Бұрнағы күні Ливияның қуғындағы президенті Муаммар Каддафидің зайыбы София, қызы Айша мен ұлдары Мохаммед пен Ганнибал көршілес Алжирге қашып келген болатын. Көтерілісшілер Алжир өкіметінен Каддафидің отбасын қайтаруды талап етіп отыр.
Алжир өз кезегінде полковник отбасының кез келген үшінші елге өтуіне мүмкіндік жасамақ және көмек қолын қайырымдылық пиғылдан танытқанын мәлімдеуде. Ал Каддафидің өзі қай жерде жасырынып жүргені белгісіз. Алжирдің полковниктің отбасын қайтармау себебі, ол Ливияның ұлттық өтпелі кеңесі (ЛҰӨК) деген қазіргі билігін заңды билік деп күні бүгінге дейін таныған жоқ.
ЙЕМЕНДЕ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ ӨТПЕК
Йеменде 29 тамызда үш айдан кешіктірілмей президент сайлауы өткізілетін болады деген ақпарат тарады. Мұндай бастаманы ел президенті Али Абдулла Салех көтерсе керек. Бүгінде президенттің міндетін мемлекет басшысының орынбасары Абдураба Мансұр Хади атқарып жүр.
Жаман үлгі жұқпалы дегендей, Йеменде де жыл басынан бері өкіметке қарсы жаппай наразылық акциялары жүріп жатқаны белгілі. Резиденциясында жарылған снарядтан осыдан біраз уақыт бұрын Салех жараланып, Сауд Арабиясына емделуге кеткен болатын. Содан әлі оралған жоқ. Оппозиция болса, оны елге кіргізбейміз деп отыр. Африкадағы әріптестерінің жолын құшпас үшін де Салех компромиске баратын сыңайлы.
МАЙЛЫ ЖІЛІК БАСЫНАН АЙРЫЛЫП ҚАЛДЫ
Иран Ресейдің «Газпром нефть» мұнай компаниясын «Азар» кен орнындағы мұнайды өндіру құқынан айырды. Бұған ресейлік компанияның АҚШ-тың санкция енгізуінен қорқып, жобаны жүзеге асыруды екі жылға жуық уақытқа созып жіберуі себеп болып отырған секілді.
АҚШ 1996 жылы ел үкіметіне Иранның энергетика секторына 20 миллион доллардан астам инвестиция салатын шетелдік компанияларға қарсы шара қолдануға құқық беретін заң қабылдаған болатын. Осылайша әмірі күштінің әлегі де күшті дегеннің кері келіп отыр. Жалпысында, Иран көлемі жөнінен мұнайдың ОПЕК-тегі екінші экспортер болып табылады.
ЭСТОНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАЙТА САЙЛАНДЫ
Бұрнағы күні Эстония парламенті ел президентін сайлады. Қазіргі мемлекет басшысы Тоомас Хендрик Ильвес жеңіске жетті. Оған 73 депутат өздерінің дауысын берген. Ильвеске жеңіске жету үшін 101 депутаттың 68-і өз дауыстарын берсе, жеткілікті еді.
Іс басындағы президенттің қарсыласы Индрек Таранд депутаттардың 25 дауысына ие болған. Үш бюллетень жарамсыз деп табылған. Эстония парламенттік республика болғандықтан, президент негізінен өкілеттілік қызметін ғана атқарады. Оны парламент депутаттары 5 жылдық мерзімге сайлайды.
ЖАҚСЫЛЫҚ ОЙЛАСАҢ ДА ЖАМАНСЫҢ БА?
Өзбекстанда осыдан екі жыл бұрын ВИЧ/СПИД профилактикасы туралы брошюралар басып шығарғаны үшін 7 жылға сотталған психолог, «Изис» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Максим Попов бостандыққа шығарылды. Оның түрме мерзімі түзеу жұмыстарымен алмастырылды.
Енді М.Попов Ташкентте түрлі қара жұмыстар істемек және еңбекақысы мемлекет есебіне аударылатын болады. Оның аталған ұйымы 2003 жылы құрылса, қызметі БҰҰ ДБ және ЮНИСЕФ тарапынан қолдау тауып келген. «Изис» жастарға қайтсе СПИД ауруын жұқтырудың алдын алуға болатынын, есірткіге тәуелділіктен қалай шығу керектігін түсіндіріп келіпті. Ал мұндай ізгі ниет өзбек басшылығына ұнамаса керек.
ПРОКУРАТУРА ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ЖАЗА ЖЕҢІЛ
Ресейдің Волгоград қаласының аудандық соты 7 жасар баланы Opel Corsa жеңіл көлігімен басып өлтірген Волгоград облыстық прокуратурасының қызметкері Елена Иванованы 2,5 жылға ғана бас бостандығынан айырды және бұл үкім 5 жылға кейін шегеріліп орындалатын болды.
Ивановаға мұндай жеңілдік 9 жасар баланы бір өзі асырап отырғанына байланысты берілген. Қаза тапқан баланың анасы Татьяна Колокольцева сот үкімімен келіспейтінін білдірген. Ананың айтуынша, ол баласын 7 жыл бағып-қағып өсірген, 9 ай ішінде көтерген, ал 2,5 жыл жаза өте-мөте аз және 5 жылға дейін көп нәрсе өзгеріп кетуі мүмкін.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
АҚШ-та «Айрин» дауылынан құрбан болғандар саны бір күнде екі есеге өсіп, 40 адамға жетті. Мәшинесін су тасқыны ағызып әкеткен тағы бір америкалық із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында. Дауылдан келген экономикалық шығын да айтарлықтай.
Белоруссияда соңғы бір айда шошқа мен сиыр етінің бағасы үш мәрте өсті. Елдің экономика министрлігі мұның себебін іштегі бағаның аса арзандығымен түсіндіріп отыр. Сырттағы саудагерлер аталған ет түрлерін жоғары бағаға көптеп сатып алатындықтан, ел ішінде ет тапшылығы сезіле бастапты. Соңғы қымбаттағанды қоса алғанда, бүгінде Белоруссиядағы шошқа мен сиыр етінің бағасы теңгеге шаққанда тиісінше 425 және 415 теңге шамасында.
Литвада елдегі «Альбатрос» деп аталатын екі L-39 оқу-әскери ұшағының бірі Балтық жағалауындағы НАТО миссиясының құрамына кіретін француздың жойғыш ұшағымен соқтығысып қалды. Француз ұшқыштары зақымданған ұшақты қондырып үлгерсе, «Альбатрос» жерге құлаған. Ұшқыштары аман.
Ауғанстан тауларының биік шыңдарының бірін бағындырмақ болған екі неміс турисінің жоғалып кеткенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Енді олардың ұрлап әкетілгені анықталып отыр. Бірақ оған «Талибанның» қатысы жоқ көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.