Қазіргі әлемдік жағдайда дағдарыс күйзелісі әлі де сақталып отырғандықтан, біздің өз жетістіктеріміз үшін мақтануымызға әбден болады. Әрине, қазақ экономикасының ғаламдық көшке ілескеніне енді ғана 25 жыл толғанын да ескеруіміз керек. Мұның сыртында шикізаттық, оның ішінде мұнай табысына негізделген экономикалық саясаттан біртіндеп бас тарту арқылы ішкі өндірісті дамытуды қолға алғанымызға да санаулы уақыт өтті. Осы қысқа мерзім ішінде қаржы айналымындағы нақты ақша да отандық өнімді сатып алуға бағытталып, қазақстандық тауар өндірушілерге қатысты сенім қалыптасты. Басқаша айтқанда, 2016 жыл тұрғындардың экономикалық белсенділігі мен шынайы патриоттық ұстанымдарын да айғақтап, әрбір тұтынушының ішкі қаржы нарығына кішкентай инвестор ретінде қатысуына жол ашқан кезең ретінде ерекшеленуі тиіс.
Жалпы, тұрғындардың экономикалық белсенділігі мен шынайы патриоттық ұстанымдары дегенде біз нені меңзеп отырмыз? Әрине, ұлттық экономикадағы долларсыздану үрдісінің жылдам әрі сауатты түрде жүріп жатқандығын айтамыз. 2016 жылдың 11 айын аралығында тұрғындар 1,0 млрд. АҚШ долларын сатып алған. Бұл арғы жылмен салыстырғанда 6,8 есе төмен көрсеткіш. Жалпы, биылғы жылдағыдай шетел валютасына сұраныстың кемуі соңғы 15 жыл ішінде алғаш рет орын алды. Демек, ұлттық валютаның ішкі нарықтағы төлем құралы ретіндегі қолданыс аясының артуы теңгенің тұрақтануы мен сұранысқа ие болуына жол ашты. Бұл ретте еліміздің Ұлттық банкі айтарлықтай жұмыстар жүргізді. Валюта нарығындағы сауда-саттық дәліздерін ресми тұрғыда реттеу арқылы отандық тұтынушылардың теңгеге деген сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, долларға шаққандағы ұлттық валюта бағамының құлдырауына жол берілмеді. Нақты мысал ретінде, теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы еліміздің тарихында тұңғыш рет мұнай бағасының құлдырауы жағдайында да жоғары деңгейде сақталды. Яғни, баррель бағасы 50 доллардан төмен болғанда да доллар бағамының ұлттық валютаға шаққандағы ауытқуы 3-5 теңге аралығында көрініс тапты.
Экономикадағы оң өзгерістер дегенде біз тұрғындардың сатып алу қабілетін де ескеруіміз керек. Алдымен қаржы нарығы мен сауда-саттық айналымындағы алғышарт ретінде нақты табыс пен инфляцияны қарастырамыз. 2016 жылы Үкімет тарапынан қолға алынған әлеуметтік қорғау жұмыстары мен жалақы мөлшерінің пайыздық өсуі айтарлықтай көрініс тапты. Ал өткен 9 айдың қорытындысы бойынша еліміздегі инфляция деңгейі 1,20 пайыз мөлшерінде анықталды. Бұл 2015 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге төмен. Яғни, жыл басынан бергі инфляция көрсеткіші 7,33 пайыз деңгейінде анықталып отыр. Сондай-ақ, дәл осы анықтамалық көрсеткіштер бойынша әлем елдерінің арасында Қазақстан инфляцияны ауыздықтау бойынша 16-орыннан көрінді.
Отандық қаржы нарығын сараптаудың тағы бір мысалын қор биржасындағы жағдайдан да келтіруге болады. Бұл бағытта да ауыз толтырып айтуға тұратын жетістік бар. Мәселен, өткен 9 ай аралығында Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық арғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 73,2 трлн теңгені құрады. Акциялар нарығын капиталдандыру операциялары 7,1 пайызға өскен. Жалпы, KASE индексі де 9 ай ішінде 38,7 пайызға өсіп, жылдық мөлшердің 51,5 пайызы орындалды. Сондай-ақ, қор биржасына акцияларын шығарушылар саны рекордтық деңгейге жеткен. Осы мерзім аралығында биржаға 119 атаумен акция салуға өтінім берген 100 эмитенттің сұранысы қанағаттандырылыпты. Тағы бір жағымды жаңалық, орталық депозитарий жүйесі бойынша жеке тұлғалардың атына ашылған есеп-шоттар саны өсіп, 104 447 адам тіркелген.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»