07 Қыркүйек, 2011

Әлем ғалымдары бас қосты

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанадағы Назарбаев университетінде термоядролық зерттеулерге байланысты халықаралық семинар өтті. Ол ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығына арналды. «Токамак КТМ» қазақстандық термоядролық материалтану реакторын құру инновациялық жобасы» деген тақырыпта өткен шарада басқарылмалы термо­ядро­лық синтез бен термоядролық материалтану саласындағы жетістіктер төңірегінде пікір алмасылды. Семинардың аталмыш университетте өткізілуі кездейсоқ емес. Бұл университет – Қазақ­стан Республикасының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орын­дары­ның бірі. Мұнда КТМ-да жұмыс істейтін болашақ ма­ман­дарды дайындаумен қатар, тер­моядролық синтез бен қол­же­тімді энергетиканың жаңа техно­ло­гияларын ендіру көзделіп отыр. Семинарға академик Е.П.Ве­ли­хов бастаған ресейлік делегация, Еуроатом өкілдері, Италия­ның ENEA ғылыми орталы­ғы­ның, АҚШ-тың Принстон университеті плазмо-физикалық зерт­­ханасының, Корея Респуб­ли­ка­сының Термоядролық зерттеулер ұлттық институты мен ИТЭР жобасының Корея Респуб­ли­ка­сын­дағы дирекциясының өкіл­дері қатысты. Бұл ұйымдардың барлығында әмбебап токамактар жұмыс істеп тұр. Олардың тә­жі­рибесі өз кезегінде қазақстандық «Токамак КТМ» кешенінде жүргізілетін ғылыми зерттеулерде қолда­ны­ла­тын болады. Қазақстан ядролық отынның ең қуатты жеткізушісі болып табылады. Бірақ отынды тек жеткізіп қана қоюдың тиімсіз екенін айта кету керек. Соңғы өнімді жет­кізу керек, ал бұл, ең алды­мен, атом электр стансаларында өн­дірілетін электр қуаты. Қазақ­станның атом электр энергиясын жеткізетін күні әлі келеді, бұл сіздердің елдеріңіз үшін әбден мүмкін келешек, деді академик Е.Велихов өз сөзінде. «Токамак КТМ» қазақстандық материалтану реакторы ғылым­ның, техника мен техноло­гия­лардың заманауи бағыттарын да­мыту және жоғары білікті ғылы­ми және инженерлік кадрлар дайындау үшін құрылуда. 2011 жылы 5 қыркүйекте қазақ­стандық «Токамакта» алғашқы плазма алынды. Қазіргі таңда «Токамак КТМ» реакторын іске қосуға дайындау және жалпы кешенді пайдалануға беру жө­нін­дегі жұмыстар мен тәжірибелер жүргізілуде. Венера ТҮГЕЛБАЙ.