«Арпа-бидай ас екен, алтын- күміс тас екен» депті ілгерідегі халық даналығы. Адам өмір сүруі үшін азық-түліктің қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық. Елімізде азық- түлік қауіпсіздігін сақтаудың маңызы да ерекше екені айқын. Кезінде астықтан миллиард пұт беріп аты шыққан республикамыздың қазіргі таңда да талай елді өзіне тәуелді етіп отырғаны көңіл сүйсіндіреді. Алайда мұның барлығы да табан ақы, маңдай термен келетінін біреу білсе, біреулер біле бермейді.
Республиканың астықты жерлері саналатын солтүстік облыстарда бүгінгі таңда орақ науқаны басталды. Биылғы бітік шыққан егін мен оның ендігі жағдайы жөнінде жуырда «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Бейбітхан Кабдрахманов БАҚ өкілдері үшін баспасөз-мәслихатын өткізді.
Биылғы жылы орылатын астық 18,9 млн. тонна болады деп жобаланып отыр. Бұл әрине, жақсы нәтиже деп бағалайды мамандар. Жаңа егіннің астығы мен бұрынғы жылдан қалған астықты есептегенде елдегі астық көлемі 22,0 млн. тоннаны құрамақ. Оның ішінде еліміздің ішкі қажеттілігіне 8 млн. тонна жеткілікті деп есептелсе, ашық саудаға шығарылатын астық көлемі 14 млн. тонна болмақшы. Сондай-ақ еліміздің астықты экспортқа шығаратын елдерінің негізгі бағыты Орталық Азия және Каспий маңы аймағындағы елдер болып отыр. 2011-2012 жылдар аралығында осы бағыттарға Қазақстаннан шығарылатын экспорттық астық пен ұн көлемі 6,0 - 6,5 млн. тонна шамасында десек, ішкі рынокта қалатын астық көлемі 7,5- 8,0 млн. тонна мөлшерінде. Еліміздегі бұл жағдай астықтың қалған бөлігін сақтап қалу қиындығын және оның сапасы мен бағасының төмендеп кету қаупін туындатады.
Еліміздегі астық рыногын реттеу мен оның ішкі рынокта артық қалып қою мәселесін болдырмау мақсатында астық сату корпорациялары ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерден 5 млн. тонна бидай сатып алу және 2,5 млн. тонна бидайды баламалы бағыттарға экспортқа шығаруды жүзеге асыру шараларын қолға алмақшы.
Баршаға мәлім, еліміздің астық рыногында тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін корпорация мемлекеттің астық өндірісі мен экспортқа шығаруды жүзеге асыру саясатына қолдау көрсету мақсатында, жыл сайын еліміздің мемлекеттік және коммерциялық ресурстарындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден астық сатып алуды жүзеге асырмақ. Сонымен қатар, сатып алу операциялары еліміздегі астық бағасын қолдау мен оған сұранысты қалыпты жағдайда ұстап тұру және өндірістің рентабельділігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Ағымдағы жылдың күзінен бастап 2011 жылғы астықтың тоннасын 25 мың теңгеден 3 сұрыптағы 5 млн. тонна астық сатып алуды жүзеге асыру да корпорацияның алдағы жоспарлары қатарында тұр. Өндіріс рентабельділігін сақтау үшін астық шағын және орта деңгейдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен сатып алынбақ. Бұл шара ішкі астық рыногындағы тепе-теңдікті сақтау, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қаражат жағдайын жақсарту және 2012 жылғы көктемгі егін науқанына дайындықты қамтамасыз етуге негіз болмақ.
Өткен жыл қуаңшылықпен және дәнді-дақылдар өндірісінің азаюымен есте қалғаны белгілі. Ірі экспорттаушылар ішкі рынокты қорғау мақсатында азық-түлік бидайын экспорттауға тыйым салып, осының салдарынан барлық әлемдік биржалар бидай бағасын күрт көтеріп жіберді. Құрғақшылық салдарынан егіс түсімі де нашар болып, нәтижесінде бүгінгі таңда орташа түсім көп жылғы көрсеткіштерге қарағанда төмен болған. Бұл ретте нанның бағасын ұстап қалудың маңызды екендігі де айқын-тын. Ал бірінші сұрыпты ұнның, бидай наны мен макарон өнімдері бағаларының көтерілуіне жол бермеу және республиканың барлық аймақтарын азық-түлік бидайы және ұнымен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдіктері, Алматы және Астана қалаларының әкімдіктері арасында меморандумдарға қол қойылған. Былтырғы жылдың күзінен басталған бұл жұмысты қазірге дейін жалғастырып отырған корпорация нан бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін азық-түлік бидайының тоннасын жергілікті атқарушы органдар белгілеген өңдеуші кәсіпорындарға әрбір аймақ үшін белгіленген квоталар шеңберінде беріп отырған жайы бар. Рыноктағы бидай бағасы ең жоғары деңгейге дейін көтерілер болса, отандық ұн тартатын кәсіпорындарға оны нарықтық бағамен сатып алу тиімсіз болмақ. Осы субъектілерге Азық-түлік корпорациясы тарапынан дер кезінде көрсетілген көмек оларға астықты тиімді бағамен сатуға мүмкіндіктер берген.
Астық экспорттаудың мөлшерін ұлғайтуға және жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін инфрақұрылымдық нысандар желісін құруға бағытталған үш жоба бар екен. Олардың барлығы Каспий теңізі маңына шоғырланған. Ақтау теңіз портында өткізу мүмкіндігі жылына алты жүз мың тоннаға дейінгі астық терминалы салынған. Бұл Азық-түлік корпорациясының жүз пайыздық бағынысты кәсіпорны болып табылады. Бұл жобалардың барлығы қазақстандық бидайдың экспорттық әлеуетін арттыруға себеп болуда.
Бидайды терең өңдейтін зауыт салу да компания жоспарында тұр. Ол үшін жылына өндірістік қуаттылығы 100 мың тонна бидай өңдейтін зауыт салынбақ. Бұл зауытта жоғары экспорттық әлеуетке ие соңғы өнім болып табылатын глютена және глюкоза- фруктозалық сироптар өндірілмек. Зауыт жобалау сатысында. Оларға қазіргі таңда азық-түлік өндірісінде үлкен сұраныс болып тұр. Осы жобаның жүзеге асырылуына шетелдік инвесторлар тарту да жоспарланған. Оған жапондар, голландтар үлкен қызығушылық білдіруде екен.
Азық-түлік корпорациясы сайып келгенде елдегі нан бағасының бірқалыпты болатынына жұршылықты сендіріп отыр. Қорыта айтқанда, корпорация тарапынан елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстар барысы осындай.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.