06 Қыркүйек, 2011

Өнегелі өмірдің өрнектері

476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Осы кітапты оқы­ған­­да аңғарылатынындай, ав­тор әсте де естелік жа­зуға құмар емес. Оның да себебі бар – Оразай хал­қы­мыздың ұлы перзенті Қаныш Сәтбаевтың кү­­йеу­баласы, халқымыздың аяулы қыздарының бірі, ғалым Шәмшиябану Қа­нышқызының құдай қос­қан жары. Сондай-ақ ұлы тұлға Дінмұхамед Ахме­т­­­­­ұлы Қонаевтың қол ас­ты­н­­да партиялық жұмыста болған адам. Естелік жазған соң, оларды аттап кетуге болмайды, пен­дешілікпен артық ауыз сөз ай­тып кетпейін, ұлылардың беделін арқа­ла­ғандай болмайын дегенді айтады. Ал басқа біреулер болса, ке­рісінше өздерінің сондай ұлы­лармен жа­қын­дығын, қатар жүр­генін айтып қалуға тырысар еді. Бұл ретте ав­тордың жақын досы болған академик Манаш Қозы­ба­евтың: «Қа­ныш­тың күйеу баласы­мын, Димекеңнің көлеңкесіндегі данасымын» деп кердең қаққан емессің» дейтіні бар. Сөйтсе де өзінің өмір жолының біраз кезеңдері туралы естелікті оған өмірдің өзі жаздырды. Адам­дар­дың өзіне жасаған жақсы­лы­ғын, мынау қатыгездеу дүниеде өзі­нің қасында болып, сол жақын­дығымен бақыт сыйлағандардың жомартты­ғын айтпасқа болма­ған­дықтан жаз­ды. Жазғанда, әдемі жаз­ды. Бұл рет­те Орекеңнің өзінің апайы Қати­ра туралы, сүйікті жа­ры Шәм­шия­бану Қанышқызы ту­ра­лы, жазушы Мұқан Иманжанов туралы естеліктері осынау жанр­дағы әсем дүние­лер, адамдар ара­сындағы қарым-қа­тынасқа арқау болған пәк сезімдер жайында жа­зылған жырдай оқы­лады. «Апатайым, ардақтымды» оқи отырып, қазақтың әйел­деріне қай­ран қаласың. Қатира Батырбекқызы со­ғыс­тың ауыртпалық жылдарында не көр­меді?! Туыстарын, күйеуін май­дан­ға аттандырып, өзінің екі ба­ла­сын (біреуі емізулі) және інісін асы­рау үшін өнердегі үлкен мүм­кін­дігін құрбан етіп, ет ком­би­на­тына жұ­мысшы бо­лып кіргені, кейін КСРО халық әртісі болған Сә­бира Май­қановадай құрбы­­сының оған түсі­ніс­тікпен қара­ға­ны, қан­шама аты елге таныс азамат­­тар­дың осынау отбасының ошағынан жы­лы­­лық тап­­қаны тура­лы тебіренбей оқи ал­майсың. Шәмшиябану Қанышқызы тура­лы лирикалық мұң­ды эстелік-мақа­ла­сын  Орекең алғаш рет «Егемен Қа­зақстанда» жариялады. Соны оқ­ыр­ман қауымның, әсіресе, осы отба­сының жақын адамдарының қалай қабылдағанына куәміз. Газеттің сол күнгі нөмірін іздеп, талай адам­­ның кел­гені, кө­шірме­сін жа­­­сатып алға­ны бар. Асыл жа­ры­ңа жақ­сы ес­керт­кіш жа­са­дың деген сөз­ді дос­тарының Оре­кеңе айтқанын да естігенбіз. Бұл естелікті отба­сы­ның ын­­тымағы, жа­ра­сым­дылығы, па­ра­сат­ты­лығы жай­лы жыр десе де болар еді. Соны оқыған ха­лық жазушысы Әз­іл­хан Нұр­шай­ық­овтың: «Мен сіздің Шәм­­шия­ба­ну­дай аса қымбат сы­ңар-сері­гі­ңіз­ді жан жүрегіңіз езіліп, егіле жо­қ­таға­ны­ңызға тәнтімін, ба­уы­рым» дегені бар. Осылай ой толғап отырған аза­маттың соңғы кезде басына түскен қиындықты қалай көтергеніне қа­й­ран қаласың. Жеті жыл ішінде асыл жарынан, үш перзентінен айыры­лып, ойсырап қалса да, Орекең омы­рылған жоқ. Сол асылдарының аруағын ардақтау үшін қайрат­та­нып, әрекет жасауға міндетті бол­ды. Шәмшиябану Қанышқызының ең­бек­терін жүйелеп, бес томдық етіп бастырып шығарып, ел игілігіне қосты. Шешесінен соң жеті айдан кейін өмірден озған Райхан қы­зы­ның еңбегін жинақтап бас­тыр­­ды. Та­ғы да жеті ай өткенде үл­кен ұлы тарих ғылымдарының док­торы Ға­зиз да қайтыс болып, оның мұра­сы­на да ие болуға тура келді. Одан соң кенже ұлы Ержан­ның қазасы әкеге қатты батты. Бәріне шыдады, бәріне көнді. Со­лар­дың аруағы үшін. Бұл естелік кітаптың біраз ерекшелігі бар. Әдеттегідей ол бір жүйе­мен, бір сарынмен жазыл­ма­ған. Онда жоғарыда сөз еткен естеліктерден басқа өмірден ертерек озған дос-жарандары туралы ма­қала-естеліктер, эсселер бар. Олардан ең алдымен досқа деген адал жүректің лүпілі, есімдері ұмыт қалмасын деген азаматтық борыш аңғарылып тұрады. Бұл кітапта тағы бір ерекше естелік бар. Ол өзінің еңбек жолын қалай бастағаны және зейнеткерлікке қалай шыққаны жайлы. Ол біздің газетімізге байланысты. Оразай ағамыз 1942-1944 жылдары ал­тыншы сыныпты бітірген соң, оқып жүріп, «Социалистік Қазақстанда» хат тасушы, корректордың көмек­шісі болып жұмыс істеген. Сондағы аға-апаларының қамқорлығы тура­лы тебіреніп жазған естелігін осы­нау көлемді кітапқа «Соңғы сөз ор­нына» беруінде де мән бар. Сон­дағы еңбек оған мемлекеттік награда алумен қатар, зейнетақысының көбеюіне де себеп болыпты. Азамат оны да ұмытпайды. Мамадияр ЖАҚЫП, Алматы.