Ол қазақ сыныптарының қамқоршысы
Петропавл классикалық гимназиясы – Тәуелсіздігіміздің бесінші белесінде облыс орталығында бой көтерген тұңғыш қазақ мектептерінің бірі. 320 орынға лайықталған үш қабатты ғимарат киіз үйге ұқсатып салынған. Әсемдігімен көз тартады. Қаланың қақ ортасында орналасқан білім ордасы уақыт өте келе үлкен сұранысқа ие болды. Балаларын ана тілінде оқытуға деген ата-аналардың қатары өсіп, ғимарат тарлық ете бастады. Оқушыларды екі ауысымға көшіруге тура келді. Соның өзінде шәкірттердің саны 900-ден асып, сыныптар саны 40-қа дейін жетті. Бірінші сыныптарға қабылдау санының азайтылғанына қарамастан санитарлық-гигиеналық және өрт талаптарын сақтау қиынға соқты. Қосымша бейімдеп жасалған кабинеттердің дені үшбұрышты келгендіктен, парталар дұрыс орналастырылмады, тақтаны көру қиындады. Бәрінен де оқушылардың денсаулығына байланысты алаңдатарлық жағдайлар орын алды. Мұның соңы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз түсіруіне соқтырды. Соттың гимназия қызметін екі айға дейін тоқтату жөніндегі шешімін ұжым да, ата-аналар да түсіністікпен қабылдағанымен, жаңа оқу жылы алдында күрделі ахуал қалыптастырып, үлкен тығырыққа тірегендей болды. Енді не істеу керек деген сәтте алда екі таңдау тұрды. Бірі – оқушыларды онсыз да орын жетпей жатқан басқа қазақ мектептеріне тарату арқылы санын күрт қысқарту. Екіншісі – қосымша ғимарат іздестіру. Қалалық оқу бөлімі соңғы ұсынысқа қолдау білдірді. Сөз арасында бөгесіндерге қарамастан гимназияда сапалы білім беру ісі жақсы жолға қойылғанын, элиталы оқу орындарының біріне айналғанын айта кеткен жөн. Сірә, ана тілінде оқуға деген құштарлық, ұстаздардың жанқиярлық еңбегі көпшілік үмітін ақтап, көп жылғы еңбек ескерусіз кетпеген тәрізді. Былтыр 6 оқушы «Алтын белгі» алса, биыл да үздіктер тобынан көрінді.
– Тұйықтан шығатын оңтайлы жол табуға көмек қолын созған №7 орыс мектебінің мұғалімдер ұжымына, директоры Татьяна Михайловнаға деген алғысымыз шексіз. «Көрші ақысы ауыр» деп текке айтылмаса керек. Осы әрекеттің өзі-ақ өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген терең құрметін, жанашырлық сезімін айғақтайды. Онда бастауыш сыныптар орналастырылатын болады. Ауыстырылатын сыныптар мен мұғалімдер гимназия құрамында қалдырылады. Былайша айтқанда, құрылымдық дербес бөлімше ретінде өз жұмысын атқара береді. Оқу-тәрбие сапасын төмендетпеудің мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз, – дейді гимназия директоры Гүлдарай Қайнетова.
Гимназияға жақын жердегі мектептен қосымша ғимараттың бөлінуі ұтымдылықпен ұйымдастырылғанына біз де көз жеткіздік. Біріншіден, бұл мектеп кең де жарық ғимаратта орналасқан. Екіншіден, материалдық-техникалық база жақсы. Кабинеттер қазіргі талапқа сай жабдықталған. Алғашқылардың қатарында үн қосып, қазақ сыныптарын ашуда да үлкен белсенділік көрсетіп келе жатқан ұжымдардың бірі саналады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан тәжірибесі де аз емес. Қазір мұнда 6 қазақ сыныбы жұмыс істесе, жаңа оқу жылында тағы 2 бірінші сынып ашылды. Енді, міне, гимназияның 12 сыныбымен толығып, мемлекеттік тілді меңгерушілер қатары айтарлықтай молықты. Несі бар, түбінде аралас мектепке айналып, одан әрі ұлттық мәртебе алып жатса, жақсы жаңалықтың жан жадыратар бастамасы қайырлы болғай дегіміз келеді.
– Жаңа оқу жылына тыңғылықты әзірліктермен келдік, – деген Татьяна Поликова, қазақ сыныптарын ашу кезінде ешқандай проблема тудырмағанын, ғимараттың жеке бөлігі берілгенін, ұсыныс ұжым тарапынан жан-жақты қолдау тапқанын жеткізді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңызды мәселе ретінде қарастырып, Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді нышандармен қатар қоюы әр қазақстандыққа ой салуы тиіс. Қоғамда мемлекеттік тілді білудің маңыздылығы мен қажеттілігін түсінгеннен кейін осындай сындарлы шешімге бардық, – дейді ол.
Иә, Қызылжар өңірінде де қазақ тілінің барынша жақтаушыларының көбейіп келе жатқаны қуантады. №7 орыс мектебінің бұл қадамы қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамытуға деген айшықты көзқарасын танытса керек. Соңғы кездері орыс мектептерінде оқушылар санының азаю үдерісі байқалып келеді. Біздіңше, жаңа мектеп ғимараттарының салынуын күтпей-ақ Татьяна Михайлова секілді жаны ізгі жандардың бастамалары қазақтар жиі тұратын шағын аудандарда да жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретте: №7 мектептің директоры Татьяна ПОЛИКОВА.