Кеше елордада Орталық Азия елдерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияларының екі күндік өңірлік кеңесі өз жұмысын бастады. Аталған шара өңірлік ынтымақтастықты арттыруды көздейді.
Кеңес Орталық Азия елдері Ұлттық комиссиялары өкілдерінің басын қосқан ЮНЕСКО құзырына кіретін өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін үнқатысу алаңына айналған алғашқы шара болып отыр. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов шараны өткізу өңір үшін маңызды екендігіне ерекше тоқталды. Әсіресе, бұл тарихи-мәдени жәдігерлерді зерттеуде және құнды деректерді жоғалтып алмауда маңызды. Өкінішке қарай, Орталық Азия өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерінің ЮНЕСКО-да тіркелуі мардымсыз. Осы өңірден тек 11 мәдениет және бір ғана табиғат жәдігерінің нысаны ұйым тізіміне еніпті. Сондықтан да мұндай құндылықтар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік құжаттарды ресімдеу, ЮНЕСКО-ның Күнтізбелік ескерткішті даталары және өзге де бөлімшелерінде тіркеуге алынуы тиіс.
Сонымен қатар, тарихи-мәдени жәдігерлерді бірлесіп зерттеу, ақпараттық технологияларды ортақтасып пайдалану және өзге де мәселелер көтерілді. Осы ретте Алматы қаласында әлемдегі мұздардың еруі проблемаларын зерттейтін орталық құру мәселесі де қозғалды.
Өзінің құттықтау сөзінде еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ЮНЕСКО насихаттап келе жатқан «жаңа гуманизм» идеясы мен адамзаттың тұрақты дамуы тұжырымдамасына қосқан үлесі ретінде Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың белсенді қатысушысы екендігін алға тартты. 2009 жылы Қазақстан ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде бекітті. Бұл – Орталық Азия елдері үшін үлкен маңызға ие.
Гуманизм, бейбітшілік, даму және ынтымақтастық өңір елдері халықтары үшін өзара ықпалдастықтың өзегі болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов Ұлттық комиссиялар үшін атқарар шаруалар жетерлік екендігін баса айтты. Кейбір көрші елдерден мәлімет келтірген ол, зерттеулер көрсеткендей, 15 жастағы оқушылардың 16,7 пайызы ғана өз оқығанының мазмұнын айтып бере алғандығын, ал 83 пайызы дұрыс оқи да алмайтындығын алға тартты. Сол сияқты математика, физика, химия сияқты пәндер бойынша көрсеткіш тіпті нашар. Қырғызстанда бір айдан кейін сайлау болса, оған отыздың үстінде үміткерлер тіркеліп отыр. Солардың арасынан лайықтыны таңдауда да білім керек. Сондықтан О.Сүлейменов демократияны «халық билігі» емес, білімді «халық билігі» деп өзгерту қажеттігін айта келіп, болашақ сайлаушылардың білімін тереңдету мәселесін көтерді.
ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросының директоры С.Лазарев және ЮНЕСКО-ның қазақстандық Ұлттық клубтары федерациясының президенті Г.Исімбаева құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар проблемаларға да тоқтала кетті.
Кеңес отырысы барысында секциялық отырыстар өтті. Онда Орталық Азия елдерінің өзара ықпалдастық мәселелеріндегі өткір деп саналатын білім беру, табиғи-мәдени жәдігерлерді насихаттау мен сақтау, мәдениетаралық үнқатысу, материалдық емес жәдігерлерді сақтау және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту сияқты өзекті мәселелер талқыға түсті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.