06 Қыркүйек, 2011

Қайта оралған қара шаңырақ

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шымкент педагогика институты – қашанғы қара шаңырақ, Қазақстандағы байырғы оқу орындарының бірі еді. Тоқсаныншы жылдар­дың бастапқы тұсында әлдекімдердің әрекеті­мен халықаралық қазақ-түрік университеті жа­нын­дағы еншілес оқу орнына, одан соң фи­лиалға, сәл кейінірек бөлімшеге, бертініректе ХҚТУ Шымкент институтына айналып, әрі-сәрілеу күй кешкен. Бір-екі жыл бұрын бірнеше құрылтайшы бірлесіп, академиялық инно­ва­циялық университетке айналдырған. «Осы оқу орнын әу баста мемлекеттік педаго­гика­лық институт етіп қалдыру керек еді, өңірдегі өзгеше орны бар, қашаннан-ақ қалыптасқан дәстүрі бар қара шаңырақ еді» деген пікірлер, ұсыныстар көбейе түскен. ХҚТУ-ға қосылғалы қара шаңырағыңыз күшейіп-гүлдене қойған жоқ. Таланға түсті, таражға кетті. Жап-жақсы жатақханалары жекешеленіп, «Сәуледейін» керемет кафесі сатылып кетті. Бір жұбанарлығы, жақында, жаңа оқу жы­лының қарсаңында Үкімет қаулысы шығып, аталмыш оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика институтына айналды. Қайта оралған қара шаңырақ туралы түрлі-түрлі қауесеттер тарағаны рас. «Егемен Қа­зақ­стан­ның» тілшілеріне де қоңырау шалушылар аз емес. Мәселенің мәнісін айқындау үшін біз бірқатар кісілермен пікірлескен едік. «Ақиқатын айтсақ, әуелгі кезде Шым­кент­тегі ең ежелгі оқу орнының Түркістандағы уни­верситетке қосылуы қателік болды, – дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ вице-президенті, Білім және ғылым министрлігінің өкілі, ғұлама ғалым, әдебиет сыншысы, профессор Құлбек Ергөбек. – Бұл институттың бастауында Алаш ардақтысы, қазақтың жауhар жазушысы, нағыз парасатты педагог Жүсіпбек Аймауытов тұр. Ол кісі үш жылдай уақыт педтехникумда ұстаздық еткен. «Ақ білек» романын Шымкентте жазған. Бұл институтта Мұхтар Әуезовтің, Бейсенбай Кенжебаевтың іздері жатыр. Ештен кеш жақсы деген, мемлекеттік пединститут болып қайта құрылғанына қатты қуандым». Жаңаланған институттың жаңа ректоры Оңалбай Аяшевпен жолықтық. Бас ғимараттың қасбетін құрылысшылар қызу жөндеп жатыр екен. Қабылдау комиссиясының жұмысы да қар­қынды. Бірақ, бір өкініштісі, АИУ-дің адамдары негізгі жиһаздарды, әсіресе, көнеден келе жатқан кітапхананы, тағы басқа нәрсе­лер­ді әкетіп қапты. Қарапайым үстелдер мен орын­дықтарға қарап қойып, жаңа ректор жы­мия күлімсірейді: «Ректорлар келер де, мезгілі жеткенде кетер де. Ең бастысы, қара ша­ңы­рақ қайта оралды. Мемлекеттік оқу орны боп қадамын қайта басты. Бұл – үлкен қуа­ныш. Мемпединститут шаңырағы шайқал­май­тын, болашаққа, тәуелсіздікке баянды қыз­мет ететін білім мен ғылым ордасы, ұс­таздар ұясы болатынына сенімдімін. Екі жүз­дей оқы­ту­шы, педагог-профессорлық құ­рам бар, үш мың­ға тарта студент бар, оның 900-ге жуы­ғы мемлекеттік грант иелері. Кадр­лық өзге­ріс­тер жоқтың қасы. Оқу құ­рал­дары, заманауи, компьютерлік, ғалам­тор­лық жабдықтар, электрондық оқулықтар – бәрі болады. Құдайға шүкір, мемлекеттің қуа­ты күшей­ген, қамқорлық та, жағдай да жан-жақты жа­са­лады, жиһаздың да түр-түрі келеді көп ке­шікпей-ақ. Бір өкініштісі – баяғыдан келе жат­қан кітапхананың, кітап қорының қал­мауы. Біздегі парасатты профессорлар, ғұла­ма ғалымдар, майталман мамандар, жаңа­шыл ұстаздар бастама көтеру­де. Кейбіреулері жекеменшік кітапхана­ларын түгелдей, бәзбіреулері басым бөлігін мемлекеттік институтқа бермекші. Жаңа кітапхананы осылай нығайтпақ ойдамыз. Күні кеше ғана Астанада мұғалімдер форумы өтті. Алған әсеріміз үлкен. Біз мұғалімдер даярлаймыз. Кім не десе о десін, мұғалімнің бедел-абыройы және жауапкершілігі күшеймесе, жас ұрпақ тәрбиесіндегі  олқылықтар оңала қоймайды», – дейді Оңалбай мырза. Қайта оралған қара шаңырақ құтты болғай. Мархабат БАЙҒҰТ.