02 Қыркүйек, 2011

Төрге оздыратын төрт басымдық

411 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып өтті. Төртінші сайланған Парламенттің бесінші сессиясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашып берді. Сессияның ашылуына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшы­сы Аслан Мусин, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Жоғарғы Сот Кеңесінің және Орталық сайлау комиссиясының төраға­лары, Үкімет мүшелері, Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары, Президент Әкім­шілігі, Парламент палаталары ап­па­раттарының және Премьер-Ми­нистр Кеңсесінің жауапты қыз­меткерлері, бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеуге шыққан кезде залда отырғандар ерекше қол шапалақтап, қошемет көрсетті.  Мемлекеттік Әнұран ой­налған кезде де Нұрсұлтан Әбіш­ұлының  дауысын көтеріп, әнге қосылуы жарасымды көрінді. Таяуда кезекті сайлау өтіп, Сенат құрамының жаңарғанын білесіздер. Сайлауда ел сеніміне ие болған жоғарғы палатаның жаңа өкілдерін шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанның және өздеріңіз сайланған өңір­лердің игілігі үшін атқаратын еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Алдағы бесінші сессия бар­ша­мыздан жоғары жауапкершілік пен асқан ұйымшылдықты талап етеді. Себебі, бұл сессия қастерлі Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі тойына орайлас келді, деп бастады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші сайланымдағы Парламенттің бесінші сессиясының ашы­луын­да сөйлеген сөзін. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылданған еді. Осы заң арқылы еліміздің арайлы азаттығы салтанатты түрде жария­ланды. Біз азаттықтың жиырма жылында ешбір тарихымызда болмаған биікке көтерілдік. Бүгінгі сессияның маңызы айрықша, деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы. Бұл – төртінші сайланған Парламенттің жұмысын қорытындылайтын жауапты сессия. Мәжі­ліс­тің қазіргі құрамы алғаш рет партиялық тізім бойынша сайланғанын білесіздер. Оның құ­рамында Қазақстан халқы Ассамблеясынан тұңғыш рет сайланған депутаттар жұмыс істеп жатыр. Үкіметіміз «Нұр Отан» партия­сы­ның Парламенттегі  басым көпшілігінің қол­дауы­мен жасақталып, жұмыс жүргізуде. Заң шығарушы билік пен атқарушы билік ара­сын­да сындарлы қарым-қатынас орныққан. Депутаттар күрделі жаһандық дағдарыс жағдайында жоғары кәсіби белсенділікпен жұмыс жүргізді. Үкіметпен бірлесе отырып, дағдарысқа қарсы заңдық құжаттар әзірленіп, қабылданды және ол табыспен іске асуда. Қа­зақстан жаһандық экономикалық күйзелісті жеңіп шыға алған әлемдегі аз ғана елдің бірі бол­ды. Осы жетістіктеріміздің арқасында Тәуелсіздіктің 20 жылдық торқалы тойын қарсы алғалы отырмыз. Біздің экономикамыз қайтадан ерекше қарқын алуда.  Алғашқы жартыжылдықта ішкі жалпы өнім көлемі 7,1 пайызды құрады. Оның үстіне өңдеу өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемі 8 пайыздан да артты. Индустриялық-инновациялық даму бағытының арқасында  қазірдің өзінде биылғы жылы ішкі жалпы өнім өсуінің үштен бірі қамтамасыз етілді, деді Президент. Өткен жылы елімізде Индустрияландыру картасына енгізілген 152 кәсіпорын ашылды. Биылғы жылы инновациялық үлгідегі 204 кә­сіп­орын ашу жоспарланып отыр. Аграрлық сектор жоғары қарқынмен дамуда. Тек биылғы жылдың өзінде ғана  ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау ретінде 177 миллиард теңге қаржы бө­лінді. Соңғы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын бюджеттен қаржыландыру көлемі 670 миллиардтай теңгені құрады. Бұл – орасан ауқымды теңдессіз көрсеткіш. Мемлекет басшысы келесі кезекте барлық өңірлерде тұрақты азық-түлік қорлары құрыл­ға­нын атап көрсетті. Дүние жүзіндегі дүрбелеңге қарамастан, Қазақстанда жалақы мен зейнетақы көлемі арта түсуде. Білім және денсаулық сақтау салалары да жоғары қарқынмен дамуда. Мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 101 мектеп және 50 денсаулық сақтау мекемесі салынды. Таяу жылдарда бүкіл елімізде 400-ден астам жаңа мектеп, 350-дей  аурухана, емхана және фельдшерлік пункттер ашы­ла­ды. Әлемдік білім беру орталықтарының үлгі­сі­мен құрылған еліміздің маңдайалды жоғары оқу орны – Назарбаев университеті жұмысын жүргізе бастады, деді Елбасы. Осы орасан жетістіктерге Парламент депу­тат­тары зор үлес қосты. Өткен сессияда түрлі мә­селелер туралы 141 заң қабылданып, 76 ха­лық­аралық келісім ратификацияланды. Осының бәрін сіздердің Тәуелсіздік тойына жасаған лайықты тартуларыңыз деп білемін. Сол үшін сіздерге зор ризашылығымды білдіріп, шын жүректен рахмет айтамын. Парламенттің бесінші сессиясы өзінің жұ­мы­сына Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында кірісіп отыр, деп сабақтады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Біздің барлық табыс­та­рымыз заң шығарушылардың тер төге жұмыс істеген еңбегінсіз, биліктің барлық тармақтары­ның үйлесімді іс-қимылынсыз мүмкін болмас еді. Мен барлық депутаттарға осы үлестері үшін ризашылығымды білдіремін. Бүгінде Қазақстан алмағайып дүниенің бөл­ше­гіне айналды. Біз белсенді, теңдестірілген сырт­қы саясат жүргізіп, көршілерімізбен инте­гра­цияны кеңейтудеміз, әлемнің жетекші елдерімен ынты­мақ­тастығымызды нығайтудамыз. Кеден одағына қатысуымыз қазірдің өзінде өзара сауда-саттықта айтарлықтай өсім беруде. Ресейге экспорт 60 пайызға, Беларусьқа 2,3 есеге ұлғайды. Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның алдағы ондаған жылдарды қамтитын даму жолын айқындаған тарихи саммиті өткізілді. Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымына төр­ағалығына осы ұйымның өте күрделі кезе­ңінде кірісті. Біз таяудағы жылдар өзіміз үшін және бүкіл әлем үшін қамсыз  отырудың уақыты емес екенін түсінуге тиіспіз. Әлемнің дамуы күрделі екені талассыз. Біріншіден, жаһандық экономиканың үрдіс­тері көңіл жұбатарлықтай емес. Қаржы рынок­тары тұрақсыз, әлемдік бағалар секіріс үстінде. Көптеген онжылдықтардан бері алғаш рет АҚШ-тың рейтингтік позициясы төмендеді. Еу­ропалық Одақ экономикалық проблемаларына малтығып жатыр. Еуропадағы әлеуметтік тол­қу­лар қазірдің өзінде ірі қалаларда жаппай ойрандау мен тонауларға  ұласа бастады. Біз мұны Лондон секілді қуатты да тыныш қалада көрдік. Осының бар­лығы үрей туғызатын белгілер. Әлем бұрынғы дағдарысты жылдардан тиісті қорытынды шығарған жоқ. Және де қазір ешкім тіпті таяудағы айларға да дәл болжам айта алмайды. Жаңа жаһандық экономикалық модельге көшу идеясы  күні бүгінге дейін тек пікірталас тақырыбы ғана болып қалып отыр, деді Президент. Екіншіден, әлем қауіпсіздіктің айтарлықтай қатерлерімен бетпе-бет  келуде. Африкадағы жа­һан­дық аштық ошағы қазірдің өзінде ондаған миллион адамды қамтыды. БҰҰ болжамы бой­ынша, аштық біздің Орталық Азиядағы бірқатар көрші­лес мемлекеттерге де қатер төндіруі мүм­кін. Сәй­ке­сінше, заңсыз миграциялармен, эпи­де­миялар­мен, жанжалдармен байланысты қауіп-қатерлер де біршама жоғарылауда. Әлемдік ақ­па­раттық кеңістік те «ұрыс даласына» айналуда. Жаһандық желіде «интернет-пираттардың» қыл­мыстық тобы лаң салуда. Олар шабуылдар ұйым­дастырып, компанияларға, банктерге, тұтас­тай мемлекеттерге зиян шектіруде, деді Мемлекет басшысы. Үшіншіден, әлем айтарлықтай геосаяси өзгерістер табалдырығында тұр. Таяу Шығыс тасқындап жатыр. Біздің шекарамыз маңында да тыныштық жоқ. Мемлекеттердің барлығы бірдей тұрақсыздық толқынына қарсы тұра алмайды. Этносаралық және дінаралық жанжалдар тәуекелі өсе түсуде. Жақында бүкіл әлем бейбіт Норвегиядағы жантүршігерлік лаңкестік­тен есеңгіреп қалды. Халықаралық терроризм­нің жаңа тықсыру қатері жоғары күйінде қалып отыр, деп ойын түйіндеді Елбасы. Президент осы орайда жаңа қауіп-қатерлер алдында экономикамызды, мемлекетімізді және қоғамымызды бекемдеу біздің ортақ парызымыз екенін атап көрсетті. Барлық билік тармақ­тарының, оның ішінде Парламенттің де алдағы жұмысының басты мән-маңызы осында. Қазақстанның ағымдағы және дамудың стра­тегиялық жоспарларын есепке қоса алғанда, бесінші сессия барысында Парламентке заң шы­ғарушылық міндеттердің төрт блогын шешу қажет, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Біріншіден, біздің экономикамызға, әсіресе, басым салалардағы инновациялық үдерістерді ынталандыратын нақты заңнамалық нормалар ауадай қажет. Үкімет «Индустриялық-иннова­ция­лық қызметтерді мемлекеттік қолдау ту­ралы» заң жобасын дайындады. Жақын арада ол Мәжіліске түседі. Оны жедел түрде қарап, 2012 жылдың басында іске қосу керек. Кезекті маңызды міндет – энергетика сала­сының инвестициялық мүмкіндіктерін артты­ра­тын заңдар қабылдау. Энергетиканы дамыту – біздің Тәуелсіздігімізді нығайту мәселесі. Парламент қазірдің өзінде қолданыстағы заң­на­ма­лық актілерге бірқатар түзетулер мен толық­ты­руларды қарастыруда. Олар энергия ре­сурстарын тұтыну сапасын жоғарылататын бір­қа­тар шараларды қамтиды. Жақын уақытта осы заңдарды қарауды аяқтау маңызды. Осылай деген Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен Үкіметтің «Энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заң жобасын дай­ын­дағанын назарға салып, осы маңызды заңды қарауға тезірек енгізуді өтінді. Сіздердің естеріңізде болар, жақында Оң­түс­тік Корея президентінің біздің елімізге ресми са­пары болды, деп жалғады сөзін Елбасы. Біз Балқаш ЖЭС-і құрылысы туралы әңгіме қозға­ға­нымызда, ол маған Қазақстанның электр энер­гия­сы желілеріндегі шығын 20 пайызды құрай­тынын, ал Кореяда бұл сан 4 пайыз ғана екенін айтты. Сондай-ақ, ол сіздер электр энергиясын беруде жақсы үнемге қол жеткізе бастасаңыз­дар, стансаны салмай-ақ қоюларыңызға болады, деді. Біздің Үкімет осы орасан тәжірибені үй­ре­нумен неге айналыспайды? Біз электр энер­гия­сын бірінші кезекте ескі өндірістерде жоғалтып жатырмыз. Біздің азаматтарымыз электр энер­гиясын ғана емес, сондай-ақ жылуды, суды және басқа да ресурстарды үнемдеп үйренген жоқ. Мұнымен бүкіл әлемде баяғыдан айналысады. Бізде бәрі тегін, бізде көршілерімізге қарағанда, абсолютті төмен бағалар. Біз мұндай төмен параметрлерді ұстай алмаймыз, өйткені, тіпті Кеден одағы мүшелеріне, оның үстіне Біртұтас экономикалық кеңістікте ұтылатын боламыз. Сондықтан адамдарға белсенді насихаттап, түсін­діру керек, Үкіметке мұнымен өте сал­мақ­ты айналысу қажет. Осы ретте бұл заң, оның қабылдануы жақсы ынталандыру болады. Парламентте бір жылдан бері банк және қаржы ұйымдары қызметін тәуекелдерді азайту тұрғысында реттеу туралы заң жобасы қаралуда, деп жалғады ойын Мемлекет басшысы. Өткен жылдың соңынан бері жобалық қаржыландыру туралы заң төңірегіндегі пікірталастар жалға­сып келеді. Мен әлемдік қаржы жүйесіндегі қауіпті ахуалға тағы да назар аудармақпын. Бұл заң жоба­лары барлық қаржы қызметін пайда­лану­шыларға қатысты құқықтық кепілдіктерден тұрады. Осы заңдардың тезірек қабылдануын сұраймын. Біз сіздермен бірге осыдан үш жыл бұрын біздің банк жүйесінің қандай күйге ұшырағаны­ның куәсі болдық. Ешкімнің  және ештеңенің ба­қылауында болмаған, мейлінше бейтарап банк жүйесі, кейбір банктер жағдайымен әлі күнге айналысып жатқанымыздай, осындай ауыр жағдайларға әкеліп соқтырды. Банктер, әсіресе БТА алаяқтар мен ұрылардың нағыз анайы түрде шоғырланған орнына айналды.  