Конституция қазіргі демократиялық мемлекеттің құқықтық жүйесінде ерекше орынға ие және құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі болып табылады. Конституцияның болуы – заңдылықтың, құқықтық тәртіптің және билік институттарының тұрақтылығының міндетті шарты. Конституция мемлекеттік биліктің қызмет етуімен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етумен, сонымен қатар мемлекет құрылымымен және билік формасымен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Ата Заң тұрақтылықтың, конфессияаралық және ұлтаралық келісім кепілі болып қалады. Конституцияда келісім, тұрақтылық, барлық тілдер мен мәдениеттерді дамыту, экономикалық өрлеуге ұмтылу сияқты біздің қоғамның негізін қалайтын басты қағидалар анықталған. Конституцияны жасаудың қайнар көзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Оның басшылығымен мемлекеттіліктің, нарықтық экономиканың заңнамалық негіздері құрылды, егемен Қазақстанның дамуының стратегиялық бағыттары анықталды. Бейбіт сыртқы саясат пен ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету – дәл осы факторлар арқылы біздің еліміз БҰҰ мойындаған әлемдік эталон болып табылады.
Ата Заңның баптарынан және басқа да деректерден Конституция шынында да Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыру негізі болып табылады деген қорытынды жасауға болады. Конституцияның құндылығы оның маңызды құқықтар мен бостандықтарға кепіл болуында ғана емес – бұл қоғамның дамуының үлкен мүмкіндіктеріне негіз болатын құжат. Оның мемлекет пен қоғамның әрі қарай дамуы үшін құндылығын бірқатар қорытындылармен қалыптастыруға болады. Біріншіден, бұрын қолданыста болғандардан айырмашылығы, 1995 жылғы Конституция негізінен елдегі нақты жағдайдан және жаңа жағдайлардағы қоғамның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси және рухани-өнегелі дамуынан көрініс береді.
Екіншіден, Ата Заңның негізгі идеясы жақын арадағы сияқты, алдағы тарихи келешекте де қазақстандық қоғамның әртүрлі қоғамдық-саяси күштерінің келісімі мен ымырасын қамтамасыз ету қажеттілігіне келіп саяды. Бұл Конституцияны саяси тұрақтылықтың маңызды факторына, азаматтық бейбітшіліктің, әлеуметтік және ұлттық келісімнің кепіліне айналдырады.
2007 жылдың 21 мамырындағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы Қазақстанның конституциялық реформасының жаңа кезеңін белгілеп берді.
Конституциялық реформа ұсынған негізгі мақсаттар қазақстандық қоғамның тұрақтылығын сақтап қалу, әрі қарай да толеранттылық таныту және мемлекеттегі демократияландырудың жаңа кезеңін қамтамасыз ету болып табылады.
Конституциялық новеллалардың басты нәтижесі республикамыздың президенттік-парламенттік басқару жүйесіне айқын қадам жасауы болып табылады. Басқару формасын айқындаудың басты ерекшелігі Парламенттің атқарушы биліктің жоғарғы және жергілікті органдарын қалыптастырудағы жоғары өкілеттілігінің артуы болып табылады.
Бұл тұрғыда конституциялық түзетулердің нәтижесінде Парламенттің Үкіметті қалыптастырудағы, сонымен қатар атқарушы билік органдарының қызметін бақылаудағы өкілеттілігі айтарлықтай арттырылды. Конституцияның 56-бабына Парламент Мәжілісінің жағдайын бекітетін өзгерту енгізілді. Қазіргі уақытта республиканың Премьер-Министрін тағайындауға келісімді бұрынғыдай Парламенттің екі палатасы емес, Мәжіліс береді, бұл Мәжілістің мәртебесін бекіте түседі. Республиканың Премьер-Министрінің кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияның 44-бабы, 3-тармағына сәйкес Мәжілісте ұсынылған саяси партиялардың фракцияларымен кеңескеннен кейін ғана Мәжілістің қарауына ұсынады. Бұл жағдайда елдің жоғарғы заң шығарушы органының қызметіне саяси партиялардың шынайы қатысуының іргетасы нығаяды деп жоспарланады, бұл барлық демократиялық мемлекеттерге тән.
Жоғарыда айтылғандай, Үкіметтің жоғары өкілетті орган алдындағы жауапкершілігі артады. Бұл Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіру үшін көп дауыс жинауымен көрсетіледі (Конституцияның 56-б. 2-тармағы). Сонымен қатар, Парламент Мәжілісі есеп беруді тыңдау қорытындылары бойынша Үкіметтің жекелеген мүшелеріне де сенімсіздік білдіруге құқылы. Бұл жағдайда палатаның депутаттары Үкімет мүшесі республиканың заңдарын орындамағаны жағдайында оны қызметінен босату туралы Президентке ұсыныс жасайды. Жоғарыда көрсетілген конституциялық новеллалар қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы Парламенттің рөлін жаңа сапалы деңгейге көтеруге арналған.
Конституциялық реформаны жүзеге асыру Парламент өкілеттігінің көлемін, сонымен қатар жалпы депутаттық корпустың санын арттыру арқылы оның рөлін күшейту, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлаудың пропорционалды жүйесін енгізу арқылы сайлау жүйесін демократияландыру, Парламенттік көпшілік демократиялық қағидасының негізінде Үкіметті қалыптастыру және Парламенттің Үкімет қызметіне қатысты бақылау функцияларын күшейту арқылы жоспарланып отыр.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту идеясы айтарлықтай нәтижелі болып табылады, мәслихатқа жергілікті өзін-өзі басқару ретіндегі негізгі рөл берілді. Халықтың жергілікті өзін-өзі басқару құқығы әрбір азаматтың жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру құқығымен қамтамасыз етіледі. Ол Конституцияның 89-бабында бекітілген, соған сәйкес азаматтар тікелей және өз өкілдері арқылы да жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға тең құқылы болып табылады. Азаматтарға жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау және оларға сайлану құқығы, мемлекеттік қызметке тең қол-жетімділік құқығы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгіну құқығы кепіл етіледі. Осыған байланысты тиісті Әкімдерді тағайындауға келісім беру құқығын иеленетін мәслихаттардың өкілеттігін арттыруға бағытталған өзгерістер жағымды болып табылады. Мәслихат депутаттарының да жауапкершілігі артады, олар аймақтар мен облыстар деңгейіндегі саяси күштің жаңа орталықтарына айналады. Олардың әкімдерге деген ықпалы айтарлықтай артады, себебі депутаттар бұрынғыдай дауыс санының үштен екі бөлігімен емес, қарапайым көпшілік дауыс берумен әкімге сенімсіздік білдіре алады.
Қызметін кеңейту жолымен биліктің өкілетті органдарының рөлін күшейту Конституцияға енгізілген негізгі түзету болып табылды.
Конституцияға енгізілген аталмыш толықтырулар мен өзгертулер биліктің атқарушы органдарының қызметіне мониторинг жүргізу барысында жүзеге асырылатын өкілеттіліктердің кең шеңберін ұсынады. Конституцияға қабылданған өзгертулер мен толықтыруларды қазақстандық конституционализмнің қалыптасуындағы тарихи кезең деп сеніммен айтуға болады.
Азаматтық қоғамды әрі қарай құру мақсатында Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың және кәсіпшілер одақтарының, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бекітілетін болады, бұл біздің халқымыздың жоғарғы құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасының әрі қарай қалыптасуына көмектеседі.
Конституциялық реформа Қазақстанда тұлға мен қоғам мүддесі үшін өткізіледі, демократиялық үдерістердің әрі қарай дамуына, халықты билеу институттарының қалыптасуына себептеседі, мұның қазақстандық қоғамның саяси жүйесін жетілдіру және қазақстандық парламентаризмді қалыптастыру үшін жағдай жасайтындығы сөзсіз.
Біздің ойымызша, еліміздің бұдан әрі конституциялық дамуы, ең алдымен, Ата Заңда негізі қаланған демократиялық идеялар мен құндылықтардың шынайы жүзеге асырылуына байланысты. Бүгінгі таңда демократиялық дәстүр мен қазақстандық мемлекеттіліктің тәжірибесі тұлғаның құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қоғамның мемлекет қорғауындағы басты құндылықтары деп жариялауға мүмкіндік береді. Мемлекет азаматтарды қорғау құралы ретінде жалпыға танымал демократиялық бостандықтар мен құндылықтарды жариялап қана қоймай оларды жүзеге асыратын органға айналуы керек.
Қорытындылай келе, кез келген мемлекетте Конституция маңызды заңды, саяси және идеологиялық құжат болып табылатындығын тағы да бір айта кету керек. Сонымен қатар Конституция қоғам мен мемлекеттің алдына стратегиялық міндеттер қоятын, қоғам мен адамның өмір қызметінің барлық салаларында әрі қарай даму бағытын анықтайтын бағдарламалық құжат болып табылады.
Қазақстан Республикасында өткізілетін конституциялық реформалар қоғамның саяси жүйесін демократияландыруға бағытталған, осыған байланысты конституциялық новеллаларды, сонымен қатар Қазақстан Конституциясындағы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес енгізілген өзгерістерді әрі қарай зерттеу қазіргі конституциялық-құқықтық ғылымның басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың заң шығарушылық қызметіндегі анағұрлым маңызды міндеттер мен басым бағыттардың бірі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Елбасы өз Жолдауының бірінші жолдарынан бастап реформалаудың бастапқы кезеңіндегі жүйелі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі маңызды міндеттерді шешу үшін қазақстандық қоғамды нығайтудың «ядросына» айналған Қазақстанның даму Стратегиясын негізге алуы кездейсоқтық емес.
Президент Н.Назарбаев жүзеге асырып отырған құқықтық мемлекетті құру бағыты мен тұрақты саясат біздің жас мемлекетіміздің тарихында бірнеше рет ел үшін жауапты сәттерде қазақстандық қоғамның жұмылуына және бірігуіне себептесті. Осылайша, тұрақтылыққа деген президенттік бағыт ағымдағы кезеңнің күрделі міндеттерін шешуге қоғамның күшін жұмылдыруға қызмет ете бермек.
Еркін КӨБЕЕВ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор.