07 Қыркүйек, 2011

Боз даланың бозторғайы

567 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Есенбай екеуміз күн құрғатпай телефонмен жиі сөйлесетін едік. Және бір күнде әлденеше рет... Оның жүрегіне жыр, сарайы­на сөз қонған жан еді ғой, кез келген тақы­рыпта есіп сөйлеп, көсіп ой қорытатын, содан да әңгімеміз ұзаққа кетіп, телефон тұт­қасын қимай-қимай орнына қоятынбыз. Шаршамай сөйлесетін күндер-ай... Содан, осы таяуда – өмірден өтерінің ал­дында Есенбай маған телефон шалды да: – Енді негізгі шаруаға көшейік. Мына жазғанымды тыңда! деп маған бұйыра сөй­леп, жазғандарын оқи жө­нел­ді: «Анау бір шақ­та ата-ананың алты жасар «қуаныш дә­рісі» едік, енді елдің жетпістегі «уайымшыл кәрісі» болыппыз. Тойып кекіріп – той­лайтын емес, толымды тірлік тындырдым ба деп өкініп – ойлайтын кезің екен. Ақиқаты осы: мен өзімді әлі күнге дейін елу жыл бұрын ақ батасын алу үшін бір топ өлеңін Әбу Сәрсенбаевтың алдына әкеліп тұрған жас талапкер сияқты сезіне берем. Көп ғұмыр алыс ауданда арпалысып өткесін бе, әлде қаншама жаның мен қа­ның­ды беріп жасағанмен, күнкөрістік жұмыс-қызмет бір бөлменің босағасына байланған әділетсіз­дік­терге қорланғандықтан ба, әй­теу­ір, үл­кен-кішімен, тұстастарыммен шүй­ір­­келесе кетуге үйірлігі жоқ тұйық мінез тауып, өнебойы саяқ өмір сүру үрдісіне үй­реніп кеткендеймін. Алматыда Әуезовтен дәріс алып келіп, университетте дос қауым арасында әжеп­тәу­ір «ақын атағы» жайылып үлгерген жас әдебиетшінің жоғары білімді мұғалімдері саусақпен санарлық Ақтөбенің Жарқамыс аталатын елді мекенінде бірінші сынып балаларын оқытып жүргенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Жаны жалғыздықтан жабығыңқы, көңілі жүдеу... Сондай күндердің бірінде «Мәдениет жә­не тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналынан сатира сардары Оспанхан Әубәкіровтен хат келгенін қалай ұмытармын! Ауылға атта­на­рымда аталық ақ тілеуін аманаттап, бір топ өлеңім республикалық жастар газетінде жа­рық көруімен құттықтап: «...осы бағытың­нан танба да аласарма», деп ақ қағаз арқы­лы үшбу сәлем айтқан Әбу әкемнің ақша бұлттай лебізін ең құнды құжат есептеймін. Бұлар және 1971 жылы шыққан он бір тиындық «Бозала таң, бозторғай» сынды тұң­ғыш кітабым мен одан кейінгі жыр жи­нақтарым жөнінде мезгіл-мезгіл мерзімді баспасөзде көрінген сын-пікірлер шығарма­шы­лық бейіміме шын ықылас-бейіл білдірген «түгел сөздің» түп атасы – менің Май­қы билерім іспетті. Мен осы дүниелердің біра­зын саған жіберейін», деп еді Есенбай дос. – Иә, жібер! – дедім мен. Есенбай кетті. Ол туралы қаламдаста­ры­ның пікір, жырлары қолымда қалды. Жә, ретімен оқып көрелік.   Хат Құрметті Дүйсенбаев жолдас! Сіздің «Қайтқан қаздарға қарап тұрып» деген өлеңіңізді алдық, алдағы номерлердің бірінде жарық көрмек. Ал енді сіз, мүмкін болса, тез арада қайда, қандай қызмет атқа­ра­тыныңызды, қандай оқу бітіргеніңізді, со­сын өзіңіздің творчествоңыз жөнінде түсінік берсеңіз. Дайын өлеңдеріңіз болса, суретіңізбен қоса жіберіңіз. Жауабыңызды асыға күтеміз. Сәлеммен, «Мәдениет және тұрмыс» журналының қызметкері О.ӘУБӘКІРОВ. Сентябрь, 1963 жыл.   Әбу Сәрсенбаевтың ақ тілеуі Есенбай, есенбісің, ұлым! Сенің алдыңда ұятты болып жүр едім. Кеше бір уһ, деп дем алғандай болдым. «Лениншіл жастың» санында төрт өлеңің жарық көрді. Бұның үшін газеттің редак­то­ры Шер­ханға рахмет айтып хат жазғайсың. 28 фев­ральға дейін оның қолына тимеген екен. Сол күні мен біраз өкпе айтқан едім. Барған бойда таптыртып алып, кезекті са­нына орна­лас­тырыпты. Дайын материалды алдыртып тас­таған болса керек. Бүгін өзіне телефон арқы­лы рахмет айтқалы отырмын. Алғашқы адымыңмен құттықтаймын. Осы бағытыңнан танба да аласарма. Аталық тілекпен ӘБУ. 02.1964 ж.   Талап және талант (Тұңғыш кітаптар сериясын оқығанда) Кезінде ақын Тайыр Жароковтың ұсыны­­сы бойынша жауқазын жырларымен көріне бастаған жас талапкерлердің тырнақалды дүниелерін жеке кітап етіп шығару қызу қолға алынған екен. Міне, сол уақыттан бері «Тұңғыш кітап» деген атпен жыл сайын жыр балапандарының жеке жинақтары үзбей шығып келеді. Ақын Есенбай Дүйсенбаев өзінің ал­ғаш­қы өлең кітабын «Бозала таң, бозторғай» деп атапты. Жинақтың ал­ғаш­қы бетін ашқанда-ақ дала деп тынымсыз соққан жү­рек­тің лүпілін сеземіз. Ақын өлеңдерінде тір­лікке құштар жанның тыпыршыған тал­пы­нысы бар. Бірде көз алдымызда: «Боз­жор­ға» дейтін күй төгіп, домбыра – дала жата­ды керіліп». Енді бірде: «Боз бауыр аспан иіп бір, Рахат жаңбыр құйып тұр. Тобықтай ғана бозторғай Тораңғыдан аласа, Тобылғыдан биік тұр. Толқын-толқын күйіне Тоқсан тарау сыйып тұр. Тылсым тартып дүние, Тыңдай берді ұйып қыр», деген аллитерациямен берілген өлең жолдарына мөлді­реп қана сыйып тұрған дала суретіне қызыға да таңырқай қараймыз. Қаншама тың да әсер­лі динамика бар десеңізші! Асылы, ақын – табиғат перзенті. Сондықтан оған «та­биғаттың» тілі ана тіліндей түсінікті; та­биғатты, әсемдік әлемін жыр кестесіне тү­сіру – ақын үшін үлкен мұрат. Нағыз ақын­ның болмысы, стихиясының өзі осыны белгілейді. Осы стихия, табиғатқа жан бітіретін қасиет Е.Дүйсенбаев өлеңдерінен анық табылады. Ақын өзін табиғаттың бөлше­гін­дей біліп, тентегіндей еркін сезінеді. Табан жердегі терезе – белден Табиғат таңғы қол беріп, Торала, торкөз керегелерден Топ ете түсер жол келіп, – деген жолдарды оқығанда, автордың екінің біріне таныс қарапайым ғана көріністен әп-әдемі ой туындатқанын көріп қуанамыз. Тек осындай сәтті өлеңдер Есенбай Дүйсенбаев творчествосында  молая берсе деп тілейсің. Жанболат АУПБАЕВ, ҚазГУ-дің 3-курс студенті. «Жұлдыз», №7, 1972 ж.   «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...» Астанадағы Орталық концерт залында, Ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне өткі­зіл­ген жыр мүшәйрасында 22 ақын жүлде­гер атанып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Бас бәй­геге Алматы қалалық әкімшілігі «Газ-3102» маркалы жеңіл мәшинесін тіккен еді. Оны ақын Есенбай Дүйсенбаев иеленді. Ал бірінші жүлде (1000 доллар) Иранбек Ораз­ба­ев­қа берілді. Одан кейінгі жүлделер ақын­дар ақ­са­қ­алы Хамит Ерғалиев пен ақын Гүл­нәр Са­лықбаеваға (екеуіне де түрлі-түсті телевизор және 400 доллар), сондай-ақ Т.Молда­ға­лиев, С.Тұрғынбеков, Ж.Елеусізова, Ә.Қайыр­беков (200 доллар және кілем), А.Егеубаев, Қ.Асанов, Ғ.Жайлыбаев, М.Айтхожина, Б.Жа­қыпов, Қ.Бұғыбаева, М.Неталиев, Б.Үсенбаев (100 дол­лар, кілемше), Ш.Сариев, Қ.Әлімбек, Т.Есімжанов, Т.Сарыбаев, Ж.Бөдешев, Ғ.Жан­ды­­баев­тарға ынталанды­ру сыйлықтары табыс етілді. Сәкен ИМАНАСОВ. «Егемен Қазақстан», 12 тамыз, 1995 ж.   Биік деңгейдегі аударма – ...«Диуани хикметтің» қазақша сөй­ле­уі­не С.Битенов (1990), Х.Иманжанов (1991), М.Жармұхамедов, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы (1998) үлес қосты. Көркем аудармаға Ж.Әбдірашев атсалысты. Ал ақын Есенбай Дүйсенбайұлы жасаған аударманың (1998) көркемдік сапасы мен дәлдігі биік деңгейде екенін ерекше атап өту керек. Рымғали НҰРҒАЛИЕВ. «Егемен Қазақстан», 29 қараша, 2000. * * * – ...Әңгіме ресми бағалану, яки баға­лан­бау туралы болса, ол үшін уайым жеудің қажеті жоқ. Уақыт әркімді өз орнына қояды. Кезінде депутат болған, делегат болған, яғни ресми шен-шекпеннің қызығын көрген­дер­дің көбісі көзден кеткен соң, көңілден де кеткенін көріп отырған жоқпыз ба. Немесе, керісінше, мысалы, мектепте бізге Тұрма­ған­бет ақынды Ленинді тұңғыш жырлаған ақын деп миымызға құйды. Сөйтсек, Тұ­ре­кеңнің құдіреті басқа екен. Өз басым Тұре­кеңнің қазақ поэзиясындағы орнын Абай мен Мағжанның ортасынан іздеймін. Шаша­сына шаң жуытпайтын мұндай шалқар шай­ыр, сөзді ғажайып қақпақылдай білетін мұндай шебер, ойлары бүгін де, ертең де тозбайтын мұндай философ тіпті ешқандай марапатқа зәру емес! Әлі талай ақынның басын шұлғытады. Немесе, сөз қадірлеген қауым үшін Есенбай Дүйсенбаевтың лауреат болғаны не болмағанының, стипендия ала­тын­дардың тізіміне енгенінің не енбегенінің не қажеті бар? Мейір қандыратын кәусар жыр­ға шөлдеген кезімде, яки шеберлікке та­ңыр­қағым келген кезде, мен Есенбай көкем­нің кітабын іздей бастаймын. Жүрсін ЕРМАН. «Қазақ әдебиеті», 11.08.2000   Құс мұңы (Есенбай Дүйсенбайұлына) Көктемгі дала таңында Желпіді самал сананы. Ақынның алақанында Бозторғай жұмыртқалады.   Құбылды гүлдің түсі мың, Көгілдір көкке бұлт өрлеп. Ұясын дала құсының Тал бесіктей жыр тербеп...   Басылар ішкі күйігің, Тірлікке мынау қарасаң: Жұмыртқа-сауыт бүйірін Қақ жарып шықты балапан...   Құстардың мұңын жырлаған Талғамы биік текті адам. Бозторғай көрсем шырлаған – Есағам ба екен деп қалам... Жәркен БӨДЕШҰЛЫ, 20.06.2003. Осы материалдарды алған соң Есенбайға телефон шалғанмын. Сөйтсем Есенбайдың архивінде мұндай пікір, хаттар, жырлар әсте мол екен. 60, 70 жасқа толғанда жолданған құттықтаулар, өлеңдердің жеткілікті екенін айтты. Дәуір-ай, адам аз ғұмырында кіммен сырлас, сыйлас болмайды, сол ара-қатысты Есекең ұқыпты жиыстырып жүреді екен. Соны айтты... Пенделік өмір-ай, жалған дүние! Қанша бәй­ек қаққанмен ешкім де ажалға араша бола алмадық қой, дәрігер де, басқа да... Енді міне, Есенбай достың өмірден өткеніне де 40 күн толып қалыпты. Жылғадан аққан су сияқты зы­мыраған уақыт. Отбасы, бала-шағасы 9 қыр­күй­екте ақынның қырқын береміз деп отыр. Иә, бәрі өтер, бір өкініштісі Есенбай ақ­ын өм­ір­ден тез аттанып кетті, енді бізді оның мұ­ра­лары – жырлары жұ­ба­та­ды. Со­ңын­да жары На­зым, Гүлсім, Рудаки бас­таған ұл-қыздары қал­ды, бұған да шүкір­шілік етеміз. Өзі өлер­дей сүйген елі, жұрты, халқы бар. Бұл – үлкен тірек! Ендігі тілек: Алла ал­дынан жарылқа­сын, өзіне иманы жол­дас бол­ғай! Тек, тірілер ендігі жерде өзі­нің бозторғай ақынын әспеттеп, ар­дақ­тап өтсе бір сауап. Оның атына көше, мектеп берілсе, баспалардан көп томдықтары шық­са (мұрасы 10 томдай), туған өңірі Бай­ғанин ауданында, Ақтө­бе­де (өзі Ақтөбе қала­сы­ның құрметті азама­ты ғой), Алматы қала­ларында ескерткіш белгі, тақта орнатылса игі. Ақын­ның басы қа­рай­тылуы керек. Ел болып жұ­мылар кез осы кез, бұл тұста тағы түрлі дә­режедегі пенделік атақ-даңқ қумай, ақын­ның тірліктегі есесі кеткен еңбегі ескеріліп, Алаш азаматының әдебиеттегі беделі алға шық­са нұр үстіне нұр дерміз. Қайран, Есенбай-ай, халқымыздың бір­туар ақыны, біз сені тірлікте ұмытпаспыз. Сен туралы сөзді ғұмыр барда әлі талай ай­тар­мыз да, айта берерміз... Іздейміз сені, боз­торғай дос! Өйткені, сен бұл өмірде ұлт­тың ұлы, алашыңның адал перзенті бо­лып өттің. Бұл – шындық! Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы.