Облыста бюджет тапшылығы 11 миллиард теңгені құрайды
Сөз жоқ, бұл облыс бюджетін шайқалтып жібермегенімен, оған айтарлықтай теріс әсерін тигізе алатын әжептәуір сома. Соның салдарынан өңірдегі мектептер мен ауруханаларды, мәдениет ошақтарын, автокөлік жолдарын жөндеуге жұмсалатын бюджет қаражатының етек-жеңі қырқылды деген сөз. Мұндай жағдай бірінші кезекте бюджеттің кіріс бөлігінің жеткіліксіздігінен орын алатыны аян. Ал оны негізінен салықтық түсімдер құрайтыны тағы да белгілі. Міне, мәселенің мәнісі осында.
Қалыптасқан тәртіп бойынша республикада облыстардағы бюджеттің кіріс бөлігін белгілейтін, оның белгілі бір болжамын айқындап беретін мемлекеттік орган – Қаржы министрлігі болып табылады. Бұл болжам үш жылдық бюджетке негізделген. Осы тәртіпке сәйкес өткен жылы маусым айында Батыс Қазақстан облысы үш жылдық бюджетінің жобасы қаралған кезде, оның 2011 жылға тиесілі мөлшері 49 миллиард 109 миллион теңге көлемінде белгіленген екен. Осыдан бүгінгі күні облыс бюджеті өзінің кіріс жағының тапшылығынан 11 миллиард 200 миллион теңге зиян шегіп отыр.
Мұның басты себебі, алдыңғы 2009 жылмен салыстырғанда өткен жылдың маусым айынан бастап салықтық түсімдердің азайып кетуінде. Атап айтқанда, облыс аумағындағы ең үлкен салық төлеуші Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан шетелдік компаниялар болып табылады. Өңірдің жалпы салықтық базасындағы олардың үлесі 60-70 пайыз мөлшерінде. Міне, жоғарыда көрсетілген уақыт аралығында Қарашығанақ кен орнынан түсетін салық мөлшерінің азаю үрдісі байқалды дейді мұндағы бюджеттік жоспарлау мәселелерімен айналысатын мамандар. Өйткені, соңғы жылдары қомақты мөлшерде салық түсіріп жүрген фирмалардың бірқатары Атырау облысына қоныс аударып кетті. Екіншіден, кеніште қызмет жасайтын шетелдік жұмысшылардың саны отыз пайызға қысқарды. Бұл жәйттің өзі де салық мөлшерінің төмендеу үдерісіне әсер етті.
Облыстағы бюджеттің кіріс бөлігі кеміп кетуіне салқынын тигізуші тағы бір жәйт тағы да сол кен орнындағы қоршаған ортаға эмиссия төлемдері мөлшерінің күрт төмендеп кетуінен орын алыпты. Мұндағы меже 4 миллиард теңгенің үстінде болса, содан түскені 1 миллиард 400 миллион теңге ғана. Халық ауыз әдебиеті мен эпосында айтылғандай, етектейін еріннен, екі елісі қалыпты деген осы да. Бұған дейін аталған төлемдер жыл сайын сарқырап, төгіліп келсе, қазір тамшылап тұрғандай әсер қалдырады. Мысалы, эмиссиялық төлемдер биылғы жылдың бірінші тоқсанында 179 миллион құраса, мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты дегендей, екінші тоқсанда 137 миллионға төмендеп кеткен. Яғни, тек осы құлдыраудың өзінен облыс бюджеті биыл үш миллиард теңге жоғалтқан.
Эмиссия төлемі дегенімізді кен орнын игеру кезінде жер асты қысымын қалыпты ұстау қажеттілігінен туындайтын төлемдер деп түсінуге болады. Бұл іс-шара Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, экология комитетінің араласуы мен рұқсаты арқылы үш жылда бір жүргізіледі. Бұған дейін өндірістік қалдықтың янтарьлық түрі, яки тізімі деген разряд, соңғы жылы сарқынды сулар төгінділері деген классификацияға ауыстырылған. Соңғысының мөлшері алдыңғысынан үш есе төмен екен. Қоршаған ортаға эмиссия төлемінің биылғы жылы күрт кеміп кетуінің басты сыры да осында деп біле беріңіз.
Сонымен қазіргі күні облыс бюджетіндегі 11 миллиардтан асып түсетін тапшылықтың орны тола ма? Осы мақаланы газетке әзірлеу барысында, жергілікті атқарушы органдарға журналистік сауал тастау кезінде оған «толуға тиіс» деген жауап алдық. Әрине, өкінішке қарай, түспеген салықтың орны сол түспеген күйінде мызғымай тұр. Одан ендігі жерде ешқандай үміт жоқ екені белгілі. Өңір бюджетіндегі жетіспестік ең алдымен Үкіметтен алынатын субвенция түрінде толықтырылмақ. Бұл үшін республиканың Қаржы министрлігі 7 миллиард 600 миллион теңге мөлшерінде облысқа қаржылай көмек беру жөнінде жоба жасаған екен. Алдағы қыркүйек айында республикалық бюджетке нақтылаулар қаралған кезде, бұл мәселе оңынан шешіліп жатса, ол батысқазақстандықтар үшін үлкен олжа болмақ.
Қаржы министрлігі өңірлерге берілетін жоғарыдағыдай қаржылай көмек түрін белгілеген кезде, әрине, әр өңірдегі салықтық базаның мүмкіндігін ескермей тұра алмайды. Осындай есептерге сай министрлік тарапынан Батыс Қазақстан облысы бойынша алдағы 2012 жылға кіріс болжамы 52 миллиард 207 миллион теңге және 2013 жылға 57 миллиард 192 миллион теңге көлемінде белгіленген екен. Деректерден көріп отырғанымыздай, оның мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Оны орындауға батысқазақстандық салық төлеушілердің қауқары мен экономикалық әлеуеті жете ме? Жоқ, әлде жете алмай, мүмкіндіктері тарылған үстіне тарыла түсіп, осылайша республика облыстары арасында шаң қауып қала бере ме?
Әрине, аталған болжам мен меже алынбай қалған жағдайдың өзінде де, Үкімет облыс бюджетінің тапшылығына қатысты мәселеде оң шара белгілейтіні мәлім. Алайда дәл осындай жағдай қайталана берсе, нәрлендіруші өңір, инновациялық аймақ атала бастаған елге үлкен сын болмақ. Нәрлендіруші, яки донор өңір ұғымы орталықтан субвенция алмайтын, керісінше, оған қаржы құятын жағдайда ғана өз атауына сай болмақ. Қалғанының бәрі бос әңгіме. Қаржы кұймақ түгілі, керісінше, Үкіметтің қаржылай көмегіне зәру болып отырған Батыс Қазақстан облысын қалайша нәрлендіруші өңір деп атай аламыз?
Ақжайық бойында алдағы уақытта салық төлемдерін түсіру қандай жолдармен жүзеге асырылмақ? Оның басты жолы – Қарашығанақ кенішінен түсетін салық төлемдеріне деген тәуелділік деңгейін төмендету екені белгілі. Осындай үлкен істің арнасы өңірде қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарламалар мен жобалардың тиісті нәтиже беруінен бастау алып жатса, қане? Жаңадан ашылған және тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылатын өндіріс орындары өңірде салықтық базаны ұлғайту мен бюджеттің кіріс бөлігін көбейтудің басты көзіне айнала алады деп сенгіміз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.