31 Тамыз, 2011

Елу жеті жыл өткен соң

682 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мектеп табалдырығын тұң­ғыш рет аттау жеті жасар бала үшін де, сол ойын баласының ата-анасы үшін де жүрек тол­қытар сәт. Ұлтымыздың бү­гінгі небір жақсылары мен жай­саң­дары бала кезінде, ер­тең мектепке барасың деген күні түн ортасы ауғанға дейін көз­дері ілінбегенін жасырмай­ды. Ал­бырт сезім, қайран шіркін, балдәурен балалық деп, міне, осыны айтыңыз. Дәл сондай кіршіксіз көңіл-күйді бү­гін­де есімі республиканың жо­ғары білім беру жүйесіне ке­ңі­нен мәлім азамат, Батыс Қазақ­стан облыстық маслихатының депу­таты, тарих ғылымдары­ның док­­торы, профессор Тұяқ­бай Рыс­бе­ков те басынан кешкен екен. Міне, осыдан дәл елу жеті жыл бұрын түсірілген сүретте мына бір ана сүтінің табы аузы­нан әлі кете қоймаған пәк те бейкүнә бала таңғы шықтай мөл­діреп-ақ тұр емес пе? Бұл сонау 1954 жылдың тамыз айының соңы екен. Ол кезде мектепке киетін бірыңғай киім үлгісі қайдан бола қойсын. Дегенмен, қай ата-ана да мектеп босаға­сын тұңғыш рет имене аттаған перзентінен ештеңе аяп қалмаса керек. Мына сарғайған суретте де бала Тұяқбайды үл­де мен бүлдеге орап тастама­ға­нымен Зейіт атамыз бен Дә­не­қыз шешеміз жалғыз тұяқта­рын мектепке тәп-тәуір әзірле­гені бай­қа­­лады. Белдіктің ор­нын алмас­ты­ру үшін айқастыра салған жей­десінің сыртындағы аспасы мен түймесі өзіне жа­расып-ақ тұр. Екінші бір суретте бала Тұ­яқбайдан бүгінде белгілі ға­лымға, ел таныған азаматқа, білікті де беделді парасат иесіне, немерелері мен жиендерінің жақ­сы көретін атасына, Рыс­бе­ковтер әулетінің жапырақ жай­ған бәйтерегіне айналған Т.Рыс­бековті көрер едіңіз. Бұл екі суреттің арасын табаны кү­рек­тей елу жеті жыл уақыт ара­лығы бөліп жатыр. Бұдан кейінгі ол кісімен биылғы Білім күні қарсаңындағы әңгімеміз сұрақ-жауап түрінде өрбіді. – Тұяқбай Зейітұлы, ертең күнпарағымызға қонақтай­тын 1 қыркүйек – Білім күні есіме ке­зінде қазақ поэзия­сындағы бал­­лада жанрының шебері ат­ан­­ған Қайнекей Жармаған­бе­тов­тің төмендегі шумақтарын тү­сі­ріп отыр. Соған құлақ са­лып көріңіз­ші. Міне, былай деп тө­гілтеді жыр жампозы: Әлі есімде, мектепке алғаш барға­ным, Сумка асынып, дәптер, қа­лам алғаным. Бір бұры­шын­да сол сум­камның жатқаны, Ке­ней сақа, кендір баулы қар­­ма­ғым. Әлі есімде, отыр­ға­­ным пар­та­ға, Үңіле кеп, қара­ға­ным кар­та­ға. Жайда­ры, ашық, мұға­лима жас қыз­дың, «Түзу отыр» деп, қақ­қаны арқаға... Өлең­мен өр­іл­ген қандай жан­ды сурет де­се­ңізші! Бұл өмір­де, кім мектепке бармаған? Бар­ды ғой бәрі де. Ақын жыр­ла­ған­дай, мектепке барған ке­зіңіз есі­ңізде ме? – Әрине есімде. 1954 жыл­дың 1 қыркүйегі еді. Жамбыл облысы, Талас ауданы, Түгіс­кен совхозының Досбол деген бө­лім­шесіндегі құрқылтайдың ұя­сындай бастауыш мектепке сол күні анам мені мұнтаздай қып киіндіріп, ертіп алып бар­ды. Мектеп деген аты ғана. Кішкене үй, екі бөлмеден ғана тұрады. Үш қатардың әрқай­сы­сына үш партадан қойылған. Небәрі то­ғыз парта ғана. Сол аядай бөл­меде бірінші, екінші, үшінші және төр­тінші сынып­тың бала­ла­ры бірге оқыдық. Сол жылы мек­тепке үш бала барған екенбіз. Мұғаліміміз Абдрахман ес­ім­ді ер адам болатын. Бірінші сыныпта оқып жүрген кезімдегі бір көрініс есімде қалыпты. Бір жолы ағайымыз үшінші сыныптағы бір балаға сабағын оқымай келгені үшін қатты ұр­ысты. Ол баланың қандай кө­ңіл күйде болғаны маған белгісіз. Сол үшін өзімнің зәре-құ­тым қалмады. Мұғаліміміздің ашуы қайта бастаған кезде сырт­тан біреу келіп, ол кісіні әлдеқайда шақырып кетті. Сол кезде мен де далаға зып бердім. Өйткені, ағай маған да дәл солай ұрсып, зекитіндей көрініп кетті. Балалық қой қайтерсің? – Бүгінгі аға буын өкілде­рінің көпшілігі дәл сіз секілді ауыл мектебінде, қазіргі тілмен айтқанда, шағын комплектілі мектептерде оқыпты. Шама­ла­уы­мызша оқытудың мұндай тә­сілінің біраз ың­ғай­сыз жақтары бар секілді. Бұған не дейсіз? – Бұл енді басқа амалдың жоқтығынан жасалатын оқы­ту­дың ескі тәсілі. Ойлап қара­са­ңыз кеңестік жүйеде шаруа­шы­лықтарға қарасты бір бөлім­шеде бастауыш сыныпқа бара­тын балалар саны сегіз-оннан аса бермейтін. Сөйтіп, бәрінің басы бір бөлмеде түйісетін. Мұндай жағдайда ұстаздың әр оқушыға көңіл бөлуге мүлдем мүмкіндігі болмайды. Әр пәнді тереңдетіп оқыту деген ұғым ол кезде мұғалімдердің үш ұйықтаса түстеріне кірмейтін. – Республиканың алыс ау­дан­дарында шағын комплектілі мектептер әлі де жеткілікті. Қазіргі өзгеріс қандай? – Бала саны аз болсын, көп болсын қазіргі бастауыш білім беру жүйесінде бір сыныпқа – бір мұғалім тәртібі енгізілген. Тағы бір жетістік, бастауыш сынып­тар­дың өзіне бүгінде ар­найы ма­ман­дығы бар мұға­лім­дер сабақ бере бастады. Айта­лық, ариф­ме­ти­каны, әліппені үйрететін мұға­лім оқытпайды. Бұл бүгінгі білім беру дағ­ды­сына қайшы келеді. – Тұяқбай Зейітұлы, елуінші жылдардағы 1 қыркүй­ек пен бү­гінгі 1 қыркүйектің ай­ырма­шы­лығы туралы не айтар едіңіз. – Егемен елімізде 1 қыр­күй­ек – Білім күні деп белгіленген. Осы бағыттағы айтулы даталы күннің мәні мен маңызы жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күні – Білім күні мейрам ретінде оқушылар мен ата-аналарға және ұстаздар қауымына үлкен қуаныш сыйлайды. Әр жыл сай­ын жаңа оқу жылына кең ауқымды әзірлік жұмыста­ры­ның жүргізілуі де Білім күнінің мәртебесін өсіре түседі. Елуінші жылдары мұның бір де бірі болмайтын. Мектеп жасына тол­ған баланы ата-анасы мектепке алып барады. Ол қабыл­данады. Сонымен іс бітеді. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. –––––––––––––– Суреттерде: бала Тұяқбай, бү­гін­гі профессор Тұяқбай Рысбеков.