ENRC компаниясының тобы Павлодар облысында болашақта өз өндірісінде жұмыс істейтін қызметкерлерді ойдағыдай дайындау үстінде.
Соңғы жылдары Қазақстан экономикасы күшейіп, жаңа өндіріс орындары ашыла бастады, елімізде жоғары білікті кадрлар тапшылығы орын алды. Бұның себептері туралы ұзақ және көп айтуға болады. Қоғамдағы өндірісте нақты өнімді дайындаушылар беделі негізсіз төмендетілді (нәтижесінде – барлық жастар заңгер, экономист және банкир болуға тырысты) және көптеген лицейлер мен кәсіптік мектептер жаңа нарық жағдайында жұмыс істеуге дайын емес еді. Бұл жағдайда көптеген өндіріс орындары еңбек нарығын «аралап», бос орындар жәрмеңкесінде білімі мен тәжірибесі бола тұра, жұмыс таба алмай жүрген адамдарды іздестіріп, немесе жұмыскерлер мен ИТЖ оқытуға мән бермей, оның орнына көршілерінен жұмысшыларды өз жағына шақырумен айналысты. Бірақ басқа да жолы бар еді: Біршама шығынға батыратын, дегенмен де ұзақ уақытқа есептелген келешегі зор және мықты қондырғысы бар жол. Міне, осы жолмен жүріп өткен ENRC корпорациясы өзінің өндіріс орындары үшін кәсіпорындарда оқу секторларын құра отырып, кадрларды дайындауды қолға алды.
Осының дәлелі ретінде «Қазхром» компаниясы (ENRC құрамына кіреді), оның филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты мен Ақсу № 19 кәсіптік лицей арасындағы осы оқу орнын қосымша қаржыландыру туралы үш жақты келісімге қол қойылды. Сол 2009 жылы шеф-өндірісшілер жыл сайын лицей үшін 27 және одан да көп миллион теңгені өндірістік базаны дамыту мен қызметкерлердің дайындығын жақсартуға жұмсауға уәде берді.
Бұл жерде, № 19 кәсіптік лицейдің бұған дейін де ондаған жылдар бойына Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін бірнеше мамандық бойынша жұмысшыларын дайындап келгенін айтпасқа болмайды. Тіпті зауыт жұмысшыларының 50 %-ы, оның ішінде бөлімшелер мен АФЗ қызметтерінің басшылары – лицейдің бұрынғы түлектері екені де айқын. Алайда, қазіргі уақыт ағымы инженерлермен бірге қатардағы қызметкерлерге де қатаң кәсіптік талаптар қойып отыр. Бұны «Қазхром» басшылығы да, жоғары санатты мұғалім, ҚР білім саласының құрметті қызметкері, ҚазКСР кәсіптік білім ісінің үздігі, педагогикалық еңбек шебері Федор Иосифович Кисенков басқаратын лицей ұжымы да түсінді.
Лицей мен инвесторлар одағы не нәтиже берді? Сұхбаттарының бірінде Ф.Кисенков былай деді:
– Бүгінгі күні лицей – бұл қазіргі заманғы, жақсы жарақталған оқу орны, оның қабырғасында тәжірибелі оқытушылар еңбек етуде. Осының арқасында білім алушылардың көпшілігі диплом жұмыстарын «бес» және «төрт» бағасына қорғап келеді. Лицейді аяқтаған кезде түлектердің жалпы санының басым көпшілігі кәсіптік разряды белгіленген нормадан артық және 44%-ы сол нормаға сәйкес келеді (АЗФ қаржысы есебінен қосымша мемлекеттік тілде оқитын көпір кранының машинистері, металл мен қоспа балқытушылар дайындалды – автордың ескертпесі).
«Қазхром» ТНК» АҚ мен АЗФ әріптестігінің бағдарламасында өндірістік практиканы ұйымдастыру мен лицейдің оқу-материалдық базасын нығайтудан өзге, білім алушылардың практикасына жетекшілік ететін ұстаздарға үстеме ақы, оқу озаттары мен үздіктеріне стипендиялар, инженер-педагогикалық ұжым мүшелерін көтермелеу шаралары қарастырылған. Күрделі жөндеу, практикалық жұмыстар үшін материалдар, арнайы киімдер, әдебиет пен жиһаз сатып алуға да қаржы бөлінді.
…Бұнымен лицей мен зауыттың әріптестігі шектелген жоқ. КЛ-19 емтихан комиссиясының төрағалары – бітіруші біліктілік емтихандарында түлектердің білімі мен практикалық білік-дағдыларына әділ баға беретін АЗФ негізгі мамандары болып табылады. Нәтижесінде, соңғы жылдар ішінде лицей оқушылары облыстық «Мамандығы бойынша үздіктер» конкурсында бірінші орынды иеленуде.
ENRC корпорациясының павлодарлық № 7 кәсіптік лицеймен де осындай әріптестігі бар. Ағымдағы жылдың сәуір айында 2011 жылға корпорация мен облыс әкімдігі арасында әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім баптарының бірінде лицейдің материалдық-техникалық базасын дамыту үшін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ (бұл да ENRC құрамына кіреді) 73,3 млн теңге бөлетіні туралы тармақ бар. Кәсіпорынның қаржысы есебінен кәсіптік лицей шеберханалары, зертханалары мен цехтары толықтай жаңартылатын болады.
– Бүгінгі күні лицейдің техникалық базасы ескірген, – дейді «№7 кәсіптік лицей» ММ директоры, химия ғылымдарының кандидаты Александр Васильевич Болдашевский. – Соңғы рет жабдықтар кеңес жылдары ауыстырылған болатын. Олар негізінен 70-жылдары шығарылған. Қазіргі кезде, әсіресе ENRC тобына кіретін өндірістік кәсіпорындар тез дамып келеді. Оларға техниканың соңғы жаңалықтары болып саналатын жаңа құрал-жабдықтар орнатылуда. Біз өз тарапымыздан тиісті кадрларды дайындауымыз керек. «ЕЭК» АҚ демеушілік көмегінің арқасында біздің лицей өзінің даму тарихында жаңа серпін алып отыр. Ал бұл болса – өңірдің металлургтері үшін кадрлар ұстаханасы десе де болады.
Оқу орнының басшысы түсіндіргендей, қаражат лицей цехтарының жаңғыртылуы үшін жұмсалады. Атап айтқанда, шеберханалар: электрмонтажды және аппаратшылар-гидрометаллургтерді дайындау үшін электр және слесарь цехтарын жабдықтау жоспарлануда. Сондай-ақ балқытылған тұздарды электролиздеуге арналған зертханаларды да жабдықтау қажет. Оларға қажетті жабдықтар Ресейден сатып алынады. Бұдан өзге, екі компьютер класына арналған 50 жаңа қуатты компьютер сатып алынбақшы.
Өңірде кадрларды кәсіптік дайындау ісі ауқымды жүргізіліп жатқанын тілге тиек етеміз. Лицейлердің жағымды рөлін жоққа шығармаған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өңірде салалар бойынша мамандықтарға оқытатын жұмысшыларды дайындауды топтау жөнінде ұсыныс жасады және бұл да іске асырылуда. Екібастұзда отын-энергетикалық сектор үшін кадрлар дайындау жөніндегі ірі өңіраралық орталық құрылуда. Павлодарда № 7 кәсіптік лицей базасында ENRC қатысуымен кешенді, бірақ металлургиялық орталық құру жоспарланып отыр.
Тағы бір маңызды жайт, ENRC әлеуметтік жобаларын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдар корпорация кәсіпорындары орналасқан барлық төрт облыстың: Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай әкімдіктерімен жасалды. Және де білім беру жобаларына барған сайын көп көңіл бөлінуде. Өткен жылы білім беру ісін дамытуға корпорация 772,5 млн теңге бөлген болса, биылғы жылы бұл бап 8 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды.
Яғни, кадр даярлау – мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар өндірістің де ісі болмақ. ENRC көрсетіп отырғандай, мүдделі де пайдалы іс екен.
Сергей ГОРБУНОВ.
Павлодар облысы.
–––––––––––––––
Суретте: оқушы мен тәлімгер.
Суретті түсірген Валерий Бугаев.