Сондықтан бізге қазіргі күні бәрін егжей-тегжейлі айқындап беретін заң жобалары қажет. Тағы бір маңызды міндет – мен ұсынған «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске қосу үшін құқықтық база жасау, деп атап өтті Президент. Осы орайда Елбасы аталмыш жобаның әлеумет­тік құрамына депутаттар назарын аударды. Ол –  қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және сонымен бірге бизнес пен тұрғындар ара­сын­да­ғы сенімді ұлғайту мүмкіндігі. Бізде бұрын мұн­дай бол­ған жоқ. Бұл 1992-де жекешелендіру деген не, жеке меншік деген не дегенді түсіндір­ген­мен бірдей. Барлық адамдар үшін үлкен тү­сіндіру жұмыстары қажет. Әлемде бәрі де мұ­нымен ертеден айналысады және түсінеді. Мемлекет бас­шысы тиісті заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарауға енгізуді Үкіметке тапсыра оты­рып, депутаттардан оны кешіктірмей қарауды сұрады. Біздің стратегиялық міндетіміз елдегі бизнес ахуалды үнемі жақсартып отыру деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Біз біраз істер тындырдық, оны кәсіпкерлер де сезінуде. Сіздер де бүгінде қандай бағдарламалардың қабыл­дан­ғанын білесіздер. Осы орайда мемлекеттік органдардың биз­нестің жаңа субъектілерін жоспарлы тексеруіне ол тіркелген сәттен бастап үш жыл мерзімге дейін заңды түрде тыйым салу қажет деп есептеймін. 2012-2014 жылдарға арналған үш жылдық бюджетті қалыптастыруға сындарлы әрі негізделген көзқарас таныту қажет, деді Елбасы. Онда Қазақстанның ІЖӨ көлемі бойынша әр адамға 15 мың долларға шығуы жөнінде өте салмақты да асқақ міндет қойылған.  Ол экономикалық және әлеуметтік дамудың барлық міндеттерін шешуді жүзеге асыратындай тұрғыда теңдестірілген болуы тиіс. Міндеттердің екінші блогы – ол одан әрі әлеуметтік жаңғырту үдерісін заңдық тұрғыда қамтамасыз ету. Бірінші кезекте білім беру мен ғылымның құқықтық базасына түзетулер енгізу керек. Оны халықаралық стандарттарға сәйкес­тен­дірудің маңызы зор. Білім беру мекемелерін жан басына қаржыландыру және білім беру қызметі саласындағы мемлекет-жеке меншік әріп­тестігі қағидаттары заңмен бекітілуі тиіс. Білім беру несиелерін кепілдендіру жүйесін да­мыту үшін құқықтық жағдайлар туғызудың да маңызы зор. «Білім беру туралы» заңға өзгер­ту­лер мен толықтырулар енгізудің мәні де осында. Зияткерлік меншік рыногын дамыту үшін заңнамалық база жасау қажет. Бұл қазақстандық ғылымның қарқынды дамуының маңызды шарты болмақ. Еңбек кодексін модернизациялау еңбек қаты­на­сына барлық қатысушылардың – жұмыс­шы­лар­дың, жұмыс берушілер мен мемлекеттің мүдделерін теңдестіруге тиіс, деп жалғады ойын Н.Назарбаев. Үшінші міндет, құқық қорғау органдары мен әділ сот жүйесін реформалаудың заңнамалық негіздерін ұлғайту. Ұйымдасқан қылмыспен күрес саласында қылмыстық және қылмыстық-процес­суал­дық заңнамаларды жетілдіру қажет. Сот жүйе­сін нығайту жөніндегі бірқатар заң жобаларын да соза бермей қарастырған жөн. Әңгіме жергілікті соттардың рөлін арттыратын және Жоғарғы Соттың қадағалау функцияларын ұлғайтатын құ­қық­тық нормалар туралы болып отыр, деп нақ­тылады өз ойын Елбасы осы орайда. Сот процесін қарапайымдандыру мен әділ сот тәжірибесіндегі негізсіз әуре-сарсаңдарды жою да маңызды мәселе. Сол сияқты Парламент «Ұлттық қауіп­сіз­дік туралы» заңның жаңа редакциясын және «Ар­найы мемлекеттік органдар туралы» заң жобасын талқылап, қабылдауы керек. Сыбайлас жемқор­лықпен бітіспес күрес жүргізу құқық тәртібін нығайтудың маңызды аспектісі болып табылады. Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы заңнаманы осы қатердің алғышарт­та­рын болдырмайтындай нақты нормалармен дамыта түсу қажет. Президент отандық БАҚ-тар мен ҮЕҰ-лар­ды дамыту ісін төртінші міндет ретінде атап өтті. Үкімет «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын әзірледі. Мұны қабылдау отандық теле және радио арналарына қуатты серпін бермек. Жоба таяу уақыттарда Мәжіліске енгізілетін болады. Мемлекет пен үкіметтік емес сектордың өзара қарым-қатынастарының құқықтық норма­ла­рын күшейту қажет. Осы сессия барысында Парламентке сол сияқты «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын да қарауға тура келеді. Дінаралық келісім – біздің хал­қымыздың бірлігінің негіздерінің бірі. Жоға­ры­да аталған заңдардың бәрі Қазақстан Тәуел­сіз­ді­гіне жаңадан берік құқықтық кепілдіктер береді. Мен Парламент басшылығы мен депутаттар­дың Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Деклара­циясын қабылдау жөнінде бастама көтергенін білемін, деді Елбасы. Бұл ұсынысты қолдаймын, өйткені ол біз үшін, барша халық үшін маңызды кезең. Оның біздің қоғамымызды топтастырудағы жаңа маңызды құжат болатынына сенімім мол. Парламенттің бесінші сессиясы – Мәжілістің біздің тарихымыздағы тұңғыш партиялық құ­рамы үшін қорытынды сессия, деп жалғады сө­зін Мемлекет басшысы. Төртінші шақырылған Пар­ла­менттің саяси ядросы – «Нұр Отан» пар­тия­сы фракциясының депутаттарына алғыс айт­қым келеді. Өз жұмысымен партия Парламент қызметін жаңа деңгейге көтерді. Бұл Қазақ­стан­дағы бар­лық партиялар үшін сайлаушылар ал­дын­дағы зор жауапкершілік үлгісі. Келесі сайлаудан кейін, заңға сәйкес, Мәжіліс кем дегенде екі партиялы болады. Осылайша біздің жас де­мо­кратия­мыздың дамуындағы жаңа саты басталады. Парламент – мемлекеттің айнасы. Сіздер билік пен халық арасына алтын арқау болып, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Бүгінде біз ел тарихының бүтін бір дәуірін қорытындылап, бетбұрысты жаңа кезеңнің басында тұрмыз. Сондықтан, ал­дағы сессияда маңызды міндеттерді заңнама­лық жағынан қамтамасыз етуде сіздерге сенім арта­мын,  деп түйіндеді ойын Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзінің соңында Елбасы баршаны Парламент сессиясының ашылуымен құттықтап, депутаттарға  Қазақстанның өркендеуі жолында жемісті заң шығарушылық жұмыстар мен жаңа тарихи шешімдер тіледі. Президенттің сөзінен кейін күн тәртібінде төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясының ашылуы және жақында сайланған депутаттардың ант беруі туралы мәселе қаралды. Оған Сенаттан – 46, ал Мәжілістен 106 депутат қатысып, күн тәртібіндегі мәселені бекітті. Сессия ақталысымен жаңадан сайланған депутаттар ант беретіні белгілі. Қазақстан хал­қы­на депутаттар тарапынан берілетін антты Қа­зақ­стан Республикасының Президенті қабылдайды. Осылайша Сенат Төрағасы Қ.Мәми бастаған депутаттар В.Редкокашин, Ж.Ерғалиев, Е.Сағын­дықов, Л.Тұрлашов, Е.Астаев, Ж.Нұрғалиев, М.Мұхамедов, Б.Шелпеков, А.Күзеков және С.Ескендіров Президент алдында салтанатты түрде Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді. * * * ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ

БАРЛЫҚ БАСЫМ БАҒЫТТАР ҚАМТЫЛҒАН

Әлихан Байменов, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы. Мемлекет басшысы ай­қын­дап берген төрт блок­тың міндеттері дер кезінде және сапалы жүзеге асып жатса, онда Қа­зақ­станның әрі қарайғы тұрақты дамуын қам­тамасыз ететін заңнамалық база қалып­таса­тын болады. Олардың төртеуі де елімізде биз­нес ауанын орнатуда, әлеуметтік жаңар­ту­ларда, құқық қорғау жүйесін, соның ішінде жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын жетілдіруде өте маңызды. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты айтқанда, оның басымдықтары мен дамуы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар­мен өзара ықпалдастығы мәселелері ерекше қозғалды. Сондықтан да еліміздің әрі қа­рай­ғы дамуын қамтамасыз ететін заңдарды қабылдаудың барлық басым бағыттары қам­тылды деп айта аламын.

БАҒА БЕРІЛЕТІН КЕЗЕҢ

Нұрлан ӘБДІРОВ, Мәжіліс депутаты. Ең бастысы – Елбасы би­ылғы басталған сессияның ерекшелігін атап кетті. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында бас­та­лып жатқан сессия шынымен де де­пу­тат­тарға үлкен міндеттер жүктейді. Оның үс­ті­не биыл қос палаталы Парламенттің жұ­мы­сына да 15 жыл толып отыр. Бесінші сессия – алғашқы пар­тиялық тізіммен құрылған Мәжілістің қызметіне баға берілер кезең. Мемлекет басшысы осы орайда төрт басты басымдықтарға ерекше назар аударып кетті. Соның бірі – инновациялық экономика. Осы саладағы көптеген заңдар қабылдануы керек болса, соның ішінде энергетикаға бай­ланысты заңнамаға ерекше тоқталды. Тағы бір айта кететін жәйт –  қоғамның әлеуметтік өміріне қатысты мәселелерді заңдық тұр­ғы­дан қамтамасыз етуге баса назар аудару қажеттігі атап көрсетілді. Білім беру мен медицина салалары да қаперден сырт қалған жоқ. Сондай-ақ, құқық қорғау саласын дамы­туға, соның ішінде ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселесіне ерекше ден қойылды.

ТҰРАҚТЫ ДАМУ ҮЛКЕН МАҢЫЗҒА ИЕ

Ермұханбет ЕРТІСБАЕВ, Президенттің кеңесшісі. Азық-түлік жетіспеушілігі, діни экстремизм  мен өзге де көптеген келеңсіз­дік­тер елдің берекесін кетіруі мүмкін. Мемлекет бас­шысы осы ретте ұзақ мерзімді тұрақты даму үлкен маңызға ие екендігіне ерекше тоқталды. Бұл бағытта Парламент пен Үкіметтің бір режімде жұмыс істеуі қажеттігі атап айтылды. Сондықтан да Парламент алдына заңдар мен құқықтық-нормативтік актілерді қабылдау бағытында нақты міндеттер қойылды. Менің ойымша, бұл міндеттер жоғары заң шығарушы орган тарапынан мүлтіксіз орындалуы тиіс. Елбасы өз сөзінде діни проблемаларды да айналып өткен жоқ. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, оның басты қағидаттарын ұстануымыз шарт. Өкінішке қарай, көптеген жастарымыз теріс бағыттағы діни ағым­дар­ға кетіп қалып жатыр. Шынтуайтында, еш­бір дін күш көрсетуге үндемейді. Дін атын жамылған жастар құқық қорғау ор­ган­дары қызметкерлерін өлтіріп жатса, оның дінге қатысы жоқтығы айдан анық. Сон­дық­тан мұндайды экстремизм деп қарастырған жөн.

ХАЛЫҚҚА ТҮСІНДІРУ ЖЕТІСПЕЙДІ

Сергей ПЛОТНИКОВ, Сенат депутаты. Егер Елбасының алға қойған міндеттеріне үңіле­тін болсақ, онда нақты төрт бағыт қамтылған. Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Парламент пен Үкімет алдына нақты міндеттер жүктеді. Соның басым бағытының бірі ретінде елді индустрияландыру, осы бағыттағы басым­дықтар, соның ішінде энергия үнем­деу мәселелері қамтылды. Менің ойымша мұнда баламалы энергия көздері мегзеліп отыр. Ұлттық компаниялар акциясын халыққа сату тұрғысында да Үкіметке бірқатар міндеттер жүк­тел­ді. Бізде әзірге бұл сала онша дамымаған. Олай болса, біз оны шетелдік тәжіри­бе­лер­ге қарай отырып зерделеуіміз қажет және осыны халыққа барын­ша түсінікті тілмен жеткізе білуіміз керек. Халық осы бағдарламаның байы­бы­на бар­ған­нан кейін ғана ол өміршең болуы мүмкін. Мемлекет басшысы білім беру, денсаулық сақтау және еңбек салаларындағы заң жоба­лары­на да тоқтал­ды. Сот-құқықтық реформаға қа­жет­ті заңдарды қабыл­дау мәселесі де орынды атап өтілді. Әсіресе, соңғысына қатысты айтар болсам, өмір болған соң барлығы да өзгеріп жатады. Президент осыған қатысты сөзінде қайта құ­ру­лардың қайта құрулар үшін жасалмауы қажет­тігін нақты жеткізді ғой деп ойлаймын.

КЕЛЕЛІ ІС КЕЛІСІММЕН ШЕШІЛЕДІ

Қайрат Лама ШӘРІП, Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы. Елбасы сөйлеген сөзінде дін мәселесіне, со­ның ішінде мешіт атау­ла­ры­на қатысты айтып кетті. Мешіт маңдай­ша­ла­рында ата-бабаларымызға еске алған ұрпақ­тарынан деген жазулар көбейіп кетті. Олардың кісі атымен, кейбір жерлерде басқа ағымдағы ишандардың атымен ата­луы мәселесін терең зерделеп, бір шешімге келген жөн. Елімізде 2400 мешіт болса, соның 90 пайыздан астамы  кісі аттарымен аталады екен. Сол кісілердің мешіт атауына лай­ық­ты-лайықсыз екенін қоғамдық пікір туғыза отырып реттейміз деген үміттеміз. Парламентке ұсынылған дінге қатысты заңдық құжат жобасында мешіт қызметіне қатысты бірқатар баптар бар. Ең бастысы, мешіттерде жұмыс істеп жатқан имамдардың діни сауатын арттыру. Бүгін теріс пиғылды ағымдардың оғаш іс-қимылдарын имамдар өз білімдерімен ғана еңсере алады. Жалпы, мешіт төңірегінде күрделенген мәселелер көп. Әрине, бұл мәселелерді біз Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сы­мен де пікірлесе отырып, бір шешімге келіп, халықтың көңілінен шығатын Ислам­ның Ханафит мазхабындағы дамыту жо­лын­да іс-әрекеттер жасаймыз деген ойдамын.

ҮНЕМШІЛДІК – ДАМУДЫҢ БАСТЫ КІЛТІ

Хусаин Валиев, Сенат депутаты. Президент Н.­На­зар­баев Парламент палата­ла­ры­ның бір­лескен отыры­сын­дағы сөй­леген сөзінде Оңтүстік Корея президентімен кездескендегі әңгімені ауызға алды. Сонда Корея президенті өз еліндегі қуат үнемдеу жоғары деңгейге қойылғандығын, шығын тек 4 пайызды ғана құрайтынын айтыпты. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы орынды атап кеткендей, Қазақстанда электр қуатын үнемдеу мәселесі кенже қалып отыр. Энергия жоғалту немесе шығын 20 пайыздай. Сондықтан мен елге түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп есептеймін. Әрине, ол үшін арнайы заң да қабылдау керек болар. Оның қабылдануы қажеттігіне менің еш күмәнім жоқ. Елбасы Парламентке және Үкіметке маңызды міндеттер жүктеді. Сондықтан да Қазақстанның дамуы үшін бұл міндеттер орындалуы тиіс.

САЛАНЫ ӨЗГЕРТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Майра Айсина,  Мәжіліс депутаты. Президент өз Жолдау­ын­да да айтып кетті, Парламент палаталарының бірлескен отырысында да орын­ды көтеріп отыр, шын мәнінде, әлеуметтік саланы өзгерту қажет. Қазіргі таңда арнайы бағдарлама да бар. Бұл не үшін қажет? Егер бюджетке көз салсақ, соның 50 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Қазақстанда 16 миллион адам тұратын болса, соның 5 миллион 300 мыңы әлеуметтік көмек алуда. Елге барғанда адамдардың тек ақша алуға бейімделіп алғанын, жұмысқа бейімі жоқтығын байқайсың. Мемлекеттің бай болуын ойласақ, онда тұрғындар әуелі өздерінің баюы қажеттігін түсінгені жөн. Бір адам байыса, ел салмағы артады. Елбасының әлеуметтік бағдарлама өзгерсін дегені сол. Осы арада атап көрсететін бір жәйт, кемтар-мүгедек адамдарға көмек көбейсе, қол-аяғы сау адамдарға қолдау қажет. Шілдеден бастап мұндай бағдарламаға 42 миллиард теңге бөлінді. Ендігі жылдан 2020 жылға дейін 100 миллиард теңге бөлініп отырады. Жұмыс істеймін дегендерге 5 жылға дейінгі мерзімге 3 миллион теңге несие берілетін болады. Мамандығы бойынша жұмыс болмай жатса, өзге мамандыққа жарты жыл ақы төлеп оқытамыз. Жұмыс істеймін деген адамға қазір барлық жағдай жасалуда.