соғу, яғни өлтіретін құралдан ырыздық келтіретін құрал жасау адам баласының атам заманнан келе жатқан арманы. Нью-Йоркте, Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында Вучетичтің «Семсерден соқа соғу» деген мүсіні қойылғаны сондықтан. – Сіздің бала күніңізде осыған ұқсас оқиға болған ғой. – Болған. Оны жаздым ғой кітабымда. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Балалық шағымдағы бір оқиға менің өмірім мен тағдырыма терең бойлап енгені сонша, сол оқиғаны мен ұмытпай жүрмін бе, әлде жаныма жалау болып жүрген сол оқиға ма – мұны бүгінгі күні тап басып айту қиын. ...Мен туардан көп бұрын-ақ біздің үйде әскери винтовка болыпты, оны әкем Әбіштің туыстарының бірі жазалаушы отрядпен бір қақтығыста олжалаған екен. Бұл сонау топалаңды 1916 жылы, Ресей империясының қиырдағы батысында лапылдап жатқан соғыстың қара жұмысына қазақтарды қойдай айдау туралы жарлыққа қарсы бұрқ ете қалған қарулы көтеріліс тұсында болыпты. Бірақ күш тең емес-тін: қолға іліккенімен қаруланған сарбаздарға қарсы жүйелі армияның мұздай қаруланған бөлімдері аттанған-ды. Демек, винтовка біздің үйде жауынгерлік олжа не руымыздың ерлігінің белгісі ретінде емес, опат болғандардың көзі ретінде сақталғаны ғой. Бірде әжем Мырзабала: «Бұл мылтық ағаларымызға ажал, бізге азап болып тиген. Қайғы жамап, сарсылтқан ғой. Енді сол қасірет балаларымыздың басына да келсін дейсіңдер ме? Кемеңгерліктің де, кісіліктің де өлшемі – жамандықты жаныңа жолатпаған. Ал жадымыз өзімізбен бірге кетер», – депті. Айтты – болды. Қарумен қоштасудың көне ырымын жасап, әкем винтовканы өкіметке өткізеді, бірақ алты қырлы найзасын алып қалады. Ауыл балалары еңбекке ерте араласады ғой. Бірде балапандарға көк жұлуға барған менің қос алақанымның осылып-осылып кеткенін (өсіп тұрғанның бәрі жоңышқа емес қой) көріп, әжем: «Жауды жеңдік қой, енді соғыс бола қоймас, ал аспап үйде кәдеге жарайды» деп, сол темір найзадан орақ жасауды бұйырды. Шынында да сол кезде елде өзіміздің де, өзгенің де қару-жарағы жетіп артылатын. Есесіне кәдімгі қайшы, қалақ, ине-жіп, бұранда... жетіспейтін. Үйге жаңа туған айдай жалтыраған орақ та келіп, шаруаның баласы менің тұңғыш құралыма айналды». Н.Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі» А., 2001, 6-7-беттер. – Кітабыңызда ауылдағы ойын балаларымен жүргенде сол винтовка, сол найза есіңізге түсіп кетіп, неге берді, неге орақ жасады деп үлкендерге өкпелейтініңіз де айтылған. – Онда мен Мырзабала әжемнің орақты қолыма ұстатарда «Ие бол!» дегенін де еске салайын. Өйткені, сол сөз бала күнімде-ақ алдымнан шыққан еді. Үлкендерге еріп, өзімше, әлім келгенше әлгі орағыммен егін орысатынмын. Кішкентаймын, шаршап, қалжырап кетемін. Жата қалып, қалғып та кетемін. Ойын баласы емеспін бе, өзім бір жақта, орағым бір жақта жатады ондайда. Бір күні жаныма тастай салған сол ораққа құрдастарымның бірі аяғын орғызып алғаны. Шапшып аққан қаны да көз алдымда. Зәре-құтым кетті. Сонда әжемнің «Ие бол!» деген сөзі құлағымда жаңғырғандай болып еді. Әжем, әрине, ол сөзді орағыңды жоғалтпа, абайлап ұста, бір жеріңді орып алып жүрме деген тұрғыда айтты ғой. Бірақ, сол сөзге үлкен мағына да сыйып тұрған сияқты. «Ие бол!» деген сөзді бәріне қатыстырып айтуға болады. Құралыңа ие бол, қаруыңа ие бол, отбасыңа ие бол, өз басыңа ие бол дегендей. Айтқандай, тағы бір жағдай бар. Дәл сол оқиға болған күні, құрдасымның аяғын менің орағым орып кеткенін айтамын, ауыл жаққа келсем біздің үй жақтан улап-шулап жылаған дауыс естілді. Әжем өмірден өткен екен. Енді бүгін сол сөзге президент ретінде қарасам, маған әжем «Еліңе ие бол» деп аманат етіп кеткендей де көрінеді. – Жаңа Черчилльдің Сталин туралы айтқан сөзін келтірдіңіз. Дегенмен, Кеңес одағы атом қаруының құпиясын әуелде барлау, шпионаж жолымен қолға түсіргені кейінгі кезде көп айтылып жүр ғой. Бұған байланысты не дер едіңіз? – Солай деп жариялылық жылдарында, одан беріде ғана айтылып, жазыла бастады. Мен оның нақты жай-жапсарын біле қоймаймын. Дәл солай болған күннің өзінде Кеңес одағында бұл бағытта көп жұмыс америкалықтармен қатар жүргізілгені анық. Содан кейін формула жазылған қағаз қолға түсісімен бомба жасала қалмайтынын да ұғыну керек. Қалай болғанда да Кеңес одағының ядролық қаруға қол жеткізуін жалғыз шпионаждың жемісі дей салу аздық етеді. 1947 жылы Сталин (айтқандай, бұл да тамыз айында) Семей ядролық полигонын құру жөніндегі шешімге қол қойған. Соған байланысты құпия қала тұрғызылатын болып, оған «Семей – 21» деген жасырын ат берілген. Арада небәрі екі жыл өткенде, 1949 жылғы 29 тамызда полигонда алғашқы жарылыс жасалған. ДӘЙЕКТЕМЕ: «1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қомағай қадалып, оны шарпып өтті де, дәл бір Күн орнына күн болғысы келгендей аспанға көтеріле берді. Жер оқыстан қатты ауырсынып, шыңғырып жіберді. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарықтырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жалмаған жер қабағының ыстық күлі мен иісі көкке көтеріле берді. Жер лыпасының өртең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан-жаққа таратып, көз көріп, құлақ естімеген, аяуды білмейтін жау жақындап қалғанын жеткізгендей болды. Орасан зор, бірақ көзге көрінбейтін сыпырғы естен танған тіршілік иелері мен ештеңені түсінбеген өсімдікті жер бетінен бір демде жұлып алып, талай-талай шақырымға серпіп тастағандай еді. Ертегінің сұмдық Айдаһары жер қойнауынан кенет шығып, оның денесін орасан от тілімен жалмап кеткендей еді. Таяу жерлердегі сирек ауылдар мен бірлі-жарым селоларда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен жүгіріп шығып, көкжиекке үн-түнсіз, демін ішіне ала қарап тұрды, ал онда адамның ойы мен тәжірибесіне еш сыймайтын екінші күн жарқ етіп, қайта сөніп бара жатты. Бәрі бітті... Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жаңа жұмыртқа жарған балапандай, қайда, неге баратынын білмейтіндей әлтек-тәлтек басқан соқыр бүркіттер. Жан тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың, қасқырлардың, түнде ғана тынымсыз жортқан кесірткелердің денесі. Олардың жанталасынан кімге қаратып айтылғаны белгісіз «Неліктен..?» деген үнсіз сұрақ сезілетіндей. Ал зәресі ұшып, аңырған адамдар «Ол не?» деген сұраққа жауап таба алмай, беймәлім құрсаудан босана алмай тұр. Бұрын-соңды көрмеген бұл құбылыс, оларды үн-түнсіз қатып қалуға мәжбүр етті, олар өздері де байқамай, дала өрістері мен тау бөктерлерінің бұрынғы шешек атқан, гүл жайнаған рақат күндеріне, бәлкім, енді қайтып оралуы кәдік күндеріне тағзым еткендей еді». Н.Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі», 47-48-беттер. – Нұрсұлтан Әбішұлы, осы арада таңдаудың неге қазақ даласына, неге Абай мен Әуезов туған жерге түскеніне байланысты да түсіндірме бере кету артық болмайтын сияқты. – Мәскеудегілер бұл жер Кеңес одағының ең адам аз қоныстанған жері еді, оның үстіне негізгі коммуникация желілерінен оншалықты қашық емес еді деген сияқты сөздерді алдымен көлденең тартатын. Сөйтіп, облыс орталығынан небәрі жүз елу шақырым жерді таңдап алыпты. Тым ұзаққа теміржол тартып жатпау үшін. Көп шығын жұмсамау үшін. Сынақ орнына жап-жақын жерде толып жатқан ауылдар мен кенттер бар еді. Әр нәрсені өз атымен атайтын болсақ, олардың бәрі де іс жүзінде мемлекеттің әскери-саяси мүддесіне бола құрбан етілген. Саналы түрде. Әйтпесе, ядролық сынақтардың сол маңайдағы елді мекендер адамдарының денсаулығына қандай әсер ететінін, қандай қатер төндіретінін олар білмеген емес, білген. АҚШ-тың атом қаруына монополиясын қайткенде де тезірек жоюды ғана мақсат тұтқан кеңестік билік іс жүзінде жүз мыңдаған адамдардың өмірін түкке тұрғысыз бірдеңе деп қараған. Ядролық жарылыс жасалатыны жөнінде сондағы халыққа ескерту 1953 жылдан ғана басталған. Соған дейін, яғни тұтастай төрт жыл бойы адамдарға алдын ала хабарлау да, оларды жарылыс орнынан алыс жерге уақытша алып кету де ойластырылмаған. Әсіресе алғашқы жарылыстың зардабы ерекше болған. Радиоактивті заттектер сол маңайдағы барлық елді мекендерді жауып қалған. Не болып, не қойып жатқанынан атымен хабары жоқ ауылдардағы тұрғындар радиациялық сәуленің өте үлкен дозасын алған. Сұмдық емес пе? Өз халқына осындайлық жаны ашымаған, тіпті адамдарды эксперимент нысаны ретінде кәдімгі тәжірибе жасайтын қоян көжектеріндей қарастырған өкіметке осыдан кейін қалай ішің жылиды?! – Сіз бір кітабыңызда Қарағанды обкомының хатшысы болып жүргеніңізде қала жұртшылығы ауық-ауық жер сілкінісі болғандай күй кешетінін, пәтердегі шамдалдар тербеліп, ыдыс-аяқ тұрған сервант сықырлап ала жөнелетінін, сол күндерде Семейде ядролық жарылыс жасалғанын білетіндеріңізді жазған едіңіз. Кейіннен Орталық комитеттің хатшысы болдыңыз, республика Үкіметін басқардыңыз. Сол кезде Семей полигонындағы жағдаймен танысудың мүмкіндігі болды ма? – Сенімен әңгімелесу барысында қайта құрудың жақсы жағы, жаман жағы дегенді әр қырынан айтып жатырмын ғой. Расында да, 1985 жылы басталған қайта құру – өте күрделі құбылыс. Оның күнгейі де жеткілікті, көлеңкелі жағы да жеткілікті. Сол күнгей жағының ең бір жақсы жері – жариялылық. Қайта құру жылдарында кеңес заманындағы небір сорақы сұмдықтардың беті ашылды. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы ашаршылық, одан кейінгі жаппай жазалау, соғыстың шындығы, тың көтеру кезінде еліміз, тіліміз көрген қиянат, желтоқсанның қасіреті сияқты жайлардың бәрі алдымен сол жылдарда айтылды. Елім деп өткен арыстарымыз да сол тұста ақталды. Семей полигонындағы ахуал туралы ақиқат та алғаш рет жариялылық кезінде ақтарылды. Оған дейін Орталық комитет хатшысының да, Үкімет басшысының да, тіпті СОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі болып отырған бірінші басшының да полигондағы жағдайға араласу тұрмақ, онда баруға да мүмкіндігі болған жоқ. Бармаған соң, көрмеген соң, әрине, біле де алған жоқ. Бұл мәселелердің барлығы аса маңызды мемлекеттік құпияға жататын. Оны айтамыз, әскери нысан болып табылатын ядролық сынақ полигонын былай қойғанда, республика басшысы тіпті Байқоңырға бара алған жоқ қой. Байқоңырға аяқ басқан бірінші Қазақстан басшысы мен. Ол кезде бәрін Орталық шешетін, бәрін Мәскеу билеп-төстейтін. Ядролық полигон өзінше бір мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты еді. Сондықтан біз қайта құруға осы полигонды жабуға жол ашып бергені үшін де разы болуға тиіспіз деп ойлаймын. – Ал полигон ақиқаты айтылғанда қандай жайлар анықталды? – Полигон ақиқатының айтылуына 1986 жылғы Чернобыль апаты қатты қозғау салды. Онда атмосфераға тараған радиациядан 4 мыңнан астам адам рак ауруына шалдыққаны жария етілген еді. Семей жеріндегі ядролық сынақтардың салдарын есептеп, біздің мамандар Қазақстандағы полигонның зардабы кем қойғанда екі Чернобыльдай болған деген қорытындыға келді. Қазақ жерінде осы уақыт ішінде 456 ядролық жарылыс жасалған екен. Жаңағы цифр айтуға ғана оңай. Шынтуайтында, 456 рет жер үстінде және жер астында осындай сұмдық жарылыс жасалғанын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. 1963 жылы атом қаруын атмосферада, ғарышта және суда сынауға тыйым салу жөніндегі шартқа қол қойылғаны белгілі. Содан кейінгі жарылыстардың бәрі де жер астында жасалып келген. Талай жылдар бойы жер асты жарылыстарының зиянсыздығы жөнінде аңыз таратылып жүрген. Ол аңыздың да күлін көкке ұшырған күштің аты – жариялылық. Қайта құру жылдарында радиоактивті элементтердің атмосфераға шығып кетуінің барлық фактілері ашық айтылып, олардың айналадағы ортаға, адамдардың денсаулығына қандай зиян келтіргені жазыла бастады. Менің қатты ашу-ызамды туғызған жағдай жаңағы Чернобыль апатынан кейін бірнеше ай өтпей жатып Семей сынақ полигонының аумағын кеңейту жөнінде тапсырма алғанымыз болды. Оны іргелес Талдықорған облысының жерінен бөліп беру жөнінде бірінші хатшымен келісім жасалыпты. Бізге жаңа жерлер керек. Нақты дайындық жұмысымен айналысатын генералдар мен мамандарды қарсы алуға дайындалыңыздар. Қорғаныс министрлігіндегі дәу дөкейдің сөзі осындай. Қаным басыма шапшыды. «Немене, Орталық комитет пен Үкіметтің қаулысы шығып па еді? Неге мен, Қазақстан Үкіметінің басшысы, мұны алғаш рет естіп отырмын?», десем, «Қаулы шықпаса, шығады. Жоба жасалған, Орталық комитет келіскен. Біз құжатты жібергенде қол қойыңыз да, айтқанды істеңіз», деп түйеден түскендей сөйлейді. «Кешіріңіз, мен ондай құжатқа қол қоймаймын. Қол қоймайтыным былай тұрсын, ондай шешімді өзгертуге тырысамын», дедім. Колбинге хабарласып, «Бұл не жағдай, сіз келісім берді деген сөз рас па?» десем, «Сондай бір әңгіме болған, ұмытпасам, жаңа полигон салу туралы емес, бұрынғының аумағын кеңейту туралы айтты-ау деймін. Немене, проблема бар ма еді?» деп қарап отыр. Проблема бар екенін, үлкен проблема бар екенін түсіндіріп бердім. Колбин: «Оларды тоқтатпақ болсақ, екеумізді де орнымыздан алып тынады» дегенімен, менің сөздерім әсер етті ғой деймін, ақыр аяғында «Жарайды, онда өзіңіз тоқтатуға тырысыңыз» деді. Не істеу керек? Бұл арада тағы да жариялылық, демократия көмекке келді. Талдықорғанда Сейілбек Шаухаманов деген досым облаткомның төрағасы болатын. Сейілбекке былай дедім: «Не істесің оны істе, бірақ мына полигон құрылысы туралы сөз таратып жіберуің керек, одан кейін бірнеше күннен соң осы жоспарды жүзеге асыруға қарсылық білдіретін митинг ұйымдастыруың керек». Сейілбек шошып кетті. «Оны істесек сіз екеуміз де жұмыстан айрыламыз ғой», дейді. «Мені қайдам, сенің жұмыстан айрылатының анық. Сені өзім жұмыстан босатамын», дедім оған. Бұған қосымша ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің Семей өңіріндегі рак ауруының өте көптігі жөніндегі құпия мәліметтерін баспасөзге шығартып жібердік. Әр жер, әр жерде қоғамдық қарсылық күшейе бастады. Мәскеуге қара аспанды төндіріп, қара суды алдырып, бұлай бара берсе 1986 жылғы желтоқсандағы жағдай қайталануы мүмкін, бірақ енді бүкіл республика көлемін қамтуы мүмкін деген үрейлі қызметтік жазбалар жолдап жаттық. Ақыр аяғында Мәскеу ол жобадан бас тартуға мәжбүр болды. Полигонды кеңейтпеуін кеңейтпегенімен, сынақтарды жалғастыра берді. Ақыры шыдамымызды шегінен шығарды. – Шыдамның шегінен шығарған жағдай 1989 жылғы қыста кезекті жарылыс кезінде атмосфераға радиоактивті заттектердің тарап кеткендігі ғой, солай емес пе? – Мұндай жағдай бұрын талай орын алғанына ешқандай күмән жоқ. Ал ол оқиғаның Чернобыльдан кейін қайталанғаны тіпті қанымызды қайнатты. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл жайында сол күні-ақ хабар таратып, шулатып ала жөнелді. Бізге де керегі осы болатын. Дәл сол күні Олжас Сүлейменовтің одақтық парламентке депутаттыққа кандидат ретінде теледидардан, тікелей эфир арқылы сөйлейтін күні екен. Олжас депутаттыққа Алматы қаласынан түсіп жатқан еді. Қаланың проблемаларын шешуге сайланған жағдайда депутат ретінде не істейтіні жөнінде айтуға тиіс еді. Алматы жайына қалды. Олжас өлшеулі уақыттағы сөзінің бәрін дерлік Семей полигонына арнады. Ақын ашығын айтты, ашынып айтты. 28 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты алдында митинг болып, оны Олжас Сүлейменов басқарды. Олжас құрған, біз қолдау көрсетіп отырған «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысы көп шаруа атқарды. Қозғалыс халықаралық қоғамдық өмірде ерекше құбылысқа айналды, антиядролық насихатта, бейбітшілік пен қарусыздану үшін күресте, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсетуде баға жеткісіз іс тындырды. Айтқандай, Олжастың өзі жаңағыдай жағдайдан кейін Алматыда сайлауға түсуден бас тартып, («өзім қатты құрметтейтін жұмысшы таптың өкілімен таласуды артық көремін» деп түсіндіріп), Семей өңірінен кандидаттыққа ұсынылды. Ол жақта салтанатты жеңіске жеткені айтпаса да түсінікті шығар. Республика басшылығының, орталықтың билігі әлі де күшінде тұрғанына қарамастан, қозғалысты толық қолдауының мәні үлкен болды, ондай қолдаусыз антиядролық әрекеттің қандайы да қатаң басылып тасталатын еді. Сол кезде халық депутаттары Семей облыстық кеңесінің төрағасы, КСРО халық депутаты болған Кешірім Бозтаев кезекті бір жарылыстан кейін СОКП Орталық комитетіне «Семей қаласы маңындағы ядролық полигон туралы» деп аталатын шифрлы жеделхат жолдады. Әрине, шифрлы жеделхаттың мәтіні бізбен алдын ала бейресми түрде келісілгені белгілі. Әйтпесе, ол кезде облыстардың Мәскеуге тіке шығуы кешіріле қоймайтын күнәға жататын еді. «Невада-Семей» қозғалысының белсенділігі, Олжастың өзінің жеке басының биік беделі маған республикадағы қоғамдық пікірді Семей ядролық полигонын жабуға дайындауға ерекше жәрдемдесті. Олжастың: «Біздің жерімізде бейбітшілік деп ойлаушы едік, сөйтсек міне қырық жылдан бері соғыс жүріп жатыр екен. Ол соғыстың аты – өз халқыңа қарсы тыныш жүріп жатқан атом соғысы...», деп сөйлейтіні де асырып айтатын ақынға жарасып тұратын. Полигон проблемасын барынша биік деңгейде қозғауға маған КСРО Жоғарғы Кеңесі депутатының мандаты да кең жол ашты. Мен ол кезде республика Министрлер кеңесінің төрағасы едім. Сонда әскерилердің маған айтпаған сөзі қалмады. Елдің ең басты стратегиялық нысанына қастандық деп те бағалады, «Кеңес одағының қорғаныс қабілетін бүлдіру әрекеті» деп те бағалады. Мені «үйден қоқыс шығарған», «саяси ұпай жинаған» адам етіп көрсеткілері келді. Генералитет үшін полигонды жабу деген түске де кірмейтін сұмдық болатын. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Мен 1949 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Семей ядролық полигоны туралы айтпақпын, атмосферадағы жарылыстар сонда басталған болатын. Одан бері ол өңірдегі тұрғын халықтың саны төрт есе өсті. Алайда, әскерилер бізді ядролық сынақтар іс жүзінде адам денсаулығына игі әсер етеді деп сендіргілері келеді. Біз мұның қазір мемлекеттік қажеттілік екенін түсінеміз, әйтсе де, атом жарылыстарының айналадағы ортаға ықпалына нақты терең талдау қажет. Оның нәтижелерін халыққа мәлімдеу керек». Н.Ә.Назарбаевтың 1989 жылғы 30 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінен. – Бұл айтқаныңызды мына бір жаймен толықтыра аламын. 2010 жылдың мамырында мен Грузияға барып, Э. Шеварднадземен сұхбат жасап қайтып едім. Сонда Эдуард Амвросиевич КСРО сыртқы істер министрі қызметінде жүргенінде Ауғанстанда совет генералитетімен кездесіп, әскерлерді әкету жөнінде саяси шешім қабылданғанын хабарлағанда жиналған жұрттың қуанып, қол шапалақтаудың орнына түнеріп отырып қалғанын әңгімелеп берген. Сол сияқты Семей полигонын жабу да ең жоғары генералитетке биік лауазымдардан, жоғары жалақылардан, қосымша табыстан айрылуға апарып соқтырады ғой. – Бұлай деп айтуыңның жаны бар. Дегенмен, мұның өзі мәселенің бір жағы ғана. Әскери-өнеркәсіптік кешен тек генералдардан тұрмайды. Кез келген ірі іс мыңдаған адамдардың тағдырына әсер етіп жататынын үнемі естен шығармау керек. Мысалы, Курчатов қаласында кезінде 50 мыңдай адам болған, полигон жабылып, ғалымдар мен әскерилер кеткеннен кейін небәрі 10 мыңға да жетпейтін адам қалған. Сол көшкен 40 мыңның Ресейге барып орналасуы, жұмыс табуы, баспана табуы оңай болды дейсің бе? Оңай болған жоқ. Солай болатынын білсек те біз халқымыздың амандығы үшін, еліміздің ертеңі үшін, тәуелсіздігіміздің бекемдігі үшін осы қиын қадамға баруға тәуекел еттік. Тәуекел еттік те мақсатымызға жеттік. 1990 жылғы 22 сәуірде Жоғарғы Кеңестің мені ел Президенті етіп сайлауы полигонға қарсы жүргізген жұмысыма тың серпін қосты. Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы қолға алған шаруаларымның бірі «Әлем сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген тақырыпта үлкен конференция өткізуге дайындық болды. Оған қызығушылық біз ойлағаннан да асып түсті. Конференция 24 мамырда басталып, 3 күн бойы жүрді. Әлемнің отызға жуық елінен делегациялар келді. Конференцияның соңы Алматыдағы Бейбітшілік шеруіне ұласып кетті. «Семей-Хиросима» телекөпірінің өткізілуі, кейіннен оның жазбасы бүкіл Кеңес одағына көрсетілгені миллиондаған адамдарға қатты әсер етті. Енді қозғалысқа бүкіл республика қосылды. Қайда барсаң да жұрттың алдымен сұрайтыны полигонның келешектегі тағдыры болды. Радиофобияның күшейгені сондай, бір кездесуде «Полигонның зардабынан Семейдің жер астына түсіп кететіні рас па?» деп сұрақ қойғаны да бар. Ал «Саржалда тұратын барлық туысқандарым науқас. Бұл радиацияның әсері ме?», «Бізге жер астындағы сынақтардың зияны жоқ деп еді ғой. Олай болмағаны ма?» дегендей сұрақтар тіпті толастамайтын. Халық әбден ширығып алды. Әсіресе, «Невада-Семейдің» Абай ауданының орталығы Қарауылда өткізген сан мың адамдық митингісінің маңызы бөлекше болды. Оған қатысқан адамдардың әрқайсысы бір-бір тас алып, Абай атамыздың балалық шағы өткен Қарауыл төбенің жанынан қолдан тастөбе жасады. Жер-жерде қозғалысқа қолдау білдірген жиындар ұйымдастырылып жатты. Мысалы, Қарағандыда тиісті петицияға 130 мың шахтер қол қойған. Бұл қозғалысқа, оны республика басшылығының барынша қолдауына Мәскеудің барынша қарсылық білдіріп баққанын әңгімелеп жатудың өзі артық шығар. Осы арада мен, парадокс болса да, біздің полигонды жабу жолындағы күресімізге... тамыз бүлігін бастаушылар да өзінше көмектескенін айтуға тиіспін. – Қалайша? – Тамыз бүлігінен кейін орталық биліктен әбден бедел кетті. Ельциннің Горбачевты Ресей Жоғарғы Кеңесінің жиынына шақырып алып тұрып, Ресей компартиясының қызметін тоқтату туралы жарлыққа оның көзінше қол қойғанын бүкіл ел көрді. Енді Мәскеудің республикаларға бұрынғыдай олай ет, бұлай ет деп нұсқау беруге шамасы да келмей қалды. Мен осы өліара сәтті пайдаландым. Сөйтіп, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым. Дәл сол күні КСРО қорғаныс министрі Евгений Шапошников жыл соңына дейін Семейге белгіленген үш жарылыстың енді Арктикадағы Жаңа Жер аралында орналасқан сынақ полигонында жасалатынын хабарлады. Басқа амалы да жоқ еді. Сөйтіп, біз 40 жылдан астам уақыт бойы қазақ жерін тітіретіп келген тажалды тұншықтырып тындық. Ажалдың аузына өз қолымызбен құм құйдық. ДӘЙЕКТЕМЕ: СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫН ЖАБУ ТУРАЛЫ «Қазақ КСР-інің территориясындағы Семей облысында 1949 жылдан бері ядролық қару сынау жүзеге асырылып келді. Осы уақыттың ішінде онда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, оның өзі мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірді. Қазақ КСР-і КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау жөніндегі өз борышын орындағанын ескеріп және республика жұртшылығының талаптарына құлақ асып, қаулы етемін: 1. Семей ядролық сынақ полигоны жабылсын». Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығынан. Алматы, 1991 жылғы тамыздың 29-ы. «Алдымен полигонға барып, жер қойнауындағы соңғы жарылысы жасалған жердің нақ ортасында тұрып (жер қап-қара болатын, быт-шыт болған, әлі қызу қайтпағандай, қиыршық тас жатты) қайтқан соң, мен КСРО басшылығының келісімін алмай-ақ, парламенттің ядролық полигонды жабу туралы мәселені талқылауға арналған арнайы сессиясы ашылатынын жарияладым. Сессияға әскерилер мен ядрошы ғалымдардың үлкен бір тобы қатысуға тырысып бақты. Олардың депутаттарды полигонды жаппауға үгіттейтіні айқын еді. Уәдені үйіп-төгетіні, ядролық жарылыстың зиянсыздығы туралы, тағы басқа әңгімені көбейтері анық еді. Бірақ мен оларды сессияға қатыстыра алмайтын едім. Мәселені қазақстандықтардың өздері шешуге тиіс болатын. Таңертең басталған талқылау кешке дейін созылды. Сөз тимей қалған адам жоқ. «Ядролық лоббидің» депутаттардың бір бөлігімен жақсылап жұмыс істегені байқалып тұрды. Қорытынды кезеңде кейбір депутаттар ғана емес, Семей облысының кейбір басшылары да (жарылысқа жанталаса қарсы шыққандар) аймақ үшін елеулі материалдық өтем алу мақсатымен, бірнеше жарылыс өткізуге мүмкіндік беруімді сұрай бастады. Ондай уәделер, орындалмайтын уәделер бұрын да талай берілген болатын. Қорытынды сөзімде мен жауапкершілікті өз мойныма алатынымды айтып, өкілеттіктерімді пайдаланып, полигонды Жарлықпен жабатынымды жарияладым. Ядролық тарихтың бір беті және ең оңай емес беті, сөйтіп жабылды... Бүкіл халықтың қолдауына ие болып, біз ядролық қарудың адамзатқа қарсы жарылыстарына бір жақты тыйым салатынымызды, барлық қазақстандықтардың шын мәнінде бас ауруына айналған Семей полигонын жабатынымызды жариялап, өзіміздің еліміз бұдан былай мәңгілікке ядролық қару мен оның сынақтарынан арылған аймақ болады деп жар салдық. Осынау тарихи күндерді ұмытуға бола ма? Семейдің және ядролық жарылыстар кіндігіне жапсарлас жерлердің көп тақсірет тартқан халқының иығынан жүгі түскендей болып жеңілейген, психологиялық жайсыздықтан арылған сезімін ұмытуға бола ма? Ядролық монстрға өзінің «жоқ» деген сөзін бекем айтқан Қазақстан халқы үшін мақтаныш сезімін ұмытуға бола ма? Ядролық қаруы бар Қазақстанның қажеттігі мен «болашағы молдығын» аузы көпіргенше дәлелдеп бағу арқылы халық еркіне кесе-көлденең тұру үшін шын мәнінде тарихи ессіздікпен, арсыздықпен ауыру керек. Ядролық әзәзілге төтеп бере алмасақ, Қазақстан халқы бізді ешқашан кешірмес еді. Біз халықтың еркін орындап, сол күндері демократияны үйрендік. Бұл тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы тәуелсіз қадамдарының бірі еді. Біз тоталитарлық кеңестік өткеннің қателіктерін ұғынып, түзей бастадық. Біз жаңа демократиялық жолға түстік және бұл жолдың іргетасы ядролық қарусыз Қазақстан туралы нақ осы тарихи шешіммен қаланды...». Н.Ә.Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі», 85-86-беттер. – Полигонды жабу басты мәселені шешу болғаны анық. Бірақ, полигонды жабумен бар мәселе толық шешілмегені де талассыз ғой. – Мен тіпті полигонды жабу басты мәселе емес, бұл істегі маңызды, бірақ бастапқы қадам дер едім. Ең басты мәселе – Қазақстан жеріндегі ядролық қарудың ендігі тағдыры. Саяси тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан да бұл проблема әлдеқайда күрделі болатын. Кеңес одағы, өзінің экономикалық және әлеуметтік дамуда қанша артта қалғанына қарамастан, мемлекет қауіпсіздігі үшін аса қиын түйінді шеше алған еді. Ядролық қару-жарақ және олардың ұшырғыштары жөнінен АҚШ-пен стратегиялық тепе-теңдікке қол жеткізілгенін, ал жекелеген позициялар бойынша бүкіл НАТО елдерінің бәрін қосқандағы қуаттан да артық әскери әлеует жиналғанын мамандардың бәрі де айтатын. Сондықтан да КСРО-ның айықпас ауруға шалдығып, енді «беті бері қарамайтыны» анық аңғарылғаннан кейін-ақ бүкіл Батыс әлемі осындағы қисапсыз тажал қаруы кімнің қолында қалады, оның жайы не болады дегенді ойлап бас қатыра бастады. Соның ішіндегі ең қатерлі қару – шахталардағы континентаралық зымырандар Қазақстанда орналастырылған еді. Біздің республикамызда континентаралық баллистикалық зымырандар мен бомбалаушы ауыр ұшақтар үшін зарядтардың 1216 ядролық оқтұмсығы бар болатын. Жұрттың біразы соның бәрі Семей полигонында орналасқандай көретін. Олай емес. Зымырандардың шахталық ұшырғыш қондырғылары елдің қиыр-қиырында жайғастырылған еді. Қазіргі Астананың маңайында, Ақмола облысында стратегиялық мақсаттағы зымырандық әскерлердің дивизиясы орналасқан. Тағы бір сондай зымырандық дивизия Шығыс Қазақстан облысында еді. Қызылорда жақта 14 шахтадан тұратын ұшырғыш қондырғылар кешені, Семей жақта 12 шахталық кешен тұрды. Бәрін санамалай беріп қайтейін, қысқасы, Қазақстанда жер бетіндегі континентаралық баллистикалық зымырандарды ұшыратын 148 шахталық қондырғы шоғырландырылған еді. 148! Осынша шахтадағы зымырандарды көзге елестетудің өзі қорқынышты! Батыста СС-18 деп аталатын сол зымырандарды көрген сайын денем дір ете қалатын. Жаңағы зымыранның ұзындығы 34 метр, жуандығы 3 метр болатын. Сондай зымырандардың 104-і болды ғой Қазақстанда. Ол зымырандардың әрқайсысы онға дейін бөлініп кетеді, әрқайсысының әр нысанаға атылатын оқтұмсықтары бар. СС-18 зымырандары 7 тоннадан астам салмақ алып ұшып, радиусы 12 мың шақырымдай жерді тас-талқан ете алатын. Міне, Кеңес одағынан бізге осындай мұра қалған. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Әрине, бәрін де салыстыра қарағанда білесің. 1216 ядролық оқтұмсығы болған Қазақстанның ядролық арсеналының қуатын анық елестету үшін ядролық қаруы бар бірқатар басқа мемлекеттердің атом қаруы бойынша деректерін келтіре кетейін. Мысалы, 1995 жылға, яғни Қазақстаннан ядролық қару алып кету аяқталған жылға қарай, Ұлыбританияда шамамен 264-тен 296-ға дейін атомдық оқтұмсық болды, олар GR-1 “Торнадо» бомбалағыштары мен сүңгуір қайықтардың АЗ-ТК «Поларис» және D-5 «Трайдент-2» баллистикалық зымырандарында орналастырылды. Зарядтардың қуаты 40-тан 400 килотоннаға дейін болды. Француз республикасында 80 килотоннадан 1 мегатоннаға дейін қуаты бар 512 ядролық заряд болып, олармен «Мираж IVP», «Мираж-2000Н» ұшақтары, «Супер-Этандар» атты палубалық ұшақтар және S3D, «Гадес» және М-4А/В баллистикалық зымырандары жарақталды. Қытай Халық Республикасының арсеналында 200 килотоннадан 5 мегатоннаға дейінгі қуаты бар 284 атом бомбасы болып, осынау қару-жарақпен В-5, В-6, А-5 стратегиялық бомбалағыштары мен шахталардан ұшырылатын CSS-2 CSS-3, CSS-4, CSS-6 және CSS-N-3 баллистикалық зымырандар жарақталды. Сонымен, кейбір басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлеуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды. Қазақстандағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес одағының барлық ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық объектілерінің барлығының тамтығын да қалдырмауға жетіп артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңнан астам қаланы, ол былай тұрсын, тұтас бір мемлекеттерді, тіпті континенттерді жермен-жексен етуге мүмкіндік беретін». Н.Ә.Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі», 21-22-беттер. Осы мұраның бәрі бір жақтан әкелініп, Қазақстанға дайын күйінде қоя салған нәрсе емес. Мұны басын ашып айту керек. Қазақстанда ядролық қарудың белсенді компоненттерін өндіретін қажетті инфрақұрылым да, тиісті ресурстық база да болды. Бізде ядролық қаруды жасап, жаңғыртудың бүкіл қажетті ғылыми-зерттеу базасы да бар еді. Жаңа Курчатовта 50 мың адам тұрғанын айттым ғой. Оған қоса Алматыда ядролық физика институты жұмыс істейтін, ондағы ғалымдардың деңгейі өте жоғары болатын. Тағы бір маңызды жай бар. Ол – біздегі уран қоры. Дүние жүзіндегі барланған уран қорының 25 пайызы бір елде – Қазақстанда. Бүкіл елдің атом қондырғылары мен нысандарының ядролық отынының 85 пайызын біз қамтамасыз етіп келген едік. Байытылған уранды ядролық энергетикалық реакторлардың отыны ретінде де, атом қаруын жасау үшін де пайдалануға мүмкіндік бар. Қысқасы, біз әрі ядролық қару сақталған, әрі оны тиісті жеріне жеткізе алатын, әрі сол қаруды жаңадан да жасай алатын ел болатынбыз. Тәуелсіздік жарияланған кезде қолдануға дайын тұрған ядролық қару-жарақ бойынша Қазақстан Англияны, Францияны және Қытайды қосқандағыдан да артық әлеуетке ие еді. – Нұрсұлтан Әбішұлы, егемендігіміздің елең-алаң кезінде сіз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Біріккен қарулы күштерін сақтауға тырысқаныңыз белгілі. Осы тұрғыдан ядролық қару-жарақты да бір орталықтан басқару идеясын ұсынғансыз. Кейіннен бұл ұстанымыңыз өзгерді. Неліктен? – Қазақстан Біріккен Қарулы Күштер идеясын жақтаған. Алайда, Достастықтың жекелеген мүшелерінің нақты іс-әрекеттері Қазақстанды дербес әскер құруға