Амангелділіктер аудандық ауруханада 46 жыл қызмет еткен Бимағанбет Кенжебековті осылай атайды
Бас дәрігер Бимағанбет Кенжебеков түнгі кезекшілікке өзі қалған болатын. Кеше түскен ауыр науқасты бір шолып, кабинетіне қарай аяңдап келеді. Жетпістегі кісіге түнімен көз ілмей отыру оңай емес, әрине. Бірақ ауыр науқас түскенде аурухананы тастап кете алмайтын әдеті бар. Науқастың жағдайынан басқа ештеңені ойлап жатпайды. Амангелді аудандық ауруханасында тапжылмай қызмет еткен аттай 46 жыл бойы бұл Би-ағаның кәсібімен қоса қанына сіңіп кеткен қасиет. Науқастың беті бері қарамай ауруханадан қарға адым жер шықпайды. Аудан әкімі Сабыржан Ахметовтің бүгінде «аудандық аурухана бір адамға ғана, тек Би-ағаңа ілініп тұр» деп мойындауы тегін емес. Торғай өңіріне дәрігер атаулының сүйікті бейнесін өлермен еңбегімен қалыптастырған осы бір елгезек жанды аудандағы үлкен-кіші «Би-аға» деп атап кеткен. «Би-аға» деген бір ауыз сөзге адамдардың өзіне деген сенімі мен құрметі бірдей сыйып тұрғандай.
Ол адалдық деген ұғымға құл болуға бар. Бұл ұғым, әсіресе, өмір мен өлім қоңсы қонып, бітіспейтін медицинада қажет. Би-ағаңның өзі де 80-ші жылдары асқазан жарасының жарылуынан өлім аузынан қалды. Ұстазы Төрегелді Шармановтың Алматыдан Арқалыққа ұшып келіп, оның халін білуі қандай кішіпейілділік, қандай азаматтық, адамгершілік еді. Бұл шәкірттің өмірге құлшынысын арттырды. Би-ағаңнан басқа адам зейнет жасына жеткен соң, жанын күтер еді. Ол зейнет демалысын қол қусырып үйде отыру деп түсінді. Өйткені аудандық ауруханада маман жетіспейді. Міне, жетпіс жасында аудандық ауруханада түнгі кезекшілікте отыр.
Шалғай ауданда мамандардың жетімсіздігі қай уақытта да білінетін. 1959 жылы Қарағанды медицина институтын бітіріп келген Бимағанбет Амангелді аудандық аурухананасында әрі гинеколог, әрі хирург болып қызметке кірісіп кетті. Қарағанды медицина институтында Аркадий Райс, Михаил Прякин, Төрегелді Шарманов сияқты ұстаздарының алдынан теориялық білім алғанымен әлі қайнаған өмірді біле бермейтін жас жігіт ағыны қатты болмаса да тереңдігімен сұсты Торғай өзеніне өзін біреу лақтырып жібергендей күй кешті. Малтысаң – жағаға шығасың, қайрат етпесең – суға кетесің. Алыс ауылдардан ауыр күйде түсетін аурулар немесе босана алмай бір аяғы жерде, бір аяғы көрде жеткізілген әйелдердің жағдайы оған ешнәрсені ойлатпайтын. Жас дәрігер қызметке бүкіл ынта-ықыласымен ұмтылды. Қасында ажал тырнағында жатқан науқастан басқа арқа сүйер ұстазы, тіпті ақылдасар тәжірибелі дәрігер жоқ. Ондайда тек өзіне сенетін, ізденді, бірте-бірте тәжірибесі артты, көзі қанықты. Көп уақыт өтпей-ақ оған аудандық аурухананы басқару міндеті тапсырылды. Сол кезде 26-27 жастағы ғана жігіт еді. Аудандық ауруханада анестезиологияны жолға қоймай, ауыл адамдарына медициналық көмек толыққанды болмайтынын сезді. Медицинаның осы саласын ұйымдастыру арқасында 1987 жылы алғашқы операцияны жасады.
– Әлі есімде, осы ауруханада бірінші рет асқазанға операция жасадық, науқас Афанасьев деген кісі еді. Ауыр халде түскен оны ажалдан арашалап қалдық, кейін жақсы болып, жазылып кетті. Сол жылдан бастап елде адамдар көп зардап шегетін өт жолына да операция жасап жүрдік. Мұның екеуі де күрделі операция болып саналады. Соған қарамай бәрі де сәтті шығып жүрді. Торғайдағы ауылдардың шалғайлығын білесіз, аудандық ауруханаға жеткізгенше жолда соқыр ішегі жарылып кеткен адамдарды әкелді. Оларды да аман алып қалдық, – дейді Би-аға. Ол осы уақытқа дейін ұзын-саны он жеті мыңға жуық операция жасапты!
Амангелді кентінде тұратын Төкен Жұрмағанбетов қария «осынша жыл өмір сүргенім алдымен Жаратқан иемнің, сосын Бимағанбеттің арқасы» деп отырады. 1977 жылы қыстың көзі қырауда аудан орталығынан шалғайда жатқан Абай кеңшарының шопаны Төкенді Қарабидайық деген жердегі қыстауынан ес-түссіз аудандық ауруханаға тікұшақпен жеткізген еді. Бимағанбет аурудың диагнозын тез анықтады – қабынудан ішегі қарынға жабысып қалған. Ауру жедел операция үстеліне жатқызылды. Ажалмен арпалыс басталды. Хирург Бимағанбеттің сол жолы операция үстелінде тапжылмай он тоғыз сағат тұрып, операцияны сәтті аяқтағанына біреу сенсе, біреу сенбес!
– Операция сол жолы өте ауыр болды, ішектің жарамсыз жерлерін амалсыз кесіп алып тастадық. Төкеннің жас кезі ғой, жүрегі жақсы болғандықтан сырқатының да, операцияның да ауырлығына шыдады. Өзімен нағашылы-жиендігіміз бар, қатар өскен жігітті ажалға қалай қиясың. Менде Төкенді аман алып қалу керек деген ғана ой тұрды. Сол Төкен тәуір болып, еңбектен де қалған жоқ, балаларын жеткізді. Әзіліміз жарасқан соң, мен оны «жарты ішек» деп қағытамын, – дейді Би-аға күліп.
Би-аға Торғай даласында жарты ғасырға жуық уақыт бойы ана мен баланың денсаулығы, өмірі үшін арпалысып келе жатқан адам. Қазақтың ұрпағын көбейткен аналардың бала үстінде көз жұмғаны аз ба? Алыс ауылдардан ауыр халде түскен жүкті әйелдерді сәбиімен бірге аман алып қалып, қазақтың талай шаңырағының түзу ұшуына себепкер болды. Бүгінге дейін 400-ден аса анаға операция жасапты.
– 80-ші жылдары Торғайдағы елді мекендерге АН-2 ұшағы ұшатын еді ғой. Бүйректал ауылында болған жағдай есімнен кетпейді. Қыстың көзі қырау, жол жоқ. Мені ұшақ жеткізіп тастады, босана алмай жатқан әйелге операцияны учаскелік ауруханада жасадым. Енді қайтуға жол жоқ, боран басылып, жол аршылғанша амалсыз сол ауылда жаттым, – дейді дәрігер.
Ал ауылдың шаңын қағып келген 90-шы жылдардағы аурухананың көргені қиындық ғана емес, азап болатын. Бюджетте қаржы болмағандықтан шығар, ауруханадағы дәрігерлерді қысқарта-қысқарта қусырып тастады. Әйтпесе, мұнда 70-ші жылдары көз аурулары, туберкулез бөлімдері жұмыс істеген еді. Бүкіл Амангелді, Торғай, Арқалық өңірі осында келіп емделетін. Нарық келді екен деп ауру азайған жоқ. Түн ішінде алып келген науқасқа жедел операция жасалып жатқан кезде электр жарығы сөніп қалатын. Оттегі толтырылған балон тұрғандықтан балауыз, оттық жағуға болмайды. Сондықтан екі машинаны аурухананың терезесі тұсына апарып, фарын жақтырып қойып тығырықтан шыққан кездерді айтсайшы. Сол кісілер қазір Би-ағаның арқасында бұл дүниенің көрер жарығын көріп жүр.
– Мен дәрігерлік жолымды Амангелді аудандық ауруханасының көз аурулары бөлімінде бастаған едім. Би-ағаның қол астында қызмет еттік. Ол кісінің дәрігерлік тәжірибесінің өзі бір мектеп. Қолы алтын, зергер хирург десе болады. Ауруханада маман аз болғандықтан Би-аға медицинаның көп саласын меңгеруге тырысты. Ташкент, Мәскеу сияқты басқа ірі орталықтарда өтіп жататын медициналық конференцияларға қатысып келіп, онда көрген жаңалығын аудандық ауруханада жүзеге асыруға уақыт табатын. Бұл қандай еңбекқорлық, көзсіз батырлық десеңші! – дейді облыстық көз аурулары ауруханасының бөлім меңгерушісі Серік Жұмабаев.
– Менің мамандығым стоматолог болса да өзімді Би-ағаның шәкірті санаймын. Мен дәрігер мәдениеті деген ұғымды Би-ағаңмен қанаттас қызмет еткенде түсіндім. Ол кісі алдына келген науқас адамға кісілігін кішіпейілдігімен көрсететін. Оның ауырып отырған жанға этика үшін ғана емес, бар ниетімен, ықыласымен жылы сөйлейтіні таңқалдыратын. Ағамыз жас кіші ауруларға да, жас дәрігерлерге, медбикелерге сөзін «ботақаным» деп бастайды. Ауданда Би-ағаның алдын кесіп өткен жанды кездестірмедім, – дейді тіс дәрігері Ермек Жұмабаев.
Амангелді аудандық ауруханасына жас маман болып келіп, Би-ағаның тәрбиесімен қанатын қатайтқан дәрігерлердің саны алпыс қаралы екен. Олардың бірқатарының есімі қазір облысқа, одан қалды республика жұртшылығына белгілі. Амангелді аудандық ауруханасының «қазанында қайнағандардың» арасында медицинаны ғылыммен ұштастырғандар да бар. Медицина ғылымдарының докторы Марат Әбеуов қазір Қарағанды облыстық ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Фазыл Темірханов Қостанай облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, одан әрі білікті дәрігерлер Нұрлан Қоңыртаев, Гүлбану Құсайынова, Едрес Өмірзақов, Ербол Тоққулин болып жалғаса береді. Би-аға бірге қызметтес болғанда өзі жол, істің жөн-жосығын көрсеткен, баулыған қыздар мен жігіттердің барлығының атын атап бере алатындығын мақтанышпен айтты. Бұл кішіпейіл әрі кісілігі мол дәрігердің еңбегін бұлдағаны емес, жастардың жақсы болып өскеніне шынайы мақтанышы, адамға деген құрметі болатын.
Бәйбішесі екеуі сегіз бала өсіріп, қатарға қосты. Олардың барлығы да бір-бір отбасының иесі. Балалары мен немерелерінің арасында да өзінің ізін қуғаны жоқ емес. Үлкен ұлы Қайырден Арқалық ауруханасындағы белді дәрігерлердің бірі. Енді немересі де ата жолын қуыпты.
– Ұлым Қайырден дәрігер боламын дегенде қолдадым, білмеген жерін айттым. Ал немерем Қуанышбек Қарағанды медицина академиясына түскенде қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. Немеренің жөні бөлек екен, – дейді Би-аға.
Бір ауруханада тапжылмай жарты ғасырға жуық еңбек еткен жоғары білікті дәрігердің еңбегі еленбей қалған жоқ. 1975 жылы КСРО денсаулық сақтау үздігі, 1970 жылы Қазақстан республикасының еңбек сіңірген дәрігері атанды. 2001 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Арқадан қаққанды кім жеккөрсін. Бірақ Би-аға үшін басты марапат адамдардың алғысы.
– Амангелді кентінің көшесінде үлкен-кіші бұрылып келіп сәлем береді. Қайсыбіреулер менің емдегенімді, өздерінің құлан-таза айығып кеткендерін айтып жатады. Маған одан артық ешқандай марапат керегі жоқ. Біз дәрігерлер адамдарға Алла берген өмірді өшірмеуге тырысамыз. Сол үшін еңбек етеміз. Бір күндік сәулеге, жарық дүниеге ештеңе жетпейді. Мен сол жолда еткен еңбегімнің қуанышына рахаттанатын адаммын, – дейді Би-аға. Білікті дәрігерді басшылар уақытысында Арқалық, Астана қаласына қызметке шақырды. Ол Амангелді ауданынан ешқайда жылжыған жоқ. Қырдың самалы желпіген, әке-шешесінің бейіті жатқан, құрбы-құрдасының әзілін күн сайын сағынып тұратын туған жерді қайда тастап кетпек?! Ал амангелділіктер Би-ағаңдай дәрігерсіз бүгінгі күнін тағы көзге елестете алмайды. Еңбек пен таланттың, кәсіпке адалдық пен адамға деген махаббаттың, өмірге ынтызарлықтың шынайы көрінісі осындай-ақ болар...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы, Амангелді ауданы.