29 тамызда 450-ден аса ядролық жарылыс көрген Семей сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толды. 2009 жылдың желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялау туралы Қазақстан ұсынған қарарды бiрауыздан қолдаған болатын. Бұл халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанның әлемдік ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан үлесiн мойындауының жарқын көрінісі болды.
Егемендігімізді қайтарған уақыттан бері, басқа мемлекеттермен бірлесе ядролық қарусыздану мен оны таратпау тәртібін күшейтуге Қазақстан белсенді және дәйектi атсалысуда. Біз Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының (ЯСЖТШ) тезiрек күшке енуiн қолдаймыз. Ол үшін Шартты ратификацияламаған және оған қол қоймаған тоғыз елді жақын арада тиісті қадамдар жасауға шақырамыз. Бiз ЯСЖТШ-ны таратпау ісіндегі ең тиімді және нақты құралдардың бірі деп білеміз.
Әлемдегі ең ірі ядролық полигонның бірін жабу туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы мен әлемдегі 4-ші ядролық қару-жарақ қоймасын жою туралы тарихи шешiм қабылдаған Қазақстанның қадамы әлемді ядролық қарудан азат етуде ілгерілеудің жарқын үлгісі болып табылады. Барша халықтар мен мемлекет басшыларының саяси еркі болған жағдайда мұндай таңдау жасауға мүмкіндік бар екеніне кәміл сенеміз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай жасаған мәлімдемесінде атап өткендей, «ядролық сынақтар мен ядролық қаруды «қырғи-қабақ» соғыстың әлдеқашан жойылуы тиіс болған қауіпті қалдығы ретінде қарастыратындардың саны күн сайын өсуде». Бiз осындай ұстанымға ортақтаса отырып, ядролық қарудан азат әлемді қалыптастыру мақсатында барша мемлекеттермен және Біріккен Ұлттар Ұйымымен тығыз ынтымақтастыққа мүдделі екендігімізді мәлiмдеймiз.
Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өте отырып, Қазақстан жаһандық қоғамдастықты ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу мен ядролық қарудан азат әлемді қалыптастыруда батыл әрекеттер жасауға шақырады.