02 Қыркүйек, 2011

Аграрлық салаға қамқорлық басым

366 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жуырда «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингінің ұйым­дас­ты­руымен Целиноград, Қорғалжын аудандарына қарасты шаруа қожалықтары жұмыстарының таныстырылымы өтті. Арнайы БАҚ өкілдеріне ұйым­дас­тырылған пресс-тур Целиноград ауданы, Шалқар ауылына қарасты, «Целиноград» несие серіктестігі» қар­жыландырып отырған егістік да­ла­сынан басталды. Серіктестікке ау­данның 23 шаруа қожалығы мүше. Бүгінгі таңда айналысқа еніп, несие алушылардың қолында жүрген қа­ра­жат көлемі – Аграрлық несие кор­по­рациясы тарапынан бөлінген 747 млн., серіктестіктің өз қаржысын қосқанда – барлығы 800 млн. теңгені құрап отыр. Бұл жөнінде басқарма төрағасы осы уақытқа дейін уақы­ты­лы ақшасын төлемеген қожалықтар болмағандығын айтады. Барлық шаруа қожалықтары мен серіктестіктер алған несиелерін уақытында алып, белгіленген мерзім бойынша қайта­ра­тынын айтқан басқарма төрағасы Сағадат Әшебеков: «Өздеріңіз білесіздер, екінші деңгейдегі банктер несие бергенде кепілдеме ретінде алы­натын мүліктерге қатаң талап қояды. Ауылдық жерге қарасты серіктестік болғандықтан, бізде ондай талап қойыла бермейді. Бұл ретте Шалқар тұрғындарының жеріне, малына, не болмаса қораларының өзін қанағат тұтамыз. Сондықтан, бізде кепілдік жағына еркіндік бар. Бар болғаны, шаруасы мен жасап жатқан еңбегіне қарап-ақ, тәуекелге бел буамыз», деді. 2005 жылы ашылған серіктестік 4 жылдан бері өзіне мүше шаруа қо­жалықтарына жыл сайын дивиденд төлеп отыратыны тағы бар. Несие серіктестігі арқылы шаруа қожалықтарына 8 пайыздық мөл­шер­мен қаржы беріледі. Соның нә­ти­жесінде, озық технологияларды пай­далану жұмыстары егіншілік са­ла­сында соңғы кездері кеңінен қол­даныс тауып отыр. «Целиноград» несие серіктестігінен» қаражат алып отырған «Шалқар» ЖШС директоры Дулат Камзебаев биылғы жылы 10 421 гектар жерге егін еккен. Оның 10 мың гектары бидай болса, 421 гек­та­рына арпа егілген. Шаруа қожалығы аталған серіктестіктен 70 миллион теңге қаражат алып, оның 32 мил­лионына комбайн, трактор сияқты өзге де техникалар сатып алған­ды­ғын айтады. Сонымен бірге: «Шаруа қожалығы 1929 жылдан бері халық­қа еңбек етіп келеді. Оның құра­мын­да барлығы 228 жұмысшы еңбек етуде. Жалақыларын өз уақытында беріп тұрамыз. Орта есеппен алғанда жалақы көлемі 25 мың теңге. Бұл сома ауылды жер үшін аз емес. Келесі жылы егістік көлемін 12 гек­тарға көбейту ісі жоспарда бар. Себебі, биылғы жылғы егін жалпы жаман емес, шамамен 12-15 центнерден, ал жалпы 15 мың тоннаға дейін астық аламыз деп ойлаймын. Ол ас­тықты сақтайтын арнайы қойма, эле­ваторларымыз бар. Оның сыртында шаруа қожалығына қарасты 21 ком­байнымыз бар», – деді. Егістік даласынан өзге Қор­ғал­жын ауданына қарасты Сабынды ша­ғын ауданында орналасқан «Астана Агропродукт» ЖШС жұмысымен та­нысудың орайлы сәті түсті. Аграр­лық саланы дамыту, инновациялық әр­та­раптандыру жолын ұстанып, ау­ыл­ша­руашылық шикізаттарды өңдеу, олар­ды экспортқа шығару, өнім шы­ғаруда жаңа құрал-жабдықтарды жә­не озық технологияларды пайдалану бүгінгі күннің басты жетістіктерінің бірі ек­ен­дігі сөзсіз. Осы жетістікке қол жеткізіп отырған «Астана Агропродукт» ЖШС-нің негізі 2008 жы­лы құрылды. Ресми деректерге сүй­ен­сек, 2010 жылы индустриялық кар­та бойынша «Астана Агропродукт» серіктестігі Астана қаласының азық-түлік белдеуін құруға қаты­сып, құны 1 млрд. теңге ет ком­би­натын өндіріске берді. Ет комбинаты толығымен соңғы ин­но­­вациялық неміс технологиясымен жаб­дықталып, өткен жылдың қыр­күй­ек айында пай­далануға берілген бо­латын. Мұн­да 2011 жылдың 1 қаң­тарына дейін 927 бас ірі қара мал, 275 бас қой мен ешкі, 25 жылқы сойы­лып, 165 тонна ет өңделген. Құра­мын­да 90 адам жұмыс істеп келді. Бүгінде зауыт нарығы кеңейіп, өндірілетін өнім саны едәуір өсті. Жылына 5000 тонна өнім шығарады. Оның ішінде дайындалған ет өнім­де­рінің 100-ден аса түрі бар. Атап айтқанда, салқындатылып, мұзда­тыл­ған ет өнімінің – 20, жартылай фаб­ри­катталғандардың 40-тан астам, шұ­жық өнімдерінің 30 түрі, ұлттық та­ғамдар, атап айтқанда қазы, қақ­талған қойдың құйрығы секілді, сондай-ақ жартылай фабрикатталып, мұзда­тыл­ған ет өнімдерінің 10 түрі кездеседі. Ет комбинатының басты ерекшелігі, онда шошқа өнімдері өндіріл­мей­ді. Бүгінгі таңда халал өнім шы­ғарушы барлық кәсіпорындарды тіркеу мен оларды қадағалаудың бір­тұ­тас жүйесі жасақталды. Соның негізінде «Астана Агропродукт» ЖШС жоғарыда аталған заңдылыққа сәй­кес, №163 халал техникалық стандарттау комитетінің куәлігін иемденген. Санитарлық талаптарға ерекше мән беретініне ет комбинатына ая­ғымыз тиген сәттен-ақ көз жеткіздік. Комбинаттың басым бөлігі сал­қын­датқыш қойылып, санитарлық та­лап­тарға сай жасақталған. Заңды­лық­та­рының талапқа сәйкес келуі нәти­же­сінде отандық өнім алдағы күні Ресейдің Омск, Новосибирск, Челябинск және Екатеринбург қалала­ры­на экспортқа шығарылмақ. «Астана Агропродукт» ЖШС-інде бір күн ішінде 45-50 бас мал сойы­лады. Орташа есеппен алғанда оның бесеуі жылқы, 25-30 басы си­ыр, ал қалғандары қой болып табы­лады. Төрт түлікті бауыздауға да ерекше мән берілген. Арнайы жа­зыл­ған дау­ыс бойынша дұға оқылып, басы құ­бы­лаға қаратылып құрбан болады. Тағы бір қуанарлығы, зау­ыттың ар­найы намазханасы да бар екен. Оған қарап, сонымен бірге зауыт жа­нын­да­ғы мешітке қарап, онда қызмет іс­тейтіндердің шариғат заңдарына сүйе­нетіндерін сезіндік. Зау­ытта қасап­шы­дан бастап, жіліктеуші, инженер-технолог мамандар, ет тартушылар си­яқ­ты барлық қызмет­керлер қосыл­ған­да 126 кісі жұмыс істейді. Жұ­мыс­­шы­лар­дың 80 пайы­зын жергілікті халық құра­ған­дықтан, комби­нат­тың ауыл тұрғын­дарына пайдасы мол. Бұл күнгі соңғы аялдама есебінде Ақмола облысына қарасты «Қаз­АгроҚаржы» АҚ қаржыландырып отырған «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС-на ат басын бұрдық. Сөз реті келгенде айта кетелік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2008-2011 жылдар аралығында Астана аймағындағы ауыл шаруа­шылы­ғы­на қатысты 21 жобаны қар­жы­лан­дыруда. Жалпы көлемі 3 гектар жерді қамтыған жылыжай кеше­нінің құрылысы да Астананың азық-түлік белдеуін құрайтын кәсіп­ор­ын­дар қатарында. Өткен жылы бас­тал­ған жылыжай құрылысына Израйльден келген арнайы аграрлық сала маман­дары жауапты. Себебі, жылы­жай құ­рылысына қажетті барлық ке­рек-жарақтар осы елден әкелініп отыр. Шетелдік мамандар бір жыл ішінде оның құрылысы мен одан кейінгі де жұмыстарының басы-қа­сын­да бо­лып, қазақстандық аграрлық сала қыз­меткерлерімен тәжірибе бөліс­пек. Келешекте аталған мемлекетке барып, отандық мамандар дайындау ісіне ерекше көңіл бөлу алға қо­йы­лып отыр. Құрылыс биылғы жылдың 1 қарашасында аяқталып, келесі жы­лы өз жемісін береді деп жоспарлануда. Жылыжай кешенінен мың тонна қияр мен 900 тонна қызанақ алынады деп күтілуде. Жалпы 3 гектар жерді қамтитын жылыжай ке­ше­нінің бір жарым гектар жеріне теңдей бөлініп, қияр мен қызанақ егілмек. Жұлдыз БАЙДІЛДА.