03 Қыркүйек, 2011

1 қыркүйекте 17 мектеп, 6 балабақша ашылды

333 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ал үш жыл ішінде 164 білім ошағы пайдалануға берілді Оңтүстікте 1 қыр­күй­ек күні жаңадан салынған 17 мектеп, 6 балабақша оқу­шыларға есігін айқара ашты. Соның бірі Сайрам ауда­ны Қайнарбұлақ ауыл округі, Шіркін ауылын­да­ғы М.Өзтүрік атын­да­ғы 300 орындық мектеп. Төле би ауданында өт­кен  “Ырыс алды – ынтымақ” фо­ру­мын­да облыс әкімі Асқар Мырзах­ме­тов бюджет есебінен биыл 54 мектеп, 18 балабақшаның, сондай-ақ 8 мектепке қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан. Жеке кәсіпкерлер қосқан үлесті айтпағанда үш жылдың ішінде мемлекет қар­жы­сы есебінен 164 білім беру нысан­дары салынған екен. Егер осыны жіліктер болсақ, 2009 жылы 45 мектеп пен мектепке дейін­гі мекемелер пайдалануға берілсе, 2010 жылы білім ошақ­тары­ның саны 60-қа жеткен. Оған биылғы жыл соңына дейін қосы­латын 58 ғимаратты қосыңыз. Республика бойынша үш ауы­сым­­дықты қойып, төрт ауысым­дық мектеп те осы Оңтүстікте бол­ған. Мәсе­лен, Сайрам ауда­нын­дағы Қарабұлақ ауылында 41 мыңнан аса халық тұ­рады. Әр үйден таңертеңгілікте көк сөм­ке­лерін көтеріп, сай жағалап мектепке қарай ағылатын балалардың ата-аналары жандарын шүберекке түйіп отыратын. Қара су бұлағын жағалап қонған ауылдың орта­сын­дағы күрежол гүрілдеген, азы­наған нөпір машинадан сәт боса­ған емес. Шиеттай бала-шағасын асы­­рау үшін азғана жерін түрті­нек­теп, кетпен шауып жүрген ди­қан­­дар­дың, шаруасы көптіктен бүл­діршінін мектепке апарып, әке­ле алмайтын ананың жүрегі тілім-тілім болма­ғанда қайтеді. Үш жылда 164 білім беру оша­ғы іске қосылған. Былай қарасаң, жәй сан, жазсаң бір жолға сыйып-ақ кететін сөйлем. Ал, осында ел­дің тағдыры, болашағы жатыр ғой. “Шіркін” ауылындағы үш қабат­ты әсем мектептің ашылу сал­та­на­тында облыс әкімі осы жайларды жұрттың есіне салды. «Бір жылда бір облыста бір мезгілде 17 мектепті салып, пайдалануға беру Ке­ңес одағының дүрілдеп тұр­ған кезінде де болмаған»,  деді. “Осының бәрі тәуелсіздіктің же­місі, біз мұны бағалауымыз, қа­ді­ріне жетуіміз керек” деген облыс басшы­сының сөзіне сын таға алмайсың. “Көрмес түйені де көрмес” дейді ғой. Қазақстанның ас-суын ішіп, бала-шағасын асырап отырса да “бұл елде сыңар түйме де шығарыл­майды” дейтіндер үшін қуаныш емес шығар, ал апатты жағдайдағы мек­теп­терінің орнына атты кісі түсіп қа­райтындай нағыз мектеп салын­ғанына халық қатты қуанулы. Сарыағаш ауданындағы Шәм­ші Қалдаяқов атындағы орта мек­тептің апатты жағдайда тұрған­ды­ғы сон­ша­­лық, жан-жағын бақан­мен басты­рып, тіреумен тіреп іл­дәл­далап жүр­ген.  Енді ондағы ағай­ын­дар да әке­сі базардан орал­ған­дай екі өкпе­лерін қолына алып, жүректері жарылардай қуанып жүр. “Шіркіндегі” мектептің құры­лы­сы­на облыстық әкімдік бюджет есебінен 450 млн. теңге бөлген. “НЭСТ” ЖШС-нің басшысы Ба­қыт­жан Ақ­бердиев мектеп дирек­торына мек­теп­тің символдық кілтін табыс етті. Бір жылдың ішінде орта мектепті ойдағыдай салған серіктестік жұ­мыс­ты тиянақты жүргізген. 180 орын­дық мәжіліс залы, асхана талап­қа сай. Лин­га­фондық, мульти­ме­дия­лық кабинеттер компьютерлермен толық жабдықталған. Интерактивті тақ­та­лар бар. Әр пәнге екі сыныптан тиеді. Яғни, оқушылар бір ауы­сымда толық білім алады. Жаңа оқу жылында пай­да­лануға берілген білім ошақ­та­ры­ның жайы­на келсек, 17 мектептің 11-і апатты мектеп болса, 2 мектеп үш ауысымда жұмыс жасап келген. 1 мектеп «100 мектеп» бағ­дарламасы бойынша бой кө­тер­се, 3 мектеп ыңғайластырылған мектеп болатын. 7 балабақшаның барлығы «Балапан» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Облыстық бюджеттен білім ме­ке­ме­лерінің ғимараттарын күрделі жөн­деуден өткізуге 2010 жылы 1 млрд. 103,6 млн. теңге қаралса, 2011 жылы 2 млрд. 316,9 млн. теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 54 мектептің, 18 балабақшаның және 8 мектепке қосымша құры­лыс жұмыс­тары жүргізілуде. 2011 жылы 38 612 оқушы мектепті бітірген болса, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа баратын бала саны 56 мыңға жетеді деген болжам бар. Яғни, талдау жұмыс­та­ры­ның ба­ры­сында соңғы жыл­дарда мектепке қабылданып жат­қан баланың жыл сайынғы өсімі 20 мың баланы құрайтыны анықталды. 2010 жылмен салыстырғанда мек­тепке дейінгі ұйымдар 81 бірлікке, бала саны 8906-ға көбейіп, «Балапан» бағдарламасына сәйкес мектепке дейінгі 3-6 жастағы балалар­ды қамту 6,5%-ға артып отыр. «Балапан» бағдарламасы бойынша 2011 жылы 3-6 жасқа дейінгі бала­ларды кемінде 50%, ал 2015 жылға дейін 70% қамту жоспарлануда. Соның нәтижесінде, 2011 жылы 16592 орынға 198 мектепке дейінгі ұйымы ашылады деп жоспарланса, бүгінгі күні 5873 орынға 81 мектепке дейінгі білім ұйымы іске қосылды. Сонымен қатар, бұрынғы жұмыс жасап тұрған балабақшаларда қосымша топтар ашылып, 3033 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Айтқандай, жаңа оқу жылы­ның қарсаңында облыстық білім басқар­масының бастығы ауысты. Жаңа қыз­метке мемлекеттік қыз­метте ысыл­ған, әкімдік аппара­тында сектор мең­герушісі болып қызмет атқарып келген Альбина Елшиева тағайындалды. Оңтүстік қазақы жер болғандықтан осын­дай тағайындауларда күбір-сы­быр қатар жүреді. Облыстың бас мұ­ғалімдігіне облыстағы 1017 мектеп бас­шыларынан емес, аппарат­тағы қыз­меткердің тағайындалға­нына қан­дай жіп тағарын білмей дағдарғандар көп. “Бекер. Бір күн де мектепте са­бақ бермеген адам білім басқар­масын басқарып оң­дыра ма?” дегендер де болған. Таңдаудың тосын болғандығы рас. Бірақ, Оңтүстіктің мектептері жай­ында республика көлемінде сып­сың әңгіме көбейіп кеткендігі шын­дық еді. “Ұстап алмаған ұры емес” деген қисынға салсаң, мектеп бас­шы­ларының уәжі орынды шығар. Мек­тепке мұғалім болып кіруде ма­ша­қат көп. Сенбейін десең, көз көріп құлақ естіп отыр. Талай мектеп ди­рек­торларының ауызы осыдан күйіп жатыр. Жа­қында қаржы полициясы еден жууға жұмысқа алу үшін бір әйел­ден 80 мың теңге талап еткен Мақ­тааралдың мектеп директоры­ның аранын басты. Еден жуушы­дан 80 мың талап етіп жатқанда мұға­лім­нің бағасы қандай бола­рын шамалай беріңіз. Сондықтан да орта мектепті нәпақа көре­тін­дер көп. Пәлен жыл діндар болып, Меккеге де барып келген бір азамат күректей сақалын бір күнде қырып тастап, мойнына шоқ­пар­дай галстук байлап, мектепке директор болып тағайындалғаны да ел аузында жүр. Термелей берсең мұндай оқи­ға­лар өте көп. Облыс басшысы осын­дай келеңсіздіктердің алдын алу үшін тосындау қадамға барса керек. Солай-ау деп сендік. Кім қалай айтса да ұлыстың ұйытқысы, берекесі бо­лып отырған өңірге мұндай оқиғалар көлеңке түсіре алмасы анық. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.