02 Ақпан, 2017

Cөз сойыл № 36

305 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
әзілің жарасса...

 – Егер операцияны тегін жасатсақ... нәтижесі «ғажап» болуы мүмкін!..

«Вокруг смеха» журналынан алынды

Әзіл-оспақ, сын-сықақ

БІРДЕ...

Гәп қайда

Өзбек жазушысы Асқат Мұхтар әдеби-көркем «Шығыс жұлдызы» журналының бас редакторы болып қызмет істеп жүрген кезінде Алматыға қонақ­қа келіпті. Ол кезде біздегі «Жұл­дыз» журналының бас редак­торы Сырбай Мәуленов екен. – Сырбай, осы сенің «Жұл­дызың­ның» тиражы керемет көп қой... Қалай­ша көбейтіп жүрсің? – дейді Асқат әріптесінен сыр тартып. Сонда Сырағаң: – Асеке, біз жұлдызбыз ғой... Батысқа да, шығысқа да, тіпті күнгей мен теріс­кейге де нұрымызды шаша береміз. Сірә, оқырманымыз да сол себеп­ті көп шығар. Ал сіздер тек шы­ғысқа ғана нұр шашатын жұлдыз­сыздар... Меніңше, гәп осында! – деп әдемі әзілмен жауап беріпті.

Игі тілек

Сырағаң  –  Сырбай Мәу­ленов «Қазақ әдебиетіне» екі рет бас редактор болғаны бел­гілі. Сол екінші жолы бас редак­тор боп бекіген соң, бірде Орталық Коми­тет­тің кезекті пленумына қатысады. Үзі­ліс кезінде Сырағаң бұрын Орталық Коми­тет­тің секретары болып істеп, орнынан түсіп қал­ған Н.Жанділдинді көреді. Бұрынғы үл­кен бастық төңірегіне бір топ адам жи­нап, әңгімелесіп тұрғаннан кейін, Сырағаң байқамағансып былай қарай өте береді. – Иә, Сырбай, сен «Қазақ әдебиетіне» қайтып барыпсың ғой? – деп Жанділдин өтіп бара жатқан Сырағаңды тоқтатыпты. Сонда Сырағаң: – Оныңыз рас... Мен қайтып ба­­руын қайтып бардым ғой. Менің қайтып барған жолымды құдай тағала сізге де бермес пе екен? – деген екен.  

Жарайды, «төрт» болсын ...

Барлық журналистердің бас бапкері, тәрбиеші-тәлімгері болған аяулы ұс­таз профессор Хайыржан Бекхожин емтихан алғанда жұрттың бәріне бірдеңе білсең «бес» қоятын да, біліңкіремей кібіртіптеп қалсаң «төрт» қоятын. Ол кісінің қоржынында «үш», «екі» деген бағалар атымен болмайтын. Сол ағамыз бір жолы өзі жетекшілік еткен диплом жұмысына мақтап-мақтап «бес» қойса керек. Ал оппоненті белгілі сыншы, фельетоншы Сейділдә Төлешов әлгі жұмыстың сау-тамтығын қалдырмай сынай келіп, «Бұған «үш» қоюға да бол­майды», – депті. Сонда Хайрекең тұрып: – Әй, Сейділдә, сен кешір, мен артығырақ кеткен екенмін, жарайды, «төрт» болсын, – деген екен. Көрген БІЛГЕНОВ АСТАНА

Үй алғаным, ұялғаным...

Он жыл бойы оңбай жүріп, Биыл ғана үй алғанмын, Үш бөлмелі бұл пәтерді, Айға ұшқандай қиялдадым.   Әкім келіп тапсырды кілт, Бір жан екен күлімдеген, Бақытты жан жоқ та шығар, Дүниеде бүгін менен.   Ал, арада екі ай өтті, Су жаңа үйім сыр білдірді, «Құрғақ  жөтел» –  сырқаты көп, Көңілімді шын бүлдірді.   Бөтен дауыс шығарады, Едендері сықыр қағып, Аяқ бассаң «күңкілдейді», Ауру адам сықылданып.   «Светтер» о бастан-ақ, Дені дұрыс жалғанбапты, Әкесінің құнын сұрап, Электрик жалмаң қақты.   Төбесінің сылақтары, «Абайла» деп құлап тұрды, Қатын-балам «қайтеміз?» деп, Көздерінде сұрақ тұрды.   Әжетхана әжептәуір, «Су қайда?» деп күңгірлейді, Сантехник сандалып жүр, «Как это?» деп міңгірлейді.   Су краны оқтын-оқтын, Бір тамшыға зар болады, Түн ортасы ауған шақта, Сарыл-гүріл бар болады.   Жоғарыға жылу жетпей, «Сорлатты-ау» деп опынамыз, Вокзалға кеп түнегендей, Түн күзетіп отырамыз.   Қабырғасы үйіміздің, «Нормально» деу мүмкін емес, Естіледі айқай жыры, Көрші әйелдің тым күлегеш.   Пластикті терезелер, Аша қойсаң жабылмайды, Бір  «мәстірді» шақырмасаң, Мұның бабы табылмайды.   Есіктер де есі кеткен, Тұтқалары қолды қысты, Шегелесең шектен шығып, Қиқаңдауы болды күшті.   Не қылса да үйіміз ғой, Жағдай енді түсінікті, Ойлаймыз тек осы күні, Болса екен деп іші құтты.   Сегізінші қабатқа кеп, Өзіме олжа үй алғаным, «Қоныс тойы қашан?» деген, Ел-жұртымнан ұялғаным...  Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ   Маңғыстау облысы

Сұрақ – жауап

– Өткенде өзімізден шыққан отандық жиҺаздың түр-түрін сатып алдым.  – Сапасы қалай екен?  – Ол жағын білмеймін, монша жаққанға жақсы екен... *** – Осы өмірді жалған дүние деп неге айтты екен?  – Мақтағаны да, жақтағаны да, даттағаны да, соттағаны да жалған. Сол үшін де жалған дүние дейтін шығар *** Құрбымның туған күніне ірі, бірақ  аз зат алайын ба, әлде кішкентай, бірақ көп зат алайын ба?  – Әрине, кішкентай, бірақ көп зат ал.  – Өзім де шемішке сатып алған дұрыс па деп ойлағанмын. *** – Әке, маскүнемдер деген кімдер? – Ана жердегі төрт қайыңды көріп тұрсың ба? Міне, сол төрт қайың маскүнемдерге сегіз болып көрінеді. Түсіндің бе? – Түсіндім, әке. Бірақ ол жерде екі қайың тұр...  

Полициядағы «пай-пай!»

Екі МАИ қызметкері жол бойында әңгімелесіп тұр: – Анау зымырап келе жатқан көліктің жылдамдығы қанша?  – 150 доллар! *** Бір жігіт көлігімен МАИ бекетінің жанынан күнде өтеді екен. Бір күні оны тоқтатады: – Басеке, неге тоқтаттыңыз, ереже бұзған жоқпын ғой? – Маған қарызға 10 мың теңге бере тұршы. – Қалай қайтарасыз? – Келесі жолы бір-екі рет ереже бұза берсең болады. *** МАИ қызметкері жүргізушіге: – Сіз жаяу жүргіншілер жола­ғын басып өтіп, оқушыларға неге жол бермедіңіз? – Кімнің кімге жол беруі керек екенін мен жақсы білемін, шырағым. Әрі-беріден соң менің жасым үлкен емес пе?! *** Емханада: – Дәрігер, маған кімнің миын ауыс­тырып салғансыз? – МАИ қызметкерінің. – Бәсе, қолымды шошайтып, ысқыра беремін, ысқыра беремін...  

Пәтуалы бәйге

Пықып ертеңгі болатын аламан бәйгені ойлап түнімен көз ілмей дөңбекшіп шықты. Барса болды, алты алаштың аламан аттары бақ сынар ат жарысына қатысса болды, құмары қанып, айызы қанар еді-ау! Күйдіретіні – бәйгесі демалыс күндерге бұйырмай, оның үстіне қызметтегі қызу науқан кеңірдектен алып аттап бастырмайды. Ұжым болып үйіліп-төгілген тапсырманы орындамаса омақаса опырылып, біржола құрдымға кетіп тынарлары анық. Не де болса деп, көресіні көре жатар­­мын, көп болса қызметтен кетер­м­ін деп Пықекең бәйгеге бармақ болып шешіп, сонда да деп, үнсіз қал­­ған­ды жөн көрмей, беттің арын белге буып, «ауру алып ұрды» дегенді майын тамыза айта қояйын деп тікелей бас­тығына «Жұмыстасыз ба?» деп еді, ол дауысы қарлығыңқы, үзіп-жарып: – Не болғанын, опырылып қалып­пын... ыстығым көтеріліп, түні бойы көз ілмей шықтым. Бүгін бара алмаймын, өзіңе сендім, мені жоқтатпа! – дейді. ...Пәлекеттікі, қырсыққанда қымыран іриді. Шешінген судан тайынбас, не де болса деп Пықекең бәрін бақылап отыратын бастықтан кейінгі орын­басар­дың телефонын теріп: «Әлеке, қызметтесіз бе?» деп еді: – Бүгін болмаймын. Жақын жиен қайтыс болып, сонда кетіп бара жатырмын, – деп келте қайырды. Ойпыр-ай-ә, тікелейі анау, тексеріп-тіркеп отыратыны мынау... Жолы болайын деп тұр, тек мұндайда бас бастықтың қаһарына мінері сөзсіз... Пықекең әрі ойлап, бері ойлап, қатал бас бастықтың қаһарынан қалтыраған болып біраз отырды да, көз алдына бүгінгі өтер бәйгенің ырду-дырдуы, қызық-шыжығы елес­теп есеңгіреп отырып, бас бастыққа хабарласа қалғанын білмей қалды. Бұның айтқан міңгір-діңгіріне құлақ аспастан бас басекең: – Бажамның баласы аттан құлап ауыр халде ауруханаға түсіпті... Мен сондамын. Тапсырылған істі тап-тұйнақтай етіңдер! – деп бұйыра сөйлеп ол кісі де келте қайырды... ...Пықекең қуанғаннан «Әп, бәрекелді!» деп атып тұрып ипподром жаққа құстай ұшты. Айым оңынан туды деп осындайда айтқан болар... Пықып жөн-жөнімен, рет-ретімен тілеп болдыра алмас күнге риза қалыппен ырду-дырду бәйге өтіп жатқан ортадан ойып тұрып орын алды. Не керек, тайраңдап тай жарыс та өтті, бүлкілдеп жорға жарыс та бітті – Пықекең риза! Ал одан соңғы болып өткен алыс қашықтықтағы аламан бәйгенің жөні бөлек болды-ау!.. Пықекең жарысқа қатысқан небір тұлпарларды көріп көзайым болды, айызы қанды. Өзі бәйгеге бәс тікпесе де аламанның алды болып келген арғымақтарға дән риза. Қуанышында шек жоқ, бүгінгідей бүткіл тұлабойын шымырлатқан ғажап көрініске ризашылығын білдіре қояйын деп аламанның бас бәй­гесін иеленген бозбаланы құшақтап құр­мет көрсетейін деп ол тұрған тұғырға тақап кеп кілт кідірді... Мәссаған, ал керек болса, бозбала төңірегінде көз таныс, жүз таныс – қызметтес ұжым атаулысы тайлы-таяғы қалмай осында келіпті... Ұрыста тұрыс жоқ, кідірмей бас бәйге иегерін құшақтап, ыржалақтаған қалпы қатар тұрған бас басекеңнен тартып, орынбасары бар, тікелей бастығы бар – бәр-бәрін құттықтаған болды. Ғажабы, бас бәйгені жеңіп алған бас басекеңнің бажасының баласы екен...  Ерсұлтан МАҒЖАН  Алматы облысы

Тергеушіге қарсы сұрақ

Көп сөзге иық бермейтін, соның есесіне бір-екі ауыз сөзбен-ақ мәселенің мәнісін түсіндіріп, түйіп айтатын азаматтар ел ішінде көп кездесіп жатады. Солардың бірі – Созақ ауданы, Шаға ауылында тұратын Шегебай Оспанұлы. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан Шегебай аға ұзақ жылдар кеңшарда көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Сол жылдардың едәуір бөлігінде ол кісі жай жүргізуші болған жоқ, білдей ферма меңгерушісінің «шопыры» болды. Бірде кеңшар басшылығының үстінен арыз түсіп, оның соңы әжептәуір «әңгімеге» айналып, ауыл-аймақтың іші күбір-сыбырға толып, тергеушілер қаптап, тыныш жатқан ағайынның арасы бүліне жаздаған-ды. Содан, тегеуріні қатты тергеушілер жазықтыларды тұқырту үшін куәларды көптеп тартып, қызу жұмысқа кірісіп, «көсіле шауып», ауылдың ішін «ала құйынға» айналдырды. Қырсыққан­да ферма меңгерушісінің көлігін жүр­гізген Шегебай көкеміз жай куәгер емес, кінәлілер қатарына ілігіп, кезегі келгенде тергеуге алынады. Тергеуші Шегебай Оспанұлына қарап, «Сіз пәлен жылы пәлен күні түгеншеге осыншама бас қой апа­рып­сыз, пәлен жылы, пәлен айда түген­шенің үйіне жем апарыпсыз...» дегендей мазмұндағы, соңғы 7-8 жыл көлемін қамтыған «ұрлығын» алдына жайып салады. Өмірінде біреудің ала жібін аттап көрмеген, адал еңбегімен бала-шағасын асырап жүрген Шәкең тергеушінің кінәлауларына таңырқай қарап, осы уақытқа дейін не істесе де тек ферма меңгерушісінің тапсырмасын орындағанын ой елегінен өткізе келіп, құқық қорғау өкілінің өзін «жауапқа» тартып жібергенін аңғармай да қалады. – Шырағым, осыншама ұрлықты мен қалай қорықпай істеп жүргенмін? – ? – Ойпырмай! Мен кәдімгідей адамдарға ұқсап жұмыс жасап жүрмін десем, үнемі ұрлық істеген екенмін ғой, ә? – деп тергеушіге таңырқай, сұраулы пішінмен қарайды. Мұны естіген тергеуші күліп, оның тек өз бастығының тапсырмасын орындағанын, ешқандай кінәсі жоқ екенін ұғып, Шегебай Оспанұлына «Енді қайтып тергеуге шақырмаймын», деп уәде берген екен.   Асабаға жауап Бірде Шегебай ағам көрші ауылға құдалыққа барады. Сөзге сараң, өзін сыпайы ұстап, әңгімеге араласпай отырған ол кісіден асаба қайта-қайта ән айтуын сұрап қоймапты. Оның ұсынысын қабылдай қоймайды. Оған қарамаған асаба бастырмалатып Шегебай ағама: «Сіздің ауылыңызға ән киесі, ән иесі қонып өткен деседі. Сондықтан да ауылдастарыңыздың барлығы әнді қатырып айтады. Сіз ән шырқай алмайды дегенге кісі сене ме?» дейді. Сонда Шегебай ағам: «Иә, рас. Біздің ауылға ән киесі, ән иесі қонып өткен. Бірақ, әлгі ән иесі, ән киесі қонған күні мен ауылда болмай қалып едім», деген екен.  Жолдыбай БАЗАР АСТАНА    Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР