Өркенді өзгерістер жалғаса береді
Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВПЕН әңгіме – Бергей Сәулебайұлы, Тәуелсіздік шежіресінде Атырау облысы несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз? – Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мұнайлы өңір экономикасының өркендеуіне, осы өңірді мекендеген халықтың әлеуметтік ахуалының көтерілуіне баса назар аударды. Соның дәлелі, елімізге алғаш бет бұрған “Шеврон” корпорациясының инвестициясын Атырауға бағыттады. Бұл инвестор “Теңіз” кенішін игеруге ауқымды инвестиция салып, көмірсутекті шикізатты өндіру көлемін ұлғайтып келеді. Осы кенішті игеру мақсатында құрылған «Теңізшевройлдың» өзі-ақ бірінші буын және екінші буын зауыттары жобаларын жүзеге асыруға 48 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Тәуелсіз Қазақстан экономикасының алғашқы қарлығаштарының бірі болған бұл кәсіпорын мұнай-газ өнеркәсібі секторында көшбасшы бағытын ұстанып келеді. Жалпы, Атырауда Елбасының өз идеясымен әрі ұйытқы болуымен іске асырылып жатқан халықаралық маңызға ие жобалар жеткілікті. Соның бірі – “Теңіз” кенішінің мұнайын Қара теңіз жағалауындағы терминалға жеткізетін төте құбыр жолының іске қосылуы. Содан соң Каспий қайраңындағы кен алаңдарының барланып, мол мұнай қорының табылуы дер едім. “Теңіз”, “Қашаған” секілді алып кеніштер қазақ елінің тәуелсіздік алуын күтіп жатқандай әсер қалдырды. Тұтастай алғанда, облыс экономикасының жетекші буыны – өнеркәсіп саласында 20 жылда 130 өндіріс ашылып, оларда 30 мың жұмыс орны құрылды. 1991 жылы облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындар 3 млн. теңгенің өнімін шығарса, 2010 жылы 3 трлн. 119 млрд.теңгеге бағаланған өнімдер өндірілді. Биылғы бірінші жартыжылдықта өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 триллион теңгеден асты. Әрине, мәдени, рухани салада да үлкен өзгерістер болды. Алдымен айтарым, бала кезінде құлдыққа сатылып, кейіннен 17 жыл бойы Мысыр елінде сұлтан болған Бейбарыс бабаның елімізге дана болып оралғаны баршаны қуантты. Қазақ даласының бір түп жусанын құмарлана бір иіскеуді аңсап өткен баһадүр сұлтан Бейбарыстың, күй өнерінің дүлдүлдері Құрманғазы мен Динаның еңселі ескерткіштері Атыраудың қақ ортасында бой көтерді. Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттық қаласы ғана емес, қазақ даласындағы ең сәулетті шаһар болуымен ерекшеленген Сарайшықтың қайта жаңғыртылып, археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуі, он бір жыл бұрын Жылыой ауданындағы “Аралтөбе” қорғанынан табылған “Алтын адам”, Қызылқоға ауданындағы “Қорғанша” қорғанында ғасырлар бойы көміліп жатқан “Алтын әйел” – осының бәрі Тәуелсіздік шежіресіне қосылған құнды дерек, өлшеусіз үлес дей аламын. Тәуелсіздіктің арқасында біздің ауылдарымыз өркендеді. Облыс орталығынан алыстағы Қызылқоға ауданына табиғи газ желісі тартылды. Өзге аудандарға ауыз су құбыры, газ желілері жетіп, жолдар салынды. Және бір басты ерекшелік, Атырау облысы іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге алғашқылардың қатарында көшті. – Елбасы Жолдауында Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосу стратегиясын ұсынды. Осыған байланысты Үкімет индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. Бұл бағытта Атырауда қандай инвестициялық жобалар бар? – Мұнайлы өңіріміздегі табиғи байлықтардың қоры орасан мол. Әсіресе, Индер ауданындағы пайдалы қазбалар қорының молдығы инвесторлардың қызығушылығын арттырды. Бұл аудандағы бор кенінің барланған қоры 95,6 миллион тонна, гипс – 21 миллиард тонна, ал “Көктау” кенішіндегі әктас 1,9 миллион текше метрді құрайды. Бұдан өзге Индерде ас тұзы, калий секілді минералды қорларды ел игілігіне жаратуға әрине, көп мөлшердегі инвестиция қажет. Осы аудан аумағында “ИСИ Гипс Индер” ЖШС-нің гипсокартон шығаратын осы заманғы технологиямен жабдықталған зауыты жұмыс істейді. Жылына 4,0 миллион текше метр өнім шығаратын зауыттың 1,1 миллиард теңгеге бағаланған қосымша желісі іске қосылды. Өйткені, аталған зауыттың өніміне Қазақстанда және ТМД елдері рыногында сұраныс арта түсуде. Қазір облыста машина жасау, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, минералды тыңайтқыштар, резина өнімдері және пластмасса өндіру сияқты шикізаттық емес салалар кеңінен дамуда. 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бекітілуі дамудың жаңа бағытын айқындады. Бағдарлама шеңберінде облыста 2010 жылы жалпы құны 32 млрд. теңге 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 636 жұмыс орны пайда болды. Ал биылғы жылы құны 11,5 млрд. теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оларда 1018 жұмыс орын ашылады. Бүгінгі күні 4 жоба іске асырылды. 2003 жылдан бері индустриялық-инновациялық даму стратегиясы іске асырылуда. Оның аясында 120 жаңа өндіріс ашылып, 5000-нан астам жұмыс орны құрылды. Атырауда бұрын-соңды болмаған гипсокартон, гипсблоктар, құрғақ қоспалар, полиэтилен құбырлары, жиһаз, бір реттік шприцтер шығару сияқты тың өндірістер құрылды. Аймақтағы мұнай-газ қорының молдығы мұнай химиясы өнеркәсібін жедел өркендетуді алға тартады. Мәселен, Каспийдің қазақстандық секторы игеріле бастағанда елімізде мұнай өндіру көлемі 100 миллион тоннаға, газ – 63 миллиард текше метрге жетпек. Бұл аймақтағы мұнай-газ өнеркәсібіне еңбекке тартылатын мамандар қатарын 25 мың адамға көбейтеді. 2015 жылға қарай өндірілген газдың 23 миллиард текше метрі ішкі тұтыну рыногында қалады. Міне, осыған сәйкес Атырауда мұнай-химия кешені құрылысын салу басталды. Құрылысы 2016 жылы аяқталатыны жоспарланған, құны 6,3 млрд. АҚШ долларына бағаланған бұл жоба жылына 800 мың тонна полиэтилен және 450 мың тонна полипропилен шығаруға негізделген. Шикізат «Теңіз» кен орнынан алынады. Бұл зауыт әлемдегі осы заманғы ең озық технологиямен жабдықталып, полиэтилен және полипропилен өнімдерін шығарады. “Теңізшевройл” бірлескен кәсіпорны жаңа жобаны, үшінші буын зауытының құрылысын бастамақ. “Аджип” компаниясы да жаңа зауыт құрылысын аяқтағалы отыр. Бұл компания бұған дейін жаңа вахталық кент құрылысын аяқтады. Жалпы, аймақта экономикалық дамудың қазіргі қажеттілігі – құрылыс индустриясын және құрылыс материалдарын өндіруді дамыту. Облыста «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын дамытудың 2005-2014 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге асуда. 2005 жылдан бері бағдарлама шеңберінде 25 жаңа өндіріс қатарға қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Өңірдегі 12 инвестициялық жобаның 6-ы құрылыс индустриясы саласын өркендетуге бағытталған. Атап айтқанда, 2009 жылы Индер ауданында жылына 3,5 млн. дана гипс блоктарын шығаратын зауыт іске қосылып, 40 жаңа жұмыс орны ашылды. Былтыр тұрғын үй құрылысына қажетті жеңіл панельдер шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл – қосымша 42 жұмыс орны. Тұтастай алғанда, аталмыш бағдарлама шеңберінде 30-дан астам жоба іске асырылып, 5000-нан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде. – Өңірдің мәдени саласын дамыту бағытында нендей іс тындырылды? – Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде төл тарихымызға, мәдениетімізге қатысты тың жобалар қолға алынып жатыр. Соның ішінде Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген “Мәдени мұра” бағдарламасының мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені, өткенімізді саралап, келер ұрпаққа мирас боларлық мәдени мұраларымызды түгендеу уақыт өткізуді күтпейді. Елбасының осынау мемлекеттік бағдарламаны қабылдауының астарынан осыны ұғынуға болады. Бұл өңірде ел тарихына, мәдениетіне қосылар құнды мұра ретінде табылып жатқан жәдігерлер көп. Қызылқоға ауданы аумағындағы “Қорғанша” қорғанынан алтын әшекейлі әйелдің табылғаны елді елең еткізді. Осы саланы дамыту шеңберінде көптеген жұмыстар атқарылды. Өңірдегі тарихи-мәдени мұралардың орналасу картасы жасалды. ХІХ ғасырда салынған Жұбан мазарына, аузы дуалы ақын Мұрат Мөңкеұлының кесенесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халық арасында қазақтың көне мұралары әлі де сақталған. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкерлері күй, айтыс, терме, жыраулық, халық әуендері өнерін, ұлттық салт-дәстүрлерімізге қатысты ескілікті жәдігерлерді жинақтау мақсатымен аудандарға жиі шығып тұрады. Сонымен қатар, алаштың ардақтысына айналған ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары шетел тілдеріне аударылды. Ақынның 75 жылдық мерейтойы аталып өтті. Өңір аумағындағы ерекше қорғауға жататын тарихи-мәдени ескерткіштер туралы “Көне дүние күмбірі” атты үш тілде буклет шығарылды. Биыл орақ тілді ақын Шернияз Жарылғасұлына кесене салынып, шығармалары кеңінен насихатталды. Ғасырлар бойы тылсым тарихы жұмбақ күйде жатқан Сарайшық қаласының орнындағы археологиялық қазба жұмыстары жалғасын тапты. Экономиканы, басқа да салаларды дамыта отырып, өңір тұрғындарының рухани дамуына оң ықпалын тигізетін мәдени саланы да ешқашан назардан тыс қалдырған жоқпыз. Мәдениет саласында 1991-2010 жылдары 24 жаңа нысан салынды. Атырау қаласында ең озық үлгімен жобаланған, еуропалық талапқа сай келетін, сәулетті, бүгінгі дәуірге сәйкес келетін мұражайы, көрме залдары, мәдени, ойын-сауық кешені бар 1200 орындық киноконцерттік зал құрылысы жүргізілуде. – Өңір экономикасына инвестиция салу мен кәсіпкерліктің даму барысы қалай? – Атыраудың инвестициялық қолайлы аймаққа айналғаны жасырын емес. Инвестиция тартуда облысымыз республикада көшбасшылық орында. Нақтылай айтқанда, облыс экономикасына 2010 жылы 1 трлн. 105 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл отандық экономикаға инвестиция салуда республикалық көрсеткіштің 25%-ын құрап отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1991 жылы 2,4 млрд. теңге инвестиция салынғанын ескерсек, содан бергі кезеңде бұл бағытта экономиканың әр саласына құйылған инвестициялық қаржының көлемі 460 есеге артты. Өңірде негізгі капиталға салынған қаржының басым бөлігі шетел инвестициясының үлесіне тиеді. Өйткені, біздің облыс АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Франция, Ресей секілді әлемнің ең ірі 56 елімен экономиканың әр саласында ынтымақтастық орнатты. Облыста шетелдік және солармен бірлескен 500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнайлы өңірде экономиканың барлық салаларымен қатар, шағын және орта бизнестің де қанаты қатайып, әлеуетті экономикалық күшке айналды. Қазір облыста осы саламен айналысатын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 25 мың бірліктен асты. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2000 жылғы 18 мың 300 адамды құраса, 2010 жылы 81 мың 500 адамға жетті. Кәсіпкерлер шығаратын өнімдер мен көрсететін қызметтердің көлемі 2000 жылы 7 млрд. теңгені құрайтын. Ал 2010 жылы 465 млрд. 434 млн.теңгені құрады, немесе 66 есеге өсті. Елбасының Жолдауынан бастама алған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытудың аса маңызды кезеңі болып, жаңа мүмкіндіктер ашып берді. Қорыта айтқанда, осы кезеңге дейін өңір экономикасы жаңа белеске көтерілді. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған сол өркенді өзгерістер жалғасын таба береді. Су үстінде «Сұңқар» тұр Бұл – шындық. «Сұңқардың» айдын төсіне «қонақтағанына» 12 жылдан асып барады. «Сұңқар» – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш жүзбелі бұрғылау баржасы. Каспийдің қазақстандық секторындағы «қара алтынның» мол қорына алдымен дәл осы «Сұңқардың» бұрғысы салынды. Қазақ сұңқарды құстың төресіне балайды. Осы тұрғыдан айтқанда, жүзбелі бұрғылау баржасының атауы тауып қойылған. Басқаша аталса, олқы соғып тұрар еді. «Сұңқар» Астраханьда тоғыз айдай құрастырылды. О баста шетелде де айдын тереңіне бұрғы бойлатқан, деген еді бұдан 12 жыл бұрын ОКИОК компаниясының бас менеджері болған Кит Даллард мырза. Оның айтқанына қарағанда, «Сұңқарды» құрастыру жөніндегі тендерде ресейлік «Астраханьский корабль» акционерлік қоғамына таңдау текке түспеген. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, алыс шетелден гөрі Қазақстанмен іргелес жатқан, оның үстіне Каспий жағалауында Атыраумен қоңсы отырған Астраханьда құрастыру шығыны әлдеқайда аз болады. Екіншіден, жүзбелі баржаны алғаш бұрғы салынатын «Шығыс Қашаған» кен орнына жеткізу де аса көп қиындық тудырмайды. «Сұңқарды» құрастыру барысымен танысу үшін Астраханьдағы «Судоремонтный» зауытында әлденеше рет болудың сәті түсті. Сол кезде ОКИОК компаниясының мамандары «Сұңқардың» толық «мінездемесімен» таныстырған болатын. Сол «мінездемеден» аз-кем сыр тарқатсақ, жүзбелі баржаның ұзындығы – 85, ені 53 метрді құрайды. Ал биіктігі бұрғылау мұнарасымен қоса есептегенде 50 метрден асады. Мұнай алу қамымен жұмыс жасайтын мамандарға арналған 96 орындық қонақ үйге бергісіз жатақханасы бар. Тікұшақ қонатын арнайы алаңын және қосыңыз. Платформасының салмағы 10 мың тоннадай, бейнелеп айтқанда, 6 қабатты үйдің биіктігіндей «Сұңқарды» теңіз төсіндегі өз тұғырына жеткізу қиынға соққан жоқ. «Сұңқардың» бұрғысымен «Шығыс Қашаған» кен орнындағы алғашқы ұңғыманы бұрғылау 1999 жылғы 12 тамызда басталды. Бір жылға жетпейтін мерзімде мұнда 150-дей адам жұмыс жасады. Оның ішінде қазақстандық 57 маман «Шығыс Қашағаннан» мол байлықтың табылуына, сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі мұнайы көп елдердің қатарына қосылуына атсалысты. Міне, сөйтіп, айдын төсіне «қонақтаған» «Сұңқардың» бұрғысы бір жылдың ішінде теңіз тереңінде тұнған байлықтың дәл үстінен түсті. Осыдан кейін оны тәуелсіздік шежіресіндегі тұңғыш әрі құтты жүзбелі бұрғылау баржасы демеске бола ма! Елдік пен өрліктің салтанаты Есен ТАСҚЫНБАЕВ, Атырау облысының құрметті азаматы. Қазақ халқының азаттығы жолында ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалған Махамбет батырдың құнды мұрасы – адуынды жырлары. Алдаспан ақынның жырлары – ұлттың рухын көтеретін, намысын қайрайтын және бұл ешқашан қайталанбайтын жыр. Мұны Атыраудың қақ ортасында бой көтерген “Исатай-Махамбет” тарихи кешеніндегі жебе тектес тастарға қашалып жазылған жыр жолдарын оқыған әр адам ұғады. Мұндай отты жырлары бар Махамбет бабаға қойылған ескерткішті Тәуелсіздіктің жемісі дейміз. Еліміз тәуелсіздік алмастан бұрын қай батырдың, қай дананың мерейтойы тойланып еді. Тәуелсіздіктің жемісі дейтініміз сол, қазақтың Абайдай данагөйі, Мұхтар мен Сәбиттей, Ғабиттей заңғар жазушылары, Жамбылдай жыр алыбы, Махамбеттей күрескері бар екенін барша әлем білді. Туындыларымен танысты. Абайдың философиялық, Махамбеттің өршіл жырларын оқып, қазақтың қайсар мінезін таныды. ЮНЕСКО деңгейінде тойланған Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы шынында да елдік пен ерліктің, өрліктің салтанатындай болып өтті. Мерейтой салтанатына келгенде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев батыр есімімен аталатын Махамбет ауданындағы шараларға автокөлікпен барып, жаңа жолдың сапасын көзбен көргені көпшілікке үлкен ой тастады. Кейбір шенеуніктердей шіренбей, қарапайым халық секілді көлікпен 70 шақырымдай жол жүруі Елбасының қарапайымдылығын көрсетсе керек. Тарихымызды жаңғыртып, мәдени мұраларымызды түгендеуге де уақыт бөліп, Бейбарыс сұлтанның өмірдерегін іздестіріп, туған жеріне дана боп оралуына, Дамаскідегі мешітін қайта жаңғыртуға да ұйытқы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мұның бәріне Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік», деп орынды айтып жүр. Тәуелсіздіктің қадірі әрқайсымыз үшін қымбат. Мемлекеттің іргесін нықтап, әлемге танылуымызға Тәуелсіздік желі болып тартылды емес пе! Мейірім ҚАЛАУИ, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы. 1997 жылы Мемлекет басшысының ұзақ мерзімді 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы жария болғаннан кейін, шын мәнінде, ел сол бағдарламаның шынайы дамуға бетбұрыс болғанын сезінді. Өйткені, ел-жұрт өсуге, өркениетке қадам басты. Үшінші мыңжылдықтың бас кезінде Қазақ мемлекетіндегі ренессанс дәуірі келешекте елдің қалай боларына үмітті үкіледі. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына жұрттың сенімі нығайып, тек Астана мен Алматыда ғана емес, өңірлерде де өсу мен өрлеу қарқын ала бастады. Оны мұнай меридианы өтіп жатқан өлке – Атырау жақсы сезінді. Қазақ мұнайының шыға бастағанына 100 жыл толу тойын көргенде, менің замандастарым «әдеттегідей қора-қопсыны үйден аулақ салу түрінде емес, өсудің осындай да жарқын көріністері бар екеніне» көз жеткізді. Ілгерідегі жақсы өмірге ұмтылуды біз осы жылдардан бастадық. Облыстағы ең шалғай жатқан Сүйіндік пен Балқұдықтан басқа өңірлерге түгелдей газ жетті. Бір кезде «Республикадағы шаруашылығы ең артта қалған 31 ауданның бірі» деген жаман аттан арыла алмаған Қызылқоғаның әр үйінде алаулап газ жанып тұр. Тайсойғанның төріндегі малшылар ұялы телефонмен сөйлесіп, малды «Джипке» мініп бағатын болды. Бұл бақыт емей немене?! Біз жаңа, тәуелсіздікпен бірге есейдік, Қазақстанның өрлеуі мен дамуының куәгерлеріміз. Түптеп келгенде, бұл – Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, көреген де көсем кемеңгерлігінің жемісі. Қалай құбылтсақ та, барлық істің бастауында тұрған бір адам, сол адамның ғана бағдарлауы екенін ешқашан жасырмауымыз керек. Мыңжылдықтар тоғысында тұралап қалған Қазақстандай мемлекетті «төрт аяғынан тік тұрғызған» Назарбаевтай тұлға, одан артық қайраткер әр дәуірде туса – туар! Бірақ біздің кезеңімізде қайталанбайтынына шүбә жоқ.Беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»
Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.