Өткен сенбіде Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы-публицист, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі, белгілі жазушы Сұлтан Оразалының туғанына 70 жыл толуына орай «Қазақ өркениеті және Сұлтан Оразалы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, академик С. Қирабаев, ақын Ф.Оңғарсынова, сондай-ақ Парламент депутаттары мен жоо ректорлары және профессор ғалымдары қатысты. Бірнеше тақырыптар бойынша өрбіген жиынның жұмысында Сұлтан Оразалы Қазақстандағы көркем теледидардың негізін салушылардың бірі ретінде ғана емес, әдеби-драмалық бағдарламалардың да алғашқы ұйымдастырушысы есебінде әңгіме қозғалды. Ел тәуелсіздігін баянды ету жолындағы қызметі жайлы да баяндамалар жасалды. Сонымен бірге, конференцияда «Тіл комитетінің іргетасын қалап, тіл саясатының көшін бастаушы», «Көсемсөз шебері, теледраматург, әдебиет зерттеушісі», «Баспагер, автор құқығын қорғаушы» атты тақырыптар да қамтылды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед айтып өткендей, Сұлтан Шәрiпұлы ұлттық тележурналистиканың алғашқы қарлығашы, Қазақстандағы көркем телевизияның негізін салушылардың бірі болған. Қазақ теледидарының негiзiн қаласып, бастапқы қиыншылықтарын қара нардай, белi қайыспай тартқан жандардың бiрегейi ретінде тоқталып өтті. 1964 – 1984 жылдар аралығында оның қаламынан жүздеген әдеби бағдарламалар мен телепьеса туып, көгілдір экранда қойылды. Олардың ішінде «Сұхбат», «Қымызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы» сияқты хабарлар циклы мен «Кек», «Отырар ойраны», «Өлім фабрикасы», «Қашқын» телеқойылымдары халыққа кеңінен танылған еді.
Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бір өзі ұлттық теледидардың тұтас мектебін қалыптастырған Сұлтекеңнің үлкен еңбегіне біз басымызды иіп, рахметімізді айтамыз. Сұлтан Оразалы тек теледидар саласында қызмет істеп қана қойған жоқ. Ол – теледраматургияның негізін салушы. Жазғанына қарап отырсақ, Сұлтекең ғылымға да түрен салған адам. Ғабдол Слановтың «Дөң асқан» романы бойынша кандидаттық диссертация жазды. Мен оны докторлық диссертацияға бергісіз дүние деп білемін», – деді.
Конференция аясында Сұлтан Оразалы – елімізге кеңінен танылған теледраматург, әдебиет зерттеушісі және көсемсөз шебері турасында баяндамалар жасалды. Оның қаламынан ондаған мақалалар, 300-ге жуық әдеби телехабар, «Қазақ зиялылары туралы антология» топтамасы мен 25 бейнефильм, «Шындық және көркемдік шешім», «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Жүректің көзі ашылса», «От первого лица», «Авторды қорғау – руханиятты қолдау» атты кітаптары жарық көрді. «Абай елі» альбом-шежіресі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әлемнің 75 еліне тарады. Ол Ғабиден Мұстафин туралы 30 жыл жинаған деректерiн жаңғыртып, фильм түсiрдi. Сондай-ақ, Салық Зиманов, Тахауи Ахтанов, Сапар Байжанов, Қуаныш Сұлтанов, Әбіш Кекілбаев және басқа елiне елеулi азаматтар туралы деректi фильмдері қазақ руханиятына қосқан үлкен үлесі болатын.
С.Оразалы Қазақстан Президентінің «Алтын барыс» белгісінің иегері, Президент сыйлығының және Абай атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.