22 Желтоқсан, 2016

«Қазақты» сақтайық!

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Апырай десейші! Ғасырлар бойы ұлт тілінде не газет, не журнал болмаған жалпақ Қазақ елінде өткен ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында атақты Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетін шығаруы «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болғанмен» (С.Торайғыров) тең құбылыс болғанын қазіргі ұрпақ сезінер ме екен, білер ме екен?! Ахмет Байтұрсынов пен өзге де көзі ашық, сауатты, білімпаз серіктері біраз жыл шығарған сол газет кейін жабылып тынды. Әйтсе де, Ахметтің өзінен бастап, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, т.б. Алаш арыстары аталмыш басылымда айтарын айтып, кеуде кернеген ой-толғамдарын жария етті. 1912 жылы шыққан «Правда» газетінің Октябрь революциясын жасауға орасан ықпал еткеніндей, «Қазақ» газетінің де Алаш автономиялы мемлекетін құруда рөлі зор болды. Ғұмыры қысқа мемлекетте Алашорданың облыстық, уездік бөлімдері құрылды. Большевиктермен күресу үшін әскери кеңес ашты, сарбаздар жинады. Алаш автономиясы басшыларының өздеріне сенгені сонша, төраға Ә.Бөкейханов, мүшелері М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов басқарған жиында Совет билігі шығарған барлық декреттер заңсыз деп саналған қаулы қабылдады. Әлбетте, ұзамай большевиктер оларды тас-талқан етті. Алашорда қайраткерлері бірі ерте, бірі кеш түгелдей атылды, асылды, жоқ етілді. Әлихан Бөкейханов 1937 жылы 6 тамызда ІІХК тергеушілеріне берген жауабында: «Мені қазақтың буржуазиялық интеллигенциясы ұлт көсемі деп таниды... Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске көтердім...» деп тайсалмай, ашық айтты. Ұсталған күні қызы Лизаға: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл барса-келместің командировкасы», – деді сабырмен. Бұл көрегендік болжау еді. Қасиет! Қазақ қасиеті! Алашорда басшылары Алаш автономия­сы таратылған кезден бастап, қудаланды. Бұған Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туып, 1920 жылы 27 жасында қайтыс болған қазақтың аса дарынды бұқарашыл ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңі де айғақ: Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов, Білемін бұл үш ердің айтпай жайын. Кешегі қара күнде болмап па еді, Бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі – Айым. Солардан басқа кеше кім бар еді, Қазақ үшін шам қылған жүрек майын? «Қазақ». Алаш арыстарының көзіндей газетті Қоғабай Сәрсекеев жылдар өткенде қайта тірілтіп, біраз жыл өзі басқарып шығарды. Ең қуаныштысы, газет Қоғабай өмірден озған соң да жанашыр, қайраткер, ел қамын ойлайтын азаматтар, өзі тәрбиелеген шәкірттерінің арқасында «Қазақ» атына сай шығып жатыр. Деңгейі, сапасы қалпында. Мазмұны тұшымды. Тек... Ахмет Байтұрсыновтың өзі болмаса да, көзіндей осынау газетті... Бүгінгі барша қазақ жазылып, алып тұрғаны мардымсыздау екені ойлантады. Жанға батады десе де болады. Соған көз жеткен соң, біраз басылым басшылары, зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса келіп, осылайша бастама көтеріп, жар салуды жөн көрдік, орынды санадық. «Қазақ» шығып жатыр, ағайын. Ахмет Байтұрсыновтың «Қазағы». Аруақ сыйлайтын қазақ емеспіз бе? Аруақ үшін аянба! Ахмет үшін! Алаш арыстары үшін! «Қазақты» сақтайық!.. Ол үшін... «Қазаққа» жазыл! Әр үйде «Қазақ» болсын! Зәкір АСАБАЕВ, жазушы АЛМАТЫ