30 Тамыз, 2011

Болашаққа жасалған инвестиция

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Елдің атын ер шығарар» деген халық даналығына күн сайын көз жеткізіп жүрміз. Спорттық сайыс­тар­да көк байрақ көкте желбіреп, Ән­ұран ауаны тіліп өткенде көкі­рек­ті мақтаныш сезімі кернейді. Жат жерде абыройың асқақ­тап, ме­рейің үстем болып жатса, неге шат­танбасқа?! Дүниенің мына шетінде отырып «Менің Қазақстанымды» бірге шырқайсың. Бабы болмаса, бағланның бағы жанбайтыны белгілі. Майталманды май беріп баптайтын бапкердің жөні бөлек. Ал оның жүріп-тұруы, ас-суы, жаттығатын орнын даярлап беру де үлкен жұмыс. Мұндай кездерде об­лыстық спорт және туризм басқар­ма­ларына батпандай жүктің артылары белгілі. Дегенмен, «жалғыздың үні шықпас» дегендей тек бір ғана бас­қарма жүздеген спортшы мен олар­дың бапкерлерін бейқам өмірмен қам­тамасыз етуі қиын. Осындай да қолы ашық, жаны жомарт, ел бола­шағына алаңдайтын ақшалы азамат­тар­дың атқарар рөлі бөлек. Олар әдетте «мынаны мен жасадым» деп көкірек кермейді. Үндемей жүріп, үлкен істер тындырады. Мысалы, Бейжіңдегі жалғыз алтынның иесі Бақыт Сәрсекбаевты Қазақстанға алдыртып, жағдайын жасап, алаңсыз жаттығуын қамтамасыз еткен кім деп ойлайсыз? Ол – Азат Перуашев. Шет жерде қыспақ көріп, тірсектен қағыл­ған жігітті туған жеріне алдыртып, баптап бәйгеге қосты. Бақыт Олим­пиаданы бағындырды. Дегенмен, Азат Перуашев ешқандай мінберде Бақытқа жасағанын бадырайтып айт­қан емес. Ал қазақ спортына жан­ашыр ондай азаматтар көптеп саналады. Қызылорда облысында «Саутс ойл» деген компания бар. Аты ай­тып тұрғандай мұнай өндірумен айналысады. Осы компания Қы­зыл­орда қаласынан теннис орталығын салып беруге көмектесті. Бүгінде ең ақшалы ойын саналатын теннистің біздің аймақта кенжелеп қалып жатқаны шындық. Осы ком­панияның арқасында қызыл­орда­лық жас балалар теннис кортына барып, ракеткасын ұстап, шеберлігін шыңдап жатыр. Мұндай қамқор­лықтан соң ақмешіттік Шарапова­лардың шықпауы мүмкін емес. Ал «Бест-сервис» деген мекеме Жалағаш ауданындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне күрделі жөндеу өткізуге қолұшын созды. Аталған мектепте қаншама бала тәлім алып жатыр. Болашақта олжа салатын балғындардың жағдай­ын жасау да өзіндік сауапты іс болса керек. Сонымен қатар, «Жезкиік К» ЖШС Шиелі ауданының Ақтоған ауылында футбол алаңын салды. Онымен бірге, волейбол, жеңіл атлетика алаңдарын да жасап берді. Жасыл алаңда доп теуіп өскен баланың футболдан алар орны да бөлек болуға тиіс. Байқасаңыз, меценаттар тек облыс орталықтарында ғана емес, қиыр жайлап, шет қонған ауылдарға қарайласып жатыр. «Ел іші – өнер кеніші» дейтін болсақ, мұндай игілікті істер бұлақтың көзін ашуға бағытталғаны айдан анық байқалады. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда.