Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің кез келген үлгілерімен бой теңестіре алатын 4 мың жылдық тарихы бар зияткерлік ойын, озық рухани мұра. Қазақ халқының ілкі тектерінен бастап, сақтар, ғұндар, көктүріктерден қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан ұрпақтар үндестігінің заттай көрінісі.
Қазақтың төл зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келеді. Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығы, Туризм және cпорт министрлігі, облыс әкімдіктерінің қолдауы арқасында бұл ойынмен шұғылданушылардың саны 100 мың адамға жақындады. Тоғызқұмалаққа халықаралық деңгейде де қызығушылық өсіп келеді. Қазір тоғызқұмалақпен тек шетелдердегі қазақтар ғана емес, Англия, Франция, Германия, Испания, Чехия, Ресей, Португалия, Қытай мемлекеттерінде де жергілікті халықтардың арасында ойнаушылардың саны артуда.
Тоғызқұмалақ үш рет: 2006 жылы – Лондонда, 2008 және 2009 жылдары Чехияда дүниежүзілік зияткерлік олимпиаданың бағдарламасына енді. 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді. Шетелдердегі тоғызқұмалақ насихатшылары үшін Англияда (2009 ж.), Колумбияда (2009 ж.), Қытайда (2008 ж.), Түркияда (2007, 2008, 2009 ж.), Өзбекстанда (2009, 2010 жж.), Ресейде (2007-2008, 2010 жж.), Францияда (2010 ж.), Швейцарияда (2009 ж.) бірнеше таныстыру шаралары, жарыстар ұйымдастырылды.
Ойын жақтаушылары 2008 жылдың 1-8 маусымы күндері Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін халықаралық жарыс барысында, шетелдерден келген делегаттармен бірлесе отырып, Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығын құрды. Оған 7 ел мүше болды. Атап айтқанда: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Түркия және Ресей. Қауымдастықтың штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан. Оның 4 вице-президенті, 20 атқару алқасының мүшесі болатыны келісілді.
2009 жылдың наурыз айынан бастап, ақпараттық кеңістікте тоғызқұмалақты насихаттау үшін жаңа www.9kumalak.kz сайты халықтың назарына ұсынылды. Ойын ережелері мен тарихы, күнтізбелік жоспар, ойыншылардың рейтингі мен басқа да мәліметтер жөнінде осы сайттан танысуға болады. Сайттың авторы – Асхат Шотаев.
2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, www.iggamecenter.com сайтында онлайн режімінде ойнайтын бағдарлама жасалды. Авторы – Канада азаматы Арти Сандлер. Алдағы уақытта төрткүл дүниенің мықты ой шеберлерімен осы сайтқа кіру арқылы электрондық бағдарламада тоғызқұмалақ ойнауға, ойын шеберлерінің партияларын талдауға, сақтауға болады.
Сондай-ақ, www.mail.ru сайтында «Тоғызқұмалақшылар мұнда келіңіздер!!!» («Тогызкумалакшылар, Вам сюда!!!») атты қоғамдастық құрылған. Құрушысы – Динара Қасенова. Қоғамдастықтың нақты сілтемесі – http://my.mail.ru/community/togyz/. Мұнда тоғызқұмалақ ойынына қатысты кез келген тақырыпта пікірлесіп, ой бөлісуге болады. Республика көлеміндегі, халықаралық деңгейдегі тоғызқұмалақ және басқа да зияткерлік ойындардан өткен жарыстардың нәтижелері, суреттері берілген. Әрбір азамат мұнда тіркеліп, ұлттық ойынымыздың насихатталуына атсалыса алады.
2009 жылдың 19-26 қазаны аралығында Шымкентте тоғызқұмалақтан Азияның тұңғыш ашық чемпионаты болып өтті. Чемпионатқа 9 елден барлығы 31 ойыншы қатысты. Ерлер арасында алғашқы Азия чемпионы Айдос Сейітжан (Астана, Қазақстан) және қыздар арасында Диана Кенина (Павлодар, Қазақстан) болды. Азия чемпионаты 2 жылда бір рет өтетін болып келісілді.
2010 жылғы 1-7 қараша аралығында Астана қаласында тоғызқұмалақтан І әлем чемпионаты өтті. Чемпионатқа 4 құрлықтың 16 елінен, атап айтқанда, АҚШ, Антигуа-Барбадуа, Әзербайжан, Германия, Грузия, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей (Алтай, Башқұртстан, Татарстан, Тыва), Түркия, Түркіменстан, Чехия, Швейцариядан, барлығы 43 ойыншы қатысты. Тұңғыш әлем чемпионы ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев (Кентау, Қазақстан) және қыздар арасында Әсел Далиева (Қызылорда, Қазақстан) болды.
Әлем чемпионаты барысында Халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығының құрамы тағы 9 елмен толықты. Олар: Әзербайжан, АҚШ, Антигуа және Барбуда, Германия, Грузия, Түркіменстан, Чехия, Швейцария және Испания.
2010 жылдың қараша айында тоғызқұмалақтың Қазақстандағы тұңғыш компьютерлік бағдарламасы жасалды. Авторлары – керекулік С. Ақтаев, Д. Кенина, Е. Шамбаев.
Бүгінгі күні Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей (Таулы Алтай Республикасы) және Моңғолияда қауымдастықтар, Испания, Чехия, Португалия, Түркия сияқты мемлекеттерде үйірмелер жұмыс істейді. Еуропада алғаш ашылған Тоғызқұмалақ қауымдастығы Чехияның Прага қаласында тіркелді. Төрайымы – Хана Котинова.
Биылғы жылдың 17-20 маусымы аралығында Ресейдің Горно-Алтайск қаласында тоғызқұмалақтан V Халықаралық «Алтын Алтай» жарысы болып өтті. Тоғызқұмалақтың кеңінен насихатталуы әрі шетелдік спортшылармен тоғызқұмалақ және басқа да зияткерлік ойын түрлерінен тәжірибе алмасу мақсатында бұл жарыс Горно-Алтайск қаласында дәстүрлі түрде бесінші рет ұйымдастырылды. Қазақстандық спортшылар сонымен бірге алтай халқының шатра ойынына да қатысып, өз бақтарын сынады. Қазіргі уақытта Алтай Республикасы Шатра қауымдастығы мен Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ қауымдастығы арасында тығыз байланыс орнатылған. Бұл байланыс тек жарыс пен семинарлар өткізуге қатысты практикалық қана емес, зияткерлік ойындарды зерттеу арқылы ғылыми-теориялық жағынан да дамытылып отыр.
18-23 шілде күндері Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан жарыс пен ойынды дамыту мен үйрету жайлы семинар өткізіліп, онда 2012 жылы осы қалада өтетін әлем чемпионаты жайлы мәселелер талқыланды. Жарыс туралы мәліметтерді www.czechopen.net сайтынан толығырақ көруге болады. Ұйымдастыру алқасы бұл чемпионаттың да жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді. Сонымен, 2012 жылы тоғызқұмалақтан ІІ әлем чемпионаты Чехияның Пардубице қаласында 14-20 шілде аралығында өткізілетін болды.
Ырысбай АБДУЖАППАРОВ.
Астана.