Қазақстан Республикасының дәл бүгінгідей әлем мойындаған және қарқынды даму жолын жалғастырған ел болуында Елбасымыздың өмірлік ұстанымы мен білім тәжірибесі айрықша маңызды қызмет атқарған. Мұны біз саяси ғылымдар кандидаты, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тәрбие істері жөніндегі проректоры Жанатбек Ішпекбаевтың таяуда ғана баспадан шыққан «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты көлемді монографиясын зерделеп, оқып шыққаннан кейін бекіткен тұжырымымыз десек, ешқандай артықтығы жоқ.
Сөзіміздің дәлелі ретінде монографияда келтірілген толып жатқан деректер мен дәйектердің кейбіреулерін ғана мысалға ұсынайық: біздің Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағында экономикалық күш-қуаты жағынан бесінші орынды иемденген екен. Бірінші орында Ресей, екінші Украина, үшінші Белоруссия, төртінші Өзбекстан болыпты. Ал бүгінгі өмірдің дерегіне көз салсаңыз, онда бірінші Ресей, екінші Қазақстан тұр. Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімі 200 миллиард долларды құрайды. Кеңес заманының екінші республикасында бұл көрсеткіш бар-жоғы 90 миллиард доллар болыпты. Біздің өнім көлемінен 2,2 есе аз көрсеткіш. Қазақстанда халықтың орташа жалақысы 120 мың теңге. Бұл көрсеткіш Украинада біздегіден бес есеге төмен. Ғалым-автор өз еңбегінде бір жақты даттап, келесі жақты мақтауды мақсат тұтпағаны белгілі. Бар болғаны өмірдің нағыз деректерін мысалға келтіре отырып, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қалайша қарыштап өскенін түсіндіру үшін пайдаланылған ресми дәйектер бізге осындай ақпарат беріп тұр.
Монография авторы Қазақстанның 25 жыл ішінде қаншалықты дамығанын көрсету үшін өмірдің тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік жылдарындағы барлық сала бойынша нақты деректеріне «тіл бітірген». Сонда кемелденген Кеңес заманында қанша жерден жақсы тұрдық десек те, бар болғаны үлкен Одақтың шикізаттық «қоймасы» қызметін атқарғанымызды білетін Жанатбек Ішпекбаев бұл ретте біздің қарышты дамуымызға тек қана тәуелсіздік емес, сонымен бірге, Елбасымыздың кемел тұлға болуы айрықша қызмет атқарғанын, 1991 жылдан бері Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей нұсқауымен және жіті қадағалауымен жүзеге асырылған реформалар мен бағдарламаларды талдау арқылы дәлелдеп шыққан.
Ғалымның атап көрсеткеніндей, Елбасымыздың ең алдымен ішкі саясатта түсінік пен тыныштықты орнықтыруға күш салғаны белгілі. Сондай-ақ, сыртпен байланыста көптарапты саясат жарияланды. Міне, осы екеуі Қазақстандағы дамудың басты қайнар көзі болып шыққан. Ең бастысы, 1996 жылға дейін алапат рецессия мен гиперинфляциядан көз ашпаған Қазақстанның 1997 жылы ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» бағдарламасын қабылдағанына назар аудартқан. Өйткені, бұған дейін барлық салада реформалар жасап үлгерген Елбасымыз бұрынғы «халықтық меншік» деп аталатынды жекешелендіруді жедел бастап кеткен еді. Ал шетелдік алпауыттар «қызығатын» тұстар бізде жеткілікті болатын. Әсіресе, пайдалы қазбалар баршылық. Ең әуелі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып алуды басты ұстаным еткен Елбасы жұмыс орнын көптеп ашатын шикізат секторын шетелдік инвестицияның келіп құйылуына, сөйтіп даңғыл жол ашып берді. Ал мұның өзі Н.Ә.Назарбаевтың басты стратегиялық жоспарында көрсетілген біздің қажеттіліктердің өмірімізге енуіне мүмкіндік туғызды. Автордың атап көрсеткеніндей, бұл бағдарлама тұсында «санға көңіл бөлінген» екен. Өйткені, байырғы жұмыстарынан айырылып, көшеде сенделіп қалған отандастар талғажау табатындай «екі қолға бір күрек» берілуі керек. Бәрі Елбасының ойлағанындай болды.
Капитализм – әрқашан да дағдарысқа бейім қоғам. Оның үстіне, тауар – ақша – тауар тіркесі ұдайы бұзылатын бұл қоғамда кейінгі кезде әлгінің орнына ақша – ақша – ақша тіркесі орнықты. Яғни, тауардың мәніне көңіл бөлінбей ақшадан ақша жасауға назар аударылды. Бұл 2007 жылы тамызда Нью-Йорк қор биржасында «ойранды салды». Дәл осы жерде басталған бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс бүкіл әлемге тұмаудай тарап күні бүгінге дейін айылын жимай тұр. Осыны күні бұрын көріп-білген демесек те болжай алған Елбасы атқарушы билікке халықтың бюджеттік кірістерін кезең-кезеңмен үш жылда екі есе өсіруді тапсырған еді. Дәл әлгі жаңа дағдарыспен тұспа-тұс келген мұндай әлеуметтік қамқорлық ұлттық валютамыз теңге шамамен 30 пайызға құнсызданса да қазақстандықтардың мұндай құқайды өз тұрмыстарында сезінбеуін қамтамасыз етті. Елбасы көрегендігі деп осыны айт! 2010 жылы тұрғындарының таза кірісі 2007 жылға қарағанда екі есе өскен елін енді Мемлекет басшысы жаңа биікті бағындыруға шақырды. Бұл «2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» арқылы көрініс тапты. Бұл кезде шетелдік инвестицияға заң жүзінде сенімді кепілдік беріп үлгірген Қазақстан алыстағы ақшалы алпауыттардың қызығатын аймағына айналған еді. Енді оларға шикізатқа емес, «ақылды экономика» жасауға инвестиция құю ұсынылды. Не керек, істі осылайша бастаған Тұңғыш Президент көп ұзамай «2050» Стратегиясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялады. 2050 жылға қарай әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің сапында болуды көздейтін бұл бағдарлама сөздің тура мағынасында ел экономикасы саннан сапаға ауысатынын мәлімдегендей бір құжат болды. Бұл қазірдің өзінде өмірімізге ене бастады. Қазіргі Қазақстанда бұрын-соңды атын да естімеген мамандықтар мен солар шығарған өнімдер пайда болып жатыр.
Осылардың бәрін ғылыми екшеуден өткізген ғалым-автор өз монографиясын жазуда отандық және шетелдік ғалымдардың, ғұламалардың еңбектерін орынды пайдалана білген. Саясаттанушы ғалымның бір ұтымды тұсы бар. Ол – өз сараптамаларын жазу үшін әлеуметтік, экономикалық, тарихи, әдеби, мәдени салалардың деректерін молынан пайдалана алуы. Осылайша саясаттанушылар өз пікірін жан-жақты жағдайға қарап тұжырымдайды. Сол себептен де олардың тұжырымдары дәлелді де дәл.
Саясаттанушы ғалым Жанатбек Ішпекбаевтың «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты монографиясы автордың ел өмірін жан-жақты зерттеп, зерделей отырып Елбасы тұлғасын сомдаған құнды еңбек болып шыққан. Бұл еңбек тәуелсіз Қазақстанның «тәй-тәй басқан» қадамынан қалайша «желаяқ жүйрікке» айналғанын өмірдің нақты деректерімен бекітуіне қарай бүгінгінің ғана емес, келер ұрпақтың да үлгі алу үшін оқитын кітабы болары сөзсіз.
Иә, Қазақстанымыз күні ертең-ақ әлемдік алыптар қатарында болатыны анық. Сонда: «Мұндай елдің негізі қалай қаланды?» деген сұрақтарына келер ұрпақтың талайы осы кітаптан жауабын тауып, оны жазып шыққан ғалым ағаларына алғысын жаудыратынына сенеміз. Сол шақта келер ұрпақ та елдік әрқашан да Елбасының білім-білігінен екенін ұмытпайтын болады. Осыны ұмытпағандар ғана «Мәңгілік Ел» құра алады. Осындай тұжырым жасаған бұл монография сонысымен де ұзақ өмір сүретін болады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