06 Қыркүйек, 2011

Апта айшықтары

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тұрғындарға үш тарту жасалды Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында «Қазақстан Респуб­ли­к­а­сының мемлекеттік рәміздері» мемориалы және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябақ ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, көп балалы аналар мен еңбек озаттарын ма­ра­паттады. Кәмелетке толған жасөспірімдерге жеке куәліктер тапсырды. Осы күні Қарақоға ауылында 75 орындық балабақша пайдалануға бе­рілді. Бұрынғы кәсіптік-техникалық училищенің ескі ғимаратын күр­­­­делі жөндеуден өткізуге 56 миллион теңге жұмсалды. Аймақ бас­шы­сы мектепке дейінгі тәрбие орнына плазмалық теледидар тарту етті. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.   Студенттер үйі ашылды Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 560 орындық тоғыз қабатты студенттер үйі салынып пайдалануға берілді. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 957 миллион теңге бөлінген. Жаңа ғимаратта студенттердің оқып ізденулеріне, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен айналысуларына әрі ты­­нығып демалуларына қажетті барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар бар. Екі адамдық тұрғын бөлмелер соңғы үлгідегі сәнді де сапалы жиһаздармен жабдықталған. Студенттер үйінде кітапхана, демалыс бөлмелері, оқу залдары, асхана, компьютер кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен бірге, элитарлы жатақхананың әр қабатына теледидар, автоматты кір жуу машиналары қойылған. Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ.   Облыстық өнер мұражайына тарту Еліміздің 20 жылдық даму белестеріне атыраулықтар өткен аптада «Әлем қауымдастығы мойындаған Қазақстан» атты фотокөрмені тамашалағанда көз жеткізді. Бұл фотокөрмені Атыраудағы облыстық өнер мұражайына арнайы әкелген «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-тың бөлім бастығы Хадиша Ерсейітованың айтуынша, бір мыңнан аса фотолармен айшықталған фотокөрме «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің фототілшілері түсірген туынды­лармен толыққан. Осы фотокөрмеге қойылған туындылардың арасынан 105 фотосурет облыстық өнер мұражайына тарту ретінде қалдырылды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.   292 млн. теңгеге жаңа аттракциондар Қызылордада тұрғындар демалатын орын аса көп емес. Қалалық демалыс бағындағы балаларға қызмет көрсететін ойын алаңдарына жиырма жылдан астам уақыт болған. Әбден ескіргені бірден байқалатын. Жыл басында облыс әкімі Болатбек Қуандықов қалалық демалыс бағындағы ойын алаңдарының жаңаланатынын, оның бағасы халыққа тиімді болатынын айтқан. Әкім уәдесін орындады. Өткен аптада саябаққа жаңа аттракциондар әкелініп, ел игілігіне берілді. Ол үшін облыстық бюджеттен 292 млн. теңге бөлінді. Осы қар­жыға Италиядан «Таңғажайып керуен», «Алдаспан», «Шаттық пойы­зы», «Сиқырлы ұяшық», «Балдырған», «Қанатты тұлпар» аттрак­ци­он­дары сатып алынды. Балаларға жасалған базарлықты тартуға аймақ бас­шысы Болатбек Қуандықов қатысты. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.   Орталық бақтағы достық мерекесі Өткен аптада облыс орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті бөлімшесі ұйымдастырған «Бір шаңырақ аясында» атты достық фестивалі аяқталды. Фестиваль 21 мамырда басталып, еліміздің Конституциясы мерекесі күніне орай қорытынды концертін жасады. Осы күнге орай «Возрождение», «Полония» неміс, поляк мәдени орталықтарының аудандардағы өкілдері шақырылды Омбылық «Полонез» атты поляк бірлестігі қонаққа келді. «Фестивальді ұйымдастырудағы мақсат қала тұрғындарын әр ұлттың өнерімен таныстыру, халықтар достығын үлгі ету», дейді ҚХА аппаратының меңгерушісі Сейсенбай Жетпісбаев. Әр апта сайын қалалық бақты ән мен биге бөлеген мәдени орталықтар қала тұрғындарымен келесі жазда «Достық фестивалінде кездескенше!» деп қоштасты. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.   Жеті дәрігерге пәтер берілді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев Көкпекті ауданының бұрынғы орталығы – Самар ауылында болған кезінде «Ромат» фармацевтік компаниясының дәріханасын тамашалап көрді. Дәріхана ішінде екі мыңнан астам дәрі-дәрмек түрлері, балаларға арналған осыншама тағам түрлері бар екен. Бағалары арзан. Сол күні өңір басшысы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйін аралап, жеті дәрігерге жаңа пәтердің кілтін тапсырды және 350 мың теңге көмек көрсетті. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.   Ғасыр белесінен биік ғұмыр Көкше жұртшылығы өздерінің даңқты жерлесі, жазушы Ибрагим Салаховтың 100 жылдығын үлкен тебіреніспен атап өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі аясындағы құрмет шарасына Татарстан Республикасының өкілетті өкілі Рафаил Аблаков бастаған делегация қатысты. Салтанатты кеште облыстық татар мәдени орталығының төрағасы Фарук Богапов, журналист Алия Ахетова жазушының өмірі мен шығар­­ма­­шылық жолы туралы баяндама жасады. Ибрагим Низамұлы 1911 жылғы 30 тамызда ағаш шеберінің отбасында туған. Ол ауыр да өнегелі тіршілік кешті. 1937 жылдың 24 қазанында «халық жауы» ретінде жазықсыз сотта­лып, он жылға «итжеккенге» айдалды. Көкшелік жа­зу­шы «Колыма қасі­реті» романы үшін 1990 жылы Татарстан мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты атанса, Қазақстан Президентінің қолынан «Парасат» орденін алған. Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.