Өлеңдерді ғана емес, мақалалар мен естелік-эсселерді де ақындар жазса ғой, шіркін!..
Белгілі ақын әрі журналист Ұлықбек Есдәулеттің «Астана полиграфия» баспасынан жарық көрген «Әбілхаят» деп аталатын эсселер, естеліктер, жолжазбалар мен еркін баяндаулар кітабын (туындының жанрлық сипатына автордың өзі осындай айдар таққан екен) оқығанда осы ойға беки түсесің.
Кітаптың «Зерде», «Таным», «Пайым» деп аталатын үш бөлімнен тұратын өрім атауларының өзі-ақ оқырманды қызықты әлемге жетелей түскендей болады әрі жинақпен танысқан кезде ол үмітің толық ақталады. Себебі, ақиық ақынымыздың өзі осы кезге дейін ұдайы халқымыздың талантты тұлғаларының ортасында жүріп, шығармашылық қызметпен жемісті айналысып келеді. Ал нәзік сезім иесінің, сыршыл суреткердің үнемі тарпаң тұлпарлар іспетті талантты тұлғалар ортасында жүруі де, байыптай қарасақ, ұлтымыз үшін үлкен олжа екен. Оған осы кітап куә. Өйткені, автор сондай тұлғалармен бірге жүрген кездегі көрген-түйгендерін жадында ұстап, енді міне, уақыт өте келе, солардың бәрін жүрек сүзгісінен өткізіп, мөлдіретіп қағазға түсіре білген. Сол арқылы бүгінде біз сол дара дарын иелерінің өздерінен де, өзгеше қылықтарынан да хабардар болып, бүгінде о дүниелік болып кеткен қайсыбіреулерін тағы бір елжірей еске аламыз. Тіпті, осы жазбалар арқылы біз оларды қазір де бір сәт өз ортамызда жүргендей сезінеміз десек те болады. Естелік сипатты мұндай жазбалар бізге, әрине, осынысымен де қымбат.
Ұлықбек Есдәулет – өте білімдар ақын. Сондықтан оның өз оқығандарын зерделеп, осы орайдағы өз пайымдауларын оқырмандармен бөліскені ризашылық сезіміне бөлейді. Бұл кітап талайлардың көңіл көкжиегін кеңейтіп, талант табиғатын толығырақ танып білуге себін тигізіп қана қоймай, талапты жастарымыз үшін шығармашылық бұлағының бастауы болуы да ықтимал. Мәселен, кітаптың «Таным» мен «Пайым» деп аталатын бөлімдеріндегі «Гомер соқыр болмаған!», «Эзоп туралы езутартар», «Ләйлі қандай болған?», «Дантенің дастанының аты қандай?», «Бетховен неден өлген?», «Атымтай Чехов», «Сәбеңнің маузері», «Перғауындар... пирамидалар... папирустар... елінде», «Румыния қыпшақтары», «Суретші Павел Кузнецовтың «Қазақ сюитасы» (әрине, біз бірсыпырасын ғана санамалап отырмыз) деген тақырыптарының өздері-ақ жаңа деректерге жаны сергек жандардың ешқайсысын да енжар қалдырмас дейміз. Ал «Өткен шақсыз өмір немесе Ыстықкөл драмасы» құжатты хикаяты мен «Қазақстан келешекке крест арқалап бара ма?» деген мақаласын – ақын ғана емес, тамаша журналист, ел тағдырына, ұлтымыздың келешегіне енжар қарай алмайтын Ұлықбектің ізденімпаздығының сәтті табысы және ойшылдық өресінің тағы бір белесті биігі деп айтар едік.
Сондай-ақ оқырманның кітаптың «Зерде» деп аталатын бірінші бөліміндегі эсселер мен естеліктерден де көп ғибрат аларына күмәніміз жоқ.
Әрине, бүгінгі қазақ әдебиеті эсселер мен естеліктерге кенде емес. Солардың ішінде есімдері қазақ қауымына кеңінен танымал тұлғалардың азаматтық қырларын дәл ашып, оны заман сипатымен салғастыра отырып сөз ететін, келешек ұрпақтарға құнды мұра болып қалатын дүниелер де баршылық. Ұлықбек Есдәулеттің мөлтек сырлардан тұратын жаңа кітабы да осы қатарды өзіндік айшығымен толықтыратын толымды туынды болып шыққан.
Адамның тағдыры әрдайым-ақ адамды қызықтырып тұрады. Тіршілік осылайша жалғаса берсе, халқымыздың келешек ұрпақ өкілдері бір кезде: «Шіркін-ай, өткен ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басында өмір сүрген адамдар қандай болды екен? Солардың ішінде осы біздің қазақтар қандай болды екен? Олардың мінез-құлқы мен ұлттық болмысы қандай болды екен?» деген сұрақтарды өздеріне қойып, солардың жауабын іздегендей болса, шындығына келгенде, оларға жауапты тек көркем романдардан ғана емес, ең алдымен осындай шеберлікпен жазылған эссе-естеліктерден де таба алатынына күмәніміз болмаса керек.
Ұлы деген атауға ие орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» ХІХ ғасыр екені рас болса, қазақ әдебиетінің сол «алтын ғасыры», қазір жұрт жиі ауызға алып жүргеніндей, расында да ХХ ғасыр болып қалуы да ғажап емес. Өйткені, жазба әдебиетіміз негізінен осы ғасырда өркен жайғанына қарамастан, бір ғана ғасырда осыншама әдебиет алыптарының қатар өмір сүріп, қилы-қилы тағдыр кешіп, аттың жалы, түйенің қомында жүрсе де, жанталаса еңбек етіп, болашаққа осыншама мол әрі құнды мұра қалдырып үлгергені және сол арқылы ұлттық рухымызды өзгеше биікке көтеріп кеткені есті кісіні ойландырмауы да, таңдандырмауы да мүмкін еместей сияқты көрінеді. Сондықтан да Ұлықбек Есдәулеттің өзімен замандас, сырлас, аралас-құралас, дос-жаран болған сондай тұлғалардың бірқатары туралы жазбалары, сөз жоқ, қызықты оқылатын, көп ақпарат беретін танымды да тағылымды дүниелер болып шыққан.
Кітапқа енген эсселер Ұлықбектің өзінің лирикасы сияқты, көлемі жағынан шағын, ойға бай әрі мейлінше тартымды. Тақырыптары тауып қойылып, шешен тілмен төгілдіре жазылған, әрқайсысы жеке бір новелланың жүгін көтеріп тұрған бұл естеліктер халқымыздың талай-талай тау тұлғалы талант иелерінің келбетін көз алдымызға әкеле қояды. Әрі бұл тізімде кімдер жоқ десеңізші? Мақсұтбек Майшекин, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Оспанхан Әубәкіров, Кеңшілік Мырзабеков, Шөмішбай Сариев, Жарасқан Әбдірашев, Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Дәуітәлі Стамбеков, Асқар Сүлейменов, Рамазан Тоқтаров, Иманғали Тасмағамбетов... болып кете береді. Әрі осылар туралы әңгімелеу барысында жол-жөнекей өзге де қаншама танымал азаматтардың есімдері ауызға алынып, дара мінездері мен пендешілік қылықтары бой көрсетіп жатады десеңізші! Ең бастысы, осы кітапта тек жекелеген дарынды тұлғаларға ғана емес-ау, тұтас ұлтымызға тән қазақы мінездер: жан жомарттығы, шешендік, әзілқойлық, замандастар мен құрдастардың бір-бірлеріне базына айтып, еркелей білетіндігі, соны екінші біреулерінің түсіне де, көтере де білетіндігі сияқты тамаша қасиеттер нақты мысалдармен өрнектеліп, ұмытылмас әсер қалдырады.
Кім білсін, жоғарыда аты аталған қаламгер ағаларымызға тән ізгі қасиеттердің көбі сол өткен ғасырда өмір сүрген жандардың өздерімен бірге қалып та қояр ма екен, бәлкім. «Бүгінгі жастар бір-бірімен сол ағаларындай етене араласып, еркелей сыйласа алар ма екен?», «Қазіргі құрдастар мен замандастар бір-бірімен солардай әзілдесіп, еркеліктері мен базынасын тап солардай көтере алар ма екен?» деп те ойлайсың кейде.
Бұл кітапта осы орайда жаныңды елжірететін деректер, шығармашылық иелерінің дарындылығын, шешендігі мен тапқырлығын, сонымен бірге өздеріне ғана тән пендешілік дара қылықтарын көрсететін қызықты мысалдар көп-ақ. Осы кітапты оқу арқылы біз үлкен шығармашылық иелерінің көбінің «бастары қалыпты ноқтаға сия бермейтін» кесек те күрделі мінез иелері екеніне көз жеткіземіз. Өмірде дара мінезсіз дара шығармашылықтың да жоқ екендігін пайымдағандай боламыз.
Төменде осыған бірер мысал келтіре кетпесек, бәлкім, бұл мақаланы жазудың мәні де болмастай көрінді бізге. Оның үстіне, бір мың дана кітап кімге жетеді? Оқырман ең болмаса, газет арқылы «дәмін татсын».
Мәселен, сол кезде Арқалықта тұратын белгілі ақын Қонысбай Әбілевке КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өту үшін кепілдемені даңқы дүрілдеп тұрған сатирик Оспанхан Әубәкіровтің өзі бермек болады. Сөйтсе, Осағаң марқұмның қолтаңбасы жұрттыкінен өзгешелеу екен: «О»-сы қағаздың жарты бетін алып, аяғы шимайланып бітетін көрінеді. Досына кепілдеме алу үшін арада жүрген кітап авторы әңгімесін одан әрі былай өрбітеді: «Оқшырайған «О-ға» осқырына қарап қалдым. Обадай болған «О» әрпі көзіме ерсі көрініп-ақ тұрды.
– Осаға, мынау шимайыңыз не? – дедім мен. – Ерепейсіз үлкен ғой.
– Өзімнің қолым осындай, – деген Осағаң жайбарақат.
– Кішірейтіп қойып бермейсіз бе, бұл Мәскеуге дейін баратын қағаз ғой. Біреу-міреу қол емес, құр шимай екен деп сенбей жүрсе қайтеміз? – деймін шырылдап.
– Қанша қойсам да қолым осындай! Басқаша қоя алмаймын. Одақтағы ел біледі. Осы қолымды қойып талай кітап жазғанмын, осы қолымды қойып, талай қаламақы алғанмын. Егер бұл Оспанханның қолы емес деп сенбейтін біреу табылса, менің мына мүшелік билетімді қоса апарып көрсетіңдер. Бұдан былай осы билеттің маған керегі де шамалы. Мә, қоса апарып өткіз, – деп «Союз писателей СССР» деген алтын жазулы алақандай қызыл куәлігін кепілдемемен бірге маған ұстата салғаны... «Алмаймын», – деп шыр-пыр болып, жеңгейге қалдырып, қашып шыққандай болғам…
«Енді маған керегі шамалы», – деп еді жарықтық... Бір айдан кейін бақилық болды. Дәмі таусылғанын сезіп жүрген екен-ау деп ойладым («Кепілдеме», 27-28 бб.).
Ұлттық әдебиетімізде теңдесі жоқ сатирик болған, шығармалары сияқты, өзінің де тұла бойы күлкіден ғана жаратылған Осағаң марқұмның бұл қылығына қалай күлмейсің, қалай сағына елжіремейсің?
Әйтпесе, кітаптың ақын Тоқаш Бердияров туралы әңгімеленетін «Тентек Тоқаш» деп аталатын эссесін алайық. Ақын ағасы жарыққа шығуын көптен күтіп жүрген кітабының сол жылдың жоспарынан тағы да түсіп қалғанын білгенде, оның себебін басылымның редакторы болған Ұлықбек інісінен де көреді де, ауыр тіл тигізіп алады... Мұндайда намысты інісі қарап тұрсын ба, жағасынан ала түседі. Мәселенің мән-жайына сонда ғана қаныққан Тоқаш ағасы өзінің жаңсақ кеткеніне көзі жеткен соң, інісінен табан астында кешірім сұрап, оны «Қаламгер» кафесіне ертіп апарып айыбын жуады...
– Тоқа, – дейді енді бір сәтте ағасына деген ашуы тарқап, жайбарақат әңгімеге кіріскен інісі, – Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергеновтер туралы айтып беріңізші. Жас кездерінде қандай еді? Солармен де талай жүрген шығарсыз?..
– Нағыз ақындар еді ғой. Жанып тұрған от болатын. Төлеужан, Төлеген, Мұқағали, Құдаш – бәрі шетінен мықты еді. Ол ұзақ әңгіме. Солардың бәрін араққа үйреткен мен едім. Бәрі өліп қалды. Мен тірі жүрмін» (39 б.).
Ал енді байыптай қараған жанға осы шап-шағын естелікте бәрі де бар. Тентек мінез де, сондай болғанына қарамай, ақиқаттың алдында тік тұрып, өз кінәсін лезде мойнына алған кісілік те, інінің ағаға деген кішілігі мен кешірімділігі де бар.
Тағы бір мысал. Ұлықбек – Мәскеудегі әдебиет институтының студенті. Отбасы болса шиеттей балаларымен Алматыда. Ол кездегі жастардың тұрмыс жағдайы да белгілі ғой, алып бара жатқан артық-ауыс ақша кімде бола қойсын? Сөйтіп жүргенде, Мәскеудің «Литературная учеба» журналына Ұлықбектің бір топ өлеңдері жарияланып, соған 150 сом қаламақы қойылған болып шығады. Бұл ол кезде білдей бір инженердің айлық жалақысы шамалас қомақты ақша. Автор соны алуға барса, редакция оны Қазақстан Жазушылар одағының адресіне жөнелтіп жіберіпті. Алматыға келген соң іздестіріп көрсе, оны Жарасқан Әбдірашев ағасы сенімхат арқылы поштадан алып, Шөмішбай Сариев досы екеуі «ішіп қойған» болып шығады.
«Қалай?» – деп сұрамай ма мұндайда інісі?
«– Қалай дерің бар ма, кәдімгідей...
– Кәдімгідей? Сонда... пошта оны сендерге қалай беріп жүр? Извещение менің атымда ғой.
– Сөз болғаныңа. Баламысың деген! Соны да білмей... Кәдімгідей, сенің өз атыңнан сенімхат жазып, өз қолыңды қойып, Жазушылар одағының мөрін соқтырып, поштаға сол сенімхатты апарып өткізіп, ақша алып, сосын ... кафеге барып, жақсылап тойлап, ішіп қойдық... Басқа біреу емес, сенің өзіңнің денсаулығың үшін... өзіңнің өлеңдерің үшін... Құлағың қатты шулаған шығар? – деп «жұбатады» ағасы інісін («Я, Джамбул Джабаев, доверяю...» (150 б.).
Сөйтсе, олар осындай жолмен Шымкенттегі Тұрсынай Оразбаеваға, Маңғыстаудағы Темірбек Медетбековке, тіпті, о дүниелік болып кеткеніне ғасырдан асқан Жамбыл бабамызға әлдеқалай алыс жерлерден келген қаламақыларды сенімхат алу жолымен «тойлап қойған» болып шығады.
Бұл көп ұлттар үшін жат (мәселен, Еуропа жұрты мұндай әрекетің үшін сотқа сүйреуі де мүмкін), негізінен біздің қазаққа ғана тән қылықтар шығар деп ойлаймын. Адам мен адамның арасын қу дүние мен күншілдік аша бастаған, адам мен адамды көбіне-көп тағы да сол қу дүние мен осы жолдағы мүдделестік қана жақындастыра бастаған мына заманда сол ағаларға тән жақсы қасиеттер сақталып қалар ма екен? Бұл да сұрақтардың сұрағы болса керек.
Ақын әрі публицист Ұлықбек Есдәулеттің талантты тұлғалар туралы бұл кітабы оқырманға осы төңіректе ой салуымен де құнды дегіміз келеді.
Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ, журналист.