31 Тамыз, 2011

БАҚ-тағы тіл тазалығы

1792 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Еліміз егемендік алғаннан бері 20 жыл өтіп отыр. Үлкен мерейтой қарсаңындағы бұл мерзім жеткен жетістіктерді ауыз толтырып айта отырып, атқарып жатқан істер мен әлі орын алып отырған кемшіліктерімізді тізіп өтіп, оны жоюдың жолдарын да белгілеп, есеп беретін де кезең деп ойлаймын. Сондықтан да күнде­лікті тіршілікте көз алдыңда көлбеңдеп немесе тың­даудан құлақты мезі қылатын кейбір келеңсіздіктерді ортаға салуды жөн көрдім. Тіл мәселесі мемлекеттік тіл­дің бүгінгі күнгі жәйі мен қо­ғамымыз­да алып отырған орны жөніндегі тақырып көзі қарақты, көкірегінде ұлттық намысы бар, «мен қазақ­пын» деп толғанатын азаматтар үшін таптаурын да бол­ған әңгіме. Әрине, бұл мә­селе басы Үкіметтен бастап, мем­лекетіміздің үлкенді-кішілі ор­ган­дарының қайсысында болса да тілге тиек болып жатқан шаруа екендігі шындық. Бірақ соның бәрі іс жүзінде «баяғы жартас, бір жартас­тың» кебін киіп, өз деңгейінде іске аспай жатса, тап­таурын демегенде не дейсің! Құрылысшыларда қаражат бөл­­гізіп, жылда соны ақырын «кеміріп» қойып, салынуы жыл­дан-жылға сүй­ретіліп, не бітпейтін, не қалмайтын нысанды «са­қалды» деп атайтын дәстүр бол­ған. Міне, біздің де тіл туралы проблемамыз, жыл сайын қан­шама қаражат жұмсалып жатса да, алға жылжымайтын табандап тұр­ған бір мәселе болды. Шын­ды­ғын айтса, тіпті басқа ұлт өкілдерінен де ұят екен, осылай «сен салар да, мен салармен» жүр­генде олар (басқа ұлт өкіл­дері) біз­дің шала қазақтардан бұрын қазақ тілін игеріп алып, мемлекеттік қыз­метте де, басқа да ауқымдағы (әсі­ресе БАҚ саласына құлшыныстары ерекше) жұмыстарда жайбарақат, өз тілін өзі менсінбейтін «мар­қас­қа­­лар­дың» алдын орап алатын түрі бар. Мен бұл жерде бұған кінәлі­лерді іздеп, оларға айдар тағудан аулақпын, бірақ ана тіліміздің өз мемлекетімізде лай­ық­ты орнын алу үшін қабыл­да­нып жатқан шара­лардың тиімсіз­дігінің сыртындағы басты фактор – қазақ жұрты өзі­міздің ын­та­сыздығымыздың нәти­жесі екені шыңғырған шындық. Хош, жалпыламадан нақтыға көшейік. Ежелден бұқаралық ақпа­рат құралдары, оның ішінде баспа құралдары қазақ тілінің жазылу емлелерін сақтап, синтаксистік, грамма­тикалық бар­лық ережелерін бұзбай жазу жөнінде радио мен теледидарлар оның айтылу, оқылу ережелері мен сөз сөйлеу ырғағына дейін барлық елге үлгі (эталон деуге болады) болып келгені, ол сонау кеңестік дәуірден жазылмаған қа­ғи­да сияқты үрдісті ешкім әзірге еш­қандай қаулы-қарармен жоққа шы­ғармағаны хақ. Шын­дығында да, біз жасырақ кезімізде, құжаттар дай­ындағанда қан­дай да бір сөй­лем, сөз тіркесінің жазылу дұрыс­ты­ғына көз жеткізу үшін апталық баспа беттеріне жүгінетінбіз. Қазір қалай? Бүгінгі күні БАҚ қазақ тілін шұбарланудан, «арам» сөздерден сақтауда өзін­дік рөл атқарып келе ме? Жа­сы­ратыны жоқ, соңғы кезде отан­дық телеарналар Ресейдің, тіпті болмаса мұхиттың арғы жағы­нан көшіріп алынған түрлі шоу-хабарларға толып кетті. Өкі­ніш­ке қарай, сол хабарлар­дың мағы­насымен бірге сығалап, сына­лап қазақ тіліне жат, «арам» сөздер де қаптап кетті десе де болады. Қазір қай арнаны қосып қалсаң да тілге жеңіл, ауызға ора­лып тұрған «отырық», «жа­ты­рық», «дәл қазір» деген сияқты тіркестерден бас көтере алмайсың. Соңғы кезде тележүргізу­ші­ле­рі­міз бен дикторларымыз оры­с­тар­дың өздері де орынды қол­дана бермейтін «имело место» деген тіркесті мән-мағынасы кел­се де, келмесе де екі сөздің бірінде «орын алды» деп та­қыл­датады да отырады. Бәріміздің де қазақ тілінен оқыған ережелеріміз бір ереже ғой, сонда мұ­ғаліміміз сөз арасында «кіл», «кілки» деген сөздерді қоспаң­дар, ол сауатсыздыққа жатады, оның орнына «үнемі», «қашан­да», «ыл­ғи» деп сөйлеу керек дейтін еді. Менің білуімше, соңғы жыл­да­ры қазақша «Ж» әрпінен бас­тала­тын сөздердің алдынан «Д» әрпін қосып жазуды доғару керек деген пәрмен болды (?). Ал соны қолдап, іс жүзінде қолда­нып жатқандар тағы да шамалы. Теміржол, әуежай, сапаржай қыз­меттері де сол баяғы­сынша Джамбул, Джаркуль, Джез­каз­ған, Джалтыр, Джангельдин деуден танбай келеді. Сол мекемелерде қазақ тіліне мән беретін, қазақ тілінде еркін сөйлеп, оның қолданысын тәртіпке келтіретін бір қызметкер алуға ынталы бір басшының болмағаны ма?! Болса да адам, жер, су атау­ла­рына байланысты сөз қозғал­ға­сын айта кетейін, бүгінгі күнге дейін Әділет министрлігіне қа­рап келген (қазір кімге қарайты­нынан шатыс­тық, екі-үш жыл сайын ауысып отыратын болды ғой) азаматтардың хал актілерін жазу (АХАЖ), төлқұ­жат беретін мекемелерде қазақша адам атта­ры мен жер, су атаулары баяғы кеңестік дәуірдегідей қате-қате толтырылып беріліп жатыр. Оны кім қарап, кім жөнге салатыны белгісіз. Енді бірер сөз бұқаралық а­қ­парат құралдарындағы жарнама хақында. Біздің қалау-қаламауы­мыз­ға қарамастан күні ұзаққа, түні бойы адамның назарын ең көп аударатын да осы жарнама болып тұр. Мұндағы бір қи­сын­сыз жағдай – орысша жарна­малардың өзі де көпшілігінде орыс тілінің грамма­ти­касынан, тіпті адами ойлау логи­касынан ал­шақ жатады. Ал оны қазақ­шаға тікелей аударғанда тіпті түсініксіз, ақыл-ойға сыймайтын бір сөз тіркестері шығады. Әри­не, сөз қумай, оның мағыналық аудар­масын берген жөн болар еді. Бұл арада мынадай ұсыныс жасар едім: жалпы БАҚ-тағы болсын, не кө­шедегі жарна­ма­ның болсын қазақ­шаға аудары­лу­ын қалалық әкімдік­тің мәде­ни­ет және тілді дамыту бөлімі арқылы сараптамадан өткізіп ба­рып рұқсат ету жолын ойластыр­маса, бұл былық пен шылық әлі де жалғаса бермек. Әдетте, телекомпаниялар құ­ры­лы­мында жарнама қызметі негізгі шығармашылық топтан бө­лек бо­лып келеді де, ол ком­мер­циялық бөлім бақылаудан тыс, өзімен-өзі бо­лады. Дегенмен де, олардың қаза­қ­шаға ша­тып-бұтып аударған жар­на­ма­лары сол арнадан берілетіндіктен, телеком­па­нияның шығарма­шы­­лық ұжымы да оны назардан тыс қалдырмауы керек деп ойлаймын. Атын атамай-ақ қояйын, зер салған адам өзі де көреді, ұлттық теледидардан берілетін бір жар­на­ма­дағы орысша «зарядка огнетушителей» сөзі «өрт сөндіргіш зарядкалары» деп аударылып, жа­ңылыспасам 3-4 жылдай үз­бес­тен шығып келеді. Негізгі дұрыс мағынасы – өрт сөндіргіш ыдыс, құтыларға арнайы сұйық (көбік) құю, яғни оларды тол­тыру. Шіркіндер-ай, сонда сол ұжымда: «Мынау қазақшаға дұ­рыс аударылмаған, ел-жұрттан масқара ғой!» – дейтін бір пен­денің болмағаны ма? Міне, осы­дан-ақ біздің ана тілімізге деген көзқарасты түсіне беріңіз де, бағасын да беріңіз. Бұрнағы жылдары хабар жа­саушы һәм таратушы ұйымдарда (телерадиокомитеттер) әдеби ке­ңес, болмаса ұйым бастығының шығармашылық жөніндегі орын­басарлары болатын еді. Олар эфирге күнделікті кететін жаңа­лықтардан бастап, көлемді те­лехабарларға дейін қолдарына қызыл қаламсап алып редакциялап, күзеп, не түзеп отырушы еді. Эфирге шығатын нұсқасын тікелей қарап, тыңдайтын, сосын ға­на рұқсат беретін еді. Бүгін­дері ол қызметтер де кеңеспен бірге құрдымға кеткен бе деп ойлайсың. Қазақта «Ынтасызға іс ық­пас» деген қанатты сөз бар. Сон­дықтан қазақ тілінің мәртебесін көтереміз, оны басқалар да сыйлап құрметтесін десек кәрі-жасымыз бар ең бірінші өзіміз – қазақтар ынта қойып, құр­мет­теуіміз керек. Серікбай ШАЙМАҒАНБЕТОВ, «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалының кеңесшісі.