06 Қыркүйек, 2011

Әлемге танылған ақиқат

684 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Биыл Қазақстан халқы ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығын үлкен экономи­калық және саяси өрлеу жағдайында атап өткелі отыр. Адам өмірі үшін елеулі, ал мемлекет тарихы үшін қас қағым сәт қана саналатын бұл мерзім өткенімізді саралап, келешегімізге көз жіберіп алатын елеулі белес екені анық. Сондықтан да қоғамымыз үшін қиын да қызықты, қауырт істер мен өркенді өзгерістерге толы болған бұл жиырма жылдық кезеңді бүгінде елжірей еске алып, алға тың күш-жігермен ұмтылатын жөніміз бар. Өйт­кені, тәуелсіздігіміздің таңғы шағында, бәзбіреулердің көп ұлтты Қазақ елінің осынау аз уақыт ішінде бірлігі жарасқан, экономикасы өркен жайған мемлекетке айналып кете қоятынына күмәнмен қарағаны да есімізде. Шындықтың бетіне тура қарар болсақ, ол кезде бұған сондай сөздер айтылатын себептер де жетіп-артылатын. Шынында да, сол тұстағы ахуал қандай еді? Бұл арада ондаған жылдар бойы дүйім дүниені дірілдетіп ұстаған алып елдердің бірі – Кеңес одағының не себепті тарағанын көп сөз етіп жату артық болар. Бірақ соның салдарынан бұрынғы одақ­тас республикалар арасындағы эконо­ми­калық байланыстар үзіліп, Қазақстан­дағы ірі өндіріс орындары жаппай тоқтап, адамдардың жұмыссыз қалғанын, ірі кәсіп­орындарда мыңдаған жандардың қа­тысуымен митингілер өткенін, дүкен сөрелерінің жылан жалағандай қаңырап бос тұрғанын, ең қажетті деген азық-түлік түрлерінің талонмен ғана босатылғанын көз алдыға елестетейік. Сондай-ақ түрлі ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отан­дарына қопарыла көшкенін, инфляцияның жылдық мөлшерінің 2600 пайызға жетіп жығылғанын, қылмыс атаулының барын­ша асқынып кеткенін, еңбекақы мен зейнетақылардың айлар бойы төленбей қал­ғанын, тағы басқа да толып жатқан қиындықтарды бастан өткергенімізді әсі­ре­се аға ұрпақ өкілдері ұмыта қоймаса керек. Естеріңізде болса, ол кезде еңбекақы мен зейнетақы мөлшерінің аздығы көп ауызға алына бермейтін. Сол аздың өзін уақтылы алу арман болатын. «Кім бүгінгісін таныса – өткеніне де ие, өткенін білген – келешегіне де қожа», деген халық даналығы бар емес пе. Біз оларды ұмытпай, кейінгі жастардың есіне салып отыруға міндеттіміз деп ойлаймын. Алайда, тап осы жиырма жылда Қазақстан еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың білікті басшы­лығының арқасында ол жайсыз жорамалдар мен сәтсіз сәуегейліктер жүзеге аспай, еліміз бүгінде тек ТМД арасында ғана емес, әлемдік деңгейде жоғары қарқын­мен дамып отырған бейбіт әрі беделді мемлекеттердің қатарына қосылып үлгер­ді. Бұл бүгінде әлемге танылған ақиқат екені айқын. Әрине, отандастарымыз қазіргі алаң­сыз еңбек етіп, білім алып, өсіп-өніп, берекелі тіршілік кешіп жатқан жағдайға оңай­лықпен жеткен жоқ. Талай-талай қиын асуларды, қоғамдағы саяси және экономикалық ахуалдың қызуы көтеріліп барып басылуына себеп болған қилы-қилы кезеңдерді бастан өткерді. Алайда ең әділ төреші – уақыттың өзі еліміздің о бастан-ақ дұрыс даму жолына түскенін айқын дәлелдеп берді. «Тіршілік бар жерде проблема бар» демекші, қиындықтардың әлі де аз емес екендігіне қарамастан, бүгінде Қазақстан ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлемдегі 110 мемлекеттің арасында 50-ші орынды иеленіп отыр. Ұлттық валютамыз енгізі­луі­не байланысты, экономикамыз өз бас­қаруымызға көше бастаған 1994 жылдан бері жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 АҚШ долларынан 12 еседен астам өсіп, былтыр 9 мың доллардан асып түсті. Биылдың жартыжылдық қорытын­дысы бойынша қазақстандықтардың ай­лық орташа жалақысы 88 мың теңгені құрады. Демек, аталған мерзімде ай са­йынғы номиналды еңбекақы көлемі 45 есе өскен болып шықты. Сондай-ақ соңғы он жылда табыстары ең төменгі күнкөріс дең­­гейінен аз азаматтарымыздың саны 4 еседен астамға кеміп, зейнетақының орташа көлемі 6 есе өсті. Өз дербестігін аса қиын бюджет тапшылығы жағдайында бастаған еліміздің бүгінде халықаралық резервінің мөлшері 75 млрд. доллардан асып түсті. Әрине, жоғарыда аталған қиындық­тардың бәрі де қоғамның трансфор­ма­цияға ұшырауы кезінде болмай қой­майтын қиындықтар еді. Өйткені, социалистік қоғамға, жоспарлы экономикаға ла­йықталған ескі заңдарымыз жаңа жағ­дайда жұмыс істеуге жарамсыз болып шық­ты. Ал жаңа заңдар мен заң акті­лерінің бір күнде немесе бір жылда әзірлене қоймасы белгілі. Оның үстіне, осының бәріне сол кездегі ескі кертартпа күштер мен жаңа реформаторлар арасын­дағы тартыстың да өзіндік бөгесін болғанын қосыңыз. Алғашқы Конститу­ция­мыз жаңа жағдайға осындай себеппен жарамсыз болып шықты. Жоғарғы Кеңес­тің тарауына да негізінен жоғарыдағыдай себептер әсер етті. Еліміздің бағына орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарушылық дарыны мен мол тәжі­рибесі осы тұста бар болмысымен жар­қырай көрінді. Ол сол кезде қоғамда жүріп жатқан өте күрделі процестерге дұрыс талдау жасап, оның себеп-салдарларын тамыр­шыдай тап басып анықтап, қажетті шешімдерді батыл әрі дер кезінде қабылдай білді. Осыған қоса, Президент еліміздің саяси және экономикалық күш-қуаты нығайған сайын, тиісті орындардың алдына үнемі жаңа міндеттер қойып келеді. Мұның өзі қоғамымызды тоқырауға ұшыратпай, ұдайы ілгері ұмтылдырып қана қоймай, осы жылдарда экономикамыздың екі бірдей ірі – шығыс-азиялық және әлемдік экономи­калық-қаржы дағдарыстарынан абыроймен шығуына мүмкіндік берді. Сондықтан экономикамыз жыл сайын орта есеппен 7 пайыз мөлшерінде өсім беріп келеді. Әрине, Қазақстанда тәуелсіздік жыл­дарында жүзеге асқан тарихи істердің бәрін шағын бір мақалада санамалап шығу мүмкін емес. Алайда, оның басты-басты себептерін атамайынша, 20 жылдағы табыс­тарымыздың төркінін дұрыс пайымдай алмаспыз, сірә. Әрі бұл мәселе төңірегінде әркімнің өз пікірі мен өз жорамалы болуы мүмкін. Ал өз басым жетістіктеріміздің бірінші себебі ретінде Президентіміздің халқы­мызды қоғамдағы саяси тұрақ­тылықты сақтауға, ұлтаралық татулық пен бірлікке, уақытша қиындықтарға төзуге әрдайым табандылықпен шақыра білгенін атаған болар едім. Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың алдына қай мәселе бойынша шықса да, осы саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты сақтап, нығайтуға ұдайы көңіл бөліп отырды. Саясаттанушы ретінде көп мемлекет басшыларының еңбектерімен таныса жүріп, әсіресе ұлтаралық татулық мәсе­лесіне біздің Елбасымыздай мол көңіл бөлген тұлғаны сирек ұшыратқанымды жасыр­маймын. Оның үстіне, Мемлекет басшысы тек жалаң шақырулармен ғана шектеліп қалмай, осы мәселенің маңызды тетігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын өмірге әкелді. Оның қазір қоғамымызда қандай маңызды рөл атқарып отырғаны және халықаралық деңгейде қан­дай беделге ие болғаны бүгінде жұрт­шылыққа жақсы мәлім. Екіншіден, Президент қоғамдағы саяси тұрақтылықтың іргетасы оның Консти­туциясында екенін о бастан-ақ дұрыс пайым­дай алды. Себебі, мемлекеттің қоғам­дық құрылысы, оның мүшелерінің құқық­тық мәртебесі, мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі тап осы Ата Заңымызда айқындалуы тиіс еді. Президент Н.Назар­баевтың тікелей басшылығымен әзірленіп, 1995 жылы қабылданған ел Конституциясы осы жылдар ішінде өзінің прогресшіл сипатын айқын танытып, қоғамымызды саяси және экономикалық дағдарыстардан аман алып келеді. Осы Конституцияның арқа­сында билік тармақтары өзара ынтымақтаса жұмыс істеп, қоғамның қарқынды ілгерілеуін қамтамасыз етуде. Рас, оппозициялық көзқарастағы кейбір азаматтардың тарапынан анда-санда қазіргі Парламентті биліктің ырқынан шықпайтын, өзіндік бет-бейнесі жоқ, «қалтадағы парламент» деген сыни және кекесін пікірлер ай­тылып қалып жататынын білемін. Осы Парламент құрамының жұмысын іштей жақсы білетін депутаттардың бірі ретінде мен мұны жаңсақ пікір деп айтар едім. Парламент – көпшіліктің көңілін көтеретін қойы­лымдар қоятын цирк алаңы емес. Ол елге, халыққа қажетті заңдар әзірлейтін, соны қабылдайтын орган. Ал тәжірибелі, білімді де білікті Парламент депутаттары бұл міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Мәселен, күні кеше –1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отыры­сында сөз сөйлеген Президент осы орайда: «Депутаттар күрделі жаһандық дағдарыс жағдайында жоғары кәсіби белсенділікпен жұмыс жүргізді. Үкіметпен бірлесе отырып, дағдарысқа қарсы заңдық құжаттар әзір­леніп, қабылданды және ол табыспен іске асуда. Қазақстан жаһандық экономикалық күйзелісті жеңіп шыға алған аз ғана ел­дердің бірі болды... Осы орасан жетістіктерге Парламент депутаттары зор үлес қосты. Өткен сессияда түрлі мәселелер тура­лы 141 заң қабылданып, 76 халық­аралық келісім ратификацияланды. Осының бәрін сіздердің Тәуелсіздік тойына жасаған лайықты тартуларыңыз деп білемін. Сол үшін сіздерге зор ризашылығымды білдіріп, шын жү­рек­тен алғыс айтамын», деп халық қалау­лыларының қызметіне аса жоғары баға берді. Әрине, бұл тек депутаттар қызметіне ғана емес, билік тармақтарының үйлесімді қызметіне берілген баға екені анық. Үшіншіден, Президент қысқа мерзім ішінде Қазақстанның әлем алдындағы бей­бітсүйгіш ел ретіндегі беделін қалып­тастыра білді. Іштен де, сырттан да жасал­ған қысымдарға қарамастан, ол өзінің алғашқы шешімдерінің бірі арқылы Семей полигонындағы жарылыстарды тоқтатты. Мұның халқымыздың денсаулығына, тұтас тағдырына тигізген сөзбен айтып жеткізгісіз оң ықпалын былай қойғанда, Қазақстанға әлем елдерінің тарапынан дұрыс көз­қарастың қалыптасуына және сол арқылы шетел инвестициясының мол тартылуына шешуші әсер етті. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына 126 млрд. доллардан астам мөлшерде инвестиция әкелудің сәті түсті. Осы орайда басын ашып айтатын бір мәселе, бюджетінің бүйірі бос болған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жыл­дар­дағы жағдайында еліміздің экономикасы мен халқымыздың әл-ауқатын жедел арт­тырудың бірден-бір тиімді жолы осы – шетел инвестициясын тарта білу еді. Өйткені, бұрынғы социалистік қоғамның сол кезге дейін де ұзаққа созылып кеткен дағ­дарысынан әбден титықтаған халқымыздың төзімі тым шексіз емес-тұғын. Сондықтан олар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының әйтеуір бір алыс келешекте емес, мейлінше таяудағы жылдарда жедел жақсаруын қалады. Әрі басынан кешкен қасіреті мол Қазақстан халқы бұған әбден лайықты да еді. Президентіміз бұл міндетті мейлінше табысты шеше білді. Жоғарыда келтірілген деректерге қоса, бүгінде халқымыздың біраз бөлігінің бұрынғыдан әлдеқайда жақсы тұрмысқа ие болып, қолайлы үйлерде тұра бастағанын, бұрын қолдары жетпей келген жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдарды тұтынатынын, бірқатар жастарымыздың шетелдердің әйгілі университеттерінде білім алатынын, азаматтарымыздың басқа мемлекеттерге туристік сапарларға шығып, демалып, емделетінін, елімізде жеңіл көлік иелері санының да үздіксіз өсіп отырғанын ескерсек, біздің бұл ойымыздың негізсіз емес екендігіне оқырманның көзі жетер дейміз. Қазақстан халқының әлеуметтік жағ­дайының осындай-осындай артықшы­лық­тары әсіресе ТМД шеңберіндегі қайсыбір өзге елдердегі замандас­тарымызбен салыс­тырғанда барынша айқын көрінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хат­шысы Пан Ги Мунның: «1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың Семейдегі ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартуы үлкен ерлік. Бұл қадам көрегендік, нағыз тәуелсіздікті жариялау. Мен барлық мемлекет басшыларын, оның ішінде ядро­лық державалардың басшыларын Қазақ­станнан үлгі алуға шақырамын!» деп бұған үлкен саяси баға беруі де сондықтан болса керек. Төртіншіден, Президент бірден-ақ ел экономикасын дамытудың нарықтық жолын таңдады. Социалистік немесе капиталистік қоғамның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы мәселе даулы тақырып екенін білемін. Келешекте қай жүйенің озықтығын уақыттың өзі көрсете жатар, бірақ, меніңше, социалистік жүйе өзінің дәрменсіздігін танытқан немесе біліксіз басшылықтың салдарынан оның беделі қатты шайқалған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басын­да біздің елімізде халықты өнімді еңбекке ынталандырудың нарықтан өзге ұтымды жолы жоқ еді. Тек шағын және орта бизнеске жол ашу арқылы ғана жұртшылықты жеке меншікке және өнімді еңбекке қарай бастап алып жүруге болатын. Бүгінде елімізде өндіріс өнімдерінің 30 пайызға жуығы осы шағын және орта бизнестің еншісіне тиесілі. Әрине, оның аясы жыл өткен сайын ұлғайтыла бермек. Өз кезегінде жеке мен­шік­тің қоғамдағы саяси тұрақтылықты қам­тамасыз етуде өте маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бесіншіден, Президент Н.Назарбаевтың стратегиялық тұрғыдан сәтімен шеше білген тағы бір өзекті мәселесі еліміздің шекара шептерін айқындап алуы болды. Эконо­микалық және саяси шиеленістер шырға­лаңы өршіген өңірде, алып державалардың ортасына орналасқан, жерінің аумағы үлкен, ал халқының саны аз Қазақстан үшін осы шекара мәселесін шешіп алуы қай тұрғыдан алғанда да мәні айтып жеткізгісіз үлкен саяси жетістік еді. Соның нәтижесінде, бүгінде Қазақстан алыс-жақын мемлекеттердің бәрі­мен де дау-дамайсыз, тату көршілік және өзара тиімді қарым-қатынас орнатып отырған елдердің қатарынан саналады. Елбасымыздың алтыншы аса маңызды әрі көрегендік шешімі деп елордамызды Алматыдан Ақмолаға ауыстыруын айтуға болады. Өйткені, астананы ауыстырудың елімізге әкелген өзге жақсылықтарын былай қойғанда, ол экономикамыздың дамуына тосын әрі қуатты серпін берді. Мұның сәтті шешім болып шыққаны соншалықты, бүгінде тіпті барлық басқару органдары мен ғылым және мәдениет мекемелерінің бәрін бірдей бұрынғыдай бір ғана Алматыға шоғырланғанын көзге елестетудің өзі қиын әрі қисынсыздау сияқты көрініп қалды. Ал бұл саяси шешімнің де Президенттің батыл бастамасымен және зор ұйымдасты­рушы­лық ерік-күшімен жүзеге асқаны мәлім. Нәтижесінде ел аумағының орта тұсында Алматы сияқты, бірақ өзінше әсем, ХХІ ғасырдың мүлде жаңа қаласы пайда болды. Ол бүгінде конкурс нәтижесі бо­йынша ТМД-дағы 81 қаланың ішіндегі ең таңдаулысы деп танылып, бюджеті Қырғызстан сияқты жеке республиканың мүмкіндігімен теңеліп отыр. Астана – қазірдің өзінде әлемдік саясаттың бағыт-бағдарын айқындайтын орталықтардың біріне айналып келеді. Мұнда Қазақстанның тікелей бастама­шылығымен өмірге келген ірі халық­аралық ұйымдардың жиындары өтіп жатады. Көне қазақ даласында тұңғыш рет алпысқа тарта мемлекет және үкімет басшы­лары мен ірі халықаралық ұйым­дардың жетекшілерінің қатысуымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының VII Саммиті өтті. Қысқы Азиада ойындарының алауы Қазақстанда алғаш рет жағылып, онда отандық спортшыларымыз тамаша табыс­тарға жетті. «Жұмыс істемеген адам ғана қателес­пейді», деген бар емес пе. Бір қоғамдық формациядан екіншісіне көшу аласапы­раны кезінде жіберген олқылықтарымыз болған да шығар, бәлкім. Бірақ, қалай дегенмен де жетістіктеріміздің басым екендігі талас тудырмасы анық. Себебі, бү­гінде қоғам өмірінің қай саласын алсақ та көңіл қуантарлық нәтижелеріміздің бар екенін көреміз. Тәуелсіздік жылдарында қаншама өндіріс орындары, мектептер мен балабақшалар, мәдениет ошақтары салынды! Көптеген қалаларымыз бен аудан орталықтары бұрынғыдан абат­тандырылып, көркейіп, көріктене түсті. Ана тілімізде білім алатын шәкірттер саны да үздіксіз өсу үстінде. Мыңдаған жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып үлгерді. Сондай-ақ өз елімізде де бұрын қазақ даласында болып көрмеген, жаңа тұрпатты жоғары оқу орындары жұмыс істеуде. Осындай жетістіктерді қоғам өмірінің қай саласы бойынша да санамалап, бұл тізімді одан әрі соза беруге болады. Қаза­қ­стандықтардың биылғы өткен Президент сайлауында қазіргі Елбасымызды қолдап дауыс беруінің де ең басты себебі осында. Мәселен, бір ғана «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қаншама көне әрі құнды тарихи, әдеби-мәдени жауһар­ларымыз халқымызбен табысып, дүние­жүзі халықтарының озық ой қазыналары ана тілімізге аударылып, кітап болып басылып шықты. Тіпті, халқымыздың 1000 әні мен 1000 күйінің дискіге жазы­лып шығарылуының өзі неге тұрады! Азды-көпті кемшіліктеріне қарамастан, «Көші-қон», «Жасыл ел», «Ауыз су» бағдарламаларының аясында да көптеген игілікті істер атқарылғанын жұртшылық жақсы біледі. Тәуелсіздіктің арқасында талай-талай тарихи тұлғаларымыз ортамызға оралды. Олардың еңбектері насихатталып, көше­лер мен алаңдарға аттары берілуде. Исламабад саяси талдау институ­тының сарапшысы Мұхаммед Мунирдің «Нұрсұл­тан Назарбаев – көреген көш­басшы» деп аталатын мақаласында: «Кө­реген көшбас­шылар өз мемлекеттерінің тағдырын өзгер­ту қабілетіне ие тұлғалар қатарына жатады. Олардың ерекшелігі – көпшілікке айқын емес үрдістерді байқап қана қоймай, оны басқалардың да көруіне себепкер болуында жатыр», деуі біздің осы пікіріміздің орындылығын дәлелдей түссе керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әрине, проблемалар да баршылық. Еңбек өнім­ділігі әлі де көңіл көншітпейді. Шағын және орта бизнестің ел экономи­касындағы үлес салмағы қазірде де төмен. Индустриялық-инновациялық бағдарла­маға сәйкес жаңа технологиялар қол­данылатын кәсіпорындар салынбайынша, олардың мөлшерін арттырып, еңбек­ақыны көбейту мүмкін емес. Сол себепті, аталған бағдарлама бойынша біздің елімізде тек былтырдың өзінде 152 кәсіп­орын іске қосылды. Олардың саны бұдан былай одан да арта түспек. Елімізде үш жыл ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының 2,8 мың шақырымдық қазақстандық бөлі­гі салынбақ. Қазір 27 мың маман мен жұмысшылардың қатысуымен бұл жұмыс қызу жүргізілуде. Алайда, мойындасақ та, мойында­масақ та, бүгінгі өмірдің шындығы сол – қазіргі дүние өте күрделі әрі саяси дүрбелеңдерге толы. Мемлекеттер ара­сындағы мүдде қайшылықтарының ас­қынуы, конфес­сия­лардағы өзара үнқаты­судың жетіспеушілігі, терроризм қаупінің бұрын-соңды болма­ған деңгейге көте­рілуі, әлемдегі эколо­гиялық ахуалдың күрделілене түсуі, жер бетінде күнделікті тіршілік үшін ең қажетті ішер ас, киер киімге жарымайтын адамдар санының артып бара жатуы – осының бәрі де жұмыр жердің кейбір нүктелерінде қан­төгістердің орын алып, қоғам іргесінің шайқалуына, жалпы, адамзаттың алаң көңіл ахуалында өмір сүруіне әсер етуде. Сондықтан, еліміздің тұрақтылық жағ­дайында, бірлік туының астында қарыш­ты қарқынмен дамып отыруы – халқы­мыздың баға жеткізгісіз бақыты дер едім. Ал бақыт – бағасын білгеннің ғана басы­на тұрақтайды. Әрине, біз оның қадірін білуге тиіспіз. Ең бастысы, бүгінде заман талабына сай, индустриялық-инно­вациялық бағдарламаны жүзеге асыруға қызу кіріскен Қазақстанның ертеңгі келешегі бұдан да жарқын болатыны сөзсіз. Өйткені, халқымыз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қолға алын­ған қай істің де табысты аяқта­латынына кәміл сенеді. Әрі ол сенім өзін үнемі ақтап келеді. Ақан БИЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, профессор.