Мен – Маңғыстау түбегінде туып-өсіп, ержетіп, басқа елге қоныс аудармастан, аштық пен жоқшылықтың тауқыметін көргендердің бірімін. 1930-1937 жылдар арасында Жетібай, Өзен, Сенек, Қауынды-Қорғанбай, Кендірлі жерлерін мекен еттік. Әкем Тұманбай сол кездегі «Фетисов» балықшылық колхозының мүшесі болып қызмет жасады. Ол кездегі тұрмыстық жағдай өте ауыр болды. Үкімет тарапынан көмек көрсету, жәрдем беру деген жоқ еді. Тіршіліктің қамымен аң аулап, қозықұйрық, құмаршық, кейбір дәні бар шөптерді теріп, тамақ үшін пайдаланған кездеріміз менің әлі көз алдымда. Аң терілерін арнайы агент келіп қабылдап алады да, ақша орнына шай, темекі, басқа да күнделікті үйге қажетті тауарлар берумен шектелетін. Мінеки, осындай қиын-қыстау кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, нағыз қиындыққа тап болдық. Ер-азаматтар түгелдей майданға аттанды. Елде қалған әйелдер мен бала-шаға, қарттар тіршіліктің қамы үшін еңбек етуге кірісті. Отан қорғаушы жауынгерлерді қажетті қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз ету – ең басты міндеттердің бірі болды. Елдегі әйелдер өндіріс орындары мен ауылшаруашылық жұмыстарының әртүрлі салаларында күн-түн демей, уақытпен санаспай, сегіз сағат жұмыс жасау орнына 12-14 сағат, ал кейбір соғысқа қажетті бұйымдар, қару-жарақтар шығаратын зауыттар мен фабрикалар 16 сағатқа дейін үзіліссіз жұмыс жасады.
Бастан өткен осындай қиындықтарды қалайша ұмытарсың? Ол кезде ел ішінде ұрлық, әртүрлі қылмыс жасаушылық, адам өлтіру деген атымен жоқ болатын. Біздің жекеменшігімізде 2-3 ірілі-уақты түйеміз, бір есегіміз болды. Түйе сүтін көжеге қатық етіп күнелтіп, бір жерден екінші жерге қоныс аударғанда күш-көлік ретінде пайдаландық. Қыста киіз үйді қыстап шығамыз.
Әкем Тұманбай әрі етікші, әрі шебер, әрі аңшылықты кәсіп ететін. Мені де аңшылыққа үйретті. Жыл сайын колхоздың балық аулаушы азаматтары мамыр айынан бастап Астрахань, Гурьев қаласына жақын Каспийдің суы тайыз аймағынан алты ай бойына елге оралмастан, жартылай әскери тәртіп бойынша балық аулап, армия қажетіне жөнелтумен күндіз-түні бірдей қызмет етті. Олардың артында қалған отбасында кейбіреулерінің, болмаса көбінің малы жоқ болғандықтан, соғыс жылдарында ай сайын әрбір жан басына арнайы кәртішкемен берілген 7 килограмм 200 грамм ұн олардың күнделікті қажетін қанағаттандыра алмады. Мінеки, осындай қиындықтарды өз көзіммен көріп отырған әкем, қақпан құрып қарақұйрық, басқа да аңдарды аулауға кірісті. Күнара әкелген қарақұйрық етін әр үйдің адам санына қарай бөліп беріп отырды. Ол кезде елде ақша жоқ, базар дегенді білмейтін едік. Біздің елді қарақұйрық етімен асыраудағы алатынымыз тек қана шексіз алғыс болатын. Сонымен қатар, әкем өзінің қолының шеберлігімен сынған ыдыс-аяқтарын және тағы да басқа үй тұрмысына қажетті құралдарын оңдап, желімдеп, шырмап, шелектерінің түбіне дейін салып беруші еді. Сондай-ақ аяқ киімдерін тігіп, жамап беру әкемнің ең басты міндеттерінің бірі-тін. Осындай атқарған жұмыстары үшін не берсе де соған қанағаттанып қалатын. Әкем қартайып, жасы жетпістен асқан кезде, аяқ астынан ауырып 1944 жылы дүние салды. Артында жалғыз шешем қалып, 1946 жылы тұрмыс құруына тура келді.
Зайыбым Жәудір екеуміз өмірдің осындай ащы-тұщысын толық бастан өткерген отбасылардың біріміз. Құдайға шүкір, көрген өмірімізді қызықтаумен біреуден ілгері, біреуден кейін, барға қанағат етіп, біреуміз 86-ға, екіншіміз 85-ке келдік. 9 бала тәрбиелеп өсіріп, оларды тегіс аяқтандырдық. Қазір балаларымыз әр салада өздерінің алған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Жәудір 30 жылдан астам халыққа қызмет көрсету саласында үзбестен еңбек етіп, тұтынушылардың құрметіне бөленді, «Алтын алқа» иегері атанды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы еңбегі үшін «Жеңіс» медалімен марапатталды.
Мен өзім 1952 жылдан 1991 жылға дейін осы облыстың қарамағында болып келген Шевченко және Маңғыстау аудандарында ішкі істер бөлімі, аудандық атқару кеңес, партия комитеттері мен кәсіподақ ұйымдарын басқару жұмыстарында қызмет атқарып, 1986 жылы жасымның ұлғаюына байланысты зейнеткерлікке шыға отырып, содан кейін де еңбектен қол үзбедім. 2007 жылға дейін Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқардым. Қазір де облыстағы ардагерлер кеңесінің мүшесі қатарындамын. Жоғары басқару орындарының тарапынан қоғамға сіңірген еңбектерім ескеріліп, алған алғыс хаттарым мен наградаларым баршылық. «Маңғыстау ауданының құрметті азаматы» деген атаққа да ие болдым. Құдайға шүкір, жарым екеуміздің Үкімет тарапынан алатын зейнетақымыз да күнделікті тамағымызға жетіп жатыр. Қолымда балам Бауыржан мен келінім Ақмарал, 2 немерем бар.
Менің айтайын деп отырған мәселелерімнің бірі – шет елдерде жүрген қандастарымыздың соңғы жылдары ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерлеріне көптеп оралулары. Бұл жәйт біз сияқты ел ақсақалдарын қатты қуантады. Біздің тілейтініміз – еліміздің тыныштығы, әрбір отбасының амандығы, тұрмыстарының күннен күнге жақсара түсуі. 2005 жылдың бас кезінде Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс әкімінің жылдық атқарған жұмысы жөнінде тұрғындар алдында есеп берді. Мен ол кезде Маңғыстау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқарушы едім. Сол жиналыста маған сөз берді.
Мен сөйлеген сөзімде үш мәселеге басты назар аудару қажеттігіне тоқталдым. Оның біріншісі – облыс көлеміндегі тұрғындар арасында өкпе ауруымен ауыратындардың көптігі. Екінші мәселе – облыс аумағында, әсіресе, Ақтау қаласында жастар арасында жанжал, қақтығыс, төбелестің арта түсіп отырғандығы. Осының салдарынан студенттер мен жас жігіттер өлім-жітіміне жол берілуде және де адам өлтірген қылмыскерлерді іздеп тауып, тексеруде орган қызметкерлерінің тарапынан жүргізіліп келе жатқан тергеу жұмыстары жәбір көрушілердің орынды талаптарын қанағаттандырмайды, дедім мен. Содан кейінгі айтқан ұсыныс-пікірім оралмандар тақырыбына арналды. 1925-1937 жылдар аралығында ел ішінде орын алған қиындықтардан отбасының аман-саулығы мен тіршілігі үшін бас сауғалап шетел асқан қандастарымыздың ата-бабаларының туған жеріне қайтып оралуы жөніндегі тілектерін, көшіп келіп, орналасып жатқандарды жақсылап қарсы алумен қатар, оларға жер беру, үймен қамтамасыз ету, басқа да тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерінің тұрақты шешіліп отырылуына басты назар аудару қажеттілігін көлденең тарттым. Менің айтқандарымды жиналысқа қатысып отырғандар бірауыздан қуаттап еді.
Сол кезден бері қарай алты жылдан астам уақыт өткен екен. Байқап отырсақ, біраз жұмыстардың іске асырылып келе жатқанын өздеріміздің күнделікті тұрмысымыздан айқын көріп отырмыз. Әрине, әркімнің ойлағанындай орындалуына әлі де мезгіл, мүмкіндік керек. Дегенмен, әрбір шаңырақ астындағылардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін ешкім де төмен деп айта алмайтын шығар. Жоғары органдардың алдына қойылатын талаптың да орынды болғаны жөн емес пе? Егер біздер Маңғыстау облысының қарамағындағы ауыл, аудан, қалада тұратындардың тұрмыс деңгейін басқа облыстағы тұрғындармен салыстыратын болсақ, олардан жоғары болмаса, төмен емес екендігін көреміз. Қорытып айтқанда, құдайдың берісіне қанағат етейік. Жарлы байға, бай құдайға жетем деген астамшылық, негізсіз мақсатты алға тарту кімге қажет? Әрине, мүмкіндік болып жатса, жайлы тұрмыс үшін коттедж, көрнекті әсем үй салуды дұрыс делік, ал миллиондаған қаржыны шығындап, тым биік етіп там салуымыз дұрыс па? Немесе ас сондай-ақ, құдайы беру дастарқанын той дастарқанынан асырып жіберуіміздің қаншалықты қажеті бар? Бұл, меніңше, Абайдың: «Орынсыз бекер мал шашпақ», деген өлең жолдарын еске түсіретін құбылыс, асты босқа ысырап ету. Осы мәселелердің дұрыс-бұрыстығын неге ақылға салып ойласпасқа? Бұл сияқты көріністерді реттеуге көп болып үлес қосуды жөн көрер едім. Табиғаттың кездейсоқ апаттарынан кей елдерде қаншама адам баласы өмірден кетіп жатыр? Құдай елімізді табиғаттың осындай кездейсоқ оқиғалары мен апаттарынан сақтағай! «Сабыр түбі – сары алтын» деген ата-бабалардан келе жатқан қағиданы еш уақытта естен шығарып алмайық.
Кемел ТҰМАНБАЕВ, еңбек ардагері.
Маңғыстау облысы.