Жаңа оқу жылының басталуынан бір күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Haileybury Astana» халықаралық мектебіне барып, аралап көрді. Британияның 200 жылдық тарихы бар ең әйгілі дербес оқу орындарының бірі болып табылатын аталмыш мектептің алғашқысы осыдан үш жыл бұрын Алматыда ірге көтерген болса, енді мінеки, Астанада есігін айқара ашып отыр.
2009 жылы құрылысы басталған «Haileybury Astana» мектебі Президенттік саябақ ауданында орналасқан. Мектептің жалпы аумағы 13 гектар, оқу ғимараттары 21 мың шаршы метрді алып жатыр. 53 сынып, 6 зертхана, 3 дыбыс жазу студиясы, 1 шеберхана, 10 музыкалық сынып, 1 спортзал, 2 бассейн, 600 орындық асхана, 4 теннис корты, 1 футбол алаңы, 780 орындық театр, би студиясы бар мектепте 640 оқушы оқитын болады. Соның ішінде 160-ы бастауыш мектепке барса, 160 оқушы орта буында және 320-сы жоғары сыныптарда білім алады. Сабақтар аптасына бес күн, таңертеңнен кешке дейін жалғасады. Биылғы оқу жылының алғашқы кезегінде 1 сыныптан 6 сыныпқа дейінгі 220 жеткіншек оқуға қабылданыпты. Оқушыларға 61 мұғалім сабақ берсе, олардың 27-сі шетелден шақыртылып, қалған 34-і өзіміздің отандық ұстаздар екен.
Мектеп басшыларының сөздеріне сүйенсек, жалпы құрылысқа 46 млн. АҚШ доллары жұмсалса, бұл қаражатты «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры» қоғамдық қоры мен еліміздің бірқатар жетекші кәсіпкерлері көтеріп алыпты. Ал мектептің оқу бағдарламаларына келер болсақ, оқу жоспары Ұлыбританияның оқу жоспары стандартына негізделген екен. Бірақ мектептің Қазақстанда орналасқаны ескеріле отырып, академиялық бағдарлама Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына мүмкіндігінше сәйкестендірілген. Жоғары сыныптардан бастап оқыту халықаралық бакалавр дипломына ие болу үшін аккредиттелген бағдарлама бойынша жүргізіледі.
Мектеп ғимаратымен танысу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мектептің оқыту бағдарламасындағы кейбір ерекшеліктерге тоқталды. «Қазақстанда біз үш тілді дамытамыз деп отырмыз. Бірінші орында, ең бастысы – қазақ тілі. Ол – мемлекеттік тіл. Сосын ағылшын, орыс тілдерін оқытамыз. Бұл барлығына түсінікті болу керек. Мен өзім біздің елде осындай мектептер болуы үшін бәрін жасадым. Алматыдағы мектеп те, осы мектеп те Қазақстан аумағында орналасқан. Сондықтан, әрбір бала біздің халқымыздың тарихын, әдебиетін, мәдениетін біліп шығуы тиіс», – деді Елбасы.
Білім ордасын аралап шыққаннан кейін Елбасы осында білім алатын оқушылардың ата-аналарымен де кездесіп, «Haileybury» мектебі туралы пікірін ортаға салды. ТМД аумағында небәрі екі-ақ «Haileybury» мектебі бар екенін және екеуі де Қазақ елінде екендігін тілге тиек етті.
«Haileybury Astana» мектебінің болашақтағы оқу үрдістері жайлы білмек оймен мектеп директоры Эндрю Остерді сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, білім беру жүйесінде ең басты құрал – мұғалімнің біліктілігі. «Ұстаз мықты болса, шәкірт те білімді болады. Сол үшін де мектепке білімді әрі білікті ұстаздарды жұмысқа алуды қатты қадағалап отырмыз. Сабақтар ағылшын тілінде жүргізілгенімен, қазақ және орыс тілдеріне де басымдықтар беретін боламыз», – деді ол.
Қытайдың «Бір жылдық жоспар құрған – күріш егер, он жылдық жоспар құрған – ағаш отырғызар, өмірлік жоспар құрған – ұрпағын біліммен сусындатар», деген мәтелі бар. Елдіктің ертеңін өр тұлғалы, білімді, мақсаткер жастардың бойынан көруге асыққан киелі Қазақ елі де дәл осы мәтелдегі айтқан терең оймен өз өрендерін жан-жақты оқытып, олардың білім алу жолында қаржыны да, қайратты да еш аямақ емес. Өйткені, біз елдік жолында жастардың жігеріне нық сенген халықпыз.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.