Осы күндері Тәжікстан астанасы әлемдік саясатшылардың аузынан түспеуде. Өйткені, мұнда маңызы зор саяси шаралар өтуде. Соның ең бастысы – алда болатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 20 жылдығына арналған мерейтойлық саммит. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.
Саммит жұмысы бүгін, яғни сенбі күні басталатындықтан, әуелі ұсынылған жоба бойынша оның күн тәртібінде 11 мәселе қаралатынын айта кетейік. Соның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының ұйымның 20 жылдығына арналған мәлімдемелері, 20 жылғы іс-әрекеттердің қорытындылары және перспективадағы міндеттері туралы сараптамалық баяндамалар тыңдалады, сондай-ақ әуе қорғанысы, 2012-2014 жылдардағы заңсыз миграцияға тосқауыл бойынша, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ерлерін ұлықтау жөніндегі және т.б. көптеген келісімдерге қол қойылмақшы.
Кеше ТМД-ға қатысушы Мемлекеттер басшыларының саммитіне ұсынылатын күн тәртібінің соңғы жобасын талқылаған Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы болып өтті. Онда жұмыс топтарында келісілген жоба негізінен мақұлданды.
Сонымен қатар, кеше Тәжікстан астанасында «Душанбе төрттігі» деген атау алған – Ауғанстан, Пәкстан, Ресей және Тәжікстан президенттері Хамид Карзай, Асиф Әли Зардари, Дмитрий Медведев және Эмомали Рахмон кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал бір күн бұрын Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежад келіп, Рогун су электр стансасын қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп, нысанды қалпына келтірудің бірінші кезегін ашып берді.
Міне, осындай шаралар өтіп жатқан Душанбе қаласы үлкен өрлеу үстінде. Көшелер мұнтаздай етіп тазартылған, ел басшылары жүретін негізгі көшелерде ТМД-ға мүше мемлекеттердің тулары ілінген, қоғамдық және жекеменшік көліктердің жүрістеріне шектеу қойылған. Аспан әлемі де жарқырып ашылып, осы күндерде Душанбеде жайнаған жарқын күндер тұр.
Жалпы, Тәжікстанның экономикалық ахуалы қазір біршама дұрысталып қалғаны байқалады. Осыдан төрт жыл бұрын келгенімізде мұндағы көшелер әбден тозып, үйлердің сырты сұрқайланып, сәнінен айрылып тұрған еді. Адамдардың көңіл-күйінің де барынша пәс екенін аңдағанбыз. Қазіргі жағдай өзгеше секілді. Экономикалық ілгерілеудің айтарлықтай екенін өзге емес, үкіметті барынша сынайтын оппозициялық басылымдардың өзі мойындап отырғанын көрдік. Адамдардың жүзіне жылылық еніп, өмірге деген құштарлық оянған.
Тәжікстанның Ұлттық мерекесі – 9 қыркүйек. 1991 жылдың осы күні Тәжікстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялаған. Сол күннің және ТМД саммитінің қарсаңына мұнда дүние жүзіндегі ең биік флагшток орнатылып, Тәжікстанның мемлекеттік туы 165 метрден желбіреді. Оның ені – 30, ұзындығы – 60 метр, жалпы аумағы – 1800 шаршы метр. Ту көтерілген күні Президент Э.Рахмонның қолына Гиннестің рекордтар кітабының өкілі «Дүние жүзіндегі ең биікке көтерілген ту» делінген арнайы куәлік тапсырды. Ал елдің мемлекеттік елтаңбасы 45 метр биіктіктегі тұғырға орнатылды.
Осы күндері мұнда Орталық Азиядағы ең үлкен кітапханалардың бірі ашылды. Елдің Президенті Эмомали Рахмон да осы күндердің қарсаңында Еуропа қауымдастығы Халықаралық байланыстар жөніндегі кеңесінің шешімімен «ХХІ ғасыр көшбасшысы» деген құрметті атақ алды. «Еуроньюс» арнасынан Тәжікстан туралы промо-ролик көрсетілді. Міне, осының бәрі Тәжікстанның елім деп елжіреген азаматтарының бәрінің көңілін шат етуде.
Тәжікстанның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасы да үнемі өрлеу үстінде келеді. 2011 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 233,5 млн. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде Тәжікстанның экспорты 27,2 млн., ал импорт 206,3 млн. доллар. Сауда айналымы жөнінен Қазақстан Тәжікстан үшін ТМД аумағында Ресейден кейінгі екінші орынды алады. Екі елдің арасындағы гуманитарлық саладағы байланыстар да арта түсуде. Қазір Қазақстан қалаларында жүздеген тәжікстандық азамат түрлі мамандықтарға оқып жүр.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Душанбеден.